ШƏКІРТ ОЙЫ
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін.
Еңбек,бейнет тарауы,
Рахатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы,
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып, көгерер.
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр бірі де
Бұл мақсұттан бұра алмас.
Қаһарман Рүстем, Əли де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі
Алдандырмас бірісі.
НЕГЕ ЖАСАЙМЫН?
Сусыз, шетсіз шөлдерден,
Тұманды, түпсіз көлдерден,
Адамдық көші өткенше!
Қасқыр мен қой дос болып,
Достықсыз өмір бос болып,
Шын өмірге жеткенше!
Іштен өсіп адамдық,
Сырттан түлеп жамандық,
Тазарып əбден кеткенше:
Талай шаштар ағарар,
Талай тəнді жер алар,
Талай буын қуарар,
Талай өмір суалар.
Жасамаймын: "Еңбектің,
Жемісін көзбен көрем" деп.
Жасаймын: "Бір қолғабыс
Кейінгіге берем" деп.
1918
...ҒA
Естимін серілігіңді сіздің сырттан,
Ынтасын замандастар сіз деп құртқан.
"Халық айтса, қате айтпайды" деген сөзбен,
Танысқалы жазамын естіп жұрттан.
Жас уақытта теңдесін тисе тауып,
Жүрек сырын болмайды қолмен жауып.
Қараңғы жерде өсіп қайрат қылып,
Шыдауына менің түр көңілім ауып.
Жар таңдап, бос деп естіп сіздің басты,
Ұяттан жас жүректің толқыны асты.
Өткір, сергек дегенге көңілім ауып,
Еріксіз аударып тұр ықыласты.
Құданың құдіреті ғажап емес,
Егер де қосам десе екі жасты.
Жайдары жақсы адамда болмас жаттық,
Жас күнде алса жақсы көңіл шаттық.
Жайпаламын адамға хат жазбаймын,
Көпті көріп, көп жердің дəмін таттық.
Білмеймін қалай ауды көңілім сізге,
Сіз - дағы көңіліңізді білдір бізге.
"Жас - жастың тілеуі бір" деген сөз бар,
Ұзатпай аяқ бердік сөзімізге.
1918
* * *
Барлық ісім қырын қарап,
Жалғыз қалдым қасқыр қамап.
Наным толған бір дүлей жан,
Дос таппадым бəрін сынап.
Менің досым əлі алыста,
Кіре алмадым зор сайысқа.
Мен де ортақпын жүрегіммен,
Солар жеңсін сол сайыста.
* * *
Іздедім, іздесем де таба алмадым:
Табам деп, өзімді-өзім неге алмадым?
Адамның адам аты ақталмайды,
Бейнет қып, бар білгенім соны аңғардым.
Кей уақыт өткелі жоқ теңіз келер,
Кей уақыт ат табылмай өгіз келер,
Жақсыға тасып, жаманға жасуым жоқ,
Бар ынтам, есік ашу мақсатқа өнер.
Достарым, оған дейін асықпаңдар:
Алдыңда əлі ататын жарық таң бар,
Тез күнде жердің жүзі бір түрге енер,
Түбінде, замандастар, осымды аңғар.
|