Есептік сан есімдер жалпы заттың, зат есімнен туған сындық белгінің немесе іс-әрекет, амалдың ұзын-ұрға саны, сандық мөлшерін білдіру үшін қолданылады. Олар семантикалық мағынасы мен морфологиялық ерекшелігі жағынан да және синтаксистік қызметі жағынан да сын есімдерге бір табан жақын сөздер сияқтанып келеді.
Есептік сандардың қатарына сан есімдердің өзге топтарының жасалуына негіз болатын табиғи сандар жатады (бір, екі, үш т. б.).
Есептік сандар тікелей тиісті мөлшерді білдіру үшін қолданылғанда, ешқандай морфологиялық өзгерістерге түспейді. Мысалы: жеті жүз сиыр, мың төрт жүз қой-ешкі. Олар сөз түрлендіретін аффикстерді субстантивтенген жағдайда ғана қабылдайды. Есептік сан есімдер белгілі бір заттық ұғымды бойына сіңіре отырып, әрі сан, әрі зат ұғымын бірдей қабаттастыра білдіргенде ғана және белгілі бір санның сандық атауы есебінде жұмсалғанда ғана субстабтивтенеді. Мысалы: Қаңтардың бірінен бесіне дейін; екіні үшке қосса, - бес болады.
Реттік сан есімдер
Реттік сан есімдер есептік сандарға -ыншы (-інші) жұрнақтарын қосу арқылы жасалады да, белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық ретін білдіру үшін қолданылады. Мысалы: Тамара атты жетінші класта оқып жүрген жалғыз қызым бар (Сәбит Мұқанұлы Мұқанов)
Реттік сан есімдер де морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болып келеді де, күрделі сан есімдерде -ыншы (-інші)қосымшасы тіркестегі ең соңғы санға жалғанады. Мысалы: Солардың ішіндегі ең жақсылары он алтыншы, он жетінші нөмірлер екен (Мұхтар Омарханұлы Әуезов).
Жинақтық сан есімдер
Жинақтық сан есімдер бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнақтарын қосылуы арқылы жасалады. Бұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіргендіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады. Мысалы: Беретін мүлкің нешеу? Түйе біреу, ат екеу, қасқыр бесеу (І. Жансүгіров)
Топтық сан есімдер
Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжамдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан (-ден, -тан, -тен) аффиксін қосу арқылы жасалады да, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшердің топтап көрсетеді. Мысалы: Бір түн отырып ел адамдарын төрттен, бестен жиып алып, барлығына бір түрлі іс тапсырған (Мұхтар Омарханұлы Әуезов)
Болжалдық сан есімдер
Болжалдық сан есімдер - белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сөздер. Мысалы: Салтанатты басқосуға үш жүздеймейман келеді деп күтілуде; Базаралының қасында бес-алты кісі қалған (Мұхтар Омарханұлы Әуезов).
Бөлшектік сан есімдер
Бөлшектік сан есімдер - негізінде таза математикалық ұғымға байланысты туған сөздер. Олар белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін білдіреді. Мысалы: Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша жаңа заңға халықтың үштен екісі қарсы.