АЛТЫ АЯҚ
Тұңғиық, түпсіз ашулы,
Асау теңіз толқыған.
Бойымды топырақ басулы –
Жүре алмаймын, жол тұман!
Теңізден қайтіп өтермін,
Түссем, батып кетермін!
Алдымдағы өлімнен,
Міндім қайық көз жұмып.
Адастым қазір жөнімнен,
Қайығым да һəм сынық.
Айрылдым жəне қоректен,
Тек жан шықпай жүректен.
Ызғарлы суық, үсті мұз,
Толқын тулап соғады.
Қатты көңіл, қайрымсыз –
Су қайыққа толады.
Енді өлмеген не қалды?
Қоясың қайда бұл жанды!
Талқандаймын тəніңді –
Деп қамалар су қалқи.
Қия алмастан жанымды,
Жыладым сонда мен жалқы:
Ем іздеп дертті халыққа,
Жем болдым-ау балыққа!
Таудай толқын тағы кеп,
Ұшты қайық аспанға.
Əзірейіл тұр "болшы", - деп,
Қайда барам қашқанда?
Жан таластым тұншығып,
Бір батып суға, бір шығып.
Міне сол уақытта:
Алтайдан бір тал, білмеймін,
Түсті неғып қолыма?
Кез қылды ма құдайым,
Ажалсыздың жолына.
Талдан ұстап қармалап,
Судан шықтым "Аллалап".
Суық өткен, шаршаған,
Бола ма адам, болмай ма?
Соққы жеген қаншадан,
Дауасы яки қонбай ма?
Дауа тегін, ем тегін,
Қайтарт, Алла, еңбегін!
1915
ОРАМАЛҒА
Төрт ай түстім, жүгірдім,
Бұл орамал жолына.
Еріксіз міне түңілдім,
Түспеді ақыр қолыма.
Идеям бердім жолыңа,
Көрінді қайдан сорыма.
Айтып өткен бұл бір сөз,
Кім жазықты оныма?
Аузым күйді шалқайдым,
Басым енді бұрылмас.
Жолдас болды құр қайғың,
Екінші болдым ұрынбас.
Өзіме өзім қожайын,
Енді неғып азайын!
Албырттанған көңілдің,
Тартқызады тағдыр сазайын.
Уақ-түйек ойларға,
Алданып қалар мен емес.
Мендей Əли байларға
Бүкіл сахара тең емес.
Танытамын елдерге,
Күн астындағы жерлерге.
Ғылымның нұрын шашармын,
Елге айналып келсем мен.
Бұл ойыма жетуге
Он жыл талап керек қой.
Ойымнан алыс кетуге
Қуғаным болсын айт пен той.
Мен тұрмыстың қылышы,
Тағдырдың буынар тынысы.
1915
|