1-топ мүлдем көрмейтін балалар;
2-топ көру деңгейі төмен балалар;
3-топ көру деңгейі функционалдық бұзылған балалар. (қыли, амблиопия )
Нашар көретін балалар
Бұл санаттағы балалардың көру өткірлігі көзілдірікпен түзете отырып жақсы көретін көзде 0 (0 %) мен 0,04 (4 %) аралығында болады. Сондай-ақ, көру өткірлігі жоғары (1-ге дейін, яғни 100 %) бірақ көру аумағы 10-15 градусқа дейін немесе көру нүктесіне дейін шектеулі балалар жатады. Бұндай балалар көруді танымдық және бағдарлық әрекетте шектеулі қолдана алатындықтан олар көрмейтіндер қатарына жатқызылады. Көру талдағышының зақымдану ауырлығы мен сипаты барлық сенсорлық жүйесінің дамуына әсер етеді, қоршаған ортаны танудың басты жолдарын, сыртқы әлемді қабылдау толықтығы мен нақтылығын анықтайды.
Нашар көретін оқушының жұмыс үстелінің орналасқан жері:
Сабақта тақтамен жұмыс істеген кезде мұғалім баланың не жазылғанын жақсы көретіні мен түсінетініне көз жеткізуге тиіс. Алыстан нашар көретін баланы тақтаға жақын, бірінші немесе екінші партаға, алыстан көретін баланы тақтадан алыс, соңғы партаға отырғызу керектігін ескеру керек. Бұл баланың көру қабілетіндегі ауытқулардың ерекшеліктеріне негізделген. Нашар көретін бала сабақтың кез келген кезеңінде өзінің жұмыс орнынан тақтаға дейінгі аралықта еркін қозғалу мүмкіндігіне ие болуы тиіс: нашар көретін баланың мектепке құралдарына арналған арнайы шкафты қарастырыңыз және оған материалды өз бетімен табуды үйретіңіз; егер сыныптағы орындықтар мен үстелдің орналасқан жері ауысса, оқушыға ескертіңіз; есікті және шкафты ашық қалдырмаңыз.
Жұмыс тәсілдері
Сабақтағы көз жүктемесі. Рефракциясында ауытқулары (алыстан көрмеушілік, алыстан көрушілік) бар балалардың көзі қатты шаршайды, сондықтан оларға сабақта мүмкіндігіне қарай түрлі жұмыстар беру керек, яғни көз жұмысын басқа жұмыс түрлерімен кезектестіру керек. Нашар көретін білім алушылар үшін көз жүктемесі үзіліссіз 15 минуттан аспауға тиіс, көз жұмысы кезеңдері арасындағы тынығу кем дегенде 5 минутты құрауға тиіс.