сен байқайсың ба?
күздің ішінде тағы бір күз барын.
және жапырақтардың бұл әңгімеге
дым қатысы жоқ.
мәселе тіпті күз деген сөзде емес.
мәселе кеңістікте.
жылдар өткен сайын немен толтыратыныңды білмейтін
бос кеңістікте.
Жасампаздықты жырламақ болған оркестр –
саябақта жиналамыз деп келісіп,
жалғыз барабан ғана келгендей бұл жолы.
қалған аспаптар жыл өткен сайын
сенің өміріңде болмаяқ қойсақ ештеңе етпес деп шешкендей.
сезімге мәрт мезгілдер
балалық иелігінен қашықтаған сайын
ғашықтығыңнан гөрі дұрыс ұйқыны орынды санай ма...
енді осылай,
барабанның қайталана беретін ырғақтарын
күнтізбеге жаттатып қойып,
өзің... шетте
бақылап тұрсаң
***
Мүмкін күз ол жәй сезім шығар...
Бойыңды салқынға тосып ешқайда оралғың келмейтін
Әлде күз ол таныс бір дауыс шығар
Қай жерден бұрын естігеніңді білмейтін
Мүкін күз кенет айтылған әзіл шығар
Рас болғандықтан күлмейтін
Немесе күз сүйікті бір кітап шығар
Ешкімге оқи тұруға бермейтін
Күз әлде
ғаламдық бір құпия шығар
Бәрі білсе де...
ешкім сенбейтін
Күз осы
менің ала мысығым ба әлде
Ешқашан тышқан көрмеген
Әлде күз әдемі оралған сыйлық шығар
Ішінде не барын көргің келмеген
Мүмкін күз наубайханадағы таңғы кезек шығар
Қарт әжейлердің шағын дорбасын кернеген
Білмеймін
Мүмкін күз
қарапайым бір сұрақ шығар...
Мен әлі жауап бермеген
Достарыңызбен бөлісу: |