СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)


жауапКерШІлІК  МІНБеСІНеН



Pdf көрінісі
бет36/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41

жауапКерШІлІК  МІНБеСІНеН
(«Жалын» жорналының 1987 жылғы 1, 2, 3 сандарында 
жарияланған әдеби-сын материалдарға шолу)
Қазақ жазушылары арасында қит етсе кемшілік атаулыны 
әдеби сынға жауып, «бізде сын жоқ», «сыннан өз басым иненің 
жасуындай  пайда  көрген  емеспін»  –  деп  ауызды  қу  шөппен 
сүртуге  даяр  тұратын  жарамсыз  мінез  бар.  Шамасы,  бұл  – 
қай  әдебиетте  де  қандай  жанрдың  өсіп  өркен  жаюы  сол  ұлт 
қаламгерлерінің жазушылық ортақ мәдениетіне тәуелді екенін 
ескермеуден туатын шалағай ұғым. Егер қаламгерлер арасында 
керемет жазушылық мәдениет қалыптасып, бірі-бірінің табы-
сына  арқа-жарқа  қуанып,  кемшілігіне  бірдей  күйзеліп  жатса, 
әйтпесе  әдебиеттің  өзге  жанры  кісі  таңырқарлықтай  қауырт 
гүлдеп  бара  жатса  сынның  өспеуге  шарасы  қалмас  еді  ғой. 
Бұрынғы  жадағай  пікір  өз  алдына,  соңғы  кезде  қайта  құру 
құбылысына байланысты әдебиеттегі бар бетбұрысқа бір ғана 
сын  жанры  жауаптыдай,  жолы  ауыр  жанрдың  жанын  аямай 
еңбектеніп  жүрген  санаулы  сарбаздары  жөнді-жөнсіз  жиі  сы-
налатын  әдет  тапты.  Әрине  сын  жанры  көтерер  жүктің  қай 
уақытта да жеңіл болмағанын, қазіргі қайта құру кезеңінде мін-
деті ауырламаса – жеңілдемесі кімге де түсінікті жай. Дей тұрсақ 
та,  әсіресе,  қазір  аға  буыны  әдебиеттен  қол  үзіп,  орта  буыны 
кезіндегі қолайсыздықтан жігері жығылып, енді бір замана желі 
қалай соғар деп сақтанып тым-тырыс отырған өліара кезеңде – 
сын жанрына бір мезгіл жанашырлық, объективті көзбен қарау 
қажет деп білеміз. Бұл – біз жасар баяндаманың лейтмотиві.
«Жалын»  жорналы  бетінде  жарты  жыл  беделінде  жария-
ланған әдеби-сын мақалалар жөнінде редакция қызметкерлері-
нің сағы сынарлықтай етіп қысқа айтуға да, келешегіне жәрдемі 
тиерліктей  кеңірек  әңгімелеуге  де  болады.  Ал,  біз  бұл  ретте 
істің пайдасына жығылдық.
Әдеби сын, көбіміз ойлап жүргендей, әдебиет ауылындағы 
әлдебіреуді аттың бауырына алып қамшылау емес қой. Әдеби 
сын  –  парасат.  Әдеби  сын  –  қоғамдық  ойдың  қозғаушысы. 
Әдеби  сын  –  философия.  Осының  бірінде  бату,  екіншісінде 
қату мінез көрсету – заңдылық. Бұл ретте әдеби сынға жары-
лай мемуарлық шығармамен еншілес естелік, шығармашылық 
портрет,  сұхбат,  диалог,  эссе,  мақаланы  жатқызу  қате  болмас. 
Кеше  альманах  болып  ашылып,  бүгін  ғана  журналдық  сипат 
алып  отырған  «Жалын»  жастарға  берілер  ғибратты  ойлай 
ма,  әлде  оқылу  жағын  көбірек  күйттей  ме,  әйтеуір  дендеп 
жариялап  жүргені  –  сынмен  еншілес  естелік.  «Өлді  деуге 
бола  ма,  айтыңдаршы»  –  деп  аталатын  Абай  сөзін  айдарына 
айналдырған жорналдың бірінші санында айтулы сөз зергері, 
Социалистік  Еңбек  Ері  Ғабит  Мүсірепов,  екінші  санында 
жалындай лапылдап, от болып өртеніп өткен Төлеген Айбер-
генов,  үшінші  санында  әділдіктен  бір  ауытқымай,  ақ  сөйлеп 
өткен  ақсақал  Ғабиден  Мұстафин  жөнінде  естелік  материал-
дарын жариялады. «…Сөзден соғылған әдеби мүсін» (М.Әуе-
зов), «Рухани ескерткіш» (З.Қабдолов) аталған естелік жөнін де 
талас  та  көп,  өнеге  де  жетерлік.  Европа  әдебиетінде  мемуар-
лық  «Л.М.»  (Литературные  мемуары)  –  сериясымен  әдеби 
естеліктерді  тұтас  кітапханаға  айналдырғанын  білеміз.  Ол 
естеліктерде  ұлы  жазушылар  Некрасов  пен  Достоевскийдің 
құмарпаздығы,  Толстой  мен  Тургенев,  Чехов  пен  Тургенев 
арасындағы бірсыпыра пендешіліктер де қылаң берген. Әзірге 
қазақ  жазушылары  жөніндегі  естелік  ардагерлер  бейнесі  кө-
ңілде  көмескі  тартпай,  ыстық-суықты  жазылып  жатыр.  Мұ- 
ның  пайдасы  мен  зиянын  көңілді  суытып,  салқын  парасатқа 
билетер  уақыт  алда  пайымдатар.  Әзірге  «Жалын»  өзге  қазақ 
баспасөзін  қайталамай,  қайраткер,  қаламгер  өмірін  деректеп, 
өнегесін жастар бойына ұялатуда абыройлы деп білеміз.
Тап  осы  жерде  аттан  түсе  қалып  сын  айтуға  тура  келеді. 
Біз жоғарыда бір айдармен жарияланған естеліктерге ғана тоқ-
талдық.  Шындығында  жазушы  Зейнолла  Қабдоловтың  жаңа 
туындысы  «Менің  Әуезовім»,  «Сыр  сандық»  әдеби  айдары 
бойынша  берілген  Бикен  Римованың  «Сен  едің  қимасым  да, 
сырласым  да…»,  «Жазушы  лабораториясы»  мінбесінен  сөз 
алған  Бексұлтан  Нұржекеевтің  «Бітпейтін  сыры»  да  ес те- 
лік  «жанрымен»  әр  белдеуде  қиылысып  қалып  жататын  дү-
ниелер. Басқасын қойып, журналдың бір ғана санында (2-саны) 
Т.Айбергенов жөнінде топтама-естелік, З.Қабдоловтың «Менің 
Әуезовім»,  Б.Римованың  «Сен  едің  қимасым  да,  сырласым 
да…», Б.Нұржекеевтің «Бітпейтін сыр» секілді төрт бірдей ес- 
телік сипатындағы туындының жариялануы кемшілік болмаса 
жетістік емес.

502
503
Жазушы  шеберханасы.  Қанша  елегің  келмей  сабыр  сақ-
тағың  келгенімен  осы  бір  құпиясы  мол  сөйлемді  оқығанда 
қызықпай тұра алмайсың. Тіпті кезінде «Жазушы лаборатория-
сы»  материалдарын  коллекция  ретінде  жинап,  кейін  болып 
алған соң «жазушылыққа себі жоқ» екен деп мансұқтауға дейін 
барған ірі документалист Данил Гранин де бұл мәселеге бүйірі 
қызып  кетіп  жататынын  көріп  жүрміз.  Егер  «Қазақ  әдебиеті» 
газетінің 1934 жылғы ыждағаты болмаса С.Сейфуллин, І.Жан-
сүгіров,  Б.Майлиндердің  шығармашылық  құпиясын  ашқан 
аз сөзінің өзіне зар болар едік. Бірақ «жазушы шеберханасы» 
–  жалаңқабаттамай  «шығармашылық  психологиясы»  деген 
проблемаға ұласуға  керек. Қазір Санкт-Петербург  ғалымдары 
көтеріп  отырған  бір  әдебиеттің  қызықты  проблемасы,  негізін 
Л.С.Выготский  салған,  осы  «шығармашылық  психологиясы». 
Экскурсқа  барыңқырап  қалып  отырған  себебіміз  «Жалын» 
–  «Жазушы  лабораториясы»  рубрикасын  іске  қосты.  Т.Нұр-
мағамбетовтің  «Аптапқа  бет  алу»  (1-саны),  Б.Нұржекеевтің 
«Бітпейтін  сыр»  (2-саны)  мақалаларын  жариялады.  Нәті 
–  «лаборатория»  дегенімізбен  Тынымбайдың  «Аптапқа  бет 
алу ы»  мақала­толғаныс  та,  Бексұлтанның  «Бітпейтін  сыры» 
сыр­мақала.  «Жазушы  лабораториясы  оның  әдебиетке,  өзін 
қоршаған  ортаға  көзқарасынан  тұрады» 
–  дейді  Нұр махам-
бетов.  Өз  өмірбаянын  күйттеп  кетпей  автордың  айтқан  сөз 
үдесінен  шыққаны  қуантты.  «Әдеби­мәдени  ортада  ғана 
емес,  қоғамдық  өміріміздің  басқа  да  салаларында  мінезсіз  адам 
тәрбиелеу  етек  алып  отыр»,  «…өз  ортамызды  қорғай  ал май 
жүріп,  туған  жер  табиғатын  қорғаймыз  дегенімізге  кім  се­
неді?»,  «…Әдебиеттегі  сапа  мәселесіне  келгенде,  жолдан  бір­
аз  шығып  кеткенімізді  мойындауымыз  керек»,  «Тіпті  шын  жа­
зушының  емес,  сол  кездейсоқ  жазушының  атын  оздырғысы  ке­
летін  пейілдер  де  бар­ау»
  –  деген  ойлы  сөздерді  оқып  біз  де 
ойландық. Өзінің айтуға қиын, айтпауға болмайтын тағдырын 
шығарма табиғатымен сабақтастыра алғаусыз ақтарылып айт-
қан  Бексұлтан  Нұржекеевтің:  «Қазақ  жазушылары  –  бірін­бірі 
мұқият  оқып,  бірін­бірі  құрмет  тұтуды  әлі  күнге  әдетке  ай­
налдырмаған  адамдар.  Менің  ойымша,  бір­бірімізді  білуіміз  де, 
оқуымыз да, соған орай сыйлауымыз да әлі атүсті. Әлсін­әлі өзара 
араздасып  қала  беретініміздің,  бір­бірімізге  кекшіл  келетініміз­ 
дің бір сыры осында деп білем. Бізде бір­бірімізден кек қайтару­ 
дың, бір­бірімізге жала жабудың, бір­бірімізді ренжітудің алуан 
түрлі әдісі бар да, бас біріктірудің әдісі бірен­саран ғана» – деген 
пікірін қалай әділет демессің?!
Әуел  баста,  осы  мақалаларды  оқыр  әлетте  көңілде  Т.Нұр­
махамбетов  пен  Б.Нұржекеевке  «лабораториялық  ма қала  жазу 
жарасар  ма  екен?» 
–  деген  күдіктің  ұялағанын  несіне  жасы-
райық.  В.Шукшин,  В.Распутин,  В.Белов,  А.Вам пилов тардың 
шеберханалық  мақала,  сұхбаттары  бар  екенін  еске  алған 
соң,  талантты  қос  қаламгердің  азаматтық  ойларын  оқып, 
«Жалынның»  жастар  басылымы  екенін  зердеге  түйген  соң 
күдікті көңілден қудық та, райдан қайттық.
Есесіне көңілді екінші бір күдік қаузады. Жастар басылымы 
райында «Жалын» балалар әдебиетіне неге назар аудармайды? 
Алғашқы әдеби айдармен С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Ома-
ровтарды  берсе  жараспас  па?  Шеберхана  ашқан  жігіттердің 
екеуінің бірдей прозашы болуы қалай? Ақын, сыншы, сатирик 
секілді  қанаттас  жанр  қаламгерлері  неге  қамтылмаған?  деген 
сұрақтар көңілде іркіліп тұрды. 
Табиғаты  жағынан  шығармашылық  шеберханамен  үн де-
сетін  әдеби  айдар  –  «Жалынның»  интервьюі».  Аталмыш  ай-
дармен  көрнекті  ақындар  Қадыр  Мырзалиев  пен  Тұманбай 
Мол дағалиев азын-аулақ сыр айтыпты. Жаңа жыр алдындағы 
аз ғана әңгімеде шығармашылыққа талпынушы жастарға оқу,  
тоқу,  азаматтық  жөнінде  қонымды  айтылған  ойлар  бар.  Сол 
секілді Ұлықбек Есдәулетовтің бір топ талапкер ақын өлеңдері-
не жасаған талдауы («Жастықтың жарқын бояулары») да нақ-
тылығымен, жастарға жанашыр бейілімен жылы тартады. 
Ілгері-кейінді танылған үш ақынның түрлі ыңғайда қағазға 
түскен шашау ойлары журналдың жарты жылдық үш санында 
кемі бір рет жариялануға тиісті қазақ поэзиясы жайлы арнайы, 
шынайы әдеби сын мақаланың өтеуіне жүреді деу әбес болар 
еді. Бұл – ақын басқарған жорнал жарты жылда қазақ поэзиясы 
жөнінде  жарытымды  сан  мақала  жарияламады  деген  сөз. 
Әттеген-ай.
Қалдарбек  Найманбаевтың  М.Байғұтовтың  «Таудағы  ан-
дыз»  повесіне  қоса  жарияланған  «Ұстаз,  Бауыржан  және 
басқалары» – аталатын жып-жылы тілеуқор пікірі жөнінде де 
осыны айтамыз. 

504
505
«Қаламгер  дидары»  –  аталатын  айдармен  жорнал  бірінші 
санында  дарынды  жазушы  Баққожа  Мұқаевтың  /«Иірім»/,  
үшін ші  санында  талантты  ақын  Фариза  Оңғарсынованың 
өнериет тік  портреті  беріліпті.  Ашығын  айтқанда  К.Мың- 
жасарованың «Мәңгілік көктем жыршысы» – мақаласы атүсті 
жазылған, бірді айтып бірге кететін, шығарма тереңіне бойла- 
май  бе тін  қарпи  шолатын,  бірде  естелікке  ден  қоятын,  бірақ 
соның баршасы қабысып ақын мінезін, шығармашылық ерек-
шелігін аша қоймапты. «Қайсыбір бишікештер (?) мен байшы­
кеш тердей  емес,  Фаризаның  адамгершілік  қасиеті,  аналық  ме­
йірімі айырық ша екен. Жасынан қиындыққа қарсы қарап жүрді. 
Ештеңеден  ыққан  да,  ешнәрседен  қаймыққан  да  жоқ»
  –  деген 
секілді  де рексіз  ұрсу  мен  жалаң  оданың  ақын  шы ғармасына 
қандай қатысы бар? (Бұл автордың мақаласынан бұрын атағы 
қажет болды-ау, шамасы). Белгілі сыншы Бекен Ыбырайымов- 
тың  «Иірім»  –  аталатын  мақаласы  Б.Мұқаевтың  прозашы  ре- 
тінде қалыптасу, өсу жолын сәтті баяндайды, шығармасын ер- 
кін талдайды. «Баққожа Мұқаев прозамызға не әкелді дегенде біз 
ең алдымен оның шығармаларынан са лаланып шығар моральдық­
адамгершілік, көркемдік­идея лық сыр­сыпаттар мен әлеуметтік­
философиялық  кон цеп цияларды,  эстетикалық­әлеуметтік  мәні 
бар психо логия лық талдау тәсілінің түрлі қырынан қолданылып, 
көркемдік­фи лософиялық  принциптерге  айналуын  айтар  едік»
  – 
дейді ол. Прозашы табиғатын ескергенде осы байламға біз де 
қосы ламыз.
«Әлемді  дүр  сілкінткен  шығарма»  (2-саны),  «Әдебиеттің 
биік мұраттары»
 (3-саны) сұхбат-сын нобайы. Формалық тұр-
ғыдан  соншалықты  тың  жаңалық  болмаса  да,  «Жалынның» 
әдеби  дәстүрімізде  ұмытылып  бара  жатқан  сұхбат-сынды 
өрістету  ойын  құптау  қажет.  Аталмыш  екі  диалог  та  батыл 
ойларымен,  кең  қарымымен  қызықтырады.  «Әлемді  дүр  сіл-
кінткен шығармада» – қырғыз әдебиетшісі Абдығаны Эркебаев 
пен  қазақ  сыншысы  Сайлаубек  Жұмабаев  даңқты  жазушы 
Шың ғыс  Айтматовтың  полиграфиялық  бояуы  кеуіп  үлгерме-
ген «Ақырзаман» романы жөнінде келелі кеңеседі. Еркін сұх-
баттың  ұтымдылығы  –  редакция  қызметкерлерінің  жедел 
ұйым дастырғаны,  екі  автордың  талас-тартыс  туғыза  келген 
шы ғарма жөнінде баспасөзде айтылған пікірлерді келтіре оты-
рып,  ашық  әңгімелесетіні.  Әттеген-айы  –  өзге  сыншылармен 
сырттай  полемикаға  жүйрік  екі  сыншы  өзара  пікірталасын 
өрістетпей  бірін-бірі  қостаумен  шектеледі.  «Әдебиеттің  биік 
мұраттары»  –  белгілі  сыншы  Юрий  Суровцев  пен  Рүстем 
Жанғожиннің  сұхбаты.  Сұхбат  тыныстылығымен  ұнады  да, 
мысалсыздығымен  ұнамады.  «Жалын»  жорналына  арнайы 
ұйымдастырылды  дерлік  айқын  белгілері  жоқ,  жалпылық 
сипаты басым. Диалогтың аудармасында бірсыпыра ақау бар.
Әдебиетшілерді ерекше қуантар жай – жорналдың үшінші 
санында «Жас сыншы мінбесі» айдарының көрінуі, ол айдар- 
мен  сыншы  Әмірхан  Меңдекеевтің  «Балалық  бастауы»  – 
аталатын  ойлы,  проблемалы  мақаласының  жарық  көруі. 
Бұл  жорналдың  жарты  жылдық  үш  санында  проблемаға  құ- 
рылып,  жинақтай  талдауға  түсетін  шын  мәнінде  әдеби  сын 
деп  ауыз  толтырып  айтуға  жарайтын  жалғыз  мақала.  Мақала 
екі  жүйе  тақырыпты  қамтиды.  «Бір  сериямен  шыққан  төрт 
кітап  туралы»  –  «Менің  Қазақстаным»  сериясымен  жарық 
көрген  А.Сейдімбековтің  «Кеніш»,  К.Баялиевтің  «Жасарған 
Жамбыл»,  С.Бақбергеновтің  «Қазығұрттың  басында  кеме 
қалған»,
  С.Сматаевтың  «Ғарышқа  көз  тіккен  жер»  –  де рек-
ті  туындылары  жөнінде.  Сыншы  С.Бақбергеновке  өңір  тари- 
 хына  тереңдемедің  деп  орынды  талап  қояды.  Салалық  де- 
ректі кітаптардың маңызын дұрыс түсіндіреді. Әйтсе де мына 
жайларды ескермеген. 1. Тақырыпты салалап алған соң Ә.Ке- 
кілбаевтың  «Ұйқыдағы  арудың  оянуы»,
  Б.Нұржекеевтің  «Өзен- 
дер өрнектеген өлке» деректі шығармаларын қоса тал дағанда,  
2.  Мәні  жөнінде  айтқанда  М.Шагинянның  «Армения ға  сая­ 
хат»  –  кітабына  кезінде  КСРО  Мемлекеттік  сыйлығы  беріл- 
генін,  армян  халқы  КСРО  Мемлекеттік  сыйлығының  лау реа- 
ты Г.Эминнің «Армения жайлы жеті ән» – деректі-пуб лицистік 
кітабын ардақ тұтатынын айта кеткенде ұтатын еді.
«Екі  өнегелі  өмір  жайлы  бір  түйін»
  аталатын  екінші  жүйе 
тақырыпта  Ә.Бүркітбаевтың  «Қажымұқан»,  М.Еркебаевтың 
«Бала  қыран»  –  атты  деректі  туындылары  жүйелі,  нақты 
талданып,  кемшілігі  мысалдармен  дәттетіледі.  Тұтастай  ал- 
ғанда  мақала  ойлы,  проблемалы.  Жорнал  беделін,  оқушы 
мүддесін, әдебиет абыройын ойласақ осындай талдау сын ма- 
қалаларын көбейткеніміз жөн.
Естеліктің  көркем  прозамен  еншілесетіні  секілді  жорнал-
дың «Қисық кебеже»
 айдарымен жарияланатын сын материал-

506
507
дары уытты сатирамен үндеседі. Жүйелі жүргізілсе өзін ақта-
рына күмән жоқ. 
«Жалын» жорналының жарты жылдық тәжірибесінен сын- 
ға азды-көпті қатысы бар мақалаларды шолғанда нендей түйін- 
ге келуге болады?
1.  Әлі  бірсыпыра  айдар  өз  міндетін  атқара  алып  отырған 
жоқ. Жорналдың бір санында естелік сипаттас төрт материал-
дың жариялану себебі осыдан.
2. Шын мәнінде әдеби-сын деп бұлтартпайтын ойлы, проб-
лемалық мақала тым аз.
3.  Қазақ  әдебиетінің  жанрлық  қамтылуы  өз  дәрежесінде 
емес. Драматургия, сатира, әдеби сын жөнінде түрлі пландағы 
мақалалар жариялау жөн.
4. Шығармашылық шеберханасы, қаламгер портретін бер-
генде әр жанр қаламгері қамтылуын, олардың жас, жол ерек-
шелігін ескеру дұрыс болады.
5. Бедел сөзді азайтып, жастар шығармашылығына нақты 
шарамен, практикалық талдаумен жақындау керек.
Р.S.  Қазақ  әдебиетінде  сын,  сыншы  жоқ  дейтін  жел ауыз­
дарға  қақпақ  болатын  басылымның  бірі  –  «Жалын»!  Мін детке 
лайық болу шарт.
28 шілде 1987 ж.
БІр КІТап жӘНе БІрегеЙ СерИЯ
«Рауан» баспасына бара қалдым. Баспа директоры Жарыл-
қасын Нұсқабаевпен арада бүгінгі қым-қуыт тіршілік, әдебиет 
хақында  әңгіме  өрбіді.  Марқұм  сыншы  Төлеген  Тоқбергенов 
жазған «Тәкен Әлімқұлов» аталатын кітапты алға тартты. «Кө-
зінің  тірісінде  шығарып  бере  алмадық.  «Ештен  кеш  жақсы», 
–  деп  түйді  ойын.  Сәл  тыныстап:  «Сенің  сүйікті  жазушың» 
сериясын  аяулы  азамат  қаламгерлер  қадір-қасиетіне  жетсек, 
жас  ұрпақты  ағалар  рухында  тәрбиелесек  деген  мақсатпен 
ойластырған  едік.  Желтоқсан.  Желтоқсан  деп  жатамыз.  Жел-
тоқсан шындығын шырылдап алғаш айтқан Жұбан аға еді-ау. 
Бір  ақынымыздың  «Жұбан  болып  туып,  Махамбет  болып  өл­
дің»
  дегенін  есітіп  пе  едің?  Жұбағаң  жайында  осы  сериямен 
кітап  шығарсақ.  Кімнің  жазғаны  мақұл  болар  екен?..»  –  деді. 
Баспагер ойласып сөйлесті. Ойланып мен кеттім. Содан марқұм 
Төлеген Тоқбергенов кітабын оқып, оқырманмен ой бөліссем 
деп отырған жайым бар. 
Бір кітап «Сенің сүйікті жазушың» аталатын бірегей серия 
хақында  ойға  жетелейді.  Ойлап  отырсақ  бүгінде  әдебиет 
аяқсып, сын сарқылып, салақсып келеді екен. Әрине, «әдебиет 
те  оның  насихатшысы  сын  да  өлді»  деп  дүңк  еткізе  салуға 
ауыз бармайды. Алайда қиын хал. Алда да қиындай берер хал. 
Міне, осындай жағдайда жал тауып, жол тауып «Сенің сүйікті 
жазушың» аталатын әп-әдемі сериямен мұғалімдер мен мектеп 
оқушыларына  қызықты  кітапхана  жасақтап  беріп  отырған 
«Рауан» баспасына қалай риза болмассың?! 
Соңғы жеті-сегіз жыл беделінде аталмыш серия бойынша 
Т.Кәкішевтің  «Сәкен  Сейфуллин»,  Б.Сарбалаевтың  «Бейімбет 
Майлин»,
 «Ілияс Жансүгіров», Ж.Дәдебаевтың «Мұхтар Әуе зов», 
«Ғабиден  Мұстафин»,
  С.Жұмабековтың  «Ғабит  Мү сірепов», 
А.Нысаналиннің  «Қасым  Аманжолов»,  Ә.Нарым бетовтің 
«Қалижан  Бекхожин»,
  Қ.Ергөбековтің  «Сәбит  Мұ қанов», 
«Өтебай  Тұрманжанов»
  аталатын  төрт-бес  баспа  табақтық 
кітапшалары  жарық  көріпті.  Аз  дүние  емес.  Аз  көлемге 
көп  мағына,  көкейкесті  көп  ой  сыйғызуға  да,  көп  көлемде 
ештеңе  айтпауға  да  болады.  Мәселе  –  сыншы-автордың  ой 
белсенділігіне, ойлау мәнеріне байланысты.

508
509
Бұрынғы  барды  қайталама,  болмағанды  айт,  бұрынғы 
айтылғанды шиырлама, тыңнан толған – міне, баспагерлердің 
авторларға  талабы.  Дұрыс-ақ  қой!  Уақыт  алмасып,  қоғам 
жаңарып  жатқанда  ескі  сүрлеуді  шиырлап  жүрсек  кім  бол-
ғанымыз?  Авторлар  да  баспа  талабынан  шығуға  тырысып 
бағады. Бірыңғай төңкерісшіл деп білген С.Сейфулиннің ұлт-
тық мұраттағы толғанысы, архив ашқан І.Жансүгіров, «белгісіз 
Бейімбет Майлин», М.Әуезов, С.Мұқановтың шығармашылық 
шеберханасы, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Аманжолов, Қ.Бек- 
 хожин  шеберлік  сабақтары  міне,  кітап  авторларының  оқыр-
манына  айтқан  ойлары,  ашқан  әлемдері.  Кемшілік  жоқ  де-
меспіз,  бірақ  арнайы  сериямен  жас  өркенге,  ұстаз  қауымына 
шағын, шымыр кітапшалар сыйлау игілікті іс. Жаңару – рухани 
дүниедегі жаңалықтан бастау алады.
Міне, осы сериямен «Тәкен Әлімқұлов» жарық көріп отыр. 
Авторы  Төлеген  Тоқбергенов.  Мына  бір  жайға  зер  салыңыз: 
Тәкен Әлімқұлов та, Төлеген Тоқбергенов те жоқ мынау жарық 
жалғанда. Өмірде бірін-бірі іздеп жүретін ағалы-інілідей тату-
тәтті жандар араға жыл, жыл жарым уақыт салып Алла амана-
тын  тапсырды  да,  бақилық  дүниеге  аттанып  кетті.  Классик 
жа зушы  мен  кесек  сөйлейтін  сыншы.  Екеуінің  көзіндей, 
тіршіліктегі  сөзіндей  болып  бір  жапырақ  кітап  жарық  көрді. 
Кітапты  не  Тәкенге,  не  Төлегенге  қызықтау  бұйырмаған.  Қа-
зақ ша айтқанда пешенесіне жазылмаған. Ең бастысы бірін-бірі 
іздеу,  бірі  жайында  екіншісі  сөйлеу  қазақ  қаламгерлері  үшін 
мұңға  айналған,  қолынан  келген  кісі  өзін-өзі  насихаттатып, 
өлімші кесірткесін келес қылып көрсетіп жатқан өлермен шақта 
баспаның өмірден өткен жазушыны іздеуі риза етеді кісіні.
Тәкен  Әлімқұлов  –  жұмбақтау  ғұмыр  кешкен,  тағдыры 
тосын  талант-ты.  Көп  жазуға  мүмкіндігі  бар  қаламгер  еді,  аз 
жазды.  Аз  жазса  да  саз  жазды.  Өзгелер  секілді  өзі  жайында 
көп жаздыруға «мүмкіндігі» бар еді. Оған құлықты болмады. 
Құнттауды  қорлық  санады.  Қажетсінбеді.  Көбіне  ол  жайында 
Тәкенді  сыйлайтындар  емес,  әдебиетті  сыйлайтындар  қа лам 
тербеді.  Т.Ахтанов,  С.Шаймерденов,  Ә.Кекілбаев,  З.Се рік-
қалиев,  Қ.Ысқақов,  А.Сүлейменов,  О.Сәрсенбаев,  Т.Тоқбер-
генов,  Т.Сүлейменов  сынды  қанаттас  қаламгерлер,  қазақтың 
қара  сөзін  қастерлейтін  жазушы,  сыншы  інілері  сөйлепті 
Әлімқұловтай  жазушы  хақында.  Міне,  осы  лек,  осы  топтың 
арасында  Төлеген  Тоқбергеновтің  Тәкентануға  сіңірген  ең-
бегі  сүбелі.  Ә.Жұмабаев,  М.Рахманбердиев,  А.Нысаналин, 
Ж.Шо йынбетов дегендей бәріміз де Тәкен Әлімқұловтай зият 
қаламгерден  әр  тұс-әр  тұста  әралуан  жайға  байланысты  хат 
алған жандармыз. Тәкең – эпистолярлық жанр жанашыры еді. 
Техника  өрістеген  заманда  хат  жазғанды,  сырын  хат  арқылы 
айтқанды  жақсы  көретін.  Қазақ  әдебиетінің  кеңесшісі  болып 
Мәскеуде қызмет істеген жылдары Сәбит Мұқановқа жолдаған 
бірсыпыра хаттарын кейін жазушы архивінен алып оқығаным 
бар. Марқұм Сырағаң (С.Мәуленов) Тәкен досының бірсыпыра 
хатын Торғайдың әдеби музейіне жібергенін айтқан еді. Мәскеу 
дегеннен  шығады,  шын  жанашыр  шығып  Т.Әлімқұлов  әдеби 
мұрасын іздемек болса – ол жүрген ізді ұзыны мен көлденеңінен 
кесуі  жөн  болмақ.  Сонда  өмірінің  маңызды  кезеңі  өткен 
Мәскеуді естен шығаруға болмайды…
Тәкен  Әлімқұлов  –  сырт  көзге  ішін  ашып,  сырын  алдыра 
бермейтін стильдің қаламгері. Елігіп оқысаң елпілдеп отырып 
өте  шығасың,  еліктесең  –  оп-оңай  көрініп  қалады.  Өйткені 
қазақ әдебиетінде Әлімқұлов дара стильді жазушы. Ал Әлім-
құловтың  әдеби  әлеміне  бір  кіріп  кетсең,  қайтып  шыға  ал-
майсың. Оқи бересің, оқи бересің. Оқыған сайын Тәкен тереңі-
не  шым  бойлайсың,  деталь,  штрихтарды  біртіндеп  аңғарып, 
гармониялық  бірлік-тұтастықта  көре  аласың.  Әйтпесе,  атүс-
тілік бос әурешілік.
Міне, осындай жазушы әдеби әлемін ашуда қайталап айт-
сақ,  сыншы  Т.Тоқбергенов  орны  айрықша.  Жорға  сыншы 
Т.Әлімқұлов жөнінде тіл тұсауын ағытып шешіліп, қолтығын 
сөгіп көсіліп көп жазды, Толыбай сыншыдай тап басып танып 
дөп  жазды.  Тану  бар  да,  таныту  бар.  Төлеген  марқұмның 
сыншыға керекті осы екі қасиетті қос қатар жарыстырып ұстаған, 
егізқатар  ұштастырған  сәті  –  Т.Әлімқұлов  шығармашылығы 
хақында толғаныстары. «Тәкен Әлімқұлов» сыншының ертелі-
кеш  жазған  осындай  толғаныстарының  басын  қосыпты. 
Белгілі  бір  қаламгер  жайында  арнайы  жазу  бар  да,  жазылған 
дүниелердің басын қосу бар. Екеуі де игілік. Әйтсе де арнайы 
жазғанда кітапта композициялық тұтастық орын тебеді.
Аралас-құралас, сыйлас жүргеннен білеміз, Төлеген қазақ 

510
511
қаламгерлерінен  Тәкен  Әлімқұловты  ойшыл,  стилист,  шебер 
деп оқшау ұстайтын, айрықшалап жақсы көретін. Тәкен қазақ 
сыншыларынан Төлеген Тоқбергеновті тілді, өзіңмен жарысып 
отырады, зерделі деп іштарта жақсы көретін. Жалғыз айыбы – 
мені  сынай  бермейді,  онысы  дұрыс  емес,  сынау  керек  дейтін 
Тәкең.  Екеуінің  арасында  жақсы  жарасым,  текті  сыйластық 
жататын. Бәлкім Макаров – Астафьев арасындағыдай, бәлкім 
одан гөрі жарасымдылау сыйластық орнаған екеуінің арасында. 
Жас алшақтығына қарамай құрдастай қалжыңдасқанда қайран 
қаласың.  Жазуға  шебер  Тәкен  ауызекі  қалжыңға  шорқақ. 
Ұтқыза отырып «Ә-жөгі» – дейді.Шамасы, «жөгі» Тама руының 
бір  тайпасы.  Еркелетеді.  Екеуімен  көзбе-көз  отырып,  «Неге 
басындырасыз?» дегенім бар. Тәкен: «Екеуміздің шешеміз қыз 
күнінде  подруга  болған»  деп  орысша  мақаммен  жауап  берді. 
Соңғы сөзді орысша айтты. Дидарында анасына деген сағы ныш, 
ініге  деген  сыйластық  жатты.  Сөйткен  Төлеген  көңілінде  де  
көп арман кеткен шығар-ау. Ал, сол арманның бірі мынау: «Ал 
енді ол 
(Т.Әлімқұлов. – ред) туралы жаза бергің келеді. Сонда 
Андре  Моруа  боп  жазғың  келеді».
  (113-бет)  Сыншы  мақсаты 
сүйген  жазушысы  жайында  Андре  Моруа  сынды  ғұмырнама-
лық  шығарма  жазу  еді.  Мақсатына  жетпеді.  Бірақ  мақсатты 
істі бастаған-ақ екен. Оған дәйек – қолымыздағы «Қаратаудың 
перзенті»
 аталатын кітаптың «Екінші сөзі».
«Тәкен  Әлімқұлов»  екі  бөлімнен  бас  құрапты.  «Бірінші 
сөз», «Екінші сөз» аталады. «Бірінші сөз» – Т.Әлімқұлов шы-
ғармашылығы жайында толғау сөз, талдау сөз. «Екінші сөз» – 
естелік, ғұмырнама, талдау аралас эссе. Менің ойым: «Екінші 
сөз»  алға  түскенде  кітап  композициялық  құрылымы  жағынан 
ұтар еді, әрі естелік, өмір дерегі алда тұрса, одан кейін талдай 
айтылған толғау сөз арна тапса тұтасып ғұмырнама болып шыға 
келмес пе?!
Сынға  композициялық  бітім  де  керек  шығар-ау,  алайда, 
басты мәселе тану мен таныту, ой түю мен ой таратуда, айтылар 
пікір  салмағында  жатады.  Осы  тұрғыдан  алғанда  Төлеген 
сыншының  Т.Әлімқұлов  роман,  повестерін,  оймақтай  әдемі 
әңгіме,  новеллаларын  жазушымен  жарыса  талдауына  жан 
сүйсінеді. Жинақтап айтсақ, жан сүйсінтер жайлар мынадай:
«Бұған  дейін  ол  ақындық  өнермен  ұстасып,  өзек жар ды сын 
өлең  жолына  қосып  көрген»
  (3-бет).  «Ал,  Тәкеңнің  мы на  «Қа­
раойы» – асыл Махамбет турасында жазылған ең қыс қа, ең те­
рең,  соншалық  шағын,  соншама  ширақ,  керемет  кесек  туынды. 
Жан  дүниеңді  бұлқынтып,  жүйе­жүйкеңді  шымыр латар  ғажап 
новелла»
 (46-бет). Бұл – сүй рік талғам, шешен тілді сыншының 
шығарманы жазушымен жарыса талдауы.
«Тәкен  қазірге  дейін  алпысқа  жуық  әңгіме,  7  повесть,  2  ро­
ман  жазыпты»
  (5-бет).  Бұл  –  жазушы  қаламынан  шыққан 
шығарманы  сиясы  кеппей  оқып,  қапысыз  қадағалап  өткен 
сыншының дәйекті сөзі.
«Рас,  1950  жылдардың  бас  кезеңінде  осы  Тәкен  Сүгір  шал­
ға бірді­екілі барғыштап, өмір деректерін жиыстыра бастаға ­ 
нын  біз  білеміз»
  (36-бет).  Сыншының  естелік  араластыра  жа-
зушы шеберханасына енуі.
«Құптарлық бір нәрсе, Тәкен осы «Саржайлауды» қан шалық 
жақсы десек те «Сарғайған сарын» деп өзгертіп, әбден шымыр ­ 
лап қайта жазып шықты»
 (28-бет). Шығармаға жазушы жүр-
гізген өңдеу-жөндеу, ширату жайлы сөз.
«Ал, Тәкен өзін­өзі тауысып алған сияқты. «Қараойдан» кейін 
Махамбет  өміріне  соға  алмайтын  сияқты.  Айтар  ойын  түгел 
түгесіп, сарқып алғандай
 (44-бет). Психологиялық барлау.
«…осы  жақсы  дүниенің  жалпы  нобайынан  салақтық  көріп 
қалдық»
 (26-бет). Әрі қарай сын пікір сабақталады. 
Бұл – Төлеген Тоқбергеновтің тауып айтқан, әдемі байқаған, 
сәтті бақылап, орайымен ашқан сәттері. Төлеген толғау сөзінен 
соң Тәкендей жазушы шығармасын қайта оқығың келіп кетеді. 
Әрине, сыншының көзі тірі тұрса қалақтай кітапта өзіңді-өзің 
қайталауың  қалай,  «Тәкеннің  өз  басы  қазір  өнер  жолында  сол 
Сүгірден бір де кем емес» 
(69-бет) секілді орынсыз салыстыруға 
жол болсын? – деп бастап, бірсыпыра сынды біз де айтар едік.
Төлеген – тілді сыншы еді. Тірісін қоя тұрып, марқұмдар 
арасынан Қалжан, Төлеген, Сағат әдеби сын тілін недәуір әр-
леуге,  тіл  мәдениетін  ұстартуға  көп  үлес  қосқан  сыншылар 
деп білеміз. Сыншының тіл мәйегі, көркем шығарманы талдау 
мәдениеті бұл кітапта да алдыңнан шығады.
Өмірбаян  түзу,  естелік,  эссе,  толғау  сөз,  талдау  сөз,  нәзік 
нақыш,  лирикалық  иірім,  сағыныш…  бұл  шағын  кітаптан 
осының қай-қайсысын да табуға болады. Кітапты түгел оқып 

512
513
шыққанда Тәкен Әлімқұловтай жазушы алуан қыры – азаматтық, 
қаламгерлік болмысымен көз алдыңа елестеп тұрып алады.
Көзден кетсе көңілден болады тасаның кері ме, немене? Әл-
де қазақы енжарлық па? Әйтеуір әдебиетте Тәкен Әлімқұловтай 
қайталанбас  жазушы,  Төлеген  Тоқбергеновтей  қайсар  сыншы 
жайлы  сөз  сабақталмай  келеді.  Ал,  алдымыздағы  кітап  атпал 
азамат-жазушы  мен  қаптал-қайсар  сыншы  достығының  кепі-
ліндей,  қос  қаламгердің  орындалған  аманатындай  әсер  етеді. 
Адам  баласы  аман  жүріп  –  аманат  арқалаушы.  Ал,  Төлеген 
Тоқбергенов  өмірден  өтіп  бара  жатып,  аманатты  өтеп  кетуші 
болып отыр.
«Сенің  сүйікті  жазушың»  –  шағын  сериясымен  жарық 
көріп жатқан әдеби сын кітаптарын ұстаздар қауымы, мектеп 
оқушылары жылы қабылдады. Әдеби орта, қаламгер қауымы да 
қызығып қарай бастады. Шынтуайтына келсек, қазақ әдебиеті 
жайында жаңа пікір, жаңалықты сөздің басы – «Сенің сүйікті 
жазушың»  сериясы  өнімдері.  Сондықтан  да  ілкімді  ілтипат, 
сүйкімді лебізге лайық серия!
Арамызда  жоқ  бір  сыншы-автор  кітабын  бір  серия  өнім-
деріне сабақтастыра сөйлеуде осындай мән бар. «Сенің сүйікті 
жазушың» сериясы жалғасуы керек-ау деген ойға қалдық. 
1994 ж.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет