ЖАН ҚАЛҚАМ
Енді, əрине, мен бір шөп,
Қозғалмаймын тіпті көп.
Қозғалмаймын демеймін,
Толқитын енді жерім жоқ.
Неге еспейсің желіңнен,
Аяймысың еріңнен.
Жан қозғарлық жар болсаң,
Кел құшақтат беліңнен.
Бұйырғанды көрерсің,
Қимылдатқан ерніңнен.
Қарадың неге, жан қалқам,
Күйдірейін дедің бе?
Етіп қалдың бір жалтаң,
Сүйдірейін дедің бе?
Өзегімді жандырдың,
Идеямнан тандырдың.
Өмірлік кетпес қайғымды
Бір көз салып қалдырдың.
Қызықтырдың басыңа
Бас имеуші едім ғаламға.
Неғып тарттың қасыңа
Таңданбаушы едім адамға.
Көлеңкеңді көрейін,
Құрбандыққа өлейін;
Жандырдың өзің өрт салып,
Баспасаң қайтіп сөнейін?
Бір қараумен ерітесің,
Жүректің мұз тоңдарын.
Бір күлумен серпесің,
Тағдырдың суық қолдарын.
Көріп жүрсем, күндеймін,
Көрмей жүрсем, түндеймін.
Қимақ тұрсын, жат жаннан,
Көлеңкеңді күндеймін.
Сені көріп тұрғанда,
Күн мен жұлдыз, ай да жоқ.
Жүрегім лепіріп жұлғанда,
Патша да жоқ құдай жоқ.
Бəрі сенің бір өзің:
Күн, ай, жұлдыз - дəл көзің.
Мың қайтара тəу етем,
Аузыңнан шықса, бір сөзің.
Сен жоқ болсаң, қарағым,
Дүние жүзі маған көр.
Барлық бақыт талайым..
Цифры жоқ, сенсіз ноль.
Сірə да жалғыз мен емес,
Сенсіз дүние кең емес.
Ауруым қатты өлемін,
Өзіңнен басқа ем емес.
Маған салсаң еңкейіп,
Қартайып кет, жасып кет.
Əрі барсаң теңкейіп,
Өлексе боп сасып кет.
Айнымас менің сүйгенім,
Сөнбес жанып күйгенім.
Бетіңнен сонда сүйгізсең,
Көз жасымды игенің.
Осындай сүйім көрмесең,
Қатын алма өмірде.
Өзің жəне көнбесең,
Жай отыр да..
Осы сүю жолдаста
Болмаса, кеттің оңбасқа.
Екеуің де бірдей бол,
Болмадың ондай - жол баспа.
1914
Ж...
Қарақат көздің сəулесі,
Жүректі түртіп тулатат.
Мен сол ойдың əуресі
Түйінін таппай улатат.
"Сəулешім" деген бір сөзің,
Есімнен кетпес өмірде.
Серт қылдым берік мен өзім,
Өшпестей жазып көңілге.
Қосылған жүрек; тілек бір,
Дегені бірақ бола алмас.
"Болдырам" десең өзің біл,
Онсыз жаным тына алмас.
Еркімді бердім өзіңе,
Бұйдалы басым бұрылмас.
Көрінбесең көзіме,
Сабырсыз жүрек тұра алмас.
Аз ашылған сөзден де,
Түрі бар істің оңалмас.
Бар жиһанды кезсем де,
Сенсіз бақыт қона алмас.
Сенемін, сен де мендейсің,
Тек қана тағдыр айырар,
Басқаға көңіл бөлмейсің,
Мен үшін ғана қайғырар.
Топас күш - тасқын, біз - жаңқа,
Сең соқса достар айрылар.
Бар қайғым осы, жан қалқа,
Топанды күш жоқ қайырар.
Жетпесе жүрек сертіне,
Жас көңіл жасып, майрылар.
Бұғау салса еркіне,
Ажал кеп жанды жай қылар.
Бəрі де қолдың қысқасы,
Бір түнді мойынға алмауым,
Тағдырдың шебер ұстасы,
Көрдім мен жоқ қып қарғауын,
Талапты жас жүректі,
Дүние қоймас алдауын.
Бермесе тəңірі тілекті,
Істесін мейлі жалмауын.
1915
МҰҚЫШҚА
Жарқыным, мұның қай екпін,
Шыдамадың дəйекпен.
Отыз бес жыл май алған,
Жатуға жайлап таянған.
Бір қу мақлұқ таңдапсың,
Шорманский паектен.
Өзіңдей жүйрік "тұлпардан",
Өзіңдей қыран "сұңқардан",
Қолың жетіп тұрғанда,
Не себепті қол тарттың?
Казанский вагонге
Он пұт семіз ет арттың.
1915
|