біз әдебиетке осылай да келгенбіз
Шешуші сәт (Студенттің диплом жұмысы)
Университеттің “Қазақ тілі мен әдебиеті” мақалалар жи-
нағына мақала шығаруым – менің дипломдық жұмысымның
тақырыбын айқындап кетті десе де болады. Студенттердің ал-
дына таратылған диплом жұмысы тізімінде “Бейсембай Кен
жебаевтың творчествосы” – деген тақырып жүр. Дип лом
жұмысына мұндай тақырып енгізу – ка фед радағы әріптесте-
рінің (біразы шәкірттерінің) Бейсекеңе деген құр метінен туса
керек. Уақытша кафедра меңгерушісі міндетін атқарып жүрген
профессор Тұрсынбек Кәкішев бірде:
– Бейсағаң жайлы мақалаңды оқыдым. Осы тақырыпты
одан әрі жалғаймыз. Аша білсең Бейсағаң төңірегінде жұмбақ
көп, айта білсең айтыс та жетеді, сыр да жетеді – деді. Бұл
– дипломдық жұмысыңа мен жетекшілік етемін деген сөзі
Тұр секеңнің. Жұрт қалай түсініп қалар екен десем де осы
ұйғарымға көндім. Кафедрада талқыланып, тақырып бекіді.
32
33
Салып ұрып Бейсекеңе келдім. Бұған жайды айтып, қуантсам
деймін, жәрдем беруін өтінсем деймін. Сырқат ғалым бойын
әзер тіктеп бетіне сынай қарады. Сөйтті де:
– Бекер жасағансың. Көне әдебиет тарихына барудың орны-
на мұның не? Бекер. Тарихқа баруың керек еді – деді жәйімен
сөйлеп. – Бұл тақырыпты кім болса да жаза беретін еді ғой. Ай,
балам-ай бекер болған. Тақырып бекіп кетті ме?
– Ия, ағай, тақырып бекіп кетті.
– Жетекшің кім болып белгіленді?
– Тұрсынбек Кәкішев.
– Ә, мейлі енді. Қайтесің. Мен саған не жәрдем бере ала-
мын? Жасырып қайтейін сенен, олай-бұлай бола кетсем шашы-
лып қалмасын деген оймен архивімді Қазақстан Мемлекеттік
Орталық архивіне өткізіп жатырмын. Кітаптарымды өзім туған
Бөген селосындағы ауыл мектебіне бермекпін. Сен де келіп
тұр. Архивке хат жазып Мырзатайға қол қойып берейін. Барып
архивіммен таныс. Кітапхана міне мынау, документтер жазу сто -
лының тартпасында. Материалдарды пайдалан. Жазып байқа.
– Жалпы мен өзім жайында жазылған нәрселерді оқы-
маймын. Нысанбек Төреқұлов мен жайында “Профессор Бей-
сембай Кенжебаевтың творчествосы» – деп аталатын кітап
шығарыпты. Шамалы қарадым да қойдым. Өзің жайлы жазыл-
ған еңбекті оқу біртүрлі дарақылық сияқты көрінеді маған.
Дипломыңды жаз. Бірақ, мен оқып жөндейді екен деп ойлама.
Бұл бір. Екіншіден, мен уақытында айтыс-тартысқа көбірек
түскен кісімін. Шамаң жеткенше, маған да, менімен айтысқан
кісілерге де әділ бол! Саған батам сол!
Шәкірт бала ұстаз үйінен ойланып шықты. Ғалымның
айтқанын істеп, филология факультетінің сол кездегі деканы,
ғалым Мырзатай Жолдасбековке барып, Қазақстан Мемлекеттік
Орталық архивіне хат жаздырып алды. Ол хат мынау еді:
“Госархиву при Совете Министров Қазахской ССР”
Деканат филологического факультета Казгосуниверси
тета им. С.М.Кирова просить разрешит студенту 5 курса
Ергубекову Кулбеку пользоваться материалами архива для на
писания дипломной работы по теме: “Б.Кенжебаев – исследо
ватель казахской литературы”
Декан филологического факультета,
доцент М.Д. Джолдасбеков.
Құжаттың төменгі етегіне Бейсекең “Разрешаю использо-
вать материалы моего архива. Б.Кенжебаев” – деп қол тартып
берді. Көне газет, журнал тігінділерін ақтару, архив шаңын
жұту – шәкірт баланың дағдысына айналды. Диплом жұмысы
да жазылды. Ол “Бейсембай Кенжебаев – әдебиетті дәуірлеу
жөнінде”, “Бейсембай Кенжебаев – әдебиет сыншысы» – деген
жүйеде жазылды.
Диплом жұмысының жетекшісі әуелгіде Тұрсынбек Кәкі-
шев еді, ол кісі облыстық институттың біріне Мемлекеттік ем-
тихан төрағасы болып сапарға шығып кетті. Міне, сол сәтте
екінші бір аяулы ұстазымыз профессор Ханғали Сүйіншәлиев
жетекшім болып шыға келді. Әрине, шәкірт ұстаз таңдамайды,
ұстаз шәкірт таңдайтыны бесенеден белгілі.
Қызу жұмыс, қызық жұмыс. Бір кіре алмай жүресің, бір кіріп
кетсең, шыға алмай қаласың. Дипломдық тақырып маған ар-
хивпен жұмыс істеуге үйретті. Тақырып адамды сырт пішініне
қарап емес, еңбегіне қарай бағалауды үйретті. Диплом жұмысын
жазғанға дейін де Бейсекеңді бір кісідей білетін секілді едім.
Енді байқасам, қойдан қоңыр жуас адамның әрекеті ірі, тұлғасы
биік. Алайда Бейсембай Кенжебайұлын бір есептен ғылымда
жолы болмаған бақытсыз адам деп те ойлаймын. Өйткені айтқан
пікірлері өткір, қазақ әдебиеті тарихы жөнінде келешекті бол-
жай айтқан кемел пікірлер. Бірақ, қатарластарының қолдауы
қиын, жүзеге асуы қиын. Уақытынан оза айтылған ғылыми
ойлары үшін алғыс алсайшы ең болмаса. Жоқ. Үнемі жаманда-
лып, сынға ұшырап ғайбатталып, қарғыс алып жүреді. Бұл не?
Қалай дегенде де Бейсекең маған жұмбақ тұлға болып бой та-
стады. Өзі студент, жазғаны диплом жұмысы. Шағын жұмыста
Бейсекең атқарған іс-қарекетті, ол жасаған, уақыт, қоғам, сая-
сатпен жағаласа жүріп жасаған өрліктерді ақи-тақи ашпақ
қайда?! Әр ісін бір шолып, әрқайсысын да айтқан, қамтыған
болып аяқтадық диплом жұмысын. Енді оны ұстаздар алдына
тартуым керек, курстас жолдастар алдында қорғауым керек.
Қорғадық. Пәнәйі себеппен күні бүгінге дейін сақталып
жеткен сол диплом жұмысына ғылыми жетекшім Х.Сүйін-
шәлиевтің, рецензент профессор Тұрсынбек Кәкішев жазған
пікірлерді қаз-қалпында келтіре кетуді жөн көремін.
“Құлбек Ергөбековтің диплом жұмысы туралы пікі ріміз
Құлбек өте жақсы оқып, әдебиетті зерттеуге деген қабілетін
танытып келген студент. Ол талай ғылыми конференцияларда,
студент жиын-мәжілістерінде әдебиет мәселесінің өзекті та-
34
35
қырыптарына деген өзіндік ойларын ортаға салып, баяндама-
лар жасап жүрді. Әсіресе қазақ әдебиетінің тарихы, сыны
мәселелерінің қалыптасу, өсу кезеңдері оны әрдайым қызық-
тырып келген-ді. Осыдан да болса керек Ергөбеков өзінің ди-
плом жұмысының тақырыбы етіп аға буын зерттеуші, әдебиет
сыншысы Б.Кенжебайұлы еңбектерін талдап, танытуды алған.
Оның үстіне өткен жылы Бейсекеңнің туғанына 70 жыл то-
луы кең аталып өтілді. Тақырыпты ұсынған кафедра осы да-
таны әдейі нысанаға алып, аға сыншы еңбектерін жинақтап,
жүйелеуді көздеді. Жоғарыда көрсетілген мақсаттар дипломда
ақталған. Профессор Б.Кенжебайұлы зерттеулері сала-салаға
бөлініп жүйелі талдауын тапқан. Дипломшы әрбір зерттеу
объектісіне атүсті емес, байсалдылықпен келіп, салиқалы
пікірлер түйіндеген.
Асылы, диплом жұмысы жалғыз Бейсембай Кенжебайұлы
туралы ғана жазылған еңбектен гөрі, бүкіл жарты ғасырлық
әдеби сынымыздың таихына көз жіберіліп, саналы шолулар,
байыпты түйіндеулер айтқан еңбек боп өте жақсы шыққан.
Ергөбеков ұстазы – Бейсекеңді бір жақты ұнамды көзқарас
тұрғысында дәріптеуден аулақ. Керісінше, ол ұстаз еңбектерінің
кезіндегі дәуір сыны тұрғысында таныта отырып, көп жерде
сынап-міней, объективті пікірлерін, ұсыныстарын айта отырып
бағалаған. Бұл Ергөбеков жұмысының тағы бір жақсы жағы.
Жұмыс бастан-аяқ әдемі әдеби тілмен, көркем публицисти-
ка әдісінде жазылған. Автор тілге бай, айтар ойын тайсалмай
айта алады. Көңілдегі көрікті ойлары бейнелі сөздерге оралып
сипатталған.
Біздіңше, диплом жұмысын осы күйінде баспаға ұсынуға
әбден жарайды. Ең таңдаулы дипломдар қатарында атап
көрсетсе де артық емес.
Ғылыми жетекші
Х.Сүйіншәлиев
13.VІ.75 ж.”
Әрине, жетекшіден мұндай бағалы пікір есіту студент үшін
зор қуаныш. Балалық мінез кімде жоқ, той-тойлап, қолына
түспей, уәделі уақытта келмей, аздап ренжіткенімді ұстаз
кешіпті-ау деп қуанды шәкірт бала.
Енді, сарапшы-ұстаз пікірін тыңдайық.
“Пікір
Құлбек Ергөбек – “Б.Кенжебаев – қазақ әдебиетінің зерт-
теушісі» деген тақырыпта ұқыпты да, тиянақты диплом жұ-
мысын жазып шыққан.
Дипломшының ойы ұшталып, пікірінің қалыптасуына қо-
лайлы жағдайлар да болды. Оның негізгілері – Құлбек студент-
тердің ғылыми қоғамының белсенді мүшесі болды, екін ші-
ден, осы тақырыпты екі-үш жыл бойына “айналдырды”. Бей-
секеңнің 70-жылдығына арналған шәкірт еңбегі конференция
мәжілісінде тыңдалды.
Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесін әңгімелеу-
ден бастау әбден орынды. Өйткені бұл проблеманың жалпы-
лық сипаты және принциптік мәні бар. Оны зерттеу ісі 1959
жылдан нақтылай қолға алғаны болмаса, мәселе 1941 жылдан
бері дау-дамайда болып келгенін біраз қазып айтқаны жөн
еді. Содан кейінгі ең негізгі “Әдебиет тарихын зерттеушісі”
деген тарауда Құлбек Бейсекең зерттеген аймақтарға шолу
жасай келе, ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің зерттелуіне
айырықша назар аударады. Ұнамды құбылыстармен қатар
зерттеушінің артық-кем айтқан ойлары да сарапқа түседі. Про-
фессор Б.Кенжебайұлының қазақ өлең құрылысы жөніндегі
зерттеулерін “Әдебиет теориясы жайлы ойлар” деп оқшау та-
рауша бермей-ақ осы негізгі бөлімге қиыстырып жібергенде
жұмыс әрленіп шыға келетін еді. Көп шолуларға өң берер еді.
Ал “Әдебиет сыншысы” деген тарау бұл жұмыстың ауқы-
мынан тыс тұрған, өз алдына арнайы зерттеуді тілейтін та-
қырып екенін айтқан жөн. Бейсекең қаламының бар қырын
әңгімелегеннен гөрі ғалымдығын бір жүйе тереңдете талдап
шыққанда дипломшы көбірек ұтатын еді.
Дипломды “бес” деп бағалауға әбден болады.
Рецензент
Т.Кәкішев
15.VІ.75”
Әрине, жоғары оқу орнын тәмамдаған әрбір маманның
үйінде өзі жазған дипломдық жұмыс, бәлкім оған білдірілген
пікір жазылған рецензия да сақталуы мүмкін. Бұл орайда жұ-
мысқа жетекші пікірі мен сарапшы пікірін жерден жеті қоян
тапқандай етіп оқырмандар алдына тартпаса да болғандай.
Алайда, жастық шақ ескерткішіндей бұл құжаттарды белгілі
бір себеппен алға тартып отырған жай бар.
Жас шәкірт басым жетекші пікірін қолыма алып оқып
шығып қатты риза болдым. Ал керісінше рецензент пікірін
оқып, соңында “бестік” сұрағанымен сынды көбейтіңкіреп
жіберіпті-ау деп қынжылдым. Бестік алуым үшін білекті сы-
36
37
банып диплом жұмыс ерекшелігін айтыңқырауым керек деп
түйдім. Түн қатып сол әрекетке дайындалдым.
Ертеңіне қорғайтын (16.VІ.1975 ж) күніміз. Шәкірт күтпе-
ген бір жағдай болды. Мінбеге шыққан Ханекең:
– Құлбек, керек кезінде маған ұстатыңқырамады. Көбірек
ақылдаспады. Әйтпесе бұдан да тәуір жазылатын еді. Дегенде
диплом жақсы жазылды. Бағасын комиссия өзі шешер – деді
самарқау ғана.
Көңілім су сепкендей басылды. Алақанымды ысып сөйлеуге
дайындала бастадым.
Жетекші сөзі рецензентті қанағаттандырмады ма, болмаса
басқа себебі болды ма, әйтеуір Тұрсекең қызына сөйледі.
– Бұл өзі Бейсекең сырқаттанғалы бері мен жетекшілік етіп
келе жатқан жұмыс еді. Менің сапарға кеткенімді пайдаланып
Ханекең қағып кетіпті деп бастап, бірсыпыра сөйледі. Жазбаша
пікірдегі сынның бірі жоқ, бірыңғай мақтап шықты. Қысқасы,
Ханекең пікірін Тұрсекең, Тұрсекең пікірін Ханекең айтқандай
болып шықты. Мен аң-таң...
Жазушы-ғалым Зейнолла Қабдолов орнында отырып бір-
екі ауыз күлкі шуағына шомылған пікір айтты да, “баға” мәсе-
лесіне келгенде:
– Басқасын білмеймін, ана білек сыбанысқа, ана жең түрі-
ніске қарасаңызшы. Арам қой соятын адам сынды. Күреске
тү сетін жігіт сынды. Бұдан біз бірдеме күтуге тиістіміз. Оның
үстіне ана қара теке текке шырылдап тұрған жоқ-ау, сірә. Міне,
осы жайларды есте тұтайық – деді. “Қара теке” деп тұрғаны –
құрдасы Тұрсекең Кәкішев!
Әрине, Мемлекеттік комиссия “бестік” бағасын қойды.
Бі лімге қойды ма, Зекең айтқан “білекке” қойды ма? Қойды
әйтеуір. Ол “бестік” үшін мен жетекшімнен гөрі рецензентіме
көбірек қарыздар бейілде шықтым залдан. Балалық қой.
Дипломды қорғасымен Бейсекеңе келдім арсалаңдап. Сон-
да бір жайды байқадым. Ол кісі қуанды. Бақсақ, өзі жайында
диплом жұмысы жазылды деп қуанған жоқ, шәкірті студенттік
кезеңді жинақтады деп қуанды.
– Міне, енді азамат болдың, – деп толық айтамын. Универ-
си тетті ағымдағы баспасөзде жариялаған төрт-бес мақаламен
аяқтағалы отырсың. Бұл дұрыс. Бірақ, университетті канди-
даттық диссертация дәрежесінде тәмәмдайтын студенттер бо-
лады. Мысалды басқа жақтан алмай-ақ қояйын, маған Мұхтар
мен Рымғалидың студент кезінде жазған мақалалары, Әбіштің
университет қабырғасында жазған өлеңдері ыстық. Мына сыр-
қаттың салдары ғой, әйтпесе диплом жұмысын кандидаттық
диссертацияға ұласатын тақырыпта жаздыратын едім.
Ақсақал сөзінен көңілінен шықпағанымды, ұстаз ретінде
менен көп үміт күткенін аңғардым. Шәкірт дипломын Мең-
жа мал анамыздың “барамыш” пісірген әдемі шәйімен атап
өттік...
– Қызметке қайда жіберді? – деді Бейсекең.
– Көкшетауға...
– Қап, әттеген-ай.
– О, не болды, аға?
– Онда барған соң жазуды қоясың ғой?
– Жоқ. Қоймаймын.
– Амал қанша? Барсаң бар. Бірақ, менің өтінішім – жазуыңды
тастама! Денім сауығып, қызметке шығар болсам, орын беріп
жатса – аспирантураға шақыртамын. Әрегірек барып ізден.
Естимісің? Көне әдебиетке бар. Өзбек тілінде оқи аласың ғой.
Әй, бірақ, көне әдебиетті кім керек қылып жатыр осы күні?
Бетімнен сүйіп, шығарып салды. Хабарласып тұруымды
өтінді. Алматыға жақын “Отар” аталатын станция бар. Маңына
әскери киімділерден өзге жан жолай алмайтын “ПГТ Гвардей-
ский” аталатын қалашық орын тепкен. Сол қалашықта екі айлық
әскери міндет атқарып, Алматыға қайта оралдық. Сарыкүзде
оралдық. Бұрын ішінде жүргендіктен қадіріне жетпегенбіз бе,
қалай? Әйтеуір ауылға тұра қашқымыз келіп тұратын еді. Енді
байқасақ, Алматыны қиятын түріміз жоқ. Дипломды қалтаға
салған, темір белгіні төске таққан жастар “Аққулы айдынды”
шалқытып жүрміз.
Ұстазға кіріп шықтым. Денсаулығы төмен. Алдымен дәрі -
гер айтқан, сонан соң Меңжамал анамыз орнықтырған тәртіп-
пен жүріп тұрады. Мені көре сала әлденеге өкінгендей басын
шайқап жыламсырайды. (Кейін білдім “инсульттің” әсері екен
ғой).
Сары күз. Ағаштың сары жапырақтары үзіліп түсіп, қалық-
тап келіп жерге жайымен қонады. Жүрекше жапырақтарды
кешіп көшеде келе жатырмын. Диплом қалтада. Бес жыл бір-
ге оқыған жастық шақ достарын бірінен соң бірін сапарға
шығарып саламыз. Бірі туған ауылына, бірі өмірі көрмеген
өңірге аттанып жатады. Бұл – ұлы Абай айтқан: “Балалық өтті,
білдің бе?” – дейтін сәт! Бүгін де бір дос балалық бал дәуреннің
өтіп, азаматтық кезеңге қадам басқанын аңғарып, сапарға атта-
38
39
натын күн. Вокзалға шығарып салуымыз керек. Кенет... Кенет
көшеде қарсы алдымыздан ұстаз Тұрсекең шыға келгені. Иә,
кәдімгі ұстазымыз, қазақтың үлкен ғалымы Кәкішев.
– Әй батырлар, қайдан жүрсіңдер? – болды ұстаз сөзі.
– Осылай да, осылай, жолдастарды поезға шығарып салғалы
барамыз.
– Құлбек, сен неге хабарласпай жүрсің?
– Қол тимей жүр, ағай.
– Бейсекеңмен хабарласып жүрсің бе?
– Ия.
– Қолды тигіз. Маған хабарлас. Досты Алматы – Мәскеу
поезына шығарып салған күннің ертеңіне Тұрсекеңе телефон
шалдым.
– Ия, сені біз осы қайда жібердік?
– Көкшетауға.
– Ия, онда не істейсің?
– Облыстық оқу бөліміне барамын. Олар ауданға жіберер,
аудан совхозға жолдама берер, совхоз бір бөлімшеге жіберер.
Сонда барып мұғалім боламын дә. Мәртебелі мамандық...
– Бейсекең не дейді?
– Барсаң бар, бірақ жазуыңды тастап қойма – дейді.
– Ой, әулием-ай. Ауылға барып мұғалім болған адам жа-
зумен айналысушы ма еді?! Ой, жарықтық-ай! Көкшетауға ба-
рарсың. Арқаның бір аруын аларсың. Сонымен бәрі бітті дей
бер. Олай етуге болмайды.
– Енді не істеймін?
– Біз не ғылымды ойламаймыз, не жастардың тағдырын ой-
ламайыз. Сонда не ойлайтынымызды білмеймін. Анау Жанғара,
Бәйділхан, Жарылғасын секілді жігіттер де ауылға кетіп бара-
ды екен. Сен де кетіп барасың. Сені Бейсекең Алматыға алып
қалар деп жүр едім. Сырқат қой, енді қайтсін? Енді мынаған
келісейік: Мен бір іске бел байлап отырмын. Сендерден жа-
сыратын не бар, енді сендер студент те емессіңдер ғой, Оқу
министірінің орынбасарымен бір отырыста жүз грамм шарапты
бірге ішіп едім. Соған сендерді ертіп апарып, алып қаламын ба
деп тұрмын. Содан кейінгісін көреміз-дағы...
Ұстазбен уәделескеніміздей, таңертеңгілікте Қазақстан Жа-
зушылар одағына Жанғара, Бәйділхан, Жарылғасын төртеуіміз
бірге келдік. Пленум бе, әлде басқа ма, әйтеуір бір келелі мәжіліс
өтіп жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екін -
ші хатшысы, жазушы Шерхан Мұртазаев күндей күркіреп баян-
дама жасады. Залда ине шаншар орын жоқ. Түрегеп тұрып ба-
яндама тыңдадық. Көзімізді қыдыртып залдан Тұрсынбек Кәкі-
шевті іздейміз баяғы. Таптық. Таптық та “бізді көрсін” деген ой-
мен төртеуіміз қаздай тізіліп қасына жақындап барып тұрдық.
Бізді көрген ұстаз орнынан асығыс тұрды да “жүріңдер” –
деп сыртқа бастай жөнелді.
Жазушылар одағы жанында “Балалар әлемі” аталатын мага-
зин бар. Қасында такси тоқ тайтын аялдама бар. Соған жарыса
келіп қол көтерісіп мәшине тоқтаттық. Қарасақ анадай жерде
мәшине тоқтатып Ән-ағаң – Әнуарбек Дүйсенбиев тұр... Ол
кісіні бірге қамти жөнеп бердік.
Жамбыл көшесіне, республика Оқу министрлігіне келіп
ат басын тіредік. Шүпірлеген шәкірттер сыртта қалып, ұстаз
“ҚАНАПИН” деген жазуы бар есікке еніп кетті. Оқу ми-
нистрінің орынбасары деген жазу тұр. Әлден уақытта іштен
қуана шыққан ұстаз:
– Жүріңдер! – деді.
Ілесіп жүріп келеміз. Алматыдағы ең әсем ғимараттың
бірі – Қазақ ССР Ғылым академиясының үйі. Міне, сол аяулы
ғимаратқа келдік. Аяқ басқан сайын күмбезі күңгірлеп өзіңе тіл
қатқандай болады.
Екінші, одан үшінші қабатқа көтерілдік. Директордың ка-
бинетіне кіріп кеткен ұстаз іле қайтадан шортан балықтай
жылдам шықты. “Жүріңдер!” Бізді бастай жөнелді. Осы бір
“жү ріңдер!” – деген жалғыз ауыз сөзге жанымыз семіріп ұс-
тазға ілесіп жүріп кеп береміз. Ұстаз жүзінде жаман рай жоқ,
жақсы шырай бар. Соған ата-анасының жүзіне жәпектеп қарар
жас баладай бақылай қарап-қарап қойып тартып келеміз. Ша-
масы, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының
директоры Әди Шәріпов ұстазымыздың бетінен қақпаған бо-
луы керек. Директордың орынбасары көзілдірікті тықыр қара
жігіт ағасы екен. Аз уақытта ұстазды алға салған төрт бозбала
сол кісінің алдында тұрдық. Шаруаның сәтті бітуге айналғанын
сезіп жымың-жымың етеміз бір-бірімізге. Бәрі де телефонмен
алдын-ала келісіп қойылған секілді.
– Тұрсынбек – деді тықыр қара алтын сулы көзілдірігін жалт
еткізіп, жоғары қарап; – Бұлардың бәрі бірдей сенің ауылыңның
балалары болып шығып, ұят болып жүрмесін... Сүй деді де
жымиып күлді. Жүзіңде ұрлығыңды ұстап алдым ба? – деген
кісінің жеңісті келбеті. Құлағымызға жайсыз сөз шалынған біз
қолайсызданып қалдық.
40
41
Ұстаз күмілжіді. Сөйтті де әлгі тықыр қараға қарады:
– Айтқандай Зәки, мен осылардың қайсысының қайдан
екенін білмейді екенмін. Әйтеуір, жақсы оқыған, студенттердің
ғылыми жұмысында жақсы көрінген жігіттер. Кейбірі сын
мақалаларымен көріне бастады. Мен бұларды сендерге осы
ретпен әкеліп отырмын. Басқасын білмеймін.
– Онда өздерінен сұрайық...
Алтын көзілдірік тағы да жалт ете түсті. Бізге тесіліп тұр.
– Байділхан Балажанов. Алматы облысы. Ұйғыр ауданы-
нан.
– Жанғара Дәдебаев. Жамбыл обылысы. Талас ауданынан.
– Омаров Төребай. Қызылорда облысы. Қазалы қаласынан.
– Әбішев Жарылқасын. Көкшетау облысы Степняк қала сы-
нан.
– Ергөбеков Құлбек. Шымкент облысы. Отырар ауданынан.
Сөзіміздің аяғын ешкім тыңдай қойған жоқ. Тұрсекең шы-
найы ұстаз келбетін танытып жүзі нұрланып, мерейленіп тұр.
Есесіне Зәкең қызарақтады.
– Жарайсың Тұрсынбек, – деп Зәки Ахметов те риза кейіп
танытты.
Кейін білдік. Бір қарағанда Тұрсекең де, Зәкең де бір өңірдің
азаматтары екен. Сөйте тұра «Тұрсынбек, мына балалардың
бәрі сенің ауылыңнан азаматы шығып ұят болмасын» – дейді.
Қазақ тұтастығын ойлаған қайран азаматтар!
Біз осы күннен бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының
М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ла-
боранттары атандық... Қай-қайсысымыздың бойымызда да
шешуші сәтте шешімді іс атқарып, қамқорлық жасаған ұстаз
Тұрсынбек Кәкішевке қарыздар, бейіл, ризашылық сезім жүр.
Бір ғажабы уақыт өткен сайын сол бір қастерлі сезім біздің
санамызда ескіріп, өшіп кету орнына жаңарып, өркештеніп
жүреді...Жүрегімізді жылытып тұрады... Бар қазақ осы қос аза-
маттай болсайшы, шіркін!
Ғылым ғимаратында
Қуанышымда шек жоқ. Артық туған ағайын-туысы, асып-
тасып жатқан дәулеті жоқ жетім бала Алматыда бес жыл оқып
диплом алса, ұстаз жебеуімен паспорттық тіркеусіз, дәнемесіз
Академияға қызметке қалдырылса – болашағым алдымда деп
білетін жас жігітке одан артық не керек, құдайым-ау?!
Профессор-ұстаз Тұрсынбек Кәкішевтен жақсылық көрген
басым мектеп қабырғасында жүргенде алғаш әдебиетке баули
тәрбиелеген ұстаздың есімі де Тұрсынбек екенін сол сәт есіме
алдым. Бірақ ол – Тұрсынбек Бейсенов еді...
Ері ерте қайтыс болып, туыстардан жылылық көрмеген,
қамқорлық күтпеген жесір ана Бибі-Ғайша төрт жетімегін же-
тектеп киелі Түркістан өңірінен тоғыз жолдың торабы дерлік
Арыс қаласына көшіп келген. Бибі-Ғайша – менің аяулы анам.
Төрт жетімегінің бірі осы жолдардың авторы. Арыс қаласында
үшінші, төртінші класты бір мектепте, бесінші, алтыншы,
жетінші классты екінші бір мектепте (С.М.Киров атындағы
орта мектеп) оқыдым. Міне, осы мектепте бесінші класта оқып
жүрген бала көңілін әлдеқандай әсер билеп өлең шатпақтады.
Сәуірдің 12-сі күні ұшқыштарға арнап ұстаз айтуымен өлең жаз-
ғаным әлі есімде. Өлеңсымақты әдебиет пәнінің мұғалімі Тұр-
сынбек Бейсеков өңдеп қабырға газетіне “жариялап” еді. Шіркін
балалық, қабырға газетіне өлеңі басылған шәкірт “Сәрсенов
– ақын” атанған еді. Ол кейде әкейдің атымен “Сәрсенов” бо-
лып жазылушы едім. Ойлап отырсақ, әдебиетке әуестендірген
алғашқы нышан мектеп табалдырығында. Т.Бейсенов ұстаз
сенімінде бүр жарған екен-ау. Міне, енді Тұрсынбек есімді
екінші ұстаздан жақсылық көрдім. Турасын айтқанда, бұл
әкеміз жасамаған жомарт жақсылық еді.
Көңілім теңіз суындай тасып, қуанышым қойныма сыймай
Бейсекеңе айта-айта келдім. Сол күнгі ұстаз қуанышын кісі
сөзбен айтып жеткізе алар ма, сірә? Әй сөзбен айтып жеткізу
қиын шығар ол сәтте. Шәкірт десе ішкен асын жерге қояр қайран
ұстаз. Шәкірті үшін ғұмыр кешетін шынайы ұстаз! Шәкірті үшін
дегеннен шығады, Бейсекеңнің бұдан бір-екі жыл бұрын аспи-
ранттары Алма Қыраубаева мен Арап Еспембетовті қызметке
орналастырамын деп қалай жүгіргенін әріптестері қызық етіп
айтар еді. Әдебиеттің түркі халықтарына ортақ ежелгі дәуірін
зерттеуші Алма Қыраубаева аспирантураны аяқтайды. “ХІV
ғасыр әдеби ескерткіші “Махаббат-намеден” ғылыми диссер-
тация жазып жүр. Кесімді уақыт бітті. Аспирантты кафедраға
алып қалайын десе басшылық орын бермейді. Бейсекең жоғары
оқу орындары министрлігіне барады. Тауы шағылып қайтады.
Амалы құрыған Бейсекең ҚазМУ-дың сол кездегі ректоры,
белгілі ғалым Өмірбек Жолдасбековке “Арыз” жазып алып ба-
рады. “Арызда” мені жасымның ұлғаюына байланысты жар-
ты жалақыға көшіріп, қалған жартысына аспирантым Алма
42
43
Қыраубаеваны қызметке қабылдасаңыз” деп жазылған екен.
Университет басшысы білдей бір кафедра (“Қазақ әдебиеті”)
меңгерушісінің бұл әрекетін түсініңкіремей барып, шын ниеті
екенін, қайтпасын білген соң аяулы ұстаздың аспирантына
орын бөліп беріпті. Міне, ұстаз жүрегі!
Іле-шала екінші шәкірті Арап Еспембетов аяқтайды аспи-
рантураны. Міне, сол сәт Академиядан қуылған Сейділда есімді
әрі інісі, әрі шәкірті келеді мұңайып:
– Бейсеке, Академия басшыларымен тіл табыса алмадым.
Ұядан өзіңіз ұшырған едіңіз, қанатыңыздың астына қайта
алыңыз.
– Ой, Сейділда сен де қызықсың, мен аспирантым Арап-
ты алып қала алмай жаным қысылып жүр. Ал сен дарыныңды
«ішіп» қойдың ғой, қарағым...
Бас асау Сейділда ақсақалдың сөзінің ақырын тыңдамай
“біл дей доцент басымды өзінің аспирантымен салыстырды.
Жер лестігім қайда, туыстығымыз қайда?” – деп шытырлап
ор ны нан бүйі тигендей атып тұрып, көріспестей өкпелесіп
кетіпті.
Кейін бұл әңгімені қайтымы жылдам ақкөңіл Сейділда
күліп отырып айтып беріп еді маған.
Міне, осындай аяулы ұстаз, соңғы кездері кафедраны
тапсырған, дәрменсіз хал кешіп отырған сырқат ғалымды
көп көгенкөздің бірі – менің қызметке орналасуым ұлан-асыр
қуанышқа кенелтті.
– Тұрсынбекке рахмет! Жарады. Оған жасаған еңбектің
есесі қайтты – деді таси сөйлеп.
Қолтоқпақтай қария арқаланып, қанаттанып өсіп кеткендей
көрінді маған.
Менің көңілімде: “Оған жасаған еңбектің есесі қайтты” –
деген жұмбақ сөз кетті. Егер алға оза айтсақ, кейін Бейсекең -
нің “Жылдар жемісі” (“Жазушы” 1984 жыл) аталатын мақалалар
жинағын құрастырып, оған соңғы сөз жаздыру үшін Тұрсекеңе
барған жолы ұстаз әлгі сөздің жауабын шешіліп өзі айтты:
– Шындап келгенде, біз де Бейсекең шәкіртіміз, – деді, –
1953 жылы өзі Сұлтанмахмұт үшін ұлтшыл атанып, партия-
дан шығып, күні күн болмай жүрген кезде маған тапсырма
беріп, қамқорлық жасап “Сұлтанмахмұт публицист” деген та-
қырыпты ұсынды. Жетекшілік етті. Студенттердің ғылыми
қоғамында жасаған сол баяндамам баянды болашақтың бастау-
ындай ыстық көрінеді. Бұл бір!
Шындық деген бар. Көре біле тұра айтпауға дәтің бар-
майды. Әділетшіл боламын деп Академиядан қуылғаным бар.
Міне, сонда Бейсекең кафедрасына қызметке алмағанда далада
қалғандай едім. Мұны қалай ұмытарсың? Бұл екі.
Тұрсекең санамалап айтып отыр Бейсекеңнен көрген жақ-
сылығын. Айтқан сайын бір бармағы бүгіле-бүгіле он саусағы
түгел таусылуға айналды...
Шынайы ұстаз Тұрсынбек Кәкішев бізді қазақ даласының бір
қиырына аттанғалы тұрған жерімізден астанаға алып қалғанына
шексіз қуанышқа бөленіп жүрміз. Адам баласы өзі біреуден
жақсылық көрмесе өзі біреуге жақсылықты қайдан жасасын?!
Ойлап отырсақ Тұрсекеңнің бізге – бір қауым жастарға жасаған
жақсылығы жан жомарттығы, көңіл қайрымдылығы. Ал, ол кісі
алдындағы Бейсекеңдерден жақсылық көрген. Міне дәстүр.
Дәстүр үзілмес үшін біз Тұрсекеңнен көрген жақсылықты ке-
йінгі буынға бере алсақ, шіркін, – деп ойладым сол сәт. Сол
сәт екінші бір ой қапталдасып, қарысып, қасарысып шыға кел-
гені. Екінші ой айтады: асылында жақсылық, қайрымдылық
– адам табиғатынан туындайтын тума қасиет. Әйтпесе, өзі
жұрттан жақсылық көруден жалықпайтын, бірақ өзгеге сынық
сүйем жақсылық жасамайтын, жасай қалғанда өз ауыл-үйі,
жерлестерінен аспайтын, соның өзіне дардай болып жүретін
пақырлар аз ба арамызда? Көп қой, көп! Көп ондайлар! Ол да
бір табиғат!
Ойыңды күдікке алдырсаң, бойыңды кірге шалдырасың.
Адам табиғаты әралуан. Әсіресе соңғы кездері адам жаны кісі
айтқысыз қасаң тартып кетті-ау. Сондықтан ойды жақсылыққа
жеңдіріп жүрейік те, асылы. Қолдан келсе қазақтың баласын
алаламай, бөлмей қайырым жасағанға не жетсін?!
Қазақ ССР Ғылым академиясы – қазақ ғылымының қара ор-
дасы Қазақ ғылымының ғажайып ғимараты. Өң бе, түс пе? Біз
осы ғимаратта қызмет істейміз бе шынымен?
Бейсекеңнің ендігі әңгімесі осы ғылым ғимараты хақында
болды. Өзі бір кезде Тіл, Әдебиет болып өзара бөлінбей, бірге
болған сәтінде Әдебиет секторын басқарыпты. Демек қазіргі
Әдебиет және өнер институты директоры есебінде жүрген ғой.
– Тынымсыз қимылдап, тындырымды еңбек беруге де бо-
лады. Жалқаусып кетіп, жазбай, жайбасарлыққа, бойкүйездікке
бой алдыруға да болады.
Бұл – Бейсекеңнің академиялық институт қызметіне берген
анықтамасы.
44
45
Мен ол кезде Бейсекең жолына аталмыш институт қызмет-
керлерінің сан рет керме керіп, көлденең жатып алып кедергі
келтіргенін, қазақ әдебиеті тарихын қадым замандарға ілге рі-
лету, ірілендіру жайлы қаншама көреген ойына қолдау көрсету
орнына, қолдасып қарсы шығып ғалымды “құлатқан” хика-
яттарын білмеген едім. Бейсекеңнің Академия ғалымдарын
шыбынға балап жазған философиялық тәмсілімен таныстым,
Бейсекең ғалымдар жөнінде былай деп жазыпты: “Былай,
үстірт қарағанда шыбын соншама сұм, жыртқыш емес
сияқты. Ал, асылында шыбын жыртқыш, қанішер; ол бас
қаның ғана қанын ішіп қоймай, бірінің қанын бірі ішеді. Сен
бір шыбынды өлтірсең, соның қанын он шыбын жиналып келіп,
таласыптармасып ішеді.
Қазақтың осы күнгі бірқатар оқығандарды дәл шыбын
тәрізді. Қарап тұрғанда олар мүләйім, момақан: “Қосылмас
ешбір бастары, Бірбіріне қастыққа, қойнына тыққан та
стары...” Ебін тауып, өнімсіз іс жөнінде ерегіседі, күндеседі,
арыздасады. Ақырында бірінің қанын бірі ұрттайды, бірінің
басын бірі жалмайды” (Б.Кенжебайұлы күнделігінен)
Реті солай болды да, мен аталмыш институттың “Бейне-
леу өнері” бөлімінің лаборанты болып қызмет атқардым. Қа-
зір “лаборанты несі?” – деп мұрын шүйіріп қарауы мүмкін
бұл жол дарды оқыған адам. Ал, шындығында бұл – кезіндегі
көгенкөздің талайы көзін сүзіп, бірақ қолы жетпей, армандай-
армандай кеткен “дөкей” қызметтің бірі...
Лаборанттық қызметті аттап өтіп, ғылым кенішіне бірден
«күмп» ете түскен кісі бұл институтта жоққа таңдық. Әйтпесе
өмір-бақи “лаборант” болып өтетін адам қаншама десеңізші?!
Мына бір жайға назар аударыңыз:
Бұрын жылына бір-ер ғана лаборант қызметке алынады екен
институтта. Оның өзі “бәленшекеңнің қызы”, “түгеншекеңнің
бибісі” болып келеді екен де институтты соның салдарынан қыз-
келіншек басып кетеді екен. Институт директоры Әди Шәріпов
“партизандығына” басып биыл төрт бірдей лаборант қабылдады.
Ең бастысы төртеуі де өрімдей бозбала. Бұл, сөздің шын
мағынасында, ерлік деуге келеді. Айтты-айтпады, төрт жігіт –
төртеуміз де Әди Шәріповке риза болып, іштей дұғалығымыздан
тастамаймыз. Оңаша кездесе қалғанда “біз бақыттымыз!” – деп
қоямыз бір-бірімізге. Бақыт деген де бір салыстырмалы ұғым
ғой. Бір қарағанда адам баласы мынау жарық дүниеге саналы
адам болып келгені үшін де бақытты сезінсе болады өзін. Сөйте
тұра «адам болып жаралғаным үшін бақыттымын» деп айнала
тіршілік құбылыстарына самсөз бейтарап қараса не болғаны?
Өзіңнің туған далаңда табақтай көк дипломмен күнкөрісіне
жетер-жетпес жалақысы бар болмашы қызмет атқарсаң, ұшарын
жел, қонарын сай білетін ебелектей мекен-тұрақсыз пәтер жал-
дап, паспорттық тіркелу үшін жалынып жүруден асқан қорлық
бар ма, мынау жалғанда? Университетті бірге бітірген төрт
жігіт төрт орыстың босағасында тұрып жатырмыз... Алған
жалақымызды үй қожасына санап тұрып береміз. Сөйтіп жүріп
бақыттымыз дейміз... Жат босағада үйленерміз, жат босағада
перзент сүйерміз. Олар суықтан өкпесі қабынып, қолқа ау-
руына ұшырар, өзіміз де бүйрек, жүрек сырқаты дегендей
денсаулықты құртармыз. Сонда да бақытты сезінерміз өзімізді.
Амалың қанша? Жүректі бір дірілдетпей, «ит» – ке аяқталатын
аурулардың бес-алтауын бойға жинап алмай өз қолы өзінің ау-
зына жетпеу – қазақ интеллигенциясының қашанғы-байырғы
дағдысы. Денсаулығын, жастығын орыс үйінің дәлізіне тастап
кетер адамның басы да, аяғы да сен емессің. Естен шығарма
мұны! Қалай дегенде де біз бақытты едік...
“Төрде отырғанда кейін келген кісіге артық сәлем бергенің-
мен орныңды берме”-деген аталар сөзін естен шығардық, со-
дан да өзіміз аяқасты болдық. Аздық. Тоздық. Сырттан кел-
ген келімсекке төрімізді ұсындық, дастарқанымызды жайдық,
үстіне өзіміз ішпесек-жемесек те бар дәм-тұзымызды қойдық.
Ол аз дегендей бар тәуір қызметтің құйқалысын соларға
ұсындық, өзіміз солардың қызметшісіне айналдық. Содан да
кейінгі ұрпақ өз астанасында өзі алшаңдай алмай, көңлі пәс, әр
үйдің есігін сағалап күні өтті, жасық боп өсті. Ұлы құл болмай,
қызы күң болмай өз қолы өз аузына жеткен қазақ жастарын
көрген емен. Біз де солардың біріміз. Алайда, біз бақытты едік.
Бақытты болатынымыз – шынайы ұстазымыз Академия сынды
қасиетті қара шаңыраққа орналастырып, әкелік қамқорлық жа-
сады. Бізде ең болмаса қызмет бар ғой. Маңдай терімізді сы-
пырып еңбектенсек, тапқан қаражатты үй қожасына төлеуге
болады ғой әйтеуір. Ал баспананы айтамыз, жалдамалы пәтері
жоқ – жетім бұрышта көзі ойылып жүрген, пәтер тапса төлейтін
ақшасы жоқ, қызметсіз жастар қаншама Алматыда?
Бәйділханның тұңғыш ұлы – Данияр орыстың босағасында
дүниеге келді. Төрінде нәсілі басқа үй қожалары ұйқтап жат-
ты, дәлізінде біз шілдехана тойладық. Жанғараның Жанғалиы
мен Дулаты орыстың асты ұра, бетіне пәнер қаптаған дәлізінде
46
47
дүниеге келді. Алыстан қарт анасы келді қойын сойып, қалжа
жасап, қуанып. Сыз дәліз-үйден “старт” алып та балалары-
мыз өсіп жатты. Бір үйден бір үйге көшу – көшпелі қазақтың
жастарының дәстүрі. Көшейін демейді, қожаның қабағы
келіспей, көшуге тура келеді. Барып, тұрып, пәтер сұрауға
мүмкіндік туғызған “жетім бұрышқа” да біз қарыздар секілдіміз
кейде. Алаңдайтын ешкімі жоқ пақырлар осындай қиындық көре
жүріп, перзенттік борышымызды дұрыс атқара алмадық-ау, деп
ауылда қалған аналарымызға алаңдайтынымызды қайтерсіз.
Жанғара ауылдан анасын алдырды. Арқабай есімді інісі бірге
келді. Ол енді жамбылдық емес, түбәлай Алматылық. Ауылдан
анамды мен де алдырдым. Өйткені ағам – Берсінбек ҚазМУ-
да, інім Сайранбек мал дәрігерлік институтында студент. Інім
Сапарбек ілесе келді. Мен де енді шымкенттік емеспін, тұбалай
алматылықпын. Енді аз уақытта Арқабай мен Сапарбек студент
атанады, бағы жанса!
Суық үйде қос немереме суық тиіп қалар ма екен, сыздау
екен қараңқалғырдың үйі, – деп досымыздың екі перзентін ба-
сын қылтитып шапанының ішіне тығып ұстар еді. Ауылдан кең
үйін сатып, ұлының қолына келген кейуана сол отырысында
қалталы кенгуруге ұқсап шыға келер еді... Не үшін? Баласының
бақыты үшін. Жанғара осылай жетіліп еді. Бүгінде ғылым
докторы. Бәлкім бақыт дегенің осы шығар-ау... Біз “Татарка”
аталатын бір құдай атқан жерде, орыстың үйінің астындағы
жертөледе тұрдық. Түпкі бөлме монша. Бізді басып өтіп үй
қожалары түпкі бөлмеге – моншаға өтеді. Қорланып біз қала
береміз. Олар улап-шулап суға түсіп, жуынып-шайынып қызара
бөртіп, жоғарыдағы бөлмелеріне көтеріліп кете барады. Монша
жаққан күннің ертеңіне ауылдан алып келіп, астымызға төсеп
жатқан киіз шылқылдаған су болады. Төбеден тырс-тырс там-
шы тамып тұрады. Моншаның буланған суы. Төбеңнен тамшы,
астыңнан сыз. Біз осылай жүріп жетілдік. Бәлкім бақыт деген
де осы шығар...
Бәйділханның баласы қарақұлақтанып келеді. Курстастар
арасынан перзент сүйген алғашқы жұп. “Полк баласы” деген-
дей Даниярды курстың ортақ баласындай әспеттейміз. Бәріміз
жабылып жас жұбайларға жәрдемдесуге дайын тұрамыз. Отын
түсіру керек, ағаш жарып, от жағу керек... Бәріне де дайын-
быз. Сөйтіп жүргенде тас, тас моншаның аязы жанын қарыған
Жарылғасын болысып бірге тұрмақ мақсатпен Бәйділханның
жалдамалы пәтеріне біржола көшіп тынды. Бақсақ Сәбира
жеңгеміздің сіңлісі апасының сәбиін күтісуге Алматыға келген
екен...Ол бүгінгі жары – Күләш!
Жиі-жиі келіп Бейсекеңе бастан кешкен “хикаяларды” ай-
тып кетіп тұрамын. Өз халімді бітіріп, курстас достар жағдайы-
на көшемін. Сырқат билеген қарт ғалым жүзінің әжімі тереңдеп,
ауыр-ауыр күрсініп қояды. Оны-мұны жеңіл жұбатуларға бара-
ды.
– Ғылымды тездетсеңдерші. Шын ғылым жасаңдар. Атақ
алыңдар. Атақсыз адамды, қаншама білімді бол, Академия
кісі екен демейді. Бірақ жалған атақ қумаңдар. Әлі-ақ бар
көр ген бейнеттерің бір күнгідей болмай ұмытылады. Қалай
өскендеріңді өздерің де ұмытып кетесіңдер әлі. Тіпті өздеріңнен
кейінгі буынға қарайласпас халге көшесіңдер...
Адам дегенің талкүбі, айналмалы. Тез өсіңдер, тілектеспін.
Тек тоғышар бола көрмеңдер!
Ғалым сөйлеп отыр. Өкпе-назы, ақыл-кеңесі, жиған-терген
тәжірибесі, ғибрат-тілегі... бәрі-бәрі аралас.
– Ия, рас ағай, – деп қолдаймын мен Бейсекеңді, – Атағы
жоқ адамды Академия қызметкерлері кісі екен демейді. Ал,
адам білмейтін, өмірінде ел есінде жүретін жалғыз түйір тірі сөз
жазбаған ғылым докторлары, ғылым кандидаттары қаншама?!
– Түп-түгел рас, айтып отырғаныңның бәрі рас. Бақылауың,
қапысыз, байқауың дұрыс. Бірақ ойыңды көпшілік алдын-
да айтып арандап қалма! Шындықты айтатын уақыт болады.
Ойыңды ішіңе жинай жүр! Академияның тоған су секілді екені
рас. Тағы не байқадың? – Ұстаз маған сынай қарады.
– Академия шын мәнінде ғылым жасайтын қасиетті қара
шаңырақ болса, таныстықты сырып тастап, таланттыларға,
табандыларға жол ашпас па?
– Айтпағың не жарқыным?
– Академияны қатын-қалаш басып кеткен. Ғылым жасай-
тындарына дауым жоқ. Ал, соның көбі ананың, мынаның әйелі,
қызы, келіні дегендей тамыр-таныстық шәлісін жамылып жәй
жүргендер – жанбағарлар. Ал, ерлерінің өзі бір жерде ұзақ
істегендіктен, теңгермешілікті көп көріп, әділетсіздікке іштей
күйіне-күйіне әйел мінезденіп кеткендерін өздері де білмей
қалғандар секілді... Оларды бойкүйездік билеп алған.
– Тағы не байқадың?
– Академияда «атақ қуу» деген ауру бар екен.
– Ол не дегенің?
– Халық қамын жеу жоқ. Халық көңіліне жағатын бір ауыз
48
49
сөз жоқ. Жасырынып кандидаттық диссертация қорғау, оны
докторлыққа ұластыру. Доктор болдың-ақ топ құрып мүше-
корреспонденттікке, академиктікке таласу. Олардан халыққа
тиіп жатқан зиян болмаса, зәредей пайда жоқ. Ғылымға қосылып
жатқан тағы ештеңе жоқ па? – деп қалдым.
– Ол адамына байланысты – дейді Бейсекең. Абай айтқан-
дай кісі жаманға қарап жақсы болмайды, жақсыға қарап бой
түзейді!
Біз ғылымға осылай келіп едік.
Ғылым жолына түсуімізге профессор Бейсембай Кенже-
байұлындай әзіз адамның зор ықпалы болып еді. Бүгінгі жас-
тарға пайдасы тиер ме деп өмірдің бір үзігін баян еттік. Тағысын
тағы бірде әңгімелерміз...
Достарыңызбен бөлісу: |