Соңғы кезде Қанаттың оқу үлгерімі төмендеп кетті. Қай сабақтан да мәз емес. Мұғалімдер ренішті. Екінші тоқсан болса, аяқталып келеді. Не істеу керек? Сынып жетекшісі – Жанахмет ағай бір күні Қанатпен оңаша әңгімелесті.
– Неге сабақ үлгерімің төмендеп кетті? – деді.
– Оқып жүрмін ғой... – деді Қанат беті ду қызарып. – Оқысаң неғып екі аласың?
– Білмеймін...
–Көп ойнайсың ба әлде?.. – Жоқ.
– Әлде үйде көп жұмыс істейсің бе? – Жоқ.
– Айтшы, кәне, не себебі бар? Ұят қой. Бұрын тәп-тәуір едің... Қанат ойланып:
– Кейде түсінбей қаламын... – деді. – Солай де...
– Солай.
– Дұрыс... – Ағай жымиып күлді.
Ағайдың күлген себебі мынау еді. Қанат үйге берген тапсырмасын көбіне жаттап келеді. Түсінбей оқиды. Содан тақтаға шыққан кезде әлдебір жерінен жаңылысып кетсе болды, бар білгенінен айрылып қалады. Тапсырманы аяғына дейін айтуы үшін қайтадан басынан бастауы тиіс. Әйтпесе келген жерінен жалғастырып әкете алмайды. Сол себепті:
– Ағай, басынан бастап айтайыншы, – деп өтінеді. Ағай рұқсат береді.
Қанат қайтадан басынан бастап айтуға кіріседі, бірақ әлдекім қызық үшін бет-аузын жыбырлатып, күлдіріп, әдейі тағы да жаңылыстырып жібереді. Шауып келе жатып кілт тоқтай қалған аттай. Қанаттың бар білгені және тарс есінен шығады. Ағайға тағы да өтініш қылады.
– Ағай, басынан бастап... Балалар ду күледі...
Жанахмет ағай қабағын түйіп:
– Сабақты түсініп оқу керек, – деді. – Жаттаған нәрсе білім болып жарытпайды, миға қонбайды.
Сосын сәл-пәл ойланып отырды да, сәлден соң мұғалімдер бөлмесіне сыныптан Әбуді шақыртты. Әбу–озат оқушы.
– Әбу, сені шақырғаным, ертеңнен бастап Қанат екеуің сабаққа бірге дайындалыңдар. Сыныптас досыңа көмектес, – деді.
Әбу екі сөзге келмеді. Келісті. – Жарайды, ағай.
...Келісілген уәде бойынша, ертеңіне түстен кейін сабаққа бірігіп әзірлену үшін Қанат кітап-дәптерін қолтығына қысып, Әбудің үйіне келді. Бірақ Әбу құшақ жая қарсы алмады. Тұнжырап:
– Қазір уақытым жоқ, қора тазалауым керек, кешке таман соқшы, – деді.
Қанат мұңайып, кітап-дәптерлерін қолтығына қысқан күйі келген ізімен үйіне қайтты. «Бірге дайындаламыз, түсінбеген жерімді сұраймын» деп іштей қуанып еді. Амал не.
Кешке тағы келді. Әбу бұл жолы да және бір сылтау тапты. – Басым ауырып тұрғаны... Көңілімнің хошы жоқ...
Қанат үндемеді. Босағада тұрып-тұрып, тұнжырап үйіне қайтты. Бағана апасына: «Әбу маған сабақ үйретеді, енді «екі» алмаймын», – деп күпініп қойып еді. Апасы: «Е, сөйт, ертең жиналысыңа барғанда, сабақ үлгермейді деген сөзді естіп, жер болмайын», – деген-ді. Апасының сол сөзінен ұялды.
Бір күн осылай өтті.
Екінші күні үйіне тағы келді. Есікті қорқа-қорқа ашты. Әбу көңілсіз екен. Бұған күнде-күнде сабақ түсіндіріп, әбден ығыр болған адамша:
– Туу, тағы келдің бе? Сен-ақ осы... – деді тыжырынып.
– Не істесем екен? Сәтінің түспей тұрғанын қарашы. Отын жаруым керек еді... Қанат, егер сен ренжімесең, отын жарып берсең қайтеді? Мен есепті зырылдатып шығара берейін. Сосын сен дәптеріңе көшіріп аласың ғой...
Қанат алая бір қарады. Есепті екеуі бірге отырып шығарғанда дұрыс болар еді. Көшіріп алғаннан не пайда, түсінбегесін. Бұдан бәрібір сабақ үлгерімі жақсармайды. Амал қанша. Үнсіз келісіп, отын жаруға сарайға қарай беттеді.
Үшінші күні де жағдай дәл осындай болды. Әбу қазақ тілінен жаттығу жазды да, Қанат қора тазалады.
Оқта-текте сабаққа бірлесіп дайындалды. Бірақ ондай күндер тым аз еді. Бірде Әбу уақытым жоқ деп бұлданған-ды, Қанат қажет болып қалар деп
үйден бір уыс кәмпит ала келген болатын, дереу қолын қалтасына салды. Әбудің көзі оттай жайнап кетті. Қабағы ашылып, бұл күні сабақты ынтасын сала түсіндірді.
Содан бері Қанат үйінен бір уыс кәмпит ала келуді әдетке айналдырды. Бұған Әбу де дәнікті. Қанат кіріп келген бойда дереу оның қолына қарайды. Кәмпит болса, күлімсіреп, жоқ болса, тұнжырап сала береді...
Бүгін де Әбудің үйіне баруға жиналды. Дағдылы әдетімен шкафтың ішін қараса, бір түйір де кәмпит жоқ. Масқара! Енді қайтті? Шарқ ұрып, жанталасып іздемеген жері қалмады. Апасы қайда қойды екен? Шифоньерді де сүзіп шықты. Жоқ. Кәрзеңкелерді ақтарды. Жоқ. Бой-бой терледі. Қайтсе де бір уыс кәмпит апаруы тиіс. Әйтпесе Әбу бұған пысқырып та қарамайды. Қабағын түйіп, әлдебір сылтауды айта салады. Осыны ойлауы мұң, Қанат үйдің астан-кестеңін шығарды. Аласұрды. Әбден шаршады. Бір уақта сылқ етіп есіктің аузына отыра кетті. Өз-өзінен ызаланып:
– Бүйтіп сабаққа дайындалғанша, «екілік» алғаным әлдеқайда жақсы, – деді. Кенет көзі беті әлдебір әлеміш шүберекпен жабылған шкафтың үстінде
тұрған шыны табақшаға түсті. Түу! Орнынан атып тұрып барып, бетін ашты: қараса, бағанадан бері шала бүлініп іздеп жүрген мұз кәмпиті! Бір түйірін алды да, қағазын аршып, аузына салып жіберді.