12 – сурет. Жоғары оқу орнының инновациялық ортасы
Университетті жаңарту, білім беру тиімділігін арттыру жолдарын іздестіру көптеген бағыттар бойынша жүзеге асырылуда:
– дамыта оқыту педагогикалық жүйесі ендірілуде;
– жеке пәндерді көптеген нұсқалардың ішінен таңдау арқылы тереңдетіп оқыту жүргізілуде;
– саралап және жекелеп оқыту негізінде көп деңгейлі оқыту жүзеге асырылуда;
– оқыту үдерісінде модульдік жүйе іске асырылуда және т.б.
Жаңа білім беру үлгілерінің өрістеуі жаңа типтегі университеттердің пайда болуына алып келді. Жаңа типтегі университеттердің пайда болуы университеттің педагогиклық жүйесінің ауқымы және күрделілігі жағынан түрлі өзгерістерді айқындайды. Республикамыздағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жұмыс сапасын үздіксіз жетілдіруге енгізілген «Кайдзен» жүйесі де зор ықпал жасап отыр. Оған университеттің барлық оқытушылары, қызметкерлері және студенттер толық тартылған. Университет ұжымының жаңару мен жаңғыру жолында еңбектері өзінің алғашқы жемістерін беруде. Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес 2011 жылы ҚазҰУ үздік секіріс жасады. Дүниежүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде әлемдік топ-университеттер рейтингінде бірден 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәрежеге енді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып табылады.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өзінде-ақ Жапонияда жай сапа мен өнімділіктен де кең ұғымды қамтитын “кайдзен” тұжырымдамасы жасалған болатын. «Кайдзен» ұғымы өзіне тауарлық өндірістің басқа да, мысалға, сапаға жаппай бақылау сияқты элементтерін, жаңашылдық ұсыныстар жүйесін, сапа үйірмелерін, кем-кетіксіздікті және т.б. қамтиды. Жапон менеджментінің ерекшелігі – жетістікке қол жеткізудегі айқындаушылардың бірі ретіндегі нәтижесіне қарамастан, үдеріске барлық қызметкерлердің қатысуы болып табылады. «Кайдзен» стратегиясы мәні тәртіптеме және үдерістер нәтижелілігін, ұсынылатын қызметтер сапасын арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұжым мүшелерінің идеяларын іске асыруда жатыр.
«КАЙДЗЕН» стратегиясы әрбір жеке қызметкер деңгейінде идея ұсынуды және оны әзірлеуді ұйғарады, бұл оның нәтижелілігін, тиімділігін және нәтижелер сапасын жақсарту мақсатында қандай-да бір үдерісті немесе тәртіптемені жаңғыртуға немесе оңтайландыруға бағытталады.