Етіс түрлеріне қатысты ұстанымдар.
Қазақ тілінде жазылған еңбектердің ішінде етіс туралы алғаш айтылған пікірді Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл-құрал» оқулығынан табамыз. А.Байтұрсынов етістіктің етіс түріне ереже бермей, бірден «Етістікте он түрлі етіс бар», -дей келе, оның сабақты етіс, салт етіс, ортақ етіс, өздік етіс, өзгелік етіс, беделді етіс, ырықсыз етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс - деген түрлері барын келтіреді. Етіс түрлері ішінде салт етіс пен сабақты етісті етістің түрлері қатарында атайды. Салт етістік пен сабақты етістікті етіс категориясымен бірге қарау, бұдан кейінгі жылдары шыққан мектепке арналған оқулықтар мен жоғары оқу орнына арналған грамматикаларда да орын алып келді.
Ғалым Аққал Қалыбаева етіске берген сипаттамасында етіс категориясының етістікке қатысы жайында және сабақты етістік пен салт етістіктердің етіс категориясы мен байланысы жөнінде, етістің түрлері, олардың жасалу жолдары, етіс категориясының мағынасы мен тұлғалық ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасап, «Етіс мәселесін дұрыс шешу үшін, сөйлем мүшесі (баяндауыш) мен сөз табының (етістік) ерекшеліктерін байланыстыра салыстырып, бірінен бірін бөлмей тұтас қарау қажет» - деген құнды тұжырым жасайды.
Етіс жұрнақтары түбір етістіктерге де, арнаулы жұрнақтар арқылы жасалған туынды етістіктерге де, күрделі етістіктердің түр-түрлеріне де жалғана береді. Оқулықтарда етіс - негізгі етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, өздік етіс, - деген бес түрге бөлініп, негізгі етіске мынадай түсінік берілген: «Негізгі етістің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктердіңде, күрделі етістікгердің де негіздері жатады. Әдетте етістік негізінің субьекті мен обьектіге қатысы я субьекті мен обьектінің етістік негізіне (амалына) қатысы сол негіздің бастапқы лексикалық семантикасына қарай анықталатындықтан, оның семантикалық ерекшелігі, грамматикалық (синтаксистік) қызметі туралы да арнайы сипаттама беру қажет болмайды». Бұл түсініктің өзінен анық көрінетіндей, негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымнан, мейлі негізгі түбір, мейлі туынды түбір болсын, не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ және грамматикалық я лексикалық категория (түрлеріне) негіз болатын тұлға, яғни негізгі етіс деп аталған, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түрлеріне негіз ғана болады.
Достарыңызбен бөлісу: |