СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



Pdf көрінісі
бет33/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   41

СыНШы КҮНделІгІНеН   
СаБақТалҒаН ТаҒдыр
(Сыншы Қалжан Нұрмаханов жайлы деректі эссе)
Сезім нөсерін төгіп өткен мейлі ақын, халық тағдыры жай­
лы  ойын  салмақтай  сөйлеп  жинақтаған  прозашы,  әдебиетте гі 
әділет үшін алысып жақсы туындыға жаны марқайып, кемшілікке 
жаны күйзеліп күйініп өткен мейлі сыншы болар, әйтеуір отыз 
бен қырықтың аралығында биік армандарға қол соза беріп үзіліп 
түскен  өрімдей  жас  дарындарды  әдетте  өткен  шақпен  «өтіп 
еді», «болып еді» дейміз. Әйтсе де оларды әдебиетте осы шақпен 
атаудың айрықша мәні бар. Өйткені өнердегі ғұмыр – әдеттегі 
ғұмырдан өзгеше: шынайы талант иесінің жақсы мұрасы ортақ 
игілігімізге айналады. Демек, олар – екінші өмірін бастаған аяу­
лы қаламгер! Осы орайда ақын Төлеген Айбергеновтің, жазушы 
Ақан  Нұрмановтың,  сыншы  Қалжан  Нұрмахановтың  есімдері 
еске  түседі.  Олардың  соңында  қалған  әдеби  мұра  «тірілермен 
тірілерше бір сапта жүреді». Балалық пен даналық үйлесіміндей 
көрінетін өмірден тым ерте кеткен осынау жігіттер жайында 
әрдайым  сүйсіне  сөйлейтініміз  де  сондықтан.  Әсіресе,  мұндай 
күйлі­мұңлы сезім иелері – ақындар хақында жиі айтылады. Олай 
етуге  дарындардың  табиғаты,  әдеби  мұрасының  сапасы  себеп­
кер. Әдетте салқын парасатқа құрылатын сын жөнінде, сыншы 
Қалжан Нұрмаханов тағдыры жайында да тебіреніссіз сөз айту 
мүмкін емес.
Алпысыншы жылдардағы газет­журнал тігіндісін ақ та рып, 
ертелі­кеш жарық көрген әдеби сын мақалалар жинағын қайта 
оқып,  жанындай  жақсы  көретін  жалғыз  қарындасы  –  Қазына 
Нұрмаханова  қолында  қалған  азғантай  архивтік  материалын 
қараған  соң,  сыншы  тағдыры  туралы  әр  алуан  толғақты  ой 
кешерің хақ. Қандай да тұлғаның қалыптасуы – тәрбиеленетін 
ортасы, алған тәліміне көп байланысты. Біз де ендеше әңгімені 
сыншының өмір жолынан бастауды жөн көрдік.
1. Таным сабақтары
Қалжан  Нұрмаханов  1927  жылы  Қызылорда  облысы,  Қа-
залы ауданында дүниеге келді. Шаруа әулетінен шыққан бала 
мектепте үздік оқып, қоғам жұмысына белсене араласады. Та-
лапты баланың жастықта жалындап өсуіне бәлкім осы жерде 
туып,  өскен  атақты  комсомол  қайраткері  Ғани  Мұратбаевтың 
тікелей рухани әсері болу керек. Арманшыл жас Қалжан қойын 
кітапшасына:  «Мен  жас  кезімде  геолог  болуды  армандаушы 
едім. Оның үстіне жазушы болуға да құмартушы едім. Мен ол 
кезде тіпті қомағай едім, бірден геолог та, жазушы да болсам 
дейтінмін. Қәзір оның менде біреуі де жоқ» /27.10.61./ деп жаз-
ды кейін. Таза ынтызарлығы болар, орта мектепті ұлт тілінде 
тәмамдаған  түбітиек  бала  ММУ-дің  шығыстану  факультетіне 
оқуға  түсіп,  сәтті  аяқтап  шығады.  Аталмыш  институтта 
айрықша ұстаздық тәлімін көріп, қадірлейтіні – қырғыз мама-
ны, ірі шығыстанушылардың бірі М.Богданова. Ұстазы қайтыс 
болғанда:  «Мәдина  Искандеровна  да  дүиеден  сапар  шекті. 
Көптен  айналдырған  ауыр  науқас  ақыры  оны  да  жалмап  ты-
ныш тапты. Мен бұл ғалымға көп қарыздар едім, бірақ оның 
мыңнан бірін де өтей алмадым. Ол ылғи маған: «Қалжан, сен 
ғалым бол, сенде бұл мүмкіншілік бар» деуші еді. Мен ең бол-
маса мұны да орындай алмадым. Ол шығыс бөлімінде оқитын 
шәкірттеріне  қарап  әркез  қуанушы  еді.  «Қырғыз  әдебиетін 
зерттейтін  оқымыстылар  дайындап  жатырмын»  деуші  еді  ол 
ұлт республикаларынан келген ғалымдар «Қаліңіз қалай?» деп 
сұрағанда.
Қайран ұстаз. Қайран асыл дос. Мәдина Искандеровнаның 
қазасы  советтік  шығыстану  ғалымы  үшін  үлкен  қаза  болды» 
/11.V.62./ – деп жазды қабырғасы қайыса отырып.
Қазанама  жолдардан  Қалжанның  ұстазға  деген  риясыз 
көңілімен бірге оның қашан көз жұмғанша қазақ әдебиетімен 
бірге  бауырлас  қырғыз  әдебиеті  сыншысы  болып  өту  сырын 
да аңғарғандаймыз. Иә, ол қырғыз әдебиетін айрықша жақсы 
көріп, беріле насихаттады.
Аталмыш оқу орнынан соң 1954 жылы «В.Г.Белинский» деп 
аталатын  реферат  жазып,  жақсы  бағаланған  жұмысты  бетке 
ұстап  Горький  атындағы  әдебиет  институтына  аспирантураға 
түседі.  Әдебиет  институты  «Совет  әдебиеті»  кафедрасының 
меңгерушісі  П.Новицкий  «…мною  оценен  как  хорошая  рабо­
та»  деп  жазды  Қалжан  рефераты  жөнінде.  Аспирантураны 
аяқтамауына  қарамастан,  осы  салмақты  тақырып  сыншының 
бүкіл  саналы  ғұмырына  желі  болып  тартылады.  Қорғаған 
кандидаттық  диссертациясында  ғана  емес,  бүкіл  тағдырында 
көрсетілген  тақырып  айырықша  орын  алды.  Ол  орыс-қазақ 
әдебиеттері байланысын түрлі аспектіде қарастырып қызықты 
мақалалар қалдырды.

458
459
Мәскеуден  білім  жинап  оралған  Қалжан  Алматыда  Мәде-
ниет министрлігінде, «Жұлдыз» журналында қызмет атқарды. 
«Вопросы  литературы»  секілді  журналмен  жиі  араласып,  ұлт 
әдебиеті  мәселесін  одақтық  мінбеден  қозғауы,  ауру-сырқау 
мүшкіл  халіне  қарамай  ақтық  сәтіне  дейін  өзі  құлай  сүйген 
әдебиет дүниесімен тыныстап өтуі ойландырмай қоймайды-ау, 
сірә?
Сыншы жүріп өткен жол осындай. Оның өмірі болып өрі- 
л етін бұл жолдар «тағдыр салды, біз көндіктен» гөрі буыр қа-
нысты ізденіске толы өрі мен еңісі, сүйінуі мен күйінуі аралас 
шығармашылық  тағдыр.  Қалжан  Нұрмаханов  өмірі  жайында 
ойлағанда арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың:
35 жыл.
Өмірді кезіп келем.
Және 35 жыл бола ма?
Сезіктенем…
деген  жыр  жолдары  еріксіз  еске  түседі.  Өйткені  бүйрек 
туберкулезімен  сырқаттанған  кезде,  ол  өзге  алаңын  азайтып, 
санаулы  саналы  ғұмырды  әдебиетке  арнап  аз  да  болса  мәнді 
мақалалар, танымды, толымды ойлар қалдырыпты. 
«Әдебиетші болмасам, өмірім ең кемінде он жыл ұзақ бо­
лар еді».
Бұл  жолдар  қазақ  әдебиеті  аспанында  жарық  жұлдыздай 
жанып  тұрып,  талтүсте  ағып  түскен  марқұм  Қалжан  Нұр ма-
хановтың  күнделігінен  алынды.  Аурудан  азап  шеккен  жан-
ның  мынау  ғазиз  тіршілікпен  хоштасар  алдындағы сөзі.  Күй-
кі  тіршіліктен  аққу  өнерді,  қысқа  да  болса  сәулелі  өмірді 
жа ны  сүйген  ғазиз  жүрек  үні.  Ол  әдебиетке  келгеніне  емес, 
шығармашылық  мұратты  өзі  межелеген  биікке  жеткізе  ал-
май кетіп бара жатқанына өкінеді. Оның айықпас дерт жанын 
қинаған сәттерінде қойын кітапшасына түсірген көңіл сазы, па-
расат пікірлері аз да болса, барынша мәнді екен. 
Өнер  –  мәңгілік  үшін  күрес.  Өмір  барда  қаза  барын  са-
налы  түрде  сезінбеген  қаламгерден  мәнді  өнер,  келешекпен 
сабақтасар  талантты  шығарма  күту  –  бекершілік. Табиғаттың 
сол  қатал  заңдылығы  кімді  болса  да  тіршіліктен  баз  кешуге 
емес, өмір үшін күресуге шақыруға тиісті. Кісілік келбеті заман-
дастары көңілінде қалған Қалжан да аз жасағанына, әдебиетте 
аз  тындырғанына  өкінеді.  Өкіне  тұра  тіршілігінің  соңғы 
сағаттарына  дейін  азапты  әрі  ләззатты  шығармашылық  күйді 
бастан  кешеді.  Жүрек  соғуын  тоқтатқанша  қаламы  қолынан 
түспепті. Бұл өнер адамының белсенділігі ғана емес, өмір үшін 
күрестің қаһармандық көрінісі!
Өмірден не ұзақ жасап ләззат таппаса, не көп іс тындырып 
өнердегі  ізіне  берік  сеніп  аттанбаса,  одан  асқан  азап  бар  ма? 
Қалжанды да қинайтын осы ойлар. Бірақ, бірақ отыз бес жыл 
ғана  ғұмыр  кешкен,  әдебиетке  М.Горький  атындағы  әдебиет 
институты  аспирантурасынан  соң  небәрі  оншақты  жыл  ғана 
араласқан Қалжан ол ойлардың боздағы емес-ті. Егер әдебиет 
санмен емес, сапамен өлшенерін еске алсақ, оның жастық оты - 
нан туған азғантай мұрасы, ортанқолдай бір әдебиетші-азамат-
тың  көп  жасында  бітіреріне  бара-бар.  Оның  өмірі  сондықтан 
да жеке бас рахаты демесек /жеке мүддені күйттеген адам әде - 
биетке  келер  ме?/  баянды  ғұмырдың  айғағы.  Көп  халықтар 
әдебиеті ортақ проблемаларын ойлап өскен, проблемасын кө-
теріп  өткен,  екі  тілде  /орыс,  қазақ/  қатар  жазатын  Қалжан 
Нұрмахановтың соңында «Литературные заметки», «Дәстүр­
лі дос тық», «Дос лебізі» аталатын сын, әдеби-зерттеу еңбекте-
рі қалған. Әдебиетші мұрасын көзге толық елестеткісі келген 
жағдайда,  қырғыз  әдебиетінен,  оның  ішінде  заманымыздың 
айтулы  жазушысы  Шыңғыс  Айтматов  шығармаларын  қа зақ-
шалағанын, повестерін сахналағанын айтамыз.
Қаламгер  әр  туындысына  күш-жігерді,  талант  қуатын  әр 
түрлі  жұмсайды,  аяқталған  соң  әрқайсысынан  әр  түрлі  әсер-
леніп, ләззат алады. Қалжан Нұрмаханов – әдебиеттің қосөрім 
екі  сағасын  да  қатар  ұстап,  екеуіне  де  дарын  қуатын  аямай 
сарқа  жұмсап,  қалам  қиын-қызығына  берілген  адал  жаны-
мен  екеуінен  қатар  рухтанған,  қатар  ләззаттанған  қаламгер. 
Сондықтан оның әдеби сын зерттеуімен бірге аударма повесть 
негізінде  жазылған  пьесаларын  да  өзінің  тума  перзенті  деп 
қараған жөн. Солай қарасақ, Қалжан талантына қызықпай тұра 
алмаймыз.  Әрине,  әдебиет  атты  арлы  дүние  –  үлкен  әдептің 
алдында  ақиқатты  мойындар  болсақ.  Біздің,  бұлай,  таусыла 
сөйлеп отырған себебіміз – Қалжан есімі, оның пікір зеректігіне  
қарамастан, әдебиетімізде еленбей келеді. Өткенге ой көзімен 
қайта  оралып  құнттап,  қадағалай  қарай  алмай  жүргенімізден 
болар. Әділет пікірге жету үшін «Қалжан кім?» деген сауалды 
алға қайта тарта ойланып көрейікші. 
***
Қалжан Нұрмаханов – қазақ әдебиетінде ерте туған, жедел 
піскен  әдебиетші.  Ол  басқасын  былай  қойып,  әдебиетте  ерте 
айтылған парасат пікірімен, озық ойымен кешегісіне сыймаған, 

460
461
бүгіні мен келешегін аңсаған. Көбеген әдебиетші еңбегін қайта 
оқығанда мерзімдік сипат танытпай, қалыңына қайыра бастай 
жөнеледі.  Мұның  себебі  –  оның  жалпы  шығармашылығына 
озықтық, ойлылықтың басты тенденция болып енгендігінен.
Ең  алдымен  Қалжан  Нұрмаханов  ана  сүтімен  бірге  ауыз-
данған, бойына дарын ұялатып, қолына қалам берген қасиетті 
қазақ  әдебиетінің  білгір  сарапшысы,  тынысты  насихатшысы. 
Туған әдебиеті жөнінде қазақ, орыс тілдерінде мақалалар жа-
зып,  республика  ішінде  де,  тысында  да  сөйлегені  бұған  куә. 
Жинақтарында жарияланып жүрген ұлы Абай мұрасынан бас- 
тап  қазақ  әдебиетінің  қабырғалы  қайраткерлері  жөнінде  жаз-
ған мақалаларынан өнерге деген ыстық ықыласын аңғарамыз. 
Қалжанның қолымыздағы мақалаларды қандай тебіреніс, қан-
дай  қиналыспен  жазғандығы  жөнінде  сыншы  шеберханасы-
нан азғана сыр суыртпақтасақ біраз жайға көзіміз жете түседі. 
Кітаптарында  «Мұқан  Иманжанов  журналист,  публицист» 
аталатын Мұқан Иманжанов мұрасы жөнінде көлемді, байсал-
ды  мақала  бар.  Бұл  мақала  әуел  баста  монография  ретінде  
жос парланыпты. Мақаланың «Монографиядан қысқарытылып 
алын ған тарау» деп жариялануы да сондықтан. Өкінішке қа рай 
монография аяқталмады. Аяқталмады деу де әбес, шындығын-
да  жаны  жайсаң  жақсы  жазушы  өмірі  мен  шығармашылығы 
жөнінде  жаза  бастаған  еңбегі  Қалжанның  өзіне  ұнамаған. 
Ұна мағандықтан  да  жалғасып  жазылмады.  Оған  сыншы  күн-
делігіндегі:  «Сабақ  алмасам  да  марқұм  Мұқан  менің  ұста ­ 
зым еді. Онымен аз мезет қана жүз көрісіп, әңгімелесу зор ба­ 
қыт еді. Мұндай ұлы жүректі адамды мен өмірімде кездестір­ 
ген емеспін. Сірә, көрмей денем жер қойнына кіретін шығар. 
Қәзір  мақала  жазып  жүрмін  ол  жөнінде,  бірақ  көңілдегінің, 
жүректегінің, онда оннан бірі де жоқ. Мұнан көп жыл бұрын 
көргендерімнің  бәрі  кешегідей  көз  алдымда,  бірақ  көркемдеп 
беруге дәрмен жоқ. Жетпей жатыр, жетпей жатыр­ау, жет­
пей  жатыр.  Мүмкін  естелік  жазу  керек  болар,  а?  Сөйтсем 
қайтеді? Әйтпесе мына мақала шеңбері кемерінен аттатар 
емес қой. 10.ІІ.62 ж» деген ойлар куә. Бұл ойлар бір жағынан 
сыншының үлкен жүректі, жаны тәлімгер Мұқан Иманжановқа 
құрмет, махаббатының белгісі, екіншіден үлкен мақсаттың не 
себепті  орындалмағанын,  үшіншіден  сыншының  лапылдаған 
шабытсыз еңбектене алмайтынын айғақтайды. Әдетте әріптес 
ақын-жазушылар сыншы еңбегіне екінші сортты дүние секілді 
қарайтыны бар ғой, ал шындығында ыстық жүрек, үлкен пара-
сат  иесі  ғана  сыншы  болуы  керектігін  Қалжан  күнделігіндегі 
осы ойлар айқын аңғартпас па?
Талантты  сыншы  Қалжан  Нұрмахановтың  қазақ  әдебиеті-
не қатысты бар мақаласы осындай қиналыстан, осындай үлкен 
тебіреністен туған еді.
Халықтар достығының бір айғағы – әдебиеттер байланысы. 
Бұл  мәселеде  уақытында  М.Богданова,  З.Кедрина,  Р.Феокти-
сов,  Климович  секілді  одақтық  деңгейдегі  ғалымдар  біраз  іс 
тындырғаны мәлім. Әдебиетші Қ.Нұрмахановтың айрықша ең-
бек  сіңірген  саласы–  әдебиеттер  байланысы.  Ол  еңбектенген 
елуінші-алпысыншы  жылдар  бойында  әдебиеттерді  салы-
стыра  қарарлық  типологиялық  зерттеу  болған  жоқ  еді  десек 
қателесеміз. Осы әдеби зерттеу тәсілі тым өркендеулі еді деу 
және көңілге қонбайды. Осы екі аралықтан Қалжан мұрасының 
шын бағасы келіп шықпақ. Қ.Нұрмаханов қазақ әдебиетінде – 
әдебиеттер  байланысын,  даму  тенденцияларын  факті  тілінде 
және  салыстыра  зерттеген  алғашқы  зейін  иесінің  бірі.  Рас, 
бұл  проблеманы  ұлт  әдебиеті  шеңберінде  қарастырушылар 
болмай  қалған  жоқ.  Ал  Қалжан  Нұрмаханов  ерекшелігі  эсте-
тика  ілімімен  қаруланып,  бұл  проблеманы  аға  буын  орыс 
әдебиетшілерімен  қатар  көтеріп,  деңгейлес  толғады.  Шынын 
айтқанда, ол уақыттарда Қалжан өзінің түркі тілдерінің көбісін 
түпнұсқадан  оқитын,  екі  тілде  бірдей  жазатын  мүмкіндігімен 
әдебиеттер  туыстығын  зерттей  бастаған  одақ  ғалымдарының 
алдына да шығар еді. Мәселе бұл жерде – уақытында жалтырап 
көзге түсуде де емес, әдебиетте жылтыраған мен жарқылдаға н - 
ды жыға танып, ашық ажыратып, жанғанды көретін, біліп тү-
сінетін,  бағалайтын  орта  керек.  Ал  осындай  орта  ол  жылда-
ры  біздің  әдебиетімізде  бола  қоймаған  еді.  Ендеше,  Қалжан 
еңбектерінің бағасына жетпеген өзімізден көруіміз керек. Уа-
қытында  –  оның  қырғыз,  өзбек,  қарақалпақ,  т.б.  түркі  нәсіл-
дес  халықтар  әдебиеті  жайлы  еңбектерін  көшірмешілік  си-
патта түсініп, «дайын ас» көргендер де болыпты. Бірақ, туыс-
қан  елдер  әдебиеті  жайында  жазған  зерттеушілердің  жанын, 
мақалалардағы  автордың  арын,  лүпілдей  соққан  жүрегін  тү-
сінбегенбіз.  Енді  ойлап  қарасақ,  ол  пікірлер  мойны  озық, 
уақыттық  жағынан  ұтымды  айтылған  екен  ғой.  Ол  ақиқатты 
біздер  бүгін,  кейбір  әдебиетшілер,  Қалжанның  елуінші-ал-
пысыншы  жылдары  ашқанын  енді  барып  айтқанда  біліп  жүр 
емеспіз  бе?  Сөйтіп  жүрміз.  Тек  ғажабы  «ол  жақсы  айтыпты» 
–  деп  қана  ойлап  қоямыз.  Әдебиет  салмағы  озық  пікірімен, 

462
463
әдебиетші беделі ол пікірді қара үзіп, оза айтуымен өлшенбек. 
Бізге осы орайда ұлттық әдебиеттану ғылымының беделі жай-
ын ойласақ жарасады. 
Қ.Нұрмаханов – әдебиеттер байланысын халықтар досты-
ғының  жанды  факторы  ретінде  терең  зерттеп  жазған  сыншы. 
Бұл  орайда,  ғалым  сыншы  мұрасының  бұл  саласы  негізінен 
екі  арналы  екенін  атап  айтқан  ләзім,  бірі–  орыс-қазақ  әдеби 
байланысына,  екіншісі  –  туысқан  халықтар  әдебиетінің  бір-
біріне  ықпалы  хақында.  А.С.Пушкин,  Ф.М.Достоевский, 
Г.Ко роленко,  Т.Г.Шевченконы  қызықтырған  қазақы  сипаттар-
ды  ол  жәй  хронологиялық,  әдеби  факті  ретінде  тізіп  шыққан 
жоқ,  аталмыш  ұлы  дарындар  мұрасына  шым  батып  барып, 
дарынның тақырыпқа келуін дүниетаным-көзқарас эволюция-
сынан шығарады. 
Әдебиеттану  ғылымының  жаны  –  концепция.  Концеп-
ция  –  әдеби  өмір  күретамыры.  Ойып,  озық  айтылған  кенеулі 
концепция кейін сан мәрте, сан қырынан таратылып айтылар 
көп пікірге негіз болады. Ғылымда бұрын айтылған, біліп ай-
тылған  пікір  –  концепция.  Кейінгілер  байыптауы  –  таратып 
баяндау, тереңдетіп зерттеуге жатпақ. Ол концепцияны байы-
ту,  тұрақтандыру,  әдеби  өмір  заңдылығына  айналдыру  болып 
табылады.  Қалжан  мұрасының  қадір-қасиеті,  қымбаттығы  да 
ерте  айтылған  концепциялық  сипатында.  Тек  біздің  айтары-
мыз – «ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузының дуа-
сы жоқтың» керін келтірмей, ұлттық әдебиеттану ғылымының 
беделін  ойлап,  әр  кезде  айтылған  пікірді  тектеп,  түбірлеп, 
тиянақтап  тану  жөн.  Өйтпеген  жағдайда  ғылымда  қайталау, 
белді  пікірді  беделге  таңу  етек  алмақ.  Күні  бүгінге  дейін  па-
расат  пікірлері  ескерілмей  келе  жатқан  Қалжан  Нұрмаханов 
ойларының қайта қатарға қосылып, әдебиет дамуының ендігі 
процесіне дендеп араласарына сенгің келеді.
Аз ғұмырында білімді мол қамтыған, көз майын тауысып 
көп  оқыған  әдебиетшінің  халықтардың  сөз  өнеріндегі  руха-
ни туыстығын тауып, тануы – мейлі қазақ әдебиетін алсақ та,  
болмаса қатарлас елдер әдебиетін зерттеуін назарласақ та екі  
қырлы. Бірі – орыс әдебиетінің өзге халықтар әдебиетіне ерте-
лі-кеш ықпалы, екіншісі – етек ала қоймаған құбылыс – қатар - 
лас әдебиеттердің өзара қойнауласа, қолтықтаса дамуы. Қ.Нұр- 
маханов бұл процестің алғашқысының тамырын терең нен тар - 
тады.  Орыс  әдебиетінің  қазақ  халқының  азаматтық  тарихы-
на, әдебиетіне қатысын, кейбір тосын фактілерге назар аудара  
отырып  толғайды.  Сондай-ақ  ол  ұлт  оқырмандарына  қандай 
дәрежеде әсерлі екендігін де ұмыт қалдырмайды. Атап айтқан-
да, ұлы ақын А.С.Пушкиннің қазақ даласына келуін /«Дәстүрлі 
достық»/  қазақ  әдебиетінде  алғаш  тереңдеп  байыптаушы  – 
Қалжан.
Әдебиеттану  ғылымында  тосын  деректі  тұңғыш  айтып,  
ашып беру де жаңалық. Ал ол деректі ашумен бірге көл-көсір 
біліммен  оқушысын  ойландыра,  парасат  пайымдауын  айтып 
жатса тіпті ғанибет емес пе? Жоғарыда айтылған факті – ұлы 
ақынның қазақ даласына келуі – әдебиетте әлденеше рет айтыл-
ды-ақ, бірақ сапар сыры, данышпан ақынның сапар қарсаңын-
дағы әдеби өрісі, қаламгерлік аңсардың дүниетанымына қа ты-
сы, ол қызыққан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының тағды-
ры дәл Қалжанша бұрын-соңды жан-жақты әдеби-эстетикалық, 
тарихи-әлеуметтік тұрғыдан аса терең қарастырылған емес.
Сондай-ақ ұлы ақын ізімен қазақ даласына келген, Е.Пуга - 
чев  көтерілісін  зерттей  келіп,  қазақтың  сайын  сахарасына 
сұқтанып,  ұлт  тағдыры  жайлы  толғанысқа  түсетін  В.Г.Коро-
ленко  жайлы  тың  дерек,  тосын  пайымдауларға  толы  Қалжан 
мақаласына  /«Ұлы  ақын  ізімен»/  күні  бүгін  теңдесер  зерттеу 
жазыла қойған жоқ.
Және Қалжан Нұрмаханов осы биігінен дәйім табылып от-
ырады. Мәселен, Ф.М.Достоевский шығармашылығын М.Бах-
тин секілді ғалымдардан соң, қайта ашу қиын болар. Дегенмен, 
Қ.Нұрмаханов жазушы шығармашылығының қос қыртысты си-
патына барып, дүниетаным қайшылығы жайлы толғап кетеді. 
Мұның мәнісін барласақ, «себебі, соңғы кездері жастар арасын-
да ұлы жазушының шығармаларына деген құмарлық, іңкәрлік 
күн санап арта түсуде.» /«Дәстүрлі достық» 69-бет/ деген пікірге 
тоқтаймыз. Байқап қарасақ, осы пікірде сыншы тұлғасын дара-
лайтын бірнеше себеп жатады.
Алдымен сыншы елуінші жылдардың аяғында жазған бұл 
мақаласында  ұлт  оқырмандарының  психологиясын,  Достоев-
ский мұрасына деген аңсар, бетбұрысты дәл танып отыр. Жіті 
танығандықтан да жазушы мен оқырман арасындағы дәнекер 
міндетті  атқарып,  қазақ  оқырмандарына  сырын  түсіндіруді 
мұрат тұтады. Сонымен қатар, әдебиетші мақаласында бұрын 
айтылған пікірмен шектеліп қалмай, белгілі ұлт әдебиеті өкілі 
ретінде өз қатынасын білдіреді. 
Содан соң, бұл мақаласында ұлт әдебиетшісі болып Қалжан 
деңгей танытып қалып отырған жоқ. Ұлы жазушының өмірлік, 

464
465
өнерлік айналасын жете біліп, еркін пікір толғайды. Бір кезде 
тағдыр айдап қазақ топырағына келген ұлы қаламгердің Шоқан 
Уәлихановпен қарым-қатынасын анықтауда, ғылымда енді-енді 
мәлім болып келе жатқан А.Е.Врангель жазбаларын пайдала-
нуы ғалымның зеректігін, пікірінің озықтығын көрсетеді.
Сыншының  бұл  орайдағы  мақалаларының  кейбірі  белгілі 
мерекеге  байланысты  жазылыпты.  Соған  қарамастан  оның 
орыс ойшылдары жөніндегі мақалалары жәй мерекелік шолу, 
жинақтау  мәнінде  тарқатылған  әдеттегі  кезекті  өтті-кетті  дү-
ниеліктер  емес.  Жанын  қинап,  бар  рухын  салып  іздеп,  мұра-
ның қазақ оқырмандары үшін жаңа қырын ашқан, кейде бұрын 
барды  ой-парасатын  жебеп,  тосын  қырынан  жарқырата  қайта 
қараған өрелі пайымдаулар.
Жоғарыда  айтқандай,  «В.Г.Белинский  және  қазақ  тақы-
рыбы орыс жазушыларында» деген тақырыпты ғылыми зерт-
теуге  нысана  еткен  Қ.Нұрмаханов  кейін  де  ізденісті  кеңіте 
түскен.  Әдебиетпен  шектелмей,  орыс  қылқалам  шеберлері 
картиналарынан  да  қазақ  тақырыбының  бейнелену  фактыла-
рын  іздестірген.  Сыншы  архивіндегі  бір  хатқа  қарағанда  ол 
мемлекеттік  өнер  музейінің  қорында  сақталған  орыс  қылқа- 
лам  шеберлері  картиналарын  зерттей  бастапты.  Мемлекеттік 
орыс  музейінің  қызметкерлері  Қалжанға  «Александр  Осипо­
вич Орловский /1771­1832/» қорда сақталған қазақ тақырыбына 
салынған  картиналардың  тізімін  жолдапты.  Демек,  әдебиет, 
өнер достығы – халықтар достығы деп білген сыншы жастайы-
нан  зерттеген  тақырыбын  кейін  бейнелеу  өнеріне  ұластырып 
тереңдете түскенін көреміз.
Сыншы  архивіндегі  екі  хат  бізге  ерекше  ой  салады.  Ол  – 
Қ.Нұрмахановтың  Густав  Зелинскийге  байланысты  Польша - 
ның  «Полония»  баспасына  жолдаған  хаттарының  көшірмесі. 
Әрине,  қазіргі  оқушыға  «Қазақ»,  «Дала»  дастандарының  ав-
торы – Густав Зелинскийді таныстырып әуре болудың қажеті 
шамалы. Өйткені оның аталмыш поэмалары алпысыншы жыл - 
дары  қазақ  тіліне  аударылып,  баспадан  кітап  болып  шықты. 
Әрі қазақ әдебиетшілері Густав Зелинскийдің екі дастанын ха - 
лықтар  достығының  қызық  фактісі  ретінде  кең  насихат-
тап  келеді.  Архивте  сақталған  хат  дерегіне  ден  қойсақ,  қазақ 
оқушыларына  Зелинскийдің  «Қазақ»,  «Дала»  дастандарының 
жетуіне жан аямай қызмет еткен – Қалжан Нұрмаханов екенді - 
гін  мәлімдейді.  Абзалы  хатты  қазақ  тіліне  аударып,  қаз-
қалпында оқырмандарға ұсына кету жөн болар:
«Полония» баспасы директорына
Сіздің  аты­жөніңізді  және  қалай  атаудың  жөнін  білме­
гендіктен  алдын  ала  кешірім  өтінемін.  Сөйте  тұра  қажет­
тіліктен  осы  хатты  жазуға  мәжбүрмін  және  өтінішімді 
орындайтыныңызға  сенемін.  Қазақ  әдебиеті  зерттеушісі, 
сыншы  ретінде  менің  халқым  жөнінде  жазылған  «Қазақ» 
атты  тамаша  поэма  авторы,  сіздің  жерлестеріңіз  Густав 
Зе линский творчествосын көптен қарастырып келемін. Атал­
мыш шығарманы алғаш Москва университетіне түскелі жүр­
генде  оқып  танысқан  едім.  Қазір  мен  осы  азамат  жөнінде 
үлкен еңбек жазбақ ойдамын. Өкінішке қарай, ойымды жүзеге 
асыруға Г.Зелинский өмірі мен творчествосы жөнінде мате­
риалдар жетісе бермейді. Бізде, Ғылым академиясында, «Қа­
зақ»  поэмасының  1910  жылы  Г.Гребенщиков  аудармасымен 
жарық көрген жалғыз данасы бар. Одан өзге документ жоқ. 
Сол  себепті,  Сіздің  баспаңыздан  1956  жылы  жарық  көрген 
«Қазақ» поэмасын жіберуіңізді өтінемін.
Сәлеммен Қ.Нұрмаханов
22 май 1958 ж.
«Полония» баспасы директорына
Варшава
Сізге  біздің  жастар  газеті  «Лениншіл  жастың»  /Қазақ­
стан  комсомолы  Орталық  Комитетінің  органы/  Сіздердің 
жерлестеріңіз  Густав  Зелинский  поэмасынан  көлемді  үзінді 
жарияланған  санын  жолдап  отырмын.  Менің  өтінішім  бой­
ынша ақынның бір томдығын салып жібергеніңіз үшін шек сіз 
алғысымды  айтамын.  Жастар  газетінен  бүгін  көріп  отыр­
ғаныңыз  –  қазақ  әдебиетшілері  келешекте  атқаруға  тиісті 
үлкен істің бастамасы ғана. Қазақтың Мемлекеттік көркем 
әдебиет баспасы Г.Зелинскийдің екі поэмасын /«Қазақ», «Да­
ла»/  менің  көлемді  алғысөзім  мен  түсініктеріммен  жарыққа 
шығарады.  Поэмаларды  қазақ  тіліне  республиканың  белгілі 
ақындары  Тайыр  Жароков  /«Дала»/  пен  Әбдікәрім  Ахметов 
/«Қазақ»/  аударды.  Г.Зелинский  кітабы  басылып  шығысымен 
Сізге жедел жолдаймын. Қарыз өтелуі парыз емес пе?
Алғыс сезіммен Қалжан Нұрмаханов 
Октябрь 1962 жыл.

466
467
Міне, сыншы Қалжан Нұрмаханов атқарған әрекеттер мен 
жұмыстар осындай. Біз осы екі хаттан мына жайды аңғарамыз. 
Өзі зерделі зерттеп жүрген әдебиеттер достығы тақырыбы өрі-
сін кеңейтіп шет елмен байланыс дәрежесіне көтеруге тырыс-
қан,  және  қазақ  халқы  мен  оның  экзотикаға  толы  сайын  са-
харасы  жайында  тамаша  поэма  жазған  Густав  Зелинскийдің 
шығармаларының қазақ топырағына қайта оралып, ұлт тіліне 
аударылып, жарық көруі де тікелей Қалжанның ынта-ықыласы 
мен ізденісі арқылы жүзеге асыпты.
Қысқасы,  Қалжан  Нұрмахановтың  Пушкин,  Короленко, 
Шевченко, Г.Зелинский, т.б. мұрасы, оның қазақ халқының та-
рихы мен мәдениетіне қатысы жайлы айтқан ой-пікірлерін күні 
бүгін  тереңдеп  айта  қойған  ешкім  жоқ.  Аталған  мақалалары, 
осы  тарапта  атқармақ  істері,  игі  ойлары  Қ.Нұрмахановты 
әдебиеттер  байланысын  түптеп,  тамырлап  зерттеген  белгілі 
ғалым тұлғасы деп қабылдауды қалайды.
Ал,  екінші  тенденция  –  ұлт  әдебиетінің  бірін-бірі  іштей 
байыту, дамытуын, өзара ықпалын да ол байыпты зерттеді. Та-
лай жұртшылық жүрегіне жетерлік ойлы мақалаларын жазды. 
КСРО  халықтарының  өзара  тәржіме  тәжірибесінде  орыс 
тілінен ұлт тіліне, ұлт тілінен орыс тіліне аудару басты назарда. 
Одақтас республикалардың бір-бірінен аударуы да көбіне орыс 
тілі  арқылы  жүргізілетіні  мәлім.  Өз  тәжірибесімен  туысқан 
тілдерден тікелей аудару мәселесін көтерген Қалжан Нұрмаханов 
әдебиет сыншысы ретінде аударма проблемасын әр түрлі меже-
ден толғаған. Орыс тілінен ұлт тіліне аударылған шығармалар 
жөнінде пікір топшылау мүмкіндігі бар әдебиетшінің қолынан 
келетін шаруа. Керісінше, ұлт тілінен орыс тіліне тәржімалау 
проблемасы – білім, талант, парасат, зейін тілейтін қиын іс.
Қалжан  ұлт  әдебиеті  туындыларының  орыс  тіліне  сауат-
ты,  салауатты,  сау-саламат  аударылуын  ойшылдықпен,  нақты 
талдай, толғай көтерген білікті парасат иесі. Жалғыз ғана мы-
сал:  Абай  жауһарларын  /өлеңдерін/  аудармашымен  таласа 
тәржімалап,  маман  аудармашы  «белсенділігін»  жоққа  шы ға-
рып  жібереді.  Сондай-ақ,  «Абай  жолы»,  «Оянған  өлке»,  «Қа-
рағанды» романдарын нысанаға ала отырып /«Түпнұсқа және 
аударма»/,  ұлт  тілінен  көркем  шығарманы  орыс  тіліне  ауда-
ру  мәселесін  өте  биік  дәрежеде  көтереді.  Күні  бүгін  бізде 
М.Әуезов  пен  Л.Соболевтің  шығармашылық  достығы  «Абай 
жолы» эпопеясының орыс және шет елдеріне тамаша аудары-
луына себепкер деген пікір орын алады. Аударма жайлы әңгіме 
болса  әрдайым  эталон  ретінде  «Абай  жолы»  алға  тартылады. 
«Атақты эпопеяның дүниежүзілік беделінде оның орыс тіліне 
өз дәрежесінде тәржімалануының ролі айрықша. Оған дау бол-
маса  керек.  Дегенмен  Қалжан  осы  үлгі-аударманың  жетістік-
кемшілігін қатар толғап, терең талдайды. Кемшілік сырын нақ - 
ты дәлелдеп көресетеді. Сонда сыншы мұраты – ұлттық мақ-
таныш, мөр есепті туынды орыс тіліне арзандамай, сау-саламат 
күйінде  аударылсын  дегендік.  Қалжан  әдебиетші-ойшылдың 
бұл да бір қыры.
Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін қазақ әдебиеті туын-
дыларының орыс тіліне аударылуы туралы дәл Қалжан Нұрма-
хановша танып, біліп, өресі биік пікір айтқан әдебиетші бола 
қойған жоқ. Оның ұлттық әдебиет туындыларын орыс тіліне ау-
дару жайлы зейінді, жанын жебелеп айтқан парасат пікірлерін 
күні  бүгін  ойланып,  тәжірибеге  тұтыну  артық  емес.  Сыншы 
мақаласы  бұдан  жиырма-жиырма  бес  жыл  бұрын  жазылуына 
қарамастан ол айтқан, көтерген проблема күні бүгін өмірде өз 
шешімін тапқан жоқ.
Қазақ  әдебиетінің  айтулы  шығармаларының  орыс  тіліне 
тәр жімалануын танымпаздықпен толғауы – Қалжан сыншы ның 
туған  әдебиетке  жанашырлығы.  Сонымен  қатар,  келешектегі 
өркениеттік мәдениеттің мәнін жете түсініп, ортақшыл рухани 
қазынаға  әр  ұлт  әдебиеті  өз  бояу-өрнегімен  жетсін  дегендік. 
Бұл – құптарлық.
Ал орыс тілінен қазақ тіліне аудару – марқұм Қалжан Нұр-
махановтың әрдайым белсене араласқан мәселесі.
Күнделігіне  қарап  отырсақ  көзін  жұмғанша  ойлап  өткен 
проблеманың бірі де осы мәселе екен. Бір үзіндіге құлақ түре - 
лік. «Аудармашы босанып кетсе біреудің егінін бүлдіретін, тұ­
ра берсе тұрған жерінің ақ шаңдағын шығаратын арқандаулы 
жылқы тәрізді. Аудармашы еркін кетсе түпнұсқаға обал, ал 
оригиналдың  ауқымында  қалса,  оның  құлы  болса,  аударманы 
тұтынатын жұртқа обал. 20.ІІІ.63». 
Аударманы  өнер  деп  білетін  әдебиетшінің  ғана  аузынан 
шығатын сөз ғой бұл.
Қалжан  Нұрмаханов,  негізінен,  осы  үш  сала  тақырыпта 
салмақты, ойлы мақалалар қалдырды. 
Ол  жазған  тосын  мақаланың  бірі  –  «Театр  сыны  жай­
лы  бірер  сөз».  Жалпы  әдебиет  пен  өнердің  басқа  саласына 
қарағанда, театр – сыншының кенжелеп араласқан саласы. Сон-
дықтан болар, театр өнері жайлы, жекелеген спектакль жетісті-

468
469
гі жайлы мақалалары санаулы ғана. Дегенмен, ұлт театрының 
жай-күйі оның өмірінің соңғы екі-үш жылында әрі мехнатына, 
әрі махаббатына айналғанын аңғару қиын емес. Жанымен сез-
бей,  жете  білмей  жазу  –  Қалжанға  жат.  Өмірге  алдымен  сах-
на  сыншысы,  әлде  драматург  бұрын  келді  ме  деген  сауал  да 
ойланарлық.  Қалай  дегенмен  осы  екеуі  театр  үшін  сіңірген 
еңбегін  толықтырып,  тұтастырады.  Әйтеуір  бір  жай  ақаиқат 
– ол прозаны сахналаушы ретінде және сахнаны бақылаушы-
сыншы болып та практик. Осы бағытта суреткер.
Енді  әлгі  «Театр  сыны  жайлы  бірер  сөз»  атты  мақалаға 
кезек  берсек,  бізді  мақала  ойландырады.  Жалпы  үлкен  бе, 
кіші  ме  –  қаламгерлік  дүниеде  бойда  бар  дән  түспек,  жүрек 
сәулеленбек  қой.  Республикамызда  театр  сынының  көсегесін 
көгертер  әділдік,  білімділік  жөнінде  сыншы  ағынан  жары-
лып  пікір  айтқан  екен.  Пікірі  қазір  де  ойландырады.  Өйткені 
ол  айтқан,  театрдың  маман  сыны  мен  әлдеқалай  жазғыштар 
арасындағы  айырма,  сахнадағы  өмір  жайлы  жүрекпен  емес, 
тіл үшінен пікір айту, театр пәнін білмеу – қазір де індет. Ен-
деше,  Қ.Нұрмахановтың  театр  сыны  жайлы  пікірлерін  әлі  де 
басшылыққа алуға болады.
Қазір әдебиетімізде әр саланы жіктей, бөлектей зерттейтін 
арнаулы  /маманданған/  ғалымдар  қалыптасып  келеді.  Бірақ, 
әдебиеттегі  концепцияға  келіп  тірелмес  бірі  жоқ.  Осы  кон-
цепцияға қайта оралғанда көптеген мақалалардан орыс тілінде 
бұрынырақ айтылған пікірдің нашар қазақша көшір месін оқи-
тынымызды немесе керісінше боларын айтпай кетуге болмас. 
Дандайсып  кетер  дейтін  қазір  көзі  жоқ.  Қалжан  Нұр маханов 
мұрасын қайталап оқығанда ол өз басы айтылған пікірді қай-
таламай, оның ойлы пікір-концепциясының бүгін кейбір автор-
ларда  әр  танапта  қайталанарына  куә  болдық.  Өзінің  көзі  тірі 
болса ренжір ме еді… Әдебиетте айтылған ғой дер ме еді?
Ол мақалалар жинақтаудан гөрі талдауға құрылғандығымен 
де  ұтымды.  Ойлы,  парасатты  мақалалар  бүгінге  қызмет  етіп 
отыр. 
Қалжан  Нұрмаханов  –  кәнігі  аудармашы.  Ол  –  Шыңғыс 
Айтматовтың «Жәмила», «Құс жолы» повестерін, Б.Жәкеевтің 
«Әке тағдырын» қазақша сөйлетті. Аудармашылығы мен дра-
ма тургтігі оның кәзіргі әлемге аты кең тараған Шыңғыс Айт- 
матовпен  достық  қарым-қатынасына  көп-көп  байланысты.  
Сон дықтан мұны арнайы қарастыру керек.
Әдебиет  ғылымы  да  автор-ғалым  стихиясының,  қызы ғу-
шылығының  мол  болуын  қалайды.  Қалжан  өмірге,  өнерге  өз 
көзқарасы бар, көбіне-көп субъективтік көзқарас болып туып, 
объективтік  пікірге  араға  уақыт  салып,  ұласар  көзқарас-кон-
цепциясы болған тұлға. Оның соңында қалған әдеби мұрасына 
қайта  оралғанда  осыны  байқаймыз.  Оның  өмірінің  ең  соңғы 
жылының, қиналысты ғұмырының куәсі – күнделігіне үңілгенде 
де  осыны  көресің.  Ақын  болғысы,  жазушы  болғысы,  тіпті 
суретші, сазгер болғысы келеді. (Әдебиетші үшін қандай жара-
сымды Қ.е.). Өлең шумақтарын жазады. Роман жоспарлайды. 
Мұны кездейсоқ дей алармыз ба? Жоқ. Басқасын айтпағанда, 
білімді Қалжан үшін Шыңғыс Айтматовтай қаламгер прозасын 
аударудың, сахналаудың өзі бір мектеп-ті. Сыншының сазгер, 
суретші болғысы келетіні – көзі ашық, көңілі ояулықтан. Көңілі 
өнер салаларына сергектіктен. Өнердің сол салаларына көңілі 
толмағандықтан.  Ғажабы  –  Қалжанның  өнер  сағалары,  жеке 
туындылар жайлы пікірі – көбіне-көп ақиқат болып алдыңнан 
шығады. 
Сынға да суреткерлік керек. Қалжан суреткер, ойшыл сын-
шы  деңгейіне  толысып-ақ  келген-ді.  Әлі  тіршілік  кешкенде 
біздің әдебиетіміз үшін оның кемел қыры жарқырап ашылатын 
еді.  Мүмкін  ол  сыншы  болар,  әлде  прозашы,  драматург  пе? 
Кім білсін? Осы жанрлардың қайсысы да оның өрісті ойында 
тоғысып тұтастық тапқан еді. Шынын айтқанда, күнделік жаз-
баларына  қарағанда  бір  роман  да  жазғысы  келеді.  Драмалық 
диалогтардың  кейбір  өткір  жеке  үлгілері  қағазға  түскен.  Та-
лантсыз үшін болмаса, дарын үшін бәрі де мүмкін еді. Әсіресе 
Москваның  Мемлекеттік  университеті,  М.Горький  атындағы 
әдебиет  институты  сынды  ұяда  тәрбиеленген,  М.Богданова 
сынды  ұстаздан  тәлім  алған,  М.Әуезовті  пір  тұтқан  /өз  сөзі/. 
Шыңғыстай  суреткермен  төс  түйістіріп  дос  болған  Қалжан 
Нұрмахановтан әдебиет әлемінде қандай да қызғылықты шы-
ғармашылықты күтуге болатын. 
Иә, ол кемеліне келген, ойы толысқан шағында көз жұмды. 
Көңілі  көркейіп,  санасы  сәулеленер  дер  шағы.  Бұлай  деу  – 
Қалжанның  бар  ғұмырында  бітірген  еңбегін  бағалаудағы  жо-
ғарыда  айтқан  пікірімізге  қайшы  келмес  пе?  Жоқ.  Өйткені 
бағалау  салыстырмалы.  Автор  еңбегін  әдебиет,  уақыт  дең-
гейімен бағалау бар да, сол азғантай мұраны енді өзінің табиғи 
мүмкіндігі тұрғысынан таразылау бар. Сөз жоқ, Қалжан Нұр-
маханов  кейінгі  ұрпаққа  өміршең  ой,  өлмес  сөз  қалдырған 
суреткер-сыншы.  Ал  оның  тірі  тұрып,  әдебиетте  тындыра-

470
471
рына келгенде бар сеніммен өкінішке жол беру ағаттық емес. 
Өйткені  ол  көкірегін  кернеген,  кемелденіп  келе  жатқан  ойла - 
рын  түгел  айта  алған  жоқ.  Оның  өмірінің  соңғы  сәттерінің 
куәсі – күнделегіндегі ой әуендері, эскиздері, осылай пікір топ-
шылауға итермелейді. Бұл – таланттың шын табиғаты.
Дәнді басын иіп келе жатқан мәуелі шағында өмірден кет-
кен Қалжан Нұрмаханов әдеби мұрасына қатысты қандай про-
блемалар бар? Ол әдебиетке белсенді араласқан 1957-62 жыл-
дар кезеңіндегі «Қазақ әдебиеті» газеті, «Әдебиет және искус-
ство» журналы тігіндісін ақтарып шыққан едік, бірсыпыра ой 
түйдік. Олар мынадай.
Обалы не, сыншы мақалалары «Дос лебізі», «Дәстүрлі дос-
тық» деген атпен әр кез ұқыпты құрастырылып, жарық көріп 
келеді. Сыншының бір тақырыптағы бірнеше мақаласының ба-
сын біріктіріп, тұтастырып ұсыну – құрастырушы жанашырлы-
ғы. Мәселе де осы орынды жанашырлықтан туындамақ. Өйт-
кені  автордың  түрлі  мерзімді  басылымда  жарық  көрген  бір-
неше мақаласының басын біріктіріп ұсынған соң ортақ тақы-
рып  қойылады.  Құрастыру  үстінде  кейбір  мақалалардың  аты 
өзгереді.  Мәселен  «Кемелденген  жанр»  /«Қазақ  әдебиеті»  № 
36  /140/  /6  сентябрь  1957  ж./  аталатын  мақала  кейін  кітапқа 
«Қырық жылдың қырқасында» /«Дос лебізі», А., 1968 ж./ бо-
лып өзгеріп жарияланды. Демек, орынды өзгеріс, тұтастыру – 
кітап соңына мән-жайды айтып түсіндірерлік ғылыми түсінік 
берілуін тілейді.
Сыншының  кейбір  мақалалары  орынсыз  қысқартуға  түс-
кенінің куәсі болдық. Жоғарыда аталған «Кемелденген жанр» 
мақаласы, неге екенін, біраз қысқартумен жарық көріп келеді.
Және бір ойланарлық мәселе – әлі күнге сыншының кезінде 
жарияланған кейбір мақалалары жинақтарына енбей келеді. Он-
дай мақалалардың кейбірі – «Карло Гольдони» /«Қазақ әдебиеті» 
№ 13/ /117/, 29 март 1957 ж./, «А.Н.Радищев»/«Қазақ әдебиеті» 
№ 36/ /244/ 4 сентябрь 1959 ж./, «Қазақ театрлары жаңа мау-
сымда» /«Әдебиет және искусство» № 3, 1957 ж./ т.б. Аталған 
мақалалар сыншының ешқандай жинағына енбепті. Ал «Қазақ 
әдебиетінің тарихы туралы бірер сөз» /«Әдебиет және искус-
ство» № 9, 1955 ж./ аталатын мақаласы «Дос лебізі» кітабында 
бір рет қана жарияланып, кейінгі басылымда түсініксіз себеп-
пен  түсіп  қалды.  Алдағы  уақытта  Қалжан  кітабын  жинақтап, 
жарыққа  шығаруда  айтылған  жайларды  құрастырушы  есте 
ұстаса жөн.
Сыншының  бірсыпыра  мақаласы  орыс  тілінде  жазылып, 
бүкілодақтық  баспасөз  беттерінде  жарық  көрген  еді  кезінде. 
Күнделігіндегі  кейбір  ой-толғаныстары  да  орыс  тілінде.  «Ли­
тературные заметки» аталатын кітабы ертеректе жарық көр-
ді.  Демек,  Қалжан  мұрасын,  кейбір  мақалаларын  аударып, 
қысқарғанын  қосып,  толықтырып  орыс  тілінде  кітап  етіп 
шығару тиімді болар еді. Сонда орыс тілді аудиторияға қазақ 
әдебиеті,  әдебиеттер  байланысы  жөнінде  көптеген  тың  мәлі- 
мет, қызықты ойлар жетер еді. 
Күнделік демекші, ақиқат та ойлы, өрісті пікірлері жазыл- 
ған  күнделік  әдебиетші  шығармашылығынан  тысқары  тұрған 
жоқ. Ендеше оны жариялау, жарыққа шығару мәселесін де ой-
лану жөн. Ол жайлы ойлы замандастары естелігін жинақтау да 
жарасымды бір іс болар еді. От ойлы Қалжан мұрасы кейінгі 
ұрпақтан осыны тілейді.
Қалжан Нұрмаханов өмірінің соңында күнделігіне:
«Стучит. Стучит… Стучит в мою дверь. Кто? Друг? Нет. 
Нет. Не­ет. РОК. Черная тень смерти стучит в мою дверь, 
она гуляет вокруг моего дома, жадно глядя на меня. Смотри на 
меня сколько тебе угодно, но я тебя не боюсь, могу смотреть 
в твои глаза прямо и без боязни. Ибо у меня две души, одну воз­
мешь ты, а другая останется с моим народом.
Та..та…та…та..­а­а­а­а­а­а­а
Та…та…та…­а­а­а­а­а­а
та…та…та…
Стучи, стучи, стучи покрепче. Напрасно думаешь ты, что 
я боюсь тебя. 15.10.1962» – деп жазған.
Бұл – шынайы қаламгер үшін екі өмір барын, өзінің аз-кем 
адал, таза мұрасымен халық жадында қаларына сенген жанның 
батыл үні ғой. Ол өзі сенгендей халық көңілінде, әдебиет та-
рихында қалады. Өмірден ерте кеткен әдебиетшінің таңдамалы 
еңбегінің әр кез қайта жарық көруі – оны есте сақтаудың әдемі 
үлгісі. Оның есімін келешекке алып барудың бір жолы да осы!
Әдебиетте  поэзия  деген  періште  ұғым  бар.  Өлеңді  айтып 
отырған жоқпыз. Санаңды шайқап, жаныңды мың-сан толқуға 
салар әсер құдіреті. Ғылым поэзиясы – парасат, таным. Марқұм 
білімдар  әдебиетші  Қалжан  Нұрмаханов  мұрасын  біз  парасат 
поэзиясы деп қабылдаймыз. Кейінгі ұрпақ өмірден ерте кеткен 
сыншы  мұрасымен  әрдайым  жүздеседі.  Жүздескен  сайын  та-
ным сабақтарын алады. 
1979 ж.

472
473

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет