Н.Макиавеллидің сәттілік ұғымының мән-мағынасы Қайта өрлеу заманындағы көп ойшылдар сияқты, Н.Макиавелли
де өмірге деген самарқаулыққа теріс қарап, оған белсенділікті қарсы
қойды. Ал адамның өмірін ол сәттілікпен (фортунамен) тығыз байла-
ныстырды. Макиавелли заманындағы фортуна ұғымы, көне замандағы
фатумнан (fatum – латын сөзі, тағдыр) анағұрлым бөлек. Егер фата-
лизм адамның өмірі, жүріс-тұрысы мен іс-әрекеті алдын ала болжанған,
онда ешқандай таңдау, еріктік, кездейсоқтық жоқ, оған қарсы тұруға
болмайды деп есептесе, фортуна ұғымы әлеуметтік қажеттілікпен
теңелгенмен, ол ешқашанда адамның ерікті іс-әрекетін толығынан жоя
алмайды. Н.Макиавелли: «Елу де елу» формуласына жақын фортуна
біздің іс-әрекетіміздің жартысын өзіне көндірсе, екінші жартысы біздің
өзіміздің еркіміз, өжеттілігіміз, қайрат-күшімізбен байланысты», –
дейді. Сондықтан «абайлаудан гөрі батылдық жақсы», өйткені «фор-
туна – әйел, ал онымен тіл табысу үшін оны оқтын-оқтын сабап алу
керек», неге десеңіз, ол «әйел ретінде жастардың досы, ал олар алды-
артына қарамай, батыл түрде тарпа бас салып, оны өз еркіне көндіреді».
Алдына үлкен мұрат-мақсаттар қойып, оларды іске асыру жолында
адамның батыл, тиімді іс-әрекеттер жасауын Н.Макиавелли «вирту» (vіrtu – лат. сөзі, айбындылық, қайраттық) деген сөзбен береді.
Алайда толыққанды виртуды іске асыру әрбір адамның қолынан
келе бермейді. Қарапайым адамдар, әлбетте, өте жақсы да, жаман
да емес, өздерінің жүріс-тұрыстарында «ортаңғы жолды» ұстайды,
оның өзі үлкен нәтижелерге ешқашанда әкелмейді. Ал тарихтағы
ұлы тұлғаларға келер болсақ, олардың жүріс-тұрысы, іс-әрекеті тіпті
басқаша, олар алдына үлкен мақсаттар қойып, бүкіл санасезімін, еркін,
күш-қуатын сол істі өмірге енгізуге тырысады.
Н.Макиавелли ұлы адамдардың іс-әрекетінің нәтижелілігі тек қана
олардың айбындылығымен, виртумен ғана байланысты деген пікірден
аулақ. Ұлы адамдардың қайратты іс-әрекетінің жемістілігі – сол
заманның қойған талаптарына сай келуінде.
Қорыта келе, «вирту» ұғымы жаңа гуманистік моральдың негізгі
көрінісі ретінде Қайта өрлеу заманының негізгі құндылығына айнала
бастады. Өзінің мүдделерін өмірге кіргізу жолында адам форту-
наны ауыздықтай алады. Адам – ерікті, саналы, айбынды, күш-қуаты
мол пенде, ол алдына қойған мұраттарды іске асыра алады. Бұл
Н.Макиавеллидің идеялары Жаңа заманның ой-санасына зор әсерін
тигізіп, жалпы алғанда, жүре келе Батыс менталитетінің өзегіне айна-
лады.