КЕЗЕК ҚАШАН КЕЛЕДІ?
Байлар көп жатып ішер арам тамақ,
Өсірген, қызығын көрмей, басын санап.
Шынында, өсіретін кедей, жалшы,
Бай еңбек сіңірген жоқ малды қарап.
Үш тоқты жылдығына еңбек төлеп,
Ескі, кір, сасығынан киім бермек.
Егер де бір қылығы жақпай қалса,
Бір тоқтысын сылтаумен бермей кетпек.
Жарыта берген емес байлар тамақ,
Ұрысып - боқтар, жазықсыз ит - шошқалап.
Сөздің жөнін айтса да сорлы жалшы,
Басынан қан ағызған байлар сабап.
Əйелі - күң, біреуге ері жүрсе,
Үй іші түгел жалшы біле - білсе,
Олар үшін бай ақы төлемейді.
Кедей де ырза бір аяқ саумал берсе.
Жазғы айран-шалап үшін тегін жалшы,
Бір үйлі жан сол үшін байға малшы.
Бір күн үйде істемей отырып көр.
Аузыңа тиер ме екен жалғыз тамшы.
Кедей көп өмір бойы бейнет көрген,
Бай бар ма ол еңбектің құнын берген.
Даулы болып төреге бара қалса,
Кедейдің кім бар еді жасын көрген?
Жеңу, төре қашан да байға тиген,
Арам би бар кінəні кедейге үйген.
Айтысудан пайда жоқ, зияны бар,
Сорлы кедей, арт қысып, əлін білген.
Өте ме теңсіздіктен дүние солай,
Байды жақтап, кедейге бір қарамай?
Жалғанда бір кезегі келмесе оның,
Ақыретте теңелу екі талай.
Кезек қашан келеді байлар саған.
Барған сайын бұзылды ниетің жаман?
Өз қылғаның өзіңе бір келеді,
Ақыретте емес, жалғанда қарсы алдыңнан.
Кедейдің де күткені сондай кезек,
Ұзамай болатынын ішім сезеді.
Барлық адам теңеліп бірдей болмай,
Дүниені басқамен болмас түзеп.
1918
АҚ СƏУЛЕ
Назды, нəзік ақ сəуле,
Көздің жасын исең - ау.
Елжіреп жас жүрегің,
Мендей болып күйсең - ау!
Омырау ашық ақ көйлек,
Етегі қысқа кисең - ау!
Еркелетіп, бұралтып
Ерінге ерін тисең - ау!
"Жаным, сəулем, күнім" деп,
Суырып сорып сүйсең - ау!
Ақ тісіңді ақситып,
Махаббатпен күлсең - ау!
Ақ торғынға оранып,
Тау ішіне кірсең - ау!
Арасында гүлдердің,
Қолтықтасып жүрсем - ау!
Гүл, жапырақ ішінде
Ісімді өзім білсем - ау!
Арасынан тоғайдың
Түрлі жеміс терсең - ау!
"Мынаны қара, жаным!" деп,
Бұралып, күліп келсең - ау.
Мойныма келіп асылып,
Жемісіңді берсең - ау!..
Жас баладай еркелеп,
Жалғыз маған сенсең - ау!
Қылығыңмен, назыңмен,
Еркімді алып жеңсең - ау!
Қаз алатын қырандай,
Қайрылып мен де ілсем - ау!
Гүл, бəйшешек ішінде
Ісімді өзім білсем - ау!
Аққан бұлақ қасында,
Сəулелі күн басымда,
Бұлбұл сайрап қасымда,
Гүл, жапырақ астымда,
Ақ көйлекті түрсем - ау!
Риза болам өмірге,
Өстіп дəурен сүрсем - ау!
Аппақ санын керсем - ау
Соған қарай төнсем - ау!..
Сүйіп, қысып, жабысып,
Əр ырқыма көнсең - ау.
Жан да, тəн де біріккен,
Айрылмастай болсаң - ау!
Сен де, мен де жалаңаш,
Су шетіне келсек - ау?
Бейне біздей көлеңке,
Су ішінде көрсем-ау.
Не арман бар сол жерде,
Ажал жетіп өлсем - ау!
Бір томарға отырып,
Аяқты суға малсам - ау!
Майысқан ақ қолымен,
Денеге су салсам - ау!
Кейде суды шашысып,
Кейде жабысып қалсам - ау!
Күлімдеп көзге көз түсіп,
Алдыма қысып алсам - ау!
Киім жапқан əлемнің,
Лəззатына қансам - ау!
Емшекті қысып, ұқалап,
Онан да төмен барсам - ау!
Үсте сəуле - алтын күн,
Қоршаған тоғай нансаң - ау!
Сайраған бұлбұл бұтақта,
Құлақ құрышы қансаң - ау!
Неше түрлі гүл иісі,
Иіскеп мас боп қалсам - ау!
Кəрілік келмей, жаз өтпей,
Сондай түрде қалсам - ау!
1918
ƏКЕЛШІ!
Əкелші, құй арақты,
Көтерейін көңілді!
Қолдан шаттық жасауға,
Арақ тəуір көрінді.
Көлеңкені қуайын,
Басып тұрған өңімді.
Ұмытайын миды улап,
Кəрілікті, өлімді.
Мұқтаждықты, ауруды,
Жол болмауды, керімді.
Арақпенен сыйлайын
Шаттықсыз аз өмірді.
Шаттығым жоқ бəрі бір
Арақтан артық өнімді.
Іздеді шаттық бұл көңіл, -
Жете алмады, жеңілді.
Сүйенгенім осы арақ,
Тарқатуға шерімді.
Біздің өмір бəрі бір:
Ірі мақсат қуа алмас.
Пайғамбар боп жиһанды,
Жауыздықтан жуа алмас.
Не гений боп сыр ашып,
Анадан қайта туа алмас.
Өмір қысқа, бейнет көп,
Ойласа көңіл қуанбас.
Көңіл тірер мақсұт жоқ,
Сонан көңіл уанбас.
Ертең өліп, жоғалу,
Ұмытуға біздер мас.
Білеміз бе, жолдастар!
Ертең қандай боларын?
Ектің талай егінді,
Білесің бе орарын?
Кел жұтыңдар, кел көтер,
Жастық, қызық əлі өтер!
Арақты ішпей пайда жоқ,
Жабығудан құр бекер!
Түбіне шейін жұта сал!
Əнге шырқа, домбыра ал!
Бостандық бүгін сөйлеуге,
Жүрегіңде нелер бар!
Қанады деме, құя бер:
Арақ достым, арақ жан,
Білемісің алдыңда,
Қандай күйлер тосады!
Тұрмыс сені зорлық қып,
Неменеге қосады.
Өзім - патша, өзім - хан,
Құя бер, міне, босады!
1918
|