СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



Pdf көрінісі
бет10/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   41

ТоҒыСқаН ТаҒдырлар
1. бұғаудан босауға тиісті еңбек (тоғызыншы ерлік)
(Күні  бүгінге  дейін  жабық  келген,  редакциясын  М.Әуезов 
басқарған  «Қазақ  әдебиетінің  тарихы»  (1­том,  Фольклор)
жөнінде).
Қытымыр  саясаттың  кесір-кесепатын  кісі  айтып  жеткізе 
алмайды. Асылында, жаңбыр бір жауса, қазақ халқы терек бо-
лып екі жауатын, әсіре сақ, әсіресаясатшылдыққа көбірек бой 
алдырған, содан да қате-кемшілікке аяғын көбірек шалдырған 
халық.
Олай дейтініміз Мәскеуде әдебиет пен өнер жөнінде әлде-
қандай бір қаулы қабылданса, оның дүмпуі алдымен қазақ әде-
биетіне жеткен. Мәскеуде тарих хақында әлдеқандай бір қаулы 
қабылданса, орталықтан оза шауып әсіре белсенділік танытқан 
қазақ  тарихшылары.  Ағайындас  татар,  башқұрт  халқының 
жеке  бір  шығармасы  жөнінде  қаулы  қабылданса,  эпосы  мен 
әдеби  мұрасын  құрбандыққа  шалып,  қосақ  арасында  қазақ 
оқымыстылары кетіп бара жатады…
Ал,  республика  шеңберінде,  Қазақстан  деңгейінде  қабыл-
данар  қылышынан  қан  тамған  қырағы  қаулылардан  ұлттық 
әдебиет, өнер, ғылымға келген залалды айта бастасақ, кісінің 
төбе шашы тік тұрар еді.
Міне, осындай ұлттық ғылымның оңын теріске шығарған, 
«Қазақстан Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институты жұ-
мысындағы  өрескел  саяси  қателіктер  туралы»  «тарихи»  қау-
лыны  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитеті  1947  жылы 
ақпанның 21-і күні алған еді. Аталмыш қаулы қабылданған соң 
қазақ  оқымыстылары  қатты  қуғын-сүргінге  ұшырады.  Айдау, 
соттаудан  аман  қалғандары  қытымыр  саясаттың  ығына  есіп, 
шындықтан ауа жайылып, басқаша сайрады. Ол қаулыдан жан-
ды адамдар ғана емес, жансыз кітаптар да қыруар зиян шекті, 
зәбір-жапа  көрді.  Сондай  еңбектің  бірі  –  «Қазақ  ССР  Ғылым 
Академиясының баспасынан» 1948 жылы жарық көрген «Қа - 
зақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған бірінші томы.
Аталмыш  еңбек  қаралы  1937  жыл  мен  Ұлы  Отан  соғысы 
от-жалынына  талай  атпал  азаматын  берген,  күні  ертең  қазақ 
әдебиеті мен ғылымына тың ой болып қосылар талай таза сана, 

134
135
түбітиек жастарын қиып, есеңгіреп шыққан зиялы қауымның 
есін  жиып,  елдік  шаруаға  белді  бекем  буып  кірісуінің  көрі-
ні сіндей,  тіпті  ынтымақшыл  көптің  ауызбірлікті  ісінің  тыр-
нақалды жемісіндей жинақтаушы, ғылыми құнды еңбек-ті.
Мән-жайды түсіндірген «Сөз басы» (М.Әуезов), «Фольклор 
және  ол  жөніндегі  советтік  ғылым»  (Б.Кенжебайұлы)  атала-
тын  кіріспе,  «Салт  өлеңдері»  (Б.Кенжебайұлы),  «Ертегілер» 
(М.Әуе зов),  «Батырлар  жыры»  (Қ.Жұмалиев),  «Ғашықтық 
жыр лары»  (М.Әуезов,  Ә.Қоңыратбаев),  «Айтыс»  (М.Әуезов), 
«Шешендік сөздер» (Ә.Марғұлан, Б.Шалабаев, Ә.Мәмбетова), 
«Тарихи  жырлар»  (Б.Кенжебаев,  Е.Ысмайылов,  Б.Шалабаев), 
«Қазақ  совет  фольклоры»  (Е.Ысмайылов)  секілді  тарау-та-
рау ға  жүйелене  ыждағатты  зерттеліп,  тыңғылықты  жазылған 
коллективтік еңбекке жаның сүйсінеді. Біріншіден, бұл еңбек-
те  кейін  әсіресаясатшылдық  арқасында  халық  жадынан  ұмыт 
болуға  айналған,  тіпті  ғылымда  да  әңгіме  болуға  тыйым  са-
лынған қазақ ауыз әдебиетінің бай қазынасы әр қырынан әңгі-
меленеді.  Екіншіден,  зерттеушілер  саяси  байламды  емес,  өз 
тал ғам-байламын батыл айтады. «Наурыз» жыры, «Қарасай-Қа-
зи», «Наурызбай-Қаншайым», «Абылай туралы жыр мен аңыз 
әңгімелер»,  «Кенесары-Наурызбай  туралы  жыр,  әңгімелер» 
–  аталатын  арнайы  тараушалардың  жазылуының  өзі-ақ  әуел 
баста  «Тарихтың»  жазушы  қазақ  оқымыстылары  аңғарының, 
арман-мақсатының дұп-дұрыс болғанын танытар еді.
Алайда  осы  еңбектің  қуанышынан  гөрі  қасіреті  молырақ 
болыпты уақытында. Ол жөнінде М.Әуезов Қазақ ССР Ғылым 
академиясының  Ұлы  Октябрь  Социалистік  революциясының 
ХХХ  жылдығына  арналған  мерекелі  сессиясында  жасаған 
«Қазақ  әдебиетінің  тарихын  жасау  мәселелері»  –  аталатын 
баяндамасында:
«Сол тарихтың бірінші томының фольклор бөлімі өт кен 
жылдың  басында  біткен  болатын…  Бірақ,  бірінші  том ның 
варианты  жазылып  болғанмен,  оның  өзіне  арналған  негіз гі 
мақсаты  мен  жұртшылық  талап  ететін  зор  міндеті  ат қа­
рылып  болған  жоқ  еді.  1947  жылдың  21­январында  шыққан 
ҚК/б/П  Орталық  Комитетінің  тарихи  қаулысында  (Қазақ ­ 
стан Ғылым академиясының Тіл­әдебиет институты жұмы­ 
 сындағы  өрескел  саяси  қателіктер  туралы)  өзге  көп  ғылым­
дық,  саяси  қателіктермен  қатар,  әсіресе  Қазақстандағы 
әдебиеттану  ғылымындағы  идеялық  саясаттық  өрескел  қа­
те ліктер  қатты  сыналды.  Негізді,  әділ  түрде  көп  кемшілік ­ 
те ріміз айтылды. Сол қаулының бір сынаған шығармасы, қа­ 
зақ әдебиеті тарихының бірінші томы болатын» («Әдебиет 
және искусство», 1948, № 2, 73­бет) – деп мойындап сөйлеге- 
ні бар.
Алдымен атап айтар жай «Қаулының» басқа емес, Мұхтар 
Әуезовтей алып қаламгердің өзін иіп, майыстырып, мойытып 
мойындатуы. Ұлы жазушы аталмыш мақаласында да, кітапқа 
жазған «Сөз басында» да қаулыны еріксіз мойындауға мәжбүр 
болғанын байқаймыз. Ол “қате-кемшіліктерді” мойындай сөй-
лейді.
Содан соң, хас масқара болғанда осы еңбек Қаулыға қолжаз-
ба күйінде ілініп, қолжазба күйінде сыналғанын аңғарамыз бұл 
ойшыл мақаласынан.
Ақыр соңында ұлы Мұқаң мойындаған «Сөз басына» ден 
қойсақ,  жоғарыда  аталған  қаулыдан  соң  авторлар  коллективі 
өздері  дұрыс  жазған  тарауларын  қайта  қарап,  әдеби  мұралар 
жөніндегі  көзқарастарына  сын  араластырғанын  аңғарамыз. 
Еңбектің жарыққа шығар пайдасы үшін Мұхаң бастап, автор-
лар “жөндеуге” әдейі барғанын танимыз.
Сонымен, 1947 жылдың басында жазылып аяқталған кол-
лективтік еңбек, авторлардың оң пікірін теріске «түзеп» қайта 
қарауынан кейін 1948 жылдың аяғында жарыққа шықты. Қа-
лай күзеліп, қалай түзелсе де уақытында «Қазақ әдебиетінің 
тарихы»  –  қазақ  ғылымына  жаңа  леп  ала  келді,  ғылымдағы 
соны сөзге, елеулі құбылысқа айналды. (Оның қазірдің өзінде 
де  құнды  болатыны  сондықтан).  Алайда,  саясатшы  әсіресақ 
әкімдер  «тарихи»  қаулымен  еңбекті  қолжазба  күйінде  бір 
тұқыртуын  місе  тұтпады.  Ұзамай  саяси  ұстамсыз,  ұлтшыл- 
дық  ойға  от  тастайтын,  жарамсыз,  кесел  кітап  ретінде  қол- 
даныстан алынып қалды. Әлі күнге бұл еңбек жабық санатта. 
Араға талай уақыт салып барып аталмыш еңбекті қайта оқы- 
ғанда  көп  қымбат  қазынаға  кездескендей  болдық.  Аға  буын 
ғалымдар  айтқан  кенеулі  ойға  жолықтық.  Жариялылықтың 
арқасында  ақтаңлақ  есебінен  қайта  ашылған  кейбір  әдеби, 
тарихи  нұсқалармен  қауышып  көзайым  болдық.  Бұл  еңбек 
бүгін де сөреде тұрарлық өреде екен-ау деп ойладық.
Бір  әттеген-айы,  кейбір  мақалаларды  қолжазбасымен  са-

136
137
лыс тырғанда (Мұхаң мойындағандай) еріксіз «түзетуге» мәж-
бүр  болғанын  аңғардық.  Бұл  «түзету»  бір  авторға  ғана  тән 
емес.  Қаулыға  орай  қай-қай  автор  да  өздерінің  оң  ой-пікірін 
аз-кем теріске “түзеткені” хақ.
Демек,  біріншіден,  бұдан  жарты  ғасырдай  бұрын  жарық 
көрген  бұл  еңбекке  қайта  оралу  қажет.  Екіншіден,  оралғанда 
әр материал ғалымдар қолжазбасымен салыстырыла пайда ла-
нылуы жөн. Үшіншіден «Тарихтан» сызылып қалған Абылай, 
Кенесары,  Наурызбай,  Қаншайым,  Наурыз  жөнінде  жаңарған 
уақыт талабына орай жаңаша әдеби, тарихи зерттеу еңбектерін 
қолға алатын уақыт жетті.
Қысқасы, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1948 ж) саяси бұғау-
дан босап, ғылыми айналымға түсуге тиісті еңбек.
Мамыр 1991 жыл.
Алматы.
2. «Дала уалаятының газеті» жарыққа қалай шықты? 
(Оныншы ерлік)
Қазіргі уақыттың қым-қуыт, адамдардың алакөңілділігі ме, 
әйтпесе  жақсы  мен  жасықты  ажыратып  отыратын  әдеби  сын 
қырағылықты  әлсіретіп  алды  ма,  әйтеуір  рухани  дүниемізге 
олжа болып келіп қосылып жатқан жан жадыратар жақсылық – 
әдеби жаңалық, құбылыстардың өзін жұртқа көрсете насихаттап, 
жетістік-кемшілігін  жеткізе  айтудан  қалып  барамыз.  Әрине, 
мүмкін  болса,  әдеби  дәстүрден  қол  үзбеген  дұрыс,  жақсы 
дағдыдан көз жазбаған абзал.
Айталық, бірі 1989, бірі 1990 жылы дегендей «Дала уалая-
тының газеті» аталатын қос том кітап жарыққа шықты. Қала-
йық, қаламайық, бұл – әдеби-рухани өмірдің үлкен жаңалығы.
Ұрпақтар  көзінен  тасаланып,  көңілінен  ұмыт  болып  бара 
жатқан көне газет-журнал материалдарын арнайы жинаққа топ-
тап, белгілі бір жүйемен басын біріктіріп кітап етіп шығару әл-
әзір қазақ әдебиетінде кездесе қоймаған құбылыс-ты. Рас, Қазан 
төңкерісіне дейін қазақ халқы мұң-зарын ащы да, ашық айтып 
тұрған «Айқап» (Ай, қап) журналы материалдарын жеке жинақ 
етіп  жарыққа  шығару  –  марқұм  Бейсембай  Кенжебайұлының 
өмір бойғы арманы еді. Ойға алған арманын орындамай тын-
байтын  ғалым  «Айқап»  журналында  жарияланған  материал-
дардың  бір  парасын  көшіріп,  жүйелеп  «Жазушы»  баспасына 
тапсырған  еді  уақытында.  Өкінішке  қарай,  жинақ  қолжазба 
күйінде жоғалып кетіп, ғалымның ізгі арманы жүзеге аспады. 
Бұл – жол-жөнекейгі әңгіме. Айтпағымыз – «Дала уалаятының 
газеті»  –  осындай  талай  адамдар  армандап  жүзеге  асыра  ал-
маған  игі  істің  бастамасы.  Алғашқы  бастаманы  әдеби  құбы-
лысқа  балаймыз,  оны  жылдар  бойы  тірнектей  жинап  құрас-
тырып  жарыққа  шығарған  библиограф-ғалым  Үшкілтай  Суб-
ханбердинаға  ризалық  сезімімізді  білдіреміз.  Сөйте  отырып 
қос  томдық  хақында,  оның  тарих-тағдыры  хақында  кейбір 
ойларымызды ортаға саламыз.
Адамнан да ауыр тағдыр кешетін кітаптар болады. «Дала 
уалаятының газеті» (1888-1902) осындай қиын тағдыр кешкен, 
зордың  күшімен  жарық  көрген  басылым  еді  ғой.  Сол  секілді  
жүз  жылдан  астам  уақыттан  кейін  халықтың  көз,  құлағына 
айналған аталмыш басылым материалдарын іріктеп, сұрыптап 
кітап  етіп  жарыққа  шығару  да  оңай  болмапты.  «Дала  уалая-
тының  газеті»  қос  томдығы  библиограф,  ғалым  Үшкілтай 
Субханбердинаның бүкіл ғұмырына бара-бар толымды еңбек. 
Ғалымға бас игізетін тындырымды іс. Әлі сан ұрпақ санасын 
оятып,  жадысызданып  үлгерген  қай  буынға  да  халық  кешкен 
қасіретті  айтып  берер  бұл  қос  томдық  қалай  жиналды,  қалай 
құрастырылды?
Асылы біз кейде белгілі бір кітаптың автордың (құрас ты-
рушының) бүкіл ғұмырына татырын, бір кітапқа бір ұлттың бә-
ленбай марқасқа перзенттерінің тағдыры сабақтасып жатарын 
ескере бермейміз. «Дала уалаятының газетін» айта отырып біз 
бар ғұмырын қазақ баспасөзі тарихына арнап, сол жолда зейнет 
көру  орнына,  белуардан  бейнет  шегіп  келе  жатқан  Үшкілтай 
Субханбердина тағдыры хақында толғанбау әсте мүмкін емес. 
Ғылым  дегеніңіз  де  қызық.  Біреу  өзін  ғылымға  арнайды. 
Біреу ғылым атын жамылып өзіне жағдай жасайды. Үшкілтай 
өзін ұдайы қиынға салып, қинаудан бір танбаған жан. Және мен 
мынадай іс тындырдым деп кеуде қағу, көкірек көрсетудің бірі 
жоқ. Ол әуелі ғылымға библиограф болып келді.
1956 жыл. Жеке адамға табынудың салқыны қайтадан бір 
оралып,  халық  зиялыларын  қайтадан  қайғы-шерге  батырған 
кез. Қазақтың маңдайына біткен санаулы зиялылардың бірсы-
пырасына  жала  жабылып,  бірі  қуғындалып,  бірі  айдалып 
әбір жіп  жатыр.  Қазақтың  қарғадай  қызы,  Қазақ  ССР  Ғылым 
академиясы  ғылыми  кітапханасы  библиографы  Үшкілтай 

138
139
Субханбердинаның  «Түркістан  уалаятының  газеті»,  «Дала 
уалая тының газеті», «Айқап» сынды Қазан төңкерісіне дейінгі 
ағымдағы  баспасөз  материалдарына  ден  қойып,  елеулілерін 
жинап,  библиографиялық  көрсеткіш  түзе  бастаған  сәті  – 
республикадағы,  жұрттың  бәрін  ала  көңіл  еткен,  осындай 
аласапыран  кезбен  тұспа-тұс  келді.  Балаңдығы  ма,  әйтеуір 
ол  бірен-сараны  ғана  ашық,  көбі  ұлтшылдық  басылым  де-
ген  жаламен  жабық  жатқан  қазақ  баспасөзі  материалдарын 
одақ бойынша кітапханалар мен архивтерден іздестіруге қызу 
кірісіп  кетті.  Еңбегі  жеміссіз  болған  жоқ.  «Айқап»  бетіндегі 
мақалалар мен хат-хабарлар» (1961), «Қазақтың революциядан 
бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар» (1963) деп ата-
латын  мазмұндалған  библиографиялық  көрсеткіш  кітаптары 
жарық  көрді.  Аталмыш  кітаптың  алғашқысының  редакция-
сын  Е.Ысмайылов,  соңғысының  редакциясын  Ә.Марғұлан 
басқарды.
Қиын кезеңнен білікті қымбат библиографиялық көрсеткіш 
жасап шығарды да айықпас пәлеге қалды. Қайда шақырылмады, 
қандай  ат  тағылмады  құрастырушыға?  Ол  көрсеткіштің  қар-
лығашы жөнінде Үшкілтай Субханбердина бұл күнде: «Сыбыр-
лаушы табылған болуы керек, үлкен үйге (Орталық партия ко-
митеті)  екі  күннің  бірінде  кітаптың  редакторы  Е.Ысмайылов 
екеумізді  шақыртып  жатқаны…  Ол  кезде  менің  көңіл-күйім 
белгілі,  түнімен  ұйқтамай  шығамын.  Егер  ұсталып  кетсем, 
кішкентай  үш  балапанымның  халі  не  болар  деймін.  Еңбекті 
қорғап, қолдап жүрген зиялы ағаларыма зияным тиіп кетпесе 
жарар еді деген ой да жегідей жейді. Осындай халде жүргенімде, 
бір күні «Қазақстан мұғалімі» газетінде профессор Бейсембай 
Кенжебайұлының «Айқап» туралы еңбек» деген мақаласы ба-
сылып шықты. Тұңғыш еңбегім туралы алғашқы сын мақала. 
Мақала болғанда қандай! Бұл мақала мен үшін ажал оғын қағып 
жіберген періштенің қанатындай әсер етті» – деп еске алады.
Ғалым мақаласын біз де оқып шықтық. «Қазақ тілінде ре-
волюциядан  бұрын  шыққан  кітаптарда,  газет-журналдарда 
көп  теген мақала, хат-хабар жарияланған, елеулі мәселелер қоз -
ғал ған. Қазақ халқының өткен-кеткені, тарихы туралы, сол кез-
дегі саяси, шаруашылық, мәдени жағдайы, ғұрып-әдеті, салт-
санасы,  ізгі  тілек  арманы  туралы  толып  жатқан  дәл,  айқын 
ақпар деректер берілген, талай құнды ой-пікірлер айтылған.
Ал осындай деректерді, құнды ой-пікірлерді біздің бүгінгі 
оқушыларымыз  бен  зерттеушілеріміздің,  ғылыми  қызмет кер-
леріміздің  бәрі  бірдей  жете  біле  бермейді.  Себебі  бізде  қазақ 
тілінде революциядан бұрын шыққан газет, журналдар бетінде 
жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиялық 
көрсеткіштері жоқ» – депті ғалым мақаласында.
Алпысыншы  жылдардың  жан  қарыр  ызғарын,  арада  көп 
уақыт өтіп кеткен бүгінгі күні, екінші бір жинақ хақында мақала 
жазып отырғанда неге еске аламыз? Себебі бар, әрине!
Біріншіден,  ойланып  оқыған  кісіге  ғалым  жазбасы  қазақ 
халқының  шын  болмысын  байқататын  әділ  сөз,  ащы  ақиқат 
төңкерістің  арғы  жағында  көбірек  айтылған  еді  деген  ой 
ұшығын ұстары хақ. Екіншіден, бүгін қолымызға оп-оңай тиіп 
отырғандай  көрінетін  «Дала  уалаятының  газеті»  қос  томдық 
жинақтың  осы  секілді  дау-дамайлы  шағын  библиографиялық 
көрсеткіштерден  бастау  алғанын,  «жар  басында  жантақ  бар, 
жанынан  безген  барып  жейді»  дегендей,  қиын  жолдан,  тар 
соқпақтан  қиналып  өтіп  жүріп  құрастырылған  еңбек  екенін 
айту. Егер сол жолы ғалым Бейсекең арнайы мақала жазып ара 
түспесе жап-жас Ү.Субханбердина тағдыры қалай сабақталар 
еді?  Ол  құрастырған  библиографиялық  көрсеткіш  «жөргегін - 
де»  тұншықтырылса,  бүгін  «Дала  уалаятының  газеті»  қолы-
мызға тимес те еді-ау.
Асылы  біз  жамандық  іске  бірігіп  жұмылғаннан  гөрі  ұр-
пақ  үшін  игілікті  шаруа  басы-қасында  біріксек,  алмасты  ала-
мыз екен-ау деген де ой келді. Көрдіңіз бе, Ә.Марғұлан, Е.Ыс-
майылов,  Б.Кенжебайұлы  секілді  айтулы  үш  ғалым  өзара 
ынтымақтасып  еді,  қаһарын  тіге  төніп  келген  саяси  айыптау-
дан Ү.Субханбердинаны, оның библиографиялық көрсеткішін 
құтқарып қалды… Қандай ғанибет?!
Аталмыш библиографиялық көрсеткіш саяси қылбұраудан 
аман құтылған соң ғалым Үшкілтай ізденісін одан әрі өрістетіп, 
«Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі ма-
териалдар»  (1963)  аталатын  екінші  бір  көрсеткішке  ұластыра 
еңбектенді.  Ү.Субханбердинаның  бұл  еңбегіне  қолжазба  қал-
пында  оқып,  пікір  айтқан,  ақ  батасын  берген  ғалым  тағы  да 
Бейсембай  Кенжебайұлы  болыпты  уақытында.  Ғалым  архи-
вінде пікірінің қолжазба көшірмесі сақталыпты. Онда профес-
сор:  «Тегі  библиографиялық  көрсеткіш  жасау  инемен  құдық 
қазғандай  жұмыс.  Әсіресе  бірнеше  мезгілді  баспасөз  бетінде 
жарияланған  материалдардың  мазмұнын  баяндайтын  көрсет - 
кіш жасау әрі барынша ұзақ, қиын, әрі көп, көлемді жұмыс… 

140
141
Тұтас  алғанда,  Үшкілтай  Субханбердинаның  бұл  кітабы  өте 
құнды  еңбек.  Ғылыми  қызметкерлерге,  аспиранттарға,  сту-
денттерге  зәру  кітап.  Сондықтан  да  бұл  кітаптың  басылуы, 
неғұрлым тез басылып шығуы қажет» (Б.Кенжебайұлы архиві) 
– деп қолдай құптаған сөз айтыпты.
Жәй  көзге  кіріспе  секілді  көрінетін  бұл  әңгімелер  «Дала 
уалаятының  газеті»  қос  томдығын  дайындаған  алғышарттар. 
Субханбердина  бұл  алғышарттарды  аттап  өтіп,  қолымыздағы 
қос томдықты сірә да құрастыра алмаған болар еді. 
Сонымен «Дала уалаятының газеті» жылдар бойы дайында-
ла жүріп, ұзақ уақыттан кейін жарыққа шықты. Өткенді «ескі» 
деп мұрын шүйірмей, өткенім – тарихым, өткенім – ертеңіме 
жасалған баспалдақ деп ұғатын ендігі ұрпақ үшін – студенттен 
тартып ғалымдарға дейін – әр ыңғайда аса қажетті еңбек бола-
тыны кәміл. Әрі бұл осы салада жүйелі жинақталып, жасала-
тын бір арналы еңбектің әзірге көзқуанышқа айналып отырған 
төлбасы ғана. Ойға түсірейікші, орыс әдебиетшілері «Колокол», 
«Свисток», «Северная лира» секілді ағымдағы орыс баспасөзі 
материалдарын  қашан  жинақтап,  қалай,  қай  уақытта  «Әдеби 
жәдігерліктер»  сериясымен  жарыққа  шығарғанын?!  Біз  үшін 
бастама – олар үшін баяғыда жүзеге асырылған қалыпты жай! 
Көрдіңіз бе, біз біріміздің ізімізді біріміз аңдып жүріп қаншама 
уақытқа кенжелеп қалғанымызды?
Айналамызға  қарап,  ілкі  тәжірибелермен  салыстыра  от-
ырып  «Дала  уалаятының  газетің  қос  томдығының  жетістік, 
кемшілігіне  аялдайықшы.  «Дала  уалаятының  газеті»  құнды 
еңбек. Бұл бағаның басы ашық. Біз не айтсақ та жақсы еңбек 
одан әрі жақсара түссе деген тілекпен айтамыз.
Жоғарыда аталған библиографилық көрсеткіштермен салы-
стырып байқағанда құрастырушы өзі түзген көрсеткіште қам-
тылған материалдардың өзін қайта іріктеп, ең маңызды, құнды 
дегендерін ғана енгізген қос томдыққа. Бұл құрастырушының 
баспа шаруашылығының жағдайына орайласқаны болар сіә. 
Қос томдыққа құрастырушы жазған «Дала уалаятының га-
зеті» және қазақ әдебиеті мен мәдениеті» – аталатын алғысөз 
бізге ұнады. Асылында, қазақ баспасөзінің тарихы жете зерт-
телмеген. Қ.Бекхожин, Б.Кенжебайұлы, Т.Қожакеев зерттеулері 
әлі  алғы  күндері  тың  күштермен  молығып  жақсы  жалғасын 
табуы керек-ақ. Құрастырушы алғысөзі бір «Дала уалаятының 
газеті»  төңірегінде  жазылған  нақты  зерттеу,  жақсы  байқау. 
Алғысөзде  Ү.Субханбердина  газет  шығарушы  редакторынан 
бастап,  авторлық  құрамы,  көтерілген  мәселелер  төңірегінде 
қызықты,  деректі  ой  өрбітеді.  Айтар  ойының  бірсыпырасын 
Абай,  Шоқан,  Ыбырай  төңірегіне  жинақтап  баяндау  да 
ұтымды. Қазақ лиро-эпосы мен баспасөз арасын байланысты-
ра әңгімелеу де қызықты. Аталмыш басылымда жарық көрген 
Ескендір патша мен Абай дастаны арасындағы байланыстарды, 
«Бәти» әңгімесі мен С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романын 
сабақтастыра, өзара салыстыра, дәттете айту – сәтті. Алғысөзде 
тынымсыз  ізденген  тәжірибелі  адамның  көп  мәлімет,  көп  ой 
жинақтаулары бар.
«Дала  уалаятының  газеті»  қос  томдыққа  енген  материал-
дарды  қазақ,  орыс  тілдерінде  жарыстыра  беру  –  әбден  орын-
ды. Бұл орайда ол әдеби материалдар жинағы ғана емес, ғасыр 
басындағы жазба әдебиет жанрларының дамуы, аударма ахуалы 
хақында да бірсыпыра ой топшылауға мұрындық бола алады. 
Ал  «Дала  уалаятының  газеті»  қос  томдығына  қамтылған 
материалдардың жай-күйіне келсек ол мынадай:
Аталмыш  жинақ  –  ең  алдымен  қазақ  халқының  ХІХ  ға-
сырдың  аяғы  мен  ХХ  ғасыр  басындағы  әлеуметтік  тұрмысы, 
рухани  өрісінің  айнасы.  Жинақтағы  материалдарға  қарап  от-
ырып халқымыздың белгілі бір тарихи кезеңдегі бүкіл болмы-
сын (қалың ұйқыдан оянуы, марғаулық, мешеуліктен құтылсам 
деген  серпілісі,  айнала  бөтен  елдердің  құрсауы,  жоқшылық, 
алауыздық  т.б.)  түгел  көргендей  боласың.  Ақыр  аяғы  ата-
бабаларымыздың тіл байлығы, оны қолдану аясы, сөз саптауы-
на, ойлау жүйесіне дейін аңғарасың.
«Дала  уалаятының  газеті»  жинағындағы  материалдарды 
оқып отырып, қазақ зиялыларының қайтсек елімізді, жерімізді, 
тілімізді сақтаймыз, қайтсек ұлымызды құл, қызымызды күң ет-
пей әлемдік өркениет көшіне лайықты ілесеміз деп көкіректері 
қарс айырылғанын пайымдаймыз. Таныс мәселе. Тап бүгін де 
жамағат  алдында  тұрған,  шекспирлік  не  өлу,  не  тығырықтан 
шығу деген сұрауға тіреліп тұрған мәселе. Жағадан алған жау-
апты сұрақ. Қаншама уақыт өтсе де қалай өспегенбіз, өссек те 
қарыштап алға кете қоймаппыз-ау деп қайран қаласың, ішің қан 
жылап қынжыласың. 
Бәрін айт та бірін айт дегендей, «Дала уалаятының газеті» 

142
143
қос томдыққа енген үлкенді-кішілі материалдардан қазақ хал-
қының ХХ ғасыр басында кішігірім ренессанстық ояну дәуірін 
бастан өткергенін түсінуге, түйсінуге болады.
Енді  екі  мәселені  кемшілік  ретінде  айтамыз.  Бірінші,  құ-
растырушы-автор  баспасөзде  істемегендіктен  бе,  әлде  мақсат 
тұтпады  ма,  әйтеуір  әдеби  жанрлардың  өсу-өркендеу  жолын 
тәп-тәуір  баяндай  тұра  «Дала  уалаятының  газетіндегі»  мате-
риалдардың  қазақ  баспасөз  жанрларын  дамытуға  қаншалық 
ықпал еткеніне назар аудармапты.
Екінші,  «Дала  уалаятының  газеті»  –  екі,  үш  кітаптан  бас 
құраған  таңдаулы  материалдар  жинағы  емес,  көп  томдық 
академиялық  басылым  ретінде  жарық  көруге  тиісті  еді.  Өзге 
өркениетті елдердегі тәжірибелер осындай ойға жетелейді. 
Тұтастай алғанда, Ү.Субханбердинаның көп жыл көз май-
ын  тауыса  жүріп  жинап  шығарған  «Дала  уалаятының  газеті» 
қарапайым оқушыдан қарқаралы оқымыстыларға дейін көмек 
болатын,  қазақ  халқы  мәдениеті,  әдебиеті,  баспасөзі  тарихы-
на қызығатын кім-кімге де көп мәлімет берерлік, жанын байы-
тарлық  байсалды  еңбек.  Кезінде  басылуынан  бастап,  кейін 
көрсеткіштерге еніп, жиналып жинақ болып құрастыруына де-
йін көп хикметті бастан кешкен тағдыры үлкен, кезеңдік саяси 
науқандарға іліксе де аяғын шалдырмай аман өткен еңбек.
«Дала уалаятының газеті» аталатын қос томдық, міне, осы-
лай жарық көрген еді. Тағлым тұтуға бола ма? Әрине, болады. 
Маусымның 14-і, 1991 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет