ӨҢ БЕ, ТҮС ПЕ?
Зор толқын Ресейді қаптағаны,
Ескі өкімет тəртібін таптағаны.
Патша, төре, байлар мен обырларға,
Бар екен тұрмыстың да сақтағаны.
Ем болмай, қарулы күш жақтағаны,
Қылыш қайрап, зеңбірек оқтағаны,
Жұлын тұта жан жері берік қолда,
Жеңе алмас құр қимылдап төрт тағаны.
Кей жерде жын мен шайтан от жағады,
Ақырғы тұяқ серпу топтанады.
Бұзылмас əділ төре ел үкімі,
Ғасырлық жауын жеңіп соттағаны.
Бұл толқын ел тілегі көпке бірдей,
Кейбіреу теріс ойда оны білмей.
Түнге тартып, халықты адастырады,
Алдында жол тұрса да шыққан күндей.
Аз елді екі рулы топқа бөліп,
Білгішсіп тұрғандай - ақ бəрін көріп.
Таз кебінін үстінен тастатпаса,
Не пайда халық үшін соңына еріп.
Кімде кім бостандыққа болса жерік,
"Бүкіл халық үшін" деп іздесе жерік.
Көп қойды қасқыр бақпай, иесі бақса,
Тізгінін бермейтұғын кім бар сеніп?
Əзірге бет алыста олай емес,
Ой көзі бар, ақ жүрек "солай" демес.
"Əкесі өлсе мұрасы балаға" деп,
Екі жікке бөлінген қандай егес?
"Əкесі" дегеніміз патша болар,
Бай мен төре патшаға шын балалар.
Əке мен балада айырма жоқ,
Көпшілік - езілген ел не сағынар?
Сағынар шын теңдікті халық еркін,
Ол үшін орындар ел барлық сертін.
Қанаушының біржола көзін жойып,
Жалшы, кедей жайраңдар емін-еркін.
Шын топан тасып еді солар үшін,
Кектенген миллионның жинап күшін,
Жұмыскерлер жасаған революция
Байлар үшін дейсің бе, айтшы кісім?
Дауыл жұмсақ, ұғынбау болып жатыр,
Ұқса да ұқпағандар толып жатыр,
Көрейін де өлейін деген жемқор,
Кезінде аласапыран орып жатыр.
Бұл өзі оң бе, түс пе, қандай сурет?
Анықтап білу оны көпке міндет.
Ресейден паразит арылғанда;
Қазақты басып жатқан қандай індет?
Тегінде бұлай емес, басқа болар,
Өлгенде емес, тіріде - ақ біреу сұрар,
Екі жақты, қос ауыз, елдің жұты,
Бұрын шөлмек болса да енді сынар.
|