КҮҢГІРТ ТҮСПЕН ОЙҒА БАТЫП
Күңгірт түспен ойға батып,
Орындыққа отырған.
Жүрек қаны сыртқа атып,
Бет аузынан оқылған.
Бек мұңайып айтты көз:
"Үмітсізбін" деген сөз.
Өңін тартқан ішіне,
Ызғарлы толқын ойлары.
Қарағың келмес түсіне,
Толқынға батқан бойлары.
"Шыныммен болдым саған қор"
Деп көрінісі айтып тұр.
Болып қана сыртқа ашық.,
Күлейін деп ойлады.
Іштегі түтін кеп басып,
Онысына қоймады.
Үмітті көңіл шегініп,
Жылатады егіліп.
Дəмеленіп, үміт тосып,
Көңіл қайда лепірген?
Сағынып, ойлап, тулап шошып,
Жүрек қайда секірген?
Амалсыз қазір суыған,
Жылылық жоқ жуыған.
1914
ЕЙ, МАХАББАТ! ЕЙ, ДОСТЫҚ!
Ей, махаббат! Ей, достық!
Ал дама, сен дер жалғансың:
Құр мазақтап, мəз болып,
Бойды аулаққа салғансың!
Дүние рахат, достық бар,
Тұрмыста жоқ суық қар,
Дүниені жауыз дегендер,
Бəрі жынды, ақымақтар.
Көрсе қызар, құмарпаз
Байламап па еді бағыңды?
Адасасың сен, Махмұт,
Алданып қума сағымды.
Бес-он жылдар шыдашы,
Аларсың сонда тағыңды.
Сондай болып тұрып та,
Шыдамай саған не қылды?
Тəубе, уəдеңді жаңылып,
Мінезің неге қағынды?
Сен алданып жүргенде,
Сындырар тұрмыс жағыңды.
1914
ДҮНИЕДЕГІ ҚЫЗЫҚТЫҢ
Дүниедегі қызықтың,
Бəрі де арам мен үшін.
Дауасы жоқ бұзықпын,
Талпынбаймын ем үшін.
Тосқаным - қабір құшағы,
Қашан ол келіп құшады.
Ойланып һəм шарланбай,
Құтылған жоқ менен ой.
Ешбіреуін малданбай,
Сенді қатты тұла бой.
Болсам деген үміттің
Бəрінен бездім, ұмыттым.
Аямады еш уақыт,
Дүние маған ашуын.
Алыстады һəм бақыт
Тоқтатпастан қашуын.
Қаматпай жүрек, тасқынын,
Босатсын дүние қашқынын.
Зылиқасын көрсе де,
Жүрек енді ашылмас.
От, жалындар енсе де,
Махаббатқа бас ұрмас.
Дос іздедім, қамдандым;
Таба алмадым, алдандым.
|