Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 17. Мүмкіндік пен шындық



Pdf көрінісі
бет286/422
Дата11.11.2022
өлшемі3,76 Mb.
#49318
1   ...   282   283   284   285   286   287   288   289   ...   422
Байланысты:
2 (1)

§ 17. Мүмкіндік пен шындық
Мүмкіндік пен шындық ұғымдары себептілікті толықтырып, 
даму барысын терең түсінуге мүмкіндік береді. Кең түрде алғанда, 
шындыққа бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап дүние жатады. Тар мағынада 
шындық деп кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағынасына 
толы нақтылы өмір сүретін жеке нысанды айтамыз.
Ал мүмкіндікке келер болсақ, ол – заттың бүгінгі болашағы, 
оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, 
алғышарттары.
Бұл санаттарды философияға алғаш енгізген Аристотель болатын 
(dynamіs – грек сөзі, мүмкіндік, energeіa – шындық; латынша: actus – 
шындық, potentіa – мүмкіндік). Оның ойынша, қозғалыс пен даму 
дегеніміз – мүмкіндіктің шындыққа айналуы: ұрық – болашақ адамның 
мүмкіндігі, жерде жатқан мәрмәр тас – Венера мүсінінің мүмкіндігі, 
тастың шындығы, кірпіш – саздың шындығы, үйдің мүмкіндігі т.с.с. 
Аристотельдің ойынша, материя – таза мүмкіндік қана. Оны шындыққа 
айналдыратын – эйдос, форма ғана. Кейбір кезде ол энтелехия ұғымын 
пайдаланады.
Ортағасырлық философияда Аристотельдің кіргізген осы ұғымдары 
оның негізгі санаттарына айналады.
Жаңа дәуірдегі көп ойшылдар шындықтағы себептілікті зерттеуге
көп көңіл бөліп, мүмкіндікті теріске шығарып, я болмаса оны кездей-
соқтықпен теңеді. Ал Кант оларды тек қана ойға берілген априорлық 
модальдық санаттар ретінде түсінді.
Гегель мүмкіндік пен шындықты абсолюттік идеяның өз-өзін 
танудағы белгілі бір сатысындағы туындылары деп қабылдады. Осы 
тұрғыдан алғанда, мүмкіндік – шындықтың дерексіз сәті ғана, ал 
соңғы – мән-мағына мен өмір сүрудің, ішкі мен сыртқының бірлігі – 
нақтылы болмыс.
Маркстік философияда бұл санаттар дүниенің қозғалуы мен 
дамуының негізгі сәттері ретінде қаралады. Олар бейорганикалық, 
тіршілік, қоғам ойлауда өз көріністерін табады: қайсыбір мүмкіндік 


424
белгілі жағдайда шындыққа айналады да, сонымен қатар өзімен бірге 
болашақ өзгерістердің, мүмкіндіктердің ұрығын әкеледі т.с.с. Ол оның 
ішкі қайшылығынан шығады. 
Мүмкіндік пен шындық туралы бүгінгі түсініктерге келсек, шындық 
дегеніміз – заттың өзекті болмысы, ал мүмкіндік – ішкі қайшылықтан 
шығатын заттың дамуының бағыттары, алғышарттары.
Нақтылы шындық өзінің дамуы барысында біршама мүмкіндіктерді 
бойында сақтайды. Бірақ оның көлемі шексіз болмайды – ол белгілі 
бір заңдылықтармен шектелген. Мүмкін еместік – заттың шынайы 
заңдылықтарының шеңберінен шығатын мүмкіндік, ол ешқашанда 
өмірге келмейді. Мысалы, кәрінің жасөспірімге айналуы, я болмаса 
Күннің бетінде тіршіліктің өмір сүруі т.с.с.
Сонымен қатар дерексіз және шынайы мүмкіндіктерді айыру қажет. 
Дерексіз мүмкіндік – заттың даму заңдылықтарына қайшы келме-
генмен, нақтылы ахуалда дүниеге келуіне жағдайлардың жоқтығын 
көрсетеді. Шынайы мүмкіндіктің өмірге келуге нақтылы алғышарттары 
бар, ол шындыққа уақыты келгенде айналады. 
Мүмкіндіктің шындыққа айналуы үшін, негізінен, екі алғышарт 
керек. Олардың біріншісі – белгілі бір заңдылықтардың болуы, екін-
шісі – нақтылы керек жағдайлардың жасалуы.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әрбір шындық өз ішінде біршама 
мүмкіндіктердің ұрығын сақтайды. Сондықтан заттың дамуында 
белгілі бір бейнақтылық сақталады. Егер белгілі бір жағдай толығынан 
болмаса, онда ол мүмкіндік басқа мүмкіндіктермен бірге сол қалпында 
қала береді. Жағдай толығынан туған кезде ол мүмкіндік жеңіп, 
шындыққа айналады.
Өлі және тірі табиғатта мүмкіндіктер стихиялық түрде неше түрлі 
шытырман байланыстардың ішінде белгілі бір нақтылы жағдай пайда 
болған кезде шындыққа айналады. Онда әсіресе кездейсоқтықтың рөлі 
өте үлкен – оны келесі тарауда талдайтын боламыз. Бұл арада, тек 
мысал ретінде, қайсыбір тіршіліктің шашатын ұрығының саны мен 
солардың шындыққа айналатын санын келтіруге болады. Миллионда-
ған балықтың уылдырығынан ондағаны ғана өсіп-өніп, балыққа 
айналады. Қалғандары лайықты жағдайға кез болмай құриды, яғни 
мүмкіндік шындыққа айналмай қалады.
Қоғам өмірінде жағдай басқаша қалыптасады, өйткені оларды 
адам саналы түрде өз қолымен жасайды. Адамдар қалалар салып, 
жасанды көлдерді тудырады, өсімдіктер мен жануарлардың даму 
мүмкіндіктерінің ішінен қолайлысын тауып алып, оның шындыққа 
айналуына жағдай тудырып, көмектеседі. Мысал ретінде бидайдың 
қуаңшылыққа қарсы тұра алатын сорттарын дүниеге әкелу, сүтті көп 
беретін сиырлардың тұқымын шығару т.с.с. айтуға болар еді. 


425
Сонымен қатар айнала қоршаған ортаны жасанды өзгертуде адам-
зат көп келеңсіз нәтижелерге де жетті, өйткен себебі, бір ғылыми 
жаңалықты енгізіп, оның пайдасын табу жолында оның өзімен бірге 
әкелетін теріс жақтарын көбінесе болжай білмейді. Соңында оның пай-
далы жағы теріс жағынан кем болып шығып, жаңа мәселелерді туды-
рады. Оған бүгінгі таңдағы экологиялық дағдарыс мысал бола алады.
Мүмкіндік пен шындықтың қоғам өміріндегі көрінісіне келсек, 
онда адами фактордың орны ерекше. Ол адамдардың саналы іс-әрекеті, 
қажымас қайраты, саяси және құқықтық пісіп-жетілгені, күш-қуаты, 
ұйымдасу деңгейіне т.с.с. байланысты. Мысалы, бүкіл дүниежүзілік 
қауымның соғысқа қарсы іс-әрекетінің негізінде ядролық соғыстың 
болу мүмкіндігі толық жойылмағанмен, алыстады деп айтуға құқымыз 
бар. Оны дүниежүзілік деңгейде жою үшін, жаңа халықаралық 
экономикалық тәртіп орнатып, дамыған алпауыт елдердің әлсіз елдерді, 
олардың табиғи байлықтарын қанауын тоқтату керек. Оның біздің елге 
де қатысы бары сөзсіз. Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді, 
оны оқырман өз рухани толғауымен толықтырады деген ойдамыз.
Қоғам дамуындағы мүмкіндіктерді сараптап, ең тиімді шешімдерді 
қабылдауда саясаттың орны ерекше. Сондықтан саясатты кейбір 
кезде «мүмкіндіктің өнері» дейді. Саясатта қоғамның барлық ресурс-
тары есепке алынып, «мақсатқа лайықты» шешімдер қабылданады. 
Алайда жалаң технократизм қоғам өмірінде теріс салдарлар тудырып, 
әлеуметтік қайшылықтарды өршітуі мүмкін. Сондықтан қайсыбір сая-
сат адамзаттың мыңдаған жылдардағы қайғы-қасіреттен өтіп жеткен 
«жалпы адамзат құндылықтарын» өзінің іргетасы ретінде есептеуі 
керек. Сонда ғана оған тағылған «саясат – лас іс» деген тұжырым 
қоғамдық санадан алыстай бастайды.
Қоғам өміріне қатысты прогрессивті (алға жылжу) және 
консервативті (бұрынғы жағдайды сақтау, өзгермеуге тырысу) мүм-
кіндіктерді айтуға болады. Ал оларға «даму бағытына» арналған 
тарауда ерекше тоқталатын боламыз.
Енді мүмкіндіктің шындыққа айналуының тәсілдері қандай? деген 
сұрақтың кезегі келді. Оған келесі тарауда жауап берейік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   282   283   284   285   286   287   288   289   ...   422




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет