Акселерация; латынша (accelarae) - жылдамдық деген сөзден шыққан. Акселерация қазіргі замандағы адамдардың биологиясындағы жалпы қарқындылықты көрсетеді, табиғаты көп факторлы болып келеді. Көптеген гигиенистердің пікірлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің қызмет функцияларының үйлесімді дамуын бұзатын болғандықтан және қызмет қаблетін азайта-тындықтан акселерация балалар организмі үшін қолайсыз болып табылады. Сондықтан, өсіп келе жатқан балалардың дене бітімінің дамуын бақылауға ерекше көңіл бөлінуі керек.
Организмнің өсіп, даму заңдылықтары балалар мен жасөспірімдердің қалыпты өсіп, дамуы үшін, қоршаған орта факторларын гигиеналық нормаландырудың теориялық негізі болып табылады. Бұл заңдылықтарды білу, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөлімінің дәрігеріне жеке органдар мен жүйелердің баланың әртүрлі жас кезеңдерінде бүтін организм ретінде қызмет етуін, оның қоршаған ортамен байланысын анықтауға және осы жағдайдың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын, даму жағдайын бақылау кезінде жиналған мәліметтерге, санитарлық дәрігер, өсіп келе жатқан организмнің жас ерекшеліктерін терең ескеру негізінде ғана дұрыс анықтама бере алады.
Яғни, осы заңдылықтарды терең түсініп алмайынша балалардың күн тәртібін ұйымдастыру, тәрбиелеу, оқыту процесстеріне, тамақтану жағдайына ғылыми негізделген талаптар қою және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізу мүмкін емес.
Балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекет гигиенасы
Іс-әрекет - даму мен денсаулық факторы. Баланы тәрбиелеу (еңбекке баулу, ой- өріс, әдет- ғұрыпқа) жан- жақты жүргізіледі, бірақ, жас мөлшеріне байланысты мұндай тәрбиелеу аспектілерінің арасындағы қатынас олардың түрлеріне байланысты болып келеді. Баланың іс-әрекеті оның организмінің өсуі мен дамуын анықтайтын, өмір сүруіне ең қажетті фактордың бірі болып саналады.
Қимыл-қозғалыс өмір сүрудің маңызды шарты болғандықтан, өсіп келе жатқан организм биологиялық қимыл-қозғалыс қажеттілігін сезінеді. Әсіресе үдемелі өсіп-даму кезеңінде қимыл-қозғалыс қажетігінің маңызы арта түседі. Өйткені, қимыл-қозғалысты іс-әрекеттер биологиялық дамуды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, дағдылану механизмдерін де қалыптастырушы фактор болып табылады.
Қимыл-қозғалыс белсенділігі орталық жүйке-жүйесінің, бұлшық еттердің, дамуын жақсартады, зат алмасуын жоғарылатуға қатысады, сөйлеу қаблетінің дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Балалар ертерек жүріп кетсе, оның сөйлеуі де тезірек қалыптасады, мектеп жасына дейінгі кезеңде іс-әрекет қимылдары жақсы қалыптаса бастаса, одан былайғы еңбек дағдылары да жеңіл дамиды.
Солай болғанымен, қимыл-қозғалыстағы биологиялық қажеттілік, балаларды дұрыс тәрбиелемегендіктен болатын гиподинамияның дамуын жоққа шығармайды. Мұндай жағдайлар, көбінесе, қимыл-қозғалыстағы табиғи қажеттілік ата-анасының тәрбиесіне байланысты (жаяу жүргізудің орнына балаларға арбашаларды қолдану, телехабарларға көп әуестендіру т.с.с.) шектелген, мектеп жасына дейінгі балаларда кездеседі.
Іс-әрекеттің кез келген түрінің, организмнің функционалдық мүмкіндіктерін уақытша азайтуға, яғни, қажуға әкеліп соғуы, оның заңды нәтижесі болып есептелінеді. Бұл процесс қайтымды және жұмысты тоқтату, жоғалған қызмет қаблетін қайтадан қалпына келтіреді.
Қызмет қаблетінің үш фазасын айыруға болады: еңбекке дағдылану, ең өнімді жұмыс уақыты және қажу. Еңбекке дағдылану фазасы жұмыс қаблетінің ақырындап ең өнімді жұмыс уақыты фазасына дейін көтеріле бастауымен сипатталады, одан соң қажу фазасы дами бастайды.
Сондықтан, қатты қажуды болғызбау үшін, балалардың іс-әрекеттерінің барлығы мөлшерленуі керек. Гигиеналық нормаландыру баланың жас мөлшеріне және организмдерінің қызмет мүмкіндіктеріне байланысты жасалады.
Организмнің қоршаған ортамен байланысында, үнемі ішкі және сыртқы ритмдер бір-бірімен әсерлесіп отырады, олардың қосындысы физиологиялық жағдайды анықтайды. Биологиялық ритмдер дегеніміз - организмнің әртүрлі жағдайларының және физиологиялық қызметтерінің белсенділігінің мезгіл сайын алмасып тұруы.
Организмнің биоритмологиялық құрлысы тұқым қуалағыштық заңы бойынша жасалаған және онтогенез процессінде үзіліссіз құрылып тұрады. Бірақ, әрбір биологиялық циклдың құрылуына, белгілі-бір алдыңғы себептер қажет болады.
Сондықтан, биологиялық ритмдер, балалар организмдерінің қоршаған ортаға дағдылануының негізгі механизмдерінің бірі болып есептелінеді. Егер, баланың іс-әрекеттерінің (оқу, дене еңбегі) қандайда бір ритмі оның биологиялық ритмімен қабаттаса жүрсе, онда ол қызмет қаблетінің жоғарлауымен көрінеді.
Организмнің физиологиялық функциясының циклдылығы әрбір адамда ерекше, бірақ белгілі бір аралықта болады. Адамдарда ең төмен физиологиялық көрсеткіштер (тыныс алу, тамыр соғысының жиілігі, артериялық қан қысымы, бұлшық ет тонусы т.с.с.) түнгі уақытта байқалады. Күндіз бұл көсеткіштер жоғарылайды, бірақ бірқалыпта тұрмайды. Ересек адамдардың көпшілігінде таңертеңгі және кешкі биоритмиялық ең қолайлы функционалдық жағдайларын анықтауға болады. Балаларда, мұндай, уақытқа байланысты болатын белсенділік онша білінбейді. Бірақ, олардың функционалдық көрсет-кіштері тәулік ішіндегі белгілі бір уақыттарда, көбінесе таңертеңгі уақыттарда жоғарылайтыны анықталды. Сондықтан, кейбір авторлар балалар арасында акрофазаның (белсенділік циклдары) үш түрін бөліп қарауды ұсынады: таңертеңгі, кешкі және аритмиялық.(бұл шартты түрде алынған)
Балалардың биологиялық ритмдерінің арасында, ең жақсы үйлесімділік болу үшін, оқу, еңбек, тұрмыс, демалыс нормаларын өңдеп жасау хронобиологияның алдына қойған мақсаты болып табылады.
Гигиеналық тұрғыдан жоғарыда көрсетілген факторлардың ішінде балалар мен жасөспірімдердің өмірінде тұрақты түрде орын алатындары ғана (оқу жағдайларын ұйымдастыру, қажу, ауыспалы еңбек және күн тәртібі сияқтылар) ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Бұндай жағдайларда гигиеналық принциптердің сақталмауы организмдегі биологиялық процесстерді бұзады және сонымен бірге, әр түрлі патологиялық дамуларға әкеліп соғады.
Мектептегі оқу сабақтары әрбір сыныпқа арналып жасалған сабақ кестелеріне сәйкес жүргізіледі. Оқушылардың қызмет қабілетінің дұрыс болуы, негізінен, гигиеналық тұрғыдан дұрыс жасалған сабақ кестесіне байланысты болады. Бірақ, сабақ кестесін құрастыруда негізге алынатын мектептегі пәндердің қиындық дәрежесі, оларды өзгерте салуға немесе қатал регламент жасауға келе бермейтін, көптеген нақты факторлаға байланысты болып келетіндіктен сабақ кестесін дұрыс жасау оңай емес.
Сабақ кестесін жасауға қойылатын негізгі гигиеналық талаптар:
Әртүрлі іс-әрекеттерді алмастырып отыру;
Оқу пәндерін күнделікті және апталық қызмет қабілетіне сәйкес бөлу;
Оқу үрдісін қалыптастырған кезде, міндетті түрде оқушылардың әртүрлі іс-әрекеттері мен демалыстарын рационалды кезектестіруді және қызмет қабілетінің қалыпына келуінің классикалық қисық сызығын (25 сурет) ескеру қажет.
Оқу пәндері, іс-әрекеттің қиындығының сипатына, бірінші және екінші сигналдық жүйеге түсетін жүктемелердің дәрежесіне және осы жүктемелердің статикалық және динамикалық компоненттерінің қатынасына байланысты әртүрлі болып келеді. Оқу күнінің басында, оқушылардың қызмет қабілеті жоғары болып тұрған кезде, негізінен екінші сигналдық жүйеге жүктеме түсіретін (әдебиет, математика, шет тілдері т.б.), яғни, сөзбен айтуға, ойлануға арналған сабақтарды қойған дұрыс. Оқу күнінің соңына қарай, яғни, жұмыс өнімділігі азайған кезде сабақ кестелеріне нақты заттар, образдар арқылы, яғни ауызша айтқаннан көрі жеңілірек қабылданатын (сурет салу, сызу, бастауыш сыныптарда аппликация, жапсыру т.б.) сабақтар қойылғаны дұрыс.
Үлкен ақыл-ой жүктемесін, есте сақтау мен санауды қажет ететін қиын сабақтарды дағдылану қалыптасатын бірінші сабақтарға және қажу басталатын соңғы сабақтарға қоюға болмайды.
Сонымен, мектеп оқушыларының қызмет қаблетін жоғарылатып, олардың ден-саулықтарын сақтап, нығайту үшін ұтымды құрастырылған күнделікті және апталық сабақ кестесі ең тиімдірек гигиеналық шаралардың бірі болып саналады. Өкінішке орай, іс жүзінде әртүрлі себеп-сылтаулармен бұл принцип сақтала бермейді.
Сабақ кестесін ұтымды құрастыруға кедергі келтіретін себептерді объективті және субъективті себептер деп екіге бөлуге болады. Объективті себептерге: оқу сыныптарының жеткіліксіздігі; оқытатын мамандардың жеткіліксіздігі; орын басушылықтар т.с.с. жатады. Субъективті кемшіліктерге, оларды жою үшін материалдық шығын қажет етпейтін: сабақ кестесін құрастырушы адамның білімінің аздығы; сабақ беретін мұғалімдердің сабақтан бос күндері болуы; оқу жүктемесін мұғалімдерге дұрыс бөліп бермеу сияқты жедел түзетуге болатын себептерді жатқызуға болады.
Оқу үрдісінің ұйымдастырылуында сабақ арасындағы үзілістердің регламентациясы, әсіресе олардың ұзақтығының регламенті ерекше маңыз атқарады.
Сабақ арасындағы үзілістер арқылы организмге берілетін демалыстың ұзақтығы, оның «функционалдық потенциалдарынң қалыпына келтіру және қызмет қабілетінің қайтарылған деңгейін бекіту сияқты екі фазасын да қамтамасыз ете алатындай мерзімде болуы керек. Егер демалыс ұзақтығы жеткіліксіз болатын болса және жаңадан түсетін жүктеме 1 фазаға келетін болса, онда қызмет қабілеті күрт төмендеп, қажу жоғарылай бастайды.
Сабақ арасындағы үзілістер балалардың іс-әрекетінің түрін өзгертуге, яғни, организмді қимыл-қозғалыстар арқылы сергітуге арналса ғана өзінің міндетін орындайды. Оқушылардың қызмет қабілетін жылдамырақ қалыпына келтіретін ең жақсы демалыс, жақсы көңіл-күйде, таза ауада жасалатын қимыл-қозғалысты ойындар. Мұндай үзілістерді жыл мезгіліне қарамастан, ашық ауада өткізу, балалар организмнің шынығуына ықпал етеді, олардың жоғарғы жүйке жүйесінің қызметін жақсартып, оқу жылындағы, тоқсандағы, аптадағы, оқу күндеріндегі оқу жүктемесінен болатын қажудың дамуын төмендетеді (болғызбайды).
Жалпы білім беру мектептерінде бірінші сынып оқушыларына сабақ арасында ұзақтығы 20 минуттан үзілістер беріледі. 2-11 сынып оқушылары үшін 10 минуттан кіші үзілістер және 2 немесе 3 сабақтардан соң 30 минуттық бір үлкен үзіліс немесе мұндай үлкен үзілістің орнына 2 және 3 сабақтардан соң әрбіреуі 20 минуттан 2 үзіліс беріледі.
Балалардың кітаптарына қойылатын гигиеналық талаптар
Балалар ес білгеннен бастап, белгілі көлемдегі ақпаратты қабылдап, түсіне білуі қажет. Білімді меңгерудің жаңа жолдары мен хабар алудың жаңа құралдары пайда бола бастағанымен ақпарат алудың негізгі көзі кітап болып қала береді.
Мектеп оқушыларында жақыннан көргіштік дамуы көптеген факторларға байланысты болатынын, әсіресе, оқулықтар мен балалар әдебиетінің сапасының төмендігінен болатынын өз заманында Ф.Ф.Эрисман атап көрсеткен болатын. Бұл жағдай офтальмологтар мен педагогтардың бақылауларында да айтылады. Сондықтан, кітаптың өзі де, оқу процессі де регламенттеуді қажет етеді.
Жаңадан басылып жатқан оқулықтарға санитарлық бақылау екі бағытпен (басылып шыққанға дейін және басылып шыққаннан кейін) жүргізіледі:
Әрбір оқулықтардың басылымын, олар көптеп шығарылғанға дейін өндірістік мамандардың іріктеп тексеруі (жағдайлары толық көрсетілген техникалық құжаттар);
Басылымнан шыққан оқулықтарға гигиеналық сараптма жасау үшін, таңдап, іріктеп алу;
Оқулықтардың мұқабасын өңдеуге қойылатын гигиеналық талаптар, балалардың көз анализаторларының ерекшеліктеріне негізделген. Оқыған кезде көзге түсетін жүктеме негізгі екі жағдайдан тұрады: көріну жағдайы және оқуға қолайлылығы. Текстің көрінуі қағаз бен баспаның сапасына байланысты болады, оқуға қолайлылығы - баспа белгілерінің размеріне, олардың түсіне, баспа бояуларының суретіне және теріп алынған әріптердің орналасу жағдайына байланысты болады.
Сонымен, оқулықтың гигиеналық сипаты - қағаздың, баспаның, шрифтің, баспа жиынтығының, форматтың және кітаптың салмағы мен мұқабасының сапасына баға беруден тұрады.
Оқулықтарға арналған қағаз - баспа белгілері мен фонның арасындағы қарама-қарсы түстердің жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін ақ немесе аздап сарғыш түсті болуы керек. Сөйлем мәтіндері қағаздың екінші беттегі сөйлем жолдарынан көрініп тұрмауы керек. Қағаз беті тегіс және жарықтың шағылысуына кедергі келтірмейтіндей өте жылтырамауы керек. Кедір-бұдырлы жұмсақ қағаз ылғалды тез сіңіреді және ұзақ уақыт бойы сақталатын патогенді микроорганизмдерді, органикалық лас заттарды өзінде ұстап қалады. Арнаулы жүргізілген зерттеулер арқылы туберкулез таяқшаларының кітап беттерінде 5 айға дейін, дифтерия қоздырғыштары 3 айға дейін, гемолитикалық стрептококктар бір ай бойы өмір сүре алатындығы анықталған.
№1 типографиялық және №1, №2 офсет қағаздары гигиена тұрғысынан ең жақсы болып есептеледі. №2 тифографиялық қағазды қолдануға болмайды. Оқулықтарды №3 типографиялық қағазда және газетке арналған қағаздарға басып шығаруға тиым са-лынады.
Оқулықтардың басылымы айқын, біркелкі, анық көрінетін, қою қара түсті болуы керек. Тақырыптар, қортындылар мен ережелерді, жеке сөйлемдерді бөліп көрсету және формулалардың элементтерін жазу үшін түрлі-түсті баспа әріптерін қолдануға болады.
Оқу процессі кезінде шрифтардың гарнитурасының жас ерекшеліктеріне әсерін оқып, білуге арналған зерттеулердің нәтижесінде әліппе оқулығына белгілі психологиялық-педогогикалық талаптарға сәйкес, арнаулы шрифт: келбетінің қарапайымдылығы, әріптердің анықтығы, әріптер аралығының өлшемдерінің жеткіліктілігі, түр түсінің қанықтығы қажет екендігі анықталды. Осы талаптарға ең жоғарғы дәрежеде, рубленная (кертік) гарнитура сәйкес келеді екен.
Азбука әріптерінің әліппе әріптерінен айырмашылығы штрихтары өте жуан және әріптер аралықтарының жақын орналасуында. Бірінші сынып оқушыларының оқулықтары мен әліппесі үшін, әліппелік немесе журналдық кертіктік гарнитурасын алған жөн. Кейінгісін бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін арналған оқулықтарға да қолдануға болады.
Екінші сыныптан бастап оныншы сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған оқулықтарға мектептік (школьная) гарнитура қолданылады. Оның кертіктік гарнитурадан айырмашылығы штрихтарының жіңішкелігінде және әріптердің аяқ жағында онша анық емес кертік таңбалары болатындығында. Әріптердің шрифтері мектеп гарнитурасынан жіңішкелеу келеді.
Үшінші сыныптан бастап және одан жоғары сыныптарға арналған оқулықтарда қосымша мәтіндерді (ескертпе, түсініктеме, көрсеткіштер, сөздіктер және т.б.) басу үшін көлбеу типографиялық шрифті (курсивті) қолдануға рұқсат етіледі. Өрнектелген шрифтерді оқулықтардың мәтінін басуда (жазу үлгісінен басқа) қолдануға болмайды.
Шрифтердің биіктігінің де гигиеналық үлкен маңызы бар. Мұнда оқушы жас болған сайын, шрифт ірілеу болуы керек деген заңдылық байқалады. Балалар оқыған кезде әріптерді бөлшектеп қарастырады, сондықтан, оның жеке элементтерінің өлшемі және әріптің өзінің тұтас алғандағы өлшемі жеткілікті болуы керек. Сонымен қатар, жылдам көз жүгіртіп оқыған кезде әріптердің биіктігі 4 мм-ден жоғары болуы керек, өйткені бұндай жағдайда оның өлшемі көздің торлы қабатының сары дағының орталық нүктесінен асып тұрады да анық көру мүмкіндігін төмендетеді. Оқуға дағдылану қалыптасқан соң, үлкен шрифтерден кішісіне қарай көшу керек, өйткені үлкен шрифтер оқу жылдамдығын азайтады.
Бірақ, бұдан кейінірек жүргізілген зерттеулер, шрифтің биіктігін жас мөлшеріне байланысты бөлу қажеттігін көрсетті, және бұл ұсыныстардың бәрі ересектерге де арналатындығы анықталды. Шрифтің биіктігі мм немесе кегльмен белгіленеді (кегль типографиялық пунктпен өлшенетін литер ауданының биіктігі)
Әріп штрихтарының биіктігі сөйлем жолындағы "Н" - әрпінің биіктігімен өлшенеді. Әліппеде ол 48 бен 20 кегль арасында болады, немесе 8 ден 3,5 мм дейін, бірінші сынып оқушыларының оқулықтарында - 16 кегль (2,8 мм), екінші сынып оқулықтары 16-14 кегль (2,3 мм) үшінші және төртінші сыныптар үшін 14-12 кегль (2,0 мм). Бесінші сыныптан бастап жоғары қарай оқулықтың негізгі текстінің шрифтері 10 кегль (1,75 мм) болып келеді. Көзге үлкен жүктеме түсіретіндіктен және оқушылардың тез қажуына әкеліп соғатындықтан, гигиенистердің пікірі бойынша, жоғарғы сынып оқушыларының өзіне 10 кегльден төмен шрифті қолдануға болмайды деп есептеледі.
Одан ұсақ шрифтермен - петитпен (8 кегль) орта және жоғары сынып оқушыларының оқулықтарында қосымша мәтіндерді басуға рұқат етіледі. Петитті оқулықтар тізімін жазғанда, сөздіктер, нұсқауларды басқанда кеңінен қолдануға болады. 7-8 сыныптардағы тақырыптарға арналған мәтіндерді петит қолдану арқылы 4 жолдан ар-тық басуға болмайды; ал 9-10 сыныптарға арналған оқулықарда бір бетте 16 жолдан артық болмауы керек. 8-9 сыныптарға арналған оқулықтарға сұрақтар мен тапсырмаларды, әрбір сұрақтың мәтіні екі жолдан, ал петиттің барлық мәтіні - 16 жолдан аспаған жағдайда баспаға петитті қолдануға рұқсат етіледі.
Сондықтан оқу дағдысы аз төменгі сынып оқушылары үшін 20, 16, 14 кегльден тұратын ірі шрифтармен басылған оқулықтарда сөйлем жолдарының ұзындығының ең қолайлы мөлшері 126-130 мм болып есептеледі, 5 сыныптан бастап 10 кегльден тұратын шрифтармен басылған кітаптарда сөйлем жолдарының ұзындығы 113 мм бастап, 98-95 мм дейін азайтылады.
Осыған байланысты бастауыш және орта сыныптардағы мектеп оқушыларына арналған оқулықтарға екі бағаннан тұратын текст жиынтықтарын қолдануға рұқсат етілмейді. Бір сөйлем жолынан екіншісіне жиі көңіл аудару мектеп оқушыларында жылдам қажу пайда болғызады. Екі бағанды баспаны тек қана 8-10 сынып оқушыларына қолдануға және олардың ішінде, негізінен ұзақ уақыт үзіліссіз оқуды қажет етпейтін (анатомия, физиология, география және т.б.) оқулықтарға ғана рұқсат етіледі. Оқулықтардың мәтінін үш бағанды баспамен басуға тиым салынады.
Қолайлы оқу үшін сөйлем жолдарының және әріптерінің арасының өзара қашықтығының да (интерлиньяж және апрош) маңызы өте зор. 1-4 сынып оқулықтарында интерлиньяж 2,8 мм, жоғары сынып оқулықтарында апрош 4-11 мм, 3-4 сынып - 3 мм, 5 сыныптардан бастап жоғары қарай - 2 мм болуы керек. Кон пластинкасымен өлшенген баспа жиынтығының тығыздығы шрифтің биіктігіне байланысты 1 см2 орында 10-15 белгіден көп болмауы керек.
"Мектеп оқулықтарын өңдеудің санитарлық ережелері" оқулықтардың эксперименттік және сынамаға арналған түрлерінен басқа барлық түріне арналды. Оның талаптарының сақталуын бақылап отыру, оқулықтар басып шығаратын баспасы бар территорияға қызмет ететін санитарлық-эпидемиологиялық станцияға міндеттеледі. Баспадан шыққан оқулықтар "санитарлық ереженің" талаптарына сәйкес келмесе СЭС сол оқулықтардың басылып шығуы мен таралуына тиым сала алады, немесе кемшіліктерді жойғанша өндірістің жұмысын тоқтатады.
Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы пән және денсаулық сақтау жүйесінің іс – тәжірибелік саласы ретінде өсіп келе жатқан ұрпақтардың денсаулығын сақтап, нығайтуға бағытталған профилактикалық шараларды өңдеп, негіздеуге арналған ғылым.
Бұл пән өсіп келе жатқан организмге қоршаған ортаның әртүрлі факторларының әсер етуін зерттеумен және болашақта осы факторлардың организмге әсерін болжаумен айналысады. Сонымен қатар ғылыми мәліметтер негізінде гигиеналық, санитарлық-гигиеналық және санитарлық індетке қарсы ережелер мен нормаларды өңдеп, аурушаң-дықты азайтуға, организмнің қызмет қабілетін жоғарлатуға, балалар мен жасөспірімдердің қалыпты дамуына бағытталған емдеу-профилактикалық және салауаттандыру шараларын қарастырады.
Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің құрамына ене отырып, гигиена ғылымының жеке бөлімі болып табылады. Балалар организмінің морфофункционалдық жетілу дәрежесіне байланысты, олардың өсіп, дамуының әр кезеңіне қоршаған орта факторларының әсеріне жауап ретіндегі физиологиялық реакцияларының өзіндік ерекше деңгейі сәйкес келеді, сондықтан, гигиеналық нормалар олардың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады.
Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы өз алдына жеке ғылым ретінде денсаулықты сақтап, нығайтуға, сонымен қатар организмнің үйлесімді дамуын қалыптастыруға бағытталғандықтан, бұл саладағы гигиеналық нормалар организм мен қоршаған ортаның тек сол мезеттегі қолайлы әсерлесуін ғана емес, организмнің дұрыс өсіп, дамуына қажетті жағдайларын да қарастыруы тиіс.
Қоршаған орта факторларын нормаландыру кезінде балалардың іс-әрекетінің түрлері, еңбегінің сипатымен қатар мерзімдік, климаттық жағдайлар да ескерілуі керек.
Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы пәнінің негізгі ерекшелігі сонда, ол ересек адамдардың организмінен сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да айырмашылығы бар, өсіп-даму кезеңдеріне байланысты, толық қалыптасып бітпеген организмді зерттеп, оқытады. Басқа сөзбен айтқанда, гигиенаның бұл саласын өсіп келе жатқан жас ұрпақтардың жас мөлшерлерінің гигиенасы деп қарауға да болады.
Сондықтан, балалар мен жасөспірімдер гигиенасының құрамына өсіп келе жатқан организмнің ерекшеліктерін ескере отырып көптеген зерттеулер жүргізетін қосалқы пәндердің бөлімдері енеді: (тағам тану,еңбек, коммуналдық, әлеуметтік гигиена, эпидемиология). 1959 жылы барлық ғылыми зерттеу жұмыстарды біріктіретін ССРО МҒА (ме-дициналық ғылыми академиясы) жүйесінде балалар мен жасөспірімдер гигиенасы ғылыми зерттеу институты ашылды. Осы кезден бастап балалар мен жасөспірімдер гигиенасы медициналық жоғары оқу орындарының санитарлық-гигиеналық факультетінің құрамына кірді. Қазақстанда осындай оқу орны Қарағанды мен Алматы қаласында бар.
Қазақстанда алғашқы санитарлық-гигиеналық факультет Алматы мемелекттік медицина институтында 1943 жылы ашылған болатын. 1948 жылы мектеп гигиенасы кафедрасы өз алдына жеке кафедра болып құрылды. Оны ұйымдастырған және 1960 жылға дейін басқарған м.ғ.к., доц. В.А.Смирнов болды.
Кейіннен 1964 ж бұл факультет Қарағанды мемлекеттік медицина институтына ауыстырылды және сол жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер гигиенасы кафедрасы коммуналды гигиена кафедрасының құрамына кірді, осы біріккен екі саланың меңгерушісі м.ғ.д., доц. Ботенко Э.К. болды.
1989 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында қайтадан санитарлық-гигиеналық факультет ашылып, алғашқы 100 студент қабылданып, оның 30 ең алғаш мемлекеттік тілде дәріс алды. 1991 жылы ашылған коммуналды гигиена және балалар мен жасөспірімдер гигиенасы кафедрасы студенттерді санитария, гигиена, эпидемиология саласынан екі тілде оқыта бастады. Оның ұйымдастырушысы, әрі меңгерушісі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, м.ғ.д., профессор Б.А.Неменко болды.
Осы кезең Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезеңге тура келді және өткен Кеңестер одағы кезіндегі осы саладағы заңдылық, нормалық құжаттардың барлығы м.ғ.д., проф. Неменко Б.А. басшылығымен, Республикамыздағы осы саладағы басты мамандардың қатысуымен елімізде қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес қайта қаралып, бекітіліп, басылып шықты.
Аталған пән бойынша өте қысқа мерзім ішінде оқу бағдарламасы өңделіп, екі тілде дәрістер курсы дайындалды. Қазіргі кезде коммуналды гигиена және балалар мен жасөспірімдер гигиенасы кафедрасы мақсатты бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып отырған, шығармашылық әлеуеті кеңінен дамып келе жатқан, болашағы зор ұжымдардың бірі болып отыр. Балалардың аяқ киімі
Аяқ киім - киім комплектісінің негізгі бөлігі болып табылады. Ол организмдерді салқын тиюден, ыстық өтуден қорғайды, табанды механикалық жарақат алудан сақтайды, аяқтың бұлшық еттері мен буындарына табан құрамын дұрыс ұстау үшін көмектесу арқылы аяқтардың рессорлық, амортизаторлық функциясын атқаруға жағдай жасайды. Аяқ киім жүрудің дұрыстығына, балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігіне әсер етеді, табанның көптеген ауруларының және деформациясының себебі болып табылады. Балаларға арналып әр түрлі аяқ киімдер шығарылады: жыл бойы киюге болатын, жаздық, қыстық, көктем-күздік. Сонымен қатар күнделікті киетін, сәндік, үйде киіп жүретін, жолға киетін, ұлттық, спорттық т.б.
Гигиеналық тұрғыдан аяқ киім - бала организмін метеорологиялық қолайсыз әсерлерден және механикалық жарақаттанудан сақтауы керек; бала организмінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне (әсіресе табанның) сәйкес болуы керек; табанға қажетті қолайлы микроклимат қалыптастырып, қоршаған ортаның микроклиматтық жағдайларына қарамастан, қажетті температуралық-ылғалдылық тәртібін сақтауға жағдай жасауы керек.
Балалар мен жасөспірімдердің аяқ киімдеріне арналған гигиеналық талаптар өсу кезеңіндегі табан құрылысының ерекшеліктерімен анықталатын аяқ киім конструкциясына қойылатын талаптардан және аяқ киім жасалатын материалдарға қойылатын талаптардан тұрады.
Балалардың табаны бақайларының басы өте кеңейіп келетін, доғалдау формамен сипатталады. Балалар табанының, өкше мен аяқтың басына қарай алынған қатынас ересектердікіне қарағанда басқаша, яғни, өкше жағы ұзындау болып келетіні, аяқ киімін жасаған кезде (әсіресе балалар аяқ киімі үшін қалыптар жасағанда) ескерілуі керек. Балалардың табанының қаңқа сүйектері, негізінен шеміршектен тұрады. Сүйектенуі бой өсуінің жетілуіне қарай аяқталатындықтан, баланың табанына берілетін механикалық әсерлер оны жылдам деформацияға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан, аяқ киімнің қалыңдығын, иілгіштігін, сапасы мен жылу сақтау қасиетін гигиеналық нормаландыру қажеттігі туады.
Балаларға арналған аяқ киімдер табан ұзындығына сәйкес анықталатын өлшем арқылы (өкшенің ең дөңестеу келген шетінен бастап, ең ұзын бақайдың басына дейінгі аралық) алынады Өлшем бірлігі ретінде миллиметр алынған, нөмірлер арасындағы айырмашылық 5мм болуы мүмкін.
Аяқ киімнің негізгі элементіне аяқ киімнің үсті (басы, қонышы, балтыры) және асты (табаны, ұлтарағы, өкшесі) жатады. Балалар аяқ киімнің бас жағы, бақайларға дейінгі буындардан кеңірек болуы керек. Табанының (ұлтарақ, табан, өкшелері) қаттылығы дұрыс деңгейде болуы керек, қарсыласуы (килограммен алынған) І және Ү- бақайға дейінгі сүйектерді қосатын иілу сызығы бойынша пайда болған бұрыш, 250 - қа дейін жетуі керек.
Ұлтарақ - аяқ киімнің табан терісімен тығыз байланыста болатын және аяқ киім ішіндегі температуралық-ылғалдық комфорттың сақталуына жағдай жасайтын ішкі бөлігі болып табылады. Ол жұмсақтау иілгіш, жылу, және ылғалдан қорғау, гигироскопиялығы және желдету қасиеті сақталатындықтан тек табиғи теріден жасалуы керек.
Табан - аяқ киімнің төменгі бөлігінің негізгі элементі болып табылады және оның иілгіштігі, қалыңдығы, массасы және жылу сақтау қасиеттері өте жақсы болуы қажет. Аяқ киімнің иілгіштігі регламенттеледі және сәбилерге арналған аяқ киімдерге - 7H/см, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған аяқ киімдерге - 10H/см, ұл балаларға арналған мектептік аяқ киімдерге - 9-13H/см, қыз балалардың мектептік аяқ киіміне 8-10H/см есебінен алынады. Табанның қалыңдығы пайдаланылған материалдар мен аяқ киім түріне байланысты алынады. (25 кесте).
Балалар аяқ киімдерін бекіту үшін, бас жағының улкен иілгіштігін, жеңілдігін, аяқ киімнің ішкі аралығының ауа өткізгіштігі мен желдетілуін қамтамасыз ету үшін арнаулы жіптерді және аралас тәсілдерді қолдануға болады.
Кеуекті резеңке, полиуретан және басқа материалдарды қолданған кезде бекітудің желімдеу және біртұтас құю тәсілдерін қолдануға болады.
Табан материалдарының жылу сақтағыш қасиеті олардың жылу өткізгіштігіне байланысты болады. Материалдардың жылу өткізгіштігі төмен болған сайын, олардың жылу сақтағыштық қасиеті жоғары болады. Қазіргі кездерде қолданылып жүрген материалдардың ішінде кеуекті резеңке жылусақтағыштық қасиеті бойынша табиғи тері мен кеуексіз құйма резеңкеден жоғары. Мұнда қоршаған ортаның ылғалдылығы жоғарылаған сайын табиғи тері мен жүннің (пималар) жылу жоғалту қасиеті жоғарылайды, ал кеуекті резеңкенің жылусақтағыштық қасиеті өзгермейді. Бұл жағдай тек жылусақтағыштық қасиеті үшін ғана емес, сонымен қатар қажетті қалыңдықты, иілгіштікті және аяқ киімнің тайғанақтауына қарсы қасиеті болғандықтан да, балалар аяқ киімінің табанын кеуекті резеңкеден жасауы дұрыс.
Өкше - табанның артқы жағын жасанды түрде көтереді, оның рессорлығын жоғарылата отырып, өкшенің жерге соғылып ауыруынан сақтайды және аяқ киімнің жылдам тозбауына жағдай жасайды. Тек ерте жастағы сәбилердің аяқ киімнің өкшесі(пинеткалар) болмайды.
Өкшенің биіктігі: мектепке дейінгі жастардағы балалар үшін - 5-10мм, 8-10 жастағыларға - 20мм жоғары емес, 13-17 жастардағы ұл балалар үшін - 30мм, 13-17 жастардағы қыз балалар үшін - 40мм дейін жасалуы керек. Бой жеткен қыз балаларға күнделікті биік өкшелі (4см-ден жоғары) аяқ киім киіп жүру, ауырлық орталығын алдыға қарай ауыстырып, жүруді қиындататындықтан, зиянды болып табылады. Өйткені, мұндай жағдайда бел омыртқасының иіні ұлғайып, жамбас аймағының орналасуы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Биік өкшемен жүргенде тұрақтылық орнықты болмай, өкше алдыға қарай жылжиды, аяқ басындағы бақайларға жүктеме түсетіндіктен жұмылып, табан жалпақтынып, бақайлар деформацияланады.
Аяқ киім табанды қысып, қан және лимфоайналуын бұзып, аяқтың табиғи дамуына кедергі келтірмеуі керек. Аяқ киімнің биіктігі оның түріне байланысты нормаланады.
Қоныш - аяқ киімнің формасын сақтау үшін өкше жағына орналасқан, аяқ киімнің үстіңгі жағының негізгі деталі. Аяқ киім қонышы өкшенің деформациясының алдын алып, табанның алға қарай жылжуын болдырмауы үшін қажет. Қонышты даярлау үшін қалыңырақ табиғи теріден жасайды.
Аяқ киімнің бас жағы- бақайлар мен бақайларға дейінгі буындардың үстін жауып тұратын үстіңгі бөлігі. Аяқ киімнің бас жағында оның формасын сақтау үшін астары мен сыртқы қабатының аралығына арнаулы қаттылау келген деталь салынады және ол бақайларды жарақаттанудан сақтайды.
Балалар аяқ киімін қозғалуға кедергі келтірмейтіндей етіп, аяқтарына мықтап бекітуге арналған бекітпелері болуы керек. Ол үшін әр түрлі бекіткіштер: аяқ киімнің бауы, жылжымалы “молния”, арнаулы жабысқыштар т.б. қолданылады. Мектепке дейінгі жастағы балаларға бекітпесі жоқ, жылдам шешіліп қалатын үсті ашық аяқ киімдер жасауға болмайды.
Аяқ киімнің массасы бекітпелерінің түріне, конструкциясына және пайдаланылған материалдарына байланысты болады. Бәтеңкелердің массасының нормасы шолақ бәтеңкеге қарағанда - 10гр., сәбилер аяқ киімдеріне қарағанада - 15гр., естиярларға - 20гр., балалар аяқ киімінен - 15гр., мектептік - 25гр., ұл балаларға - 30гр. ұлғаяды.
Жылдың барлық мезгілінде киілетін балалар аяқ киімі табиғи теріден жасалғаны дұрыс. Жаздық аяқ киімге теріден басқа, әртүрлі тоқыма материалдардың өзі немесе олардың терімен араласқан қоспалары пайдаланылады. Жылыландырылған аяқ киімдердің үстіңгі жағы мауыты, шұғадан, драп, жартылай жүн, жүн материалдардан, киізден т.б. жасалады. Астарлыққа табиғи тері және мақта маталар пайдаланылады.
Балалар аяқ киімін жасау үшін полимерлік материалдар немесе химиялық талшықтар қосылған табиғи материалдар қолданылуы мүмкін. Соңғысы санитарлық нормалар мен ережелерде регламенттеледі.
СанНменЕ көрсетілген материалдарды өндірісте тек қана санитарлық-гигиеналық бағасына байланысты қажетті рұқсат берілгеннен кейін ғана пайдалануға болады. Ол үшін зерттеу жүргізетін мекемеге өнімнің саны 10-нан кем болмайтындай үлгісі, зерттелетін материалдардың ғылыми-техникалық құжаты (3 м2 ) және технологиялық процесстің тәртібі әкелініп берілуі тиіс. Балалар мен жасөспірімдерге гигиеналық тәрбие беру
Әлем халықтарының үлкен бөлігі балалар мен жасөспірімдер болып келетіндіктен, оларға дұрыс көңіл бөлу сол қоғамның маңызды міндеті болып табылады. Балаларға дұрыс тәрбие беру, оларға дұрыс көңіл бөлу деп қарауға болады. Тәрбие берудің 90% өте ерте жаста қалыптасады.
Гигиеналық білім мен гигиеналық дағдылар баланың денсаулығын нығайтуға ғана емес, сонымен бірге баланы әдептілікке, саналылыққа баулиды. Баланы жеке бас гигиенасының талаптарын сақтауға баулу олардың саналы түрде қоғамға қажетті негізгі ережелерді сақтап жүруін қалыптастырады. Балаға гигиеналық тәрбие берудің негізі бала-бақшада басталады, одан ары қарай мектепте тереңірек түсініктер беріледі. Оның негізгі бөлімдері:
Оқу үрдісінде гигиена негіздерінен сабақ беру;
Мектеп оқушыларының мектептен тыс санитарлық ерікті жұмыстарын жүргізу;
Оқушылармен мектептен тыс санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу;
Ата-аналармен санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу т.с.с. болып табылады.
Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге гигиеналық тәрбие беру жұмысы - мектептің оқу бағдарламасының міндетті түрдегі құрамды бөлігі болып табылады.
Гигиеналық тәрбиенің бағдарламасы. Жалпы алғанда оқушыларға гигиеналық тәрбие беру бағдарламасы төмендегі талаптардан тұрады:
Денешынықтыру мен шынығудың салауатандырудағы маңызы;
Мектеп оқушыларының ақыл-ой еңбегінің гигиенасы;
Тағам тану гигиенасы;
Қоғамдық және жеке бас гигиенасы;
Жарақаттанудың алдын алу;
Политехникалық оқытудың гигиенасы;
Жыныс тәрбиесі.
Бұл саладан ең маңызды мәселе қажетті тақырыптарды мектеп оқушыларының жас мөлшеріне қарай бөліп алу болып табылады. Балалардың жас мөлшерлері жалпы қабылданған 3 топқа бөлінеді:
7-9 жастағы балалар (1-3 сыныптар);
10-14 жастағы балалар (4-7 сыныптар);
15-17 жастардағы жасөспірімдер (8-11 сыныптар);
Оқушыларды өздерінің жас мөлшерлеріне сәйкес келетін бөлімдерге гигиеналық баулу - тәрбиенің негізгі принципі. Балалардың жасы өскен сайын гигиеналық тәрбие туралы алғашқы түсініктердің мағнасы тереңдей түседі.
Денешынықтыру тәрбиесінің тақырыбына дене тұлғасының дұрыстығы туралы мәліметтер кіреді. Мұнда олар іс-әрекеттің дене тұлғасының қалыптасуына әсерін, де-нешынықтыру жаттығуларының, қимыл-қозғалыстың, демалыстың организмнің қалыптасуына тигізетін пайдасымен танысады. Балаларды таңертеңгілік гимнастика жаттығуларын жасауға әдеттендіру де маңызды гигиеналық дағды болып табылады.
Ақыл-ой еңбегі гигиенасы тақырыбына күн тәртібі, үйдегі және мектептегі сабақ оқу гигиенасы, демалыс тәртібі мен ұйқы гигиенасының мәселелері кіреді. Балалар жас мөлшеріне байланысты өздерінің күн тәртібінің элементтерінің ең дұрыс ұзақтығын білуі оны өмірде дұрыс пайдалана білуі керек. 10 жастан бастап мектеп оқушылары өздеріне ыңғайлы күн тәртібін құрастыра алуы тиіс.
Жоғарғы сынып оқушылары қажу мен қатты қажудың физиологиялық маңызы туралы мағлұмат алып, бір күндегі, аптадағы, жыл бойындағы ақыл-ой қызмет қабілетінің динамикасы туралы түсінігі болуы керек. Барлық жастағы оқушылар түнгі ұйқының жағдайы мен ұзақтығын дұрыс бағалай білгені дұрыс.
Кішкене жастағы балалардың тамақтану гигиенасы дастарқан басында отыру, салфетка, ыдыс-аяқтарды пайдалана білуден тұрады. Мұнда асықпай тамақ ішу, тамақ ішкен кезде сөйлемей, алаңдамай отыру дағдыларына үйренеді. Одан ересек жаста мектеп оқушылары тамақтың сандық және сапалық нормалары, минералдық заттар мен витаминдер, тамақтану тәртібі, астың қорытылу механизмі туралы ақпарат алады.
Жарақаттану - балалар мен жасөспірімдер өлімінің негізгі себептерінің біріне жатады. Оқушыларға осы жайында жүргізілетін дұрыс гигиеналық тәрбиенің профилактикалық маңызы өте үлкен. Бұл тақырыпта мектеп оқушыларына (бастауыш және орта сыныптар) жол қозғалыс ережелерін оқытып, таныстыру - басты мақсат. Мектепте және тұрмыста жарақаттанудың алдын алу үшін оның тал, бұталардан, баспалдақтардан, балкондардан құлау жағдайлары, асхана пышағын, қайшыны, газ плитасын, электрлі заттарды дұрыс пайдаланбаудан болатын қателіктер талқыланады.
Мектеп оқушылары төменгі сыныптан бастап жеңіл-желпі жарақат алғанда, кесіп алғанда, тырналғанда, сырылып кеткенде, күйікте, мұрны қанағанда т.б. жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдеріне үйренеді.
Көптеген зерттеушілер салауатты өмір сүру - рационалды тамақтану, күн тәртібін және жеке бас гигиенасын сақтау және зиянды әдеттерден бас тарту өмір сүру ұзақтығын 7-10 жылға ұзартады деп санайды. Жеке бас гигиенасының ережелерін сақтамау, тек өзінің жеке басына ғана емес, сонымен қатар маңайындағы қарым-қатынастағы адамдарға да қолайсыз әсер етуі (мыс. жұқпалы аурулар таралуы) мүмкін. Мектеп оқушылары жеке бас гигиенасы туралы білім мен дағдыларды меңгеруі тиіс.
Мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сыныптардағы мектеп оқушыларына мына тәсілдерге оқытып, дағдыландыру қажет:
- қолдарын уақытында (тамақ ішер алдында, әжетханаға барғаннан кейін және жануарлармен ойнағаннан соң т.б.) мұқият жуу;
- денені белге дейін және аяқтарды жуу;
- тісті күту;
- шаш пен тырнақтардың тазалығын сақтау;
- бөлмелерді дұрыс жиыстырып, желдетіп отыру;
Орта және жоғарғы сынып оқушыларына инфекциялық аурулар жөнінде білім беріліп, олардан сақтанудың профилактикалық шараларын оқытады. Кәсіптік мамандыққа оқытудың гигиеналық тәрбиесінің негізі, оқушыларға еңбек сабағында өндірістік процестер кезіндегі қауіптілікті түсіндіру болып табылады. Балалар мен жасөспірімдердің оқу бөлмелеріндегі санитарлық-гигиеналық тәртіп ережелерін білуі керек. Жоғары сыныптарда өндірістік жарақаттану профилактикасы түсіндіріледі. Мектеп оқушылары верстактың өз жастарына сәйкес келетін биіктіктерін, арнаулы киімдерді таңдап алуы, құрал-саймандарды дұрыс пайдалана білуі керек. Қыз балалар тағам өнімдерін даярлау және сақтау жағдайына қойылатын гигиеналық талаптарды, іс тігу машинасын қолдану дағдыларын меңгереді. Барлық жастарда техника қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Орта сынып оқушыларына жыныстық тәрбие беруде де гигиеналық сұрақтарға тоқталады. Соның ішінде, балаларда физиологиялық өзгерістер пайда болардың алдында жыныстық тәрбие жөнінен хабарлар беріледі. Жынысына сәйкес жүргізілетін мұндай түсініктер қыз балалар үшін 12 жаста, ал ер балалар үшін 13 жаста өткізіледі. Жоғарғы сыныптардағы жасөспірімдерге медициналық және моральдық қарым-қатынас жағынан да дұрыс мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналған тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |