XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Санкт-Петербург қаласы атқарды. Империяның саяси өмірінің де астанасы болған бұл қалада осы мезгілде Ә. Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), Мұхамеджан Тынышпаев (Темір жол көлігі институты), Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров (Дәрігерлік академиясы), Б.Қаратаев, Ж.Досмұхамедов, М.Шоқай (Санкт-Петербург университеті) сиякты ұлт-азаттық қозғалысында өшпес із қалдырған қайраткерлер білім алды. Қазақ жастары, сондай-ақ Стамбұл, Каир университеттерінде де оқыды.
Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрды. Бұл топтың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С. Торайғыров, Ғұмар Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар бар еді.
Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ыкпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей коймады. Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі құбылыс емес-тін. Қоғамда болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді.
XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тұспа-тұс келді. Оған қазақ халкының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық деңгейде қалып қоюы түрткі болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 жылы кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді.
...Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд бастықтарын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп салуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет, т.б.), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес... Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре түрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым».