«шал мен теңІЗ» Әлем әдебиеті vk com/kitaptar шал мен теңіз (хикаят)



Дата13.12.2022
өлшемі127,2 Kb.
#57035
Байланысты:
Эрнест Хемингуэй - Шал мен теңіз


Эрнест Хемингуэй
«ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ»
Әлем әдебиеті
vk.com/kitaptar

ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ
(хикаят)
Аударған Н.Ғабдуллин
Шал Гольфстримге қайығымен бір өзі ғана шығып жүрді. Міне, сексен төрт күн болды, теңізге күнде шығады, бірақ қармағына әлі де ештеңе іліккен жоқ. Бастапқы бір жарым айдай уақыт бойында бұған бір бала серік болған еді. Күн өте берді, қолға балық түспеді, содан соң баланың ата-анасы күдер үзіп, бұл шалды "жолын қырсық шалған сорлы-бейбақ" десіп, балаға енді басқа қайыққа ауыс деп әмір еткен-ді. Басқа қайыққа барғанда баланың жолы болып, серігі мен екеуі алғашқы аптаның ішінде-ақ үш ірі жайын ұстаған-ды. Шалдың жағаға күнде құр алақан оралғанын көргенде, бала оны қатты аяп, жаны ашитын; балықшының багор, гарпун секілді құрал-саймандарын, қайық үстіне құратын желкенін қарияның үйіне көтерісіп жеткізіп салу үшін ылғи алдынан шығатын-ды. Қарттың қайығының үстінде шиыршықталып жататын, он бойына кенеп жамау жапсырылған қырық сұрақ желкен - бейне тас-талқаны шыққан жасақтың құлаған туы сияқтанып елестейтін көзге.
Шал - титықтаған арық кісі еді; маңдайы, мойыны арса-арса; бетіне күрең-қоңыр дақтар түсіп, өңі шұбар тартқан, мұндай дақтар ыстық жақтардағы теңіз бетіне түскен күн сәулесінің адамның өңіне шағылысуынан пайда болады.
Шалдың бетін басқан таңдақ мойынға дейін жайылып тараған; екі қолы тілім-тілім, бұл -қармаққа ілінген ірі балықты судан сүйреп шығарған кездерінде алақанды тіліп кеткен қармақбаудың іздері. Жақында түскен жараның орны емес, талайдан қаңсып жатқан қуаң жердің жарығындай ескі жарықтар.
Шалдың өңі де, киімі де - бәрі де тозған, көнерген, тек көзінде ғана ерекше бір нұр бар, теңіз суы түстес жанары қайсар адамның қалпын танытады.
– Сантьяго, - деді оған бала, екеуі қайық тұратын жиектен жағаға шығып келе жатқанда, -теңізден балық аулауға қайтадан сенімен бірге шығуыма болады. Аз-маз ақша тауып алдық. Шал баланы балық аулауға баулыған адам еді, бала оны жақсы көретін-ді.
– Жоқ, сен құтты қайыққа кез болдың. Сонда қал, - деді шал.
– Есіңде ме, бірде балық аулауға өзің күнде шықсаң да қармағыңа сексен жеті күн қатарынан еш нәрсе іліктіре алмаған ең ғой, артынан мен саған серік боп, екеуміз бірге шыққанда, үш апта бойы күн сайын бір-бір ірі жайынды әкелгенбіз де отырғанбыз.
– Есімде, - деді шал. - Менің қасымнан маған сенбегендіктен кетпегеніңді білемін.
– Әкем ғой мені қыстаған, ал мен әлі баламын, бағынуға тиістімін.
– Түсінемін. Өйтпеске бола ма, - деді шал.
– Біздің жолымыз боларына әкем онша сеніңкіремейді.
– Иә, солай, - деді шал. - Ал, бізде сенім мол. Рас емес пе?
– Әрине. Террасқа барып сыра әперейін, ішесің бе? Құрал-жабдықты сосын апарармыз үйге.
– Мейлің, - деді шал. - Балықшы балықшыға қонақ кәде жасағысы кеп тұрса, бас тартпалық...
Екеуі сыра ішетін жерге кеп жайғасып отырысты, балықшылардың біразы шалды келемеждеп күліп те жатты, қария бұған ренжіген жоқ. Кексе балықшылар шалға аянышпен қинала қарап қойып, бірақ сыр бермей, судың ағыны тұрасында, қармақты қаншалық тереңге апарып салғандары жайында, ауа райы жөнінде, теңізден көрген-баққандары хақында сыпайы ғана әңгімелесіп отырды. Бүгін жолы болып олжалы қайтқандар ұстаған марлиндерінің ішін жарып тазалап, бір-бір балықты қос сырыққа көлденең салып, сырықты екі жағынан екеулеп көтеріп, қоймаға тасып апарып жатты. Балық осы арадан рефрижераторғатиеліп, Гавана базарына жөнелтілетін.
Қармақтарына акула іліккен балықшылар бұл олжаларын екінші беттегі акуланы сойып-тұздайтын зауытқа апарып өткізеді. Мұнда акуланы шығырға салбырата іледі де, бауыры мен желбезегін сылып алып, терісін сыпырады, сосын етін жұқалап тіледі де, тұздап тастайды.
Жел шығыс жақтан соққанда мұрынға акула фабрикасының қаңсық иісі келетін еді, бірақ, бүгін жел теріске ауытқып басылып қалғандықтан, иі жөнді білінбеді. Күн нұрына малынып тұрған Террас жанға жайлы-ақ.
– Сантьяго, - деді бала.
– Әу, - деп үн қатты шал. Ол өзінің сыра құйылған стақанына қарап отырып, өткен бір күндерді есіне түсірді.
– Ертең саған сардина-балық ұстап берейін бе? - деді бала.
– Әуре болма. Одан да бейсбол ойна. Қайық есуге өзімнің де шамам келеді, ал ау құруға Роджелио бар.
– Жоқ, ay құруды маған тапсыр. Балық аулауға сенімен бірге шыға алмайтын болсам, тым құрыса өстіп қолқабыс етейін.
– Сыра әперіп, сыйлап отырсың ғой, міне. Азамат болғанның белгісі бұл, - деді шал.
– Сен мені теңізге алғаш алып шыққанда нешеде едім осы?
– Бесте болатынсың. Со жолы бір ажалдан қалып ең. Сала құлаш жайынды судан суырып алып, қайыққа қайырып тастағанымда, шоршып тулап, быт-шытымызды шығара жаздаған-ды. Есіңде ме сол?
– Есімде. Балықтың тулағаны, құйрығымен соғып банканы сындырғаны, сенің онымен қалай алысқаның - бәрі есімде. Мені қайықтың арт жағына, су-су ау жатқан жерге қарай ытқытып жіберіп, балықты тоқпақпен төпей бергенсің, қайық қалт-құлт етіп, қолыңдағы тоқпағың бейне балтамен ағаш шауып жатқандай, балыққа дүңк-дүңк тиген еді, айналаны қанның иісі алып кеткен болатын.
– Осының бәрін өзің есте сақтадың ба, әлде саған кейіннен мен айтып беріп пе едім?
– Мені қасыңа ертіп, балық аулауға алып шыққан ең алғашқы күннен бастап бәрі де есімде, бірін де ұмытқам жоқ.
Шал күнге қарығып қызарыңқы тартқан көзімен балаға мейірлене, сүйсіне қарады.
– Өз ұлым болсаң, қасыма қазір-ақ іркілмей ертіп әкетер едім. Ал сенің әке-шешең бар, оның үстіне өзің жақсы қайыққа кез болған екенсің.
– Отыра тұршы, сардина алып келейін. Жатқан жерін білемін, үш-төртеуін алып келейін.
– Өзімнің бүгін ұстаған балығым да со қалпында тұр. Жәшікке тұздап салып қойғам.
– Мен саған төрт жас балық алып келейін.
– Біреуін әкелсең де қанағат, - деді шал
Ол болашаққа деген сенімі мен үмітін еш уақытта жоғалтқан емес-ті. Теңіз жақтан салқын самал ескендей рақат таптырып, көңілдегі күйді ширықтыра түсті.
– Жоқ, екеуін әкелемін, - деді бала.
– Мақұл, әкеле ғой, - деді шал көніп. - Зәуаты, бір жерден қымқырған жоқ па едің?
– Қымқырғым келсе, қымқыруыма да болар еді. Бірақ, сатып алдым.
– Рахмет, - деді шал.
Баланың айтқанына көне кетті, мұны өзіне мін көрмеді, еш қалтарысы жоқ ақкөңіл адам болғандықтан, ондай ой басына келмеді де. Баланың пейіліне шын ықылас білдірді, мұнда тұрған не сөкеттік бар? Масқараға қалдыратындай, адамгершілікке нұқсан келтіретіндей іс емес қой. Шал солай деп біледі.
– Жел бағыты ауытқымаса, ертең күн райы жақсы болады, - деді шал.
– Балықты қай тұстан ауламақсың? - деп сұрады бала.
– Жағадан аулағырақ барып аулаймын. Жел бағыты өзгерсе ғана кейін қайтамын. Өзім таңертең ала көбеден шығамын.
– Біздің қайықтың иесін де жағадан ұзаңқырап шығуға көндіру керек болар. Қармағыңа ғажап бір ірі балық іліксе біз саған жәрдем берер ек.
– Сенің иең жағадан тым жырақтап кеткенді жақтырмайды.
– Рас, - деді бала. - Бірақ оған, шағалалардың қалай ұшқанын да байқатпайтындай етіп, бір айла жасармын. Содан кейін оны алтын макрельдер жүзіп жүретін қиырға қарай ұзаңқырап шығуға көндіруге болады.
– Оның көзі соншалық нашар көретін боп қалғаны ма?
– Мүлде соқыр болуға жақын.
– Сұмдық екен. Ол теңіз тасбақасын аулауға еш уақытта шыққан кісі емес еді. Көзге осы тасбақадан көбірек зақым келеді, кісі көбінесе содан соқыр болады.
– Сен теңіз тасбақасын талай жыл аулап едің, сонда да көзіңде ешқандай кемдік жоқ қой.
– Мен - елден ерек шалмын.
– Қармағыңа ғажап бір нән балық іліксе, оған шамаң келер ме еді?
– Келер деп ойлаймын. Мұндайда ең басты нәрсе - ептілік.
– Ал кәне, тұрайық, құрал-жабдықты үйге апарайық. Сосын мен ауды алайын да, барып сардина әкелейін.
Екеуі құрал-жабдықты қайықтан түсірді. Желкен құрылатын кіндік діңгекті иығына салып шал алып жүрді де, шумақталған қармақбаулар салынған кішкене ағаш жәшікті, багор мен тұтқалы гарпунды бала көтерді. Қармаққа шаншатын құрт-шабақ салынған жәшік, судан сүйреп алынған жайынды қарағұстан соғуға керек тоқпақ қайықтың түбінде қалды. Шал керек-жарағын қайықта түгел қалдырып кетсе де, бұларды ұрлауға ешкімнің қолы бара қоймас еді, бірақ шыққа малынып дымқыл тартып қалмас үшін ауыр құралдар мен желкенді үйге апарып қойғаны теріс емес. Бұл жердің тұрғындарының бір де біреуі мұның мүлкіне қызықпасына шал кәміл сенсе де, багор пан гарпунды бөгде көзден таса ғып, ала кеткенді мақұл көрді.
Екеуі жолмен жоғары көтеріліп, шалдың лашығына келіп, шалқасынан ашық жатқан есіктен ішке кірді. Шал желкен оралған діңгекті қабырғаға сүйеді де, бала қолындағы құрал-жабдықты соның қасына қойды. Кіндік діңгектің ұзындығы - бұл жақта гуапо деп аталатын пальма ағашының жапырағынан жасалған мына лашықтың тұрқына жуық еді. Лашықта бір кереует, бір үстел, жалғыз орындық және от жағып, тамақ пісіру үшін балшық еденнен қазылған жер ошақ бар еді. Престелген жапырақ тақтайлардан қаланған қоңыр қабырғаға тәңірінің бейнесі мен Сайта Мариа дел Кобренің суреті ілінген; түрлі-түсті бояумен әшекейлеп салынған бұл суреттер - шалдың әйелінен қалған мұра болатын. Қабырғада бір кезде оның әйелінің де сәнді жасалған фотосуреті ілулі тұратын-ды, қараған сайын көңілі босай беретін болған соң, шал ол суретті тығып тастаған еді. Қазір бұл фотосурет бұрыштағы сөреде, жуылған таза көйлектің астында жатыр.
– Кешке не тамағың бар?- деп сұрады бала.
– Балық қосып пісірілген бір шөңке күріш ботқа бар. Жейсің бе?
– Жоқ, үйіме барып тамақтанам. От жағып берейін бе?
– Қажеті жоқ. Кейінірек өзім жағып алармын. Не болмаса, күрішті суық күйінде-ақ жей берермін.
– Ауды алуыма бола ма?
– Болғанда қандай.
Бірақ бұл арада ешқандай ау жоқ еді, оны өздері әлдеқашан сатып жіберген-ді, мұның бәрі баланың есінде. Сонда да екеуі сыр бермей, шалдың қолында сол ау бар секілді пішін танытатын бір-біріне. Балық еті қосып пісірілген шөңке толы күріш ботқа да жоқ-ты, бала мұны да білетін.
– Сексен бес - Құтты сан, - деді шал. - Салмағы мың қадақ тартатын бір жайынды ертең соқпас па екем?
– Мен ауды алып, сардина әкелуге барып келейін. Сен есік алдыңда күн шуақта отыра тұр.
– Мақұл кешегі шыққан газет бар еді менде. Бейсбол туралы жазғанын оқи тұрайын.
Шалдың газеті шын барын, немесе бұл да құр айтылған сөз екенін бала біле алмай тұр еді. Қария расында да бір газетті кереуеттің астынан суырып алды.
– Мұны маған шарап дүкенінде Перико беріп еді, - деді жайын айтып.
– Мен бір азырақ балық аламын да қайта оралам. Сосын екеуміздің балығымызды да салқын жерге қоямын, ертең таңертең бөлісіп аламыз. Ал бейсбол жөнінде қайтып келген соң айтып берерсің маған.
– "Янки" ұтылмасқа керек.
– Кливлендік "Индейстер" оларды топайдан бір-ақ қақпаса неғылсын!
– Қорықпа, балам! Ұлы Ди Маджионы есіңе ал.
– Мен тек "Индейстерден" ғана емес, Детройттың "Жолбарыстарынан" да қорқамын.
– Сен тіпті бара-бара Цинциннатидің "Қызылөңділерінен" де, Чикаголық "Ақ шұлықтардан" да қорқарсың.
– Газетті оқы-дағы, мен келген соң айтып бер бәрін.
– Сексен бес деген саны бар лотерея билетін сатып алсақ қайтеді, о? Ертең сексен бесінші күн ғой?
– Сатып алсақ несі бар? - деді бала. - Әлде сексен жеті деген саны бар билетті алған тиімді ме? Бұдан бұрынғы бір жолы қолға олжа сексен жеті күн дегенде ілігіп еді ғой.
– Еш нәрсе де екі рет қайталанбайды. Ал өзің сексен бес деген саны бар билетті таба аласың ба?
– Тапсырыс беремін.
– Жалғыз билет. Екі жарым доллар керек. Бұл ақшаны қайдан қарызға алсақ екен?
– Оп-оңай! Екі жарым долларды кімнен болса да сұрап ала аламын мен.
– Бұл менің де қолымнан келер еді. Бірақ, қарыз алмауға тырысамын. Әуелі қарыз сұрасаң, артынан қайыр сұрарсың...
– Өзіңе салқын тиіп қалмасын, қария, қазір қыркүйек айы, күз екенін ұмытпа.
– Қыркүйекте ірі балықтар жөңкіліп жүре бастайды. Қайратты осы кезде көрсету керек. Мамыр айында балық аулау әркімнің-ақ қолынан келеді.
– Ал, кеттім сардина ұстап әкелуге, - деді бала.
Ол қайта айналып келгенде, күн батып, ымырт үйіріліп қалған еді, шал орындықтың арқалығына арқасын сүйеп ұйықтап отыр екен. Бала кереуеттің үстінен көнетоз көрпешені алып, шалдың иығына жапты. Кәрілігіне қарамастан, шалдың жауырыны қақпақтай, екі иығына екі кісі мінгендей сом тұлғалы еді, мойны да жуан болатын; қазір ол басын төмен салбыратып ұйықтап отырғанда, желкесінің қатпар-қатпар әжімдері де жөнді байқалмады. Үстіндегі көйлегі қайығына құратын желкені секілді қырық жамау еді, жапсырылған жамауларының бірі шала оңып, бірі күнге күйіп, мүлде ағарып кеткен. Шалдың сырт бітімі сом көрінгенмен, өңі тым кәрі еді, қазір ол көзін жұмып, ұйықтап отырған шағында өңі мүлде тым солғын тартып, жансыз адамның кескініндей елестеді. Оқыған газеті тізесінің үстінде жатыр, жел ұшырып кетпес үшін шынтағымен басып апты. Аяғы жалаң аяқ.
Бала шалды оятқан жоқ, шығып кетті. Біраздан соң қайта айналып келсе, шал әлі ұйықтап отыр екен.
– Ұйқыңды аш! - деді бала оятып, шалдың салбыраған қолын оның тізесінің үстіне қойды.
Шал көзін ашты. Ұйқысынан тез сергіп, күлімсіреді.
– Не әкелдің? - деді.
– Тамақ әкелдім. Қазір ауқаттанамыз.
– Қарным онша аша қойған жоқ.
– Келіңіз, тамақтанамыз. Аштан-аш балық аулауға болмайды.
– Мен аш жүріп те балық аулап көргенмін, - деді шал газетін бүктеп, орнынан түрегеле беріп. Арқасына жабылған одеялоны алмақ болып еді.
– Көрпешені қозғама, - деді бала, - өзім тірі тұрғанда сені балық аулауға аштан аш жібере қоймаспын.
– Онда өзіңді сақтай біл, ғұмырыңның ұзақ болуын ойла, - деді шал - Ал тамағың қайсы, не жейміз?
– Қара бұршақ қосқан күріш пен қуырылған банан бар, және піскен сиыр етін жейміз.
Бала Террастағы кішкене мейрамханадан металл ыдыспен тамақ алып келген-ді. Шанышқы, пышақ, қасықты әрқайсысын қол сүртетін үлбірек қағазға бөлек-бөлек орап, қалтасына салып әкелген еді.
– Мұның бәрін кім берді саған?
– Мейрамхананың қожайыны Мартин берді.
– Оған алғыс айту керек.
– Алғыс айттым, ала көңіл болмай-ақ қой, - деді бала.
– Ірі балық ұстасам, ең еті мол бөлігін соған әкеп берермін-ау, - деді шал. - Оның бізге еткен жәрдемі жалғыз бұл ғана ма?
– Иә, бір ғана бұл емес.
– Ендеше оған балықтың тек бір бөлігін ғана беру аз болады. Ол бізге көп жақсылық еткен кісі.
– Оған бүгін сыра да алып бердім.
– Мен консервіленген сыраны тәуір көремін.
– Білемін. Бірақ, бүгін ол шыныға құйылған сыра берді. Шынысын қайыра өткіземін.
– Ой, рахмет саған, - деді шал - Қане, ауқаттанамыз ба?
Meн саған тамақтанайық деп мана айттым ғой, - деді бала шалды еркелей кінәлап. - Сені үстел басына қашан кеп отырар екен деп күтудемін, тамақ суып қалмасын деп, ыдыстың қақпағын да ашпай отырмын.
– Ал, тамақтаналық. Жуынып алуым да керек еді-ау.
"Қайда барып жуынбақсың?" деп ойлады бала. Құдық бұл арадан екі квартал жырақ жерде. "Қарияға су әзірлеп, сабын мен жақсы орамал да дайындап қоюым керек екен. Ертерек неге ойламадым мұны? Бұған жаңа көйлек те, қыстық күрте де керек, аяғына бір аяқ-киім және үстіне жамылатын бір көрпе керек".
– Ет дәмді екен, - деп мақтады шал.
– Маған бейсбол тұралы әңгімеңді айтшы, - деді бала оған өтініш қып.
– Американ лигасында, мен айтқандай "Янкилер" ұтысқа ие болулы, - деп, шал сөзін сүйсінген раймен астады.
– Иә, солай, бірақ, бүгін оларды омақасырды ғой.
– Оқасы жоқ. Оның есесіне ұлы Ди Маджио ойынға қайта қосылды.
– Оның бір өзі бір команда емес қой.
– Рас. Бірақ айқастың нәтижесін соның ойыны шешеді. Екінші лигада Бруклиндіктер мен Филаделфиялықтар айқасуда, ойынның барысына қарағанда, Бруклиндіктер- дің жеңетін сыңайы бар. Дик Сайзлердің допты қалай тепкені есіңде ме? Анау ескі паркте ойнағанда оның доп тебуі ғаламат болды ғой!
– Өте ғажап! Ол допты тепкенде, алысқа шырқатып ұшырады.
– Оның Террассаға келгені есіңде ме? Мен оны өзіммен бірге балық аулауға шақырғым кеп, бірақ бұл ойымды айтуға бата алмай, шақырып кел деп өтініш қылғанымда, сен де бата алмағансың.
– Есімде. Жасқанғаным ақылсыздық болған. Біздің шақырғанымызға ол көне кетсе... Сонда не болар еді? Онда өле-өлгенше есте сақталатын оқиға болар еді.
– Шіркін, ұлы Ди Маджионы қасыңа ертіп, теңізден балық аулауға бір шығар ма еді. Жұрт оның әкесі балықшы болған деседі. Кім біледі, ол да бір кезде біз секілді кедей болған шығар, бізден жерімес еді.
– Ұлы Сайзлердің әкесі еш уақытта кедей болмаған. Ол кісі мендей кезінде ең мықты командаларда ойнаған.
– Ал мен сендей кезімде Африка жағалауына жүзіп барған желкенді кемеде юнға едім. Кешкілікте теңіз жағасына шұбырып келген арыстандарды талай көргенмін.
– Мұны маған айтқансың.
– Не жөнінде әңгімелессек екен: Африка жайында ма, әлде бейсбол хақында ма?
– Бейсбол жөнінде әңгімелесейік. Маған ұлы Джон Мак-Грау туралы айтшы.
– Ол да баяғыда біздің Террассаға келіп-кетіп жүретін-ді. Ішіп алса ешкімге ырық бермейтін. Тек бейсбол ғана емес, жүйрік аттар жайындағы әңгімеге де қызу араласа кететін. Ат бәйгесінің бағдарламасын қалтасынан бір тастамайтын, жүйрік аттардың есімдерін телефонмен де айтып беретін.
– Ол - ұлы бапкер болған, - деді бала. - Оны дүние жүзіндегі ең ұлы жаттықтырушы болған дейді ылғи әкем.
– Өйткені әкең оны жиі көруші еді. Егер біздің жаққа Дюроше де жылма-жыл келіп-кетіп жүрген болса, сенің әкең оны да дүние жүзіндегі ең ұлы бапкер деп санаған болар еді.
– Сеніңше қалай, ең ұлы жаттықтырушы кім? Люк пе, әлде Майк Гонсалес пе?
– Меніңше, ол екеуі бір-біріне пара-пар.
– Ал дүние жүзіндегі ең жақсы балықшы - сенсің.
– Жоқ-ә. Менен де асқан балықшылар бар, көбімен жолдас болғанмын.
– Ой тәйір-ай!- деді бала. - Дүниеде жақсы кісілер, сондай тамаша балықшылар аз емес шығар. Бірақ сендей адам еш жерде жоқ.
– Рахмет. Бұлай деп ойлағаныңа қатты қуанамын. Қармағыма тым ірі балық іліге қоймас, ол іліксе, сыр білдіріп алармын да, сенің маған көңілің қап жүрер.
– Бұрынғы күш-қуатың болса суда ондай ірі балық қалмаған да шығар.
– Әлі мықтымын деп ойлағанмен бұрынғы күш-қуат қайдан болсын. Бірақ әдіс-айлам мен шыдамым жетерлік.
– Сен енді жатып ұйықта, таңға дейін тыңайып ал. Ыдыс- аяқты өзім апарып беремін.
– Мақұл. Сен де жақсы жатып, жайлы тұр. Таңертең өзім оятармын.
– Сен мені оятатын қоңыраулы сағатсың ғой, - деді бала.
– Қоңыраулы сағат болатыным - кәріліктен ғой. Қарттардың соншама ерте оянатын себебі не дейсің? Тым болмаса со күнді ұзарту үшін өстетін болар.
– Білмедім. Жастардың көп ұйықтайтыны, қатып ұйықтайтыны ғана мәлім маған.
– Бұл маған аян, - деді шал, - сені уақытында оятамын.
– Неге екенін қайдам, өзімді сенен басқа бөгде біреудің оятқанын жаратпаймын. Мен сол біреуден кемдей-ақ.
– Түсінемін.
– Жақсы ұйықта, ата.
Бала шығып кетті. Бұлар тамақты шырақ жақпай отырып-ақ ішкен, шал қараңғы лашықта шалбарын шешіп, төсегіне келіп жатты. Шалбарды жұмарлап бүктеп, жастық орнына басына жастанды, газетті де соның арасына тыға салды. Көрпешені жамылды да, кереуетке төсеніш ретінде жайылған газеттердің үстіне келіп жата кетті.
Ол тез ұйықтап қалды, өзінің жас кезінде көрген Африкасы, оның созылып жатқан сап-сары жағалауы, көзді ұялтар шаңқан қайыры, биік жартастары мен қызыл шақат таулары түсіне кірді. Ылғи түнде түсінде ол осы Африка жағалауына келетін-ді, биік қабаққа долдана ұрған толқын шуын еститін, жергілікті адамдардың қайықтарын сүйрелеп қырға шығарып жатқанын көретін. Кеменің палубасынан аңқыған қара май мен күйік иісі, жағадан таңғы самал желпіп әкелген Африка иісі мұрнына келетін еді.
Әдетте осы иіс мұрнына келген кезде оянып кететін еді де, төсегінен тұрып, киініп, баланы оятуға жөнелетін-ді. Африка жағалауының иісі бүгін мұрнына ерте келді, шал мұның түс екенін ұғып, биік жартастардың шошайып шығып тұрған аппақ ұшар басын, Канар аралдарының түбектері мен қойнауларын көргісі кеп, ұйқы құшағында қозғалмай жата берді.
Бұрын оның түсіне қым-қиғаш оқиға, дауыл, әйел, жайын балық, төбелес, сұрапыл сайыс жиі енетін еді, өзінің жұбайын да түсінде жиі көретұғын. Енді мұның бірі де түсіне кірмейтін болған. Ол түсінде тек алыстағы елдерді, теңіздің жағасына келген арыстанның күшіктерін ғана көріп жүрді. Қара көлеңкеленген кешкі шақта арыстанның күшіктері мысықтың балалары секілді бірін-бірі тістелеп, домалап-аунап ойнайды; шал бұларға қызығып, сүйсініп қарайды, өзінің қасындағы баланы қандай жақсы көрсе дәл сондай сезіммен қарайды, ал бірақ осы бала шалдың түсіне бір еніп көрген жоқ-ты.
Шал кенет оянып кетті, ашық тұрған есіктен аспандағы айға көз салды да, басына жастаған шалбарын алып киді. Лашықтан шығып дәрет сындырды да, баланы оятпақ болып, жолмен жоғары қарай қозғалды. Таңғы салқын ауадан денесі аздап тоңазиын деді. Бірақ бұл күйдің онша ұзаққа созылмасын біледі. Сәлден кейін қайыққа отырып, қолға ескек алғаннан соң денесінің дыз-дыз қайнап жүре беретіні өзіне аян.
Баланың үйінің есігі ашық тұр еді, шал жалаң аяғым ептеп басып, ішке кірді. Бала алдыңғы бөлмедегі кереуетте ұйықтап жатқан-ды. Терезеден болар-болмас ай жарығы түсіп тұр. Шал баланың қасына кеп, сирағынан ақырын ғана қысып ұстады; бала ұйқысынан оянып, шалқасына аунап түсіп, бұған көзін ашып қараған кезде ғана қария қолын босатып, басын изеді, бала кереуеттің қасындағы орындық үстіне қойған шалбарын алып, төсегінде отырып киді.
Шал сыртқа беттегенде, бала оның соңынан ере шықты. Ол әлі ұйқысын аша алмай тұр еді.
– Кешірім ет, - деді шал баланы иығынан құшақтап.
– О не дегенің. Ерте тұру - біздің еркек затының пешенесіне жазылған ғой. Бұған лаж жоқ.
Олар жолмен төмендеп, шалдың лашығына қарай беттеп еді. Желкен оралған діңгектерін иықтарына сап көтеріп келе жатқан жалаң аяқ адамдар қараңғы жол бойында алдарынан көп ұшырасты.
Лашыққа келген соң қармақбаулар салынған себетті және гарпун мен багорды бала алды да, желкен оралған діңгекті көтеріп aп шал иығына салды.
– Кофе ішесің бе? - деп сұрады бала.
– Әуелі құрал-жабдықты қайыққа жеткізелік, кофені сосын ішерміз.
Балықшылар тамақтанатын шағын асхана өте ерте ашылатын еді, шал мен бала асханадан консервінің қалбырымен кофе ішті.
– Ата, түнде жақсы ұйықтадың ба? - деп сұрады бала. - Өзі ұйқысы шайдай ашылса да, есінеңгіреп отырды.
– Өте жақсы ұйықтадым, Маналин. Бүгін олжалы қайтармын деп ойлаймын.
– Бұған сөз жоқ, - деді бала. - Ал енді мен уәде еткен балықтарымды алып келейін. Біздің қайықтың иесі құрал-жабдықтарын өзі алып келеді. Ол өзінің заттарын басқа біреудің көтеріскенін жақтырмайды.
– Ал, біз ондай емеспіз. Құрал-жабдықты мен саған бес жасыңнан бастап-ақ көтеруге бере бергем.
– Білемін, - деді бала. - Кішкене отыра тұршы, қазір келем. Тағы кофе іш. Бізге қарызға береді мұнда.
Ол су жағасының маржандай жылтыраған уақ майда тастарын жалаң аяғымен судырлатып, жем балық сақтайтын тоңазытқышқа қарай жүгіре жөнелді.
Шал кофені асықпай ішті. Кофеге қазір жақсылап тұрып қанып алмақ, өйткені, осыдан кейін бүгін нәр татпайтыны өзіне аян. Ac қамдау, тамақ пісіру дегеннен ол әбден жалыққан еді, балық аулауға шыққанда ешқашан да жолазық алмайтын-ды. Қайығының тұмсық жағына апарып бір құмыра су қояды, кешке дейінгі қорегі - сол су ғана.
Бала қағазға орап балық алып келді.
Екеуі тар соқпақпен төмен құлдилап, аяқтарымен басқан жерінің құмдақ топырағын сусыта, суға қарай бет алды. Қайықты тұрған орнынан сәл көтере итеріп суға түсірді.
– Ата, жолың болсын, олжалы қайт!
Сенің де жолың болсын.
Шал ескектің беліндегі тұзақша жіпті қайықтың ернеуіне қағылған тұтқаға ілді де, қараңғыда қайығын ақырын жылжытып қойнаудан шығара берді. Өзге тұстардағы қайықтар да жүзіп шықты; ай таудың ығына жасырынып, төңірек қараңғы тартып тұрғандықтан, бұл қайықтарды шал көре алмады, бірақ ескектердің сықырлап, суды ескені оған анық естілді.
Анда-санда, бірде ана, бірде мына қайықтан балықшылардың сөйлеген үндері құлаққа келеді. Дегенмен көп қайық жым-жырт, о жақтан тек ескектің шолпылы ғана естіліп тұр. Қойнаудан ұзаңқырап шыққан соң қайықтар жан-жаққа бытырай бастады, әр балықшы өзінің балық ұстармын деп дәмеленген жағына қарай бет түзеді.
Шал жағадан ұзап кетуге күні бұрын ұйғарым қылған болатын; ол мұхиттың таңғы салқын самалын бетке алып, теңіздің өріне қарай тұра тарта берді. Айдынның, балықшылар "үлкен құдық" деп атайтын тұсынан жүзіп өтіп бара жатқанда, шалдың көзіне су түбінде жалтыраған балдыр шалынды. Осы тұста судың тереңдігі, теңіз өлшемімен есептегенде, жеті жүз саженьға жетіп, судың түбі кілт шұңқырайып кететін де, толқыған су сол шұңғылға килігіп, иірім жасайтын, сол себепті бұл араға не бір алуан балықтар үйіріліп жиылып қалатын-ды. Майда балықтар мен шаяндар бықи қаптап, судың ең терең жерлеріне шаян текті жәндіктер - каракатицалар толып кететін; бұлар түнде су бетіне қалқып шығатын да, теңіздің кезбе балықтарына жем болатын.
Шал таңның жақын екенін сезді, қайығын ақырын ғана есіп келе жатты, бір мезгілде құлағына дірілдеген бір дыбыс шалынды. Бұл дыбыс - судан ыршып шығып, қатқыл қанатымен ауаны тіліп ұшып бара жатқан қанатты балықтың суылы еді. Шал қанатты балықтарды жанына бір түрлі жақын көретін, олар мұның мұхиттағы аяулы достары еді. Ол құстарды, әсіресе, жем іздеп, бірақ таба алмай, ылғи шарқ ұрып ұшып жүретін нәп-нәзік, кіп-кішкентай теңіз қарлығаштарын қатты аяйтын. "Жыртқыштарын һәм ірі, мықты құстарды есептемесек, көпшілік құстың күнкөрісі біздің күнкөрісімізден гөрі ауырырақ-ау, - деп ойлайтын. - Мұхиттың кейде бұрқырап долданып кететіні бар, құстарды мына теңіз қарлығашы секілді етіп, нәзік қып, әлсіз ғып неге жаратты екен? Мұхитта мейірім де мол, әрі ғажап сұлу, бірақ, кейде ол қаһарына мініп алады. Су бетін шарлап жем іздеп, әлсіз, жалынышты дауыспен үн салып ұшып жүрген құстар мұхитқа тең келе ме, олар тым нәзік қой".
Шал теңізді ылғи ішінен "ла мар" деп атайтын; теңізді жақсы көретін испандықтар осылай дейтін-ді. Кейде сол жұрттың теңізді жақсы көре тұрып, жамандайтыны да бар, бірақ мұндайда сөзді әрқашан әйелдер әуеніне келтіріп, жіңішкертін айтады. Қармақтарының бауларына қалтқы орнына суға батпайтын кеспелтек зат - буй байлап алып, акуланың бауыр етінің қымбат кезінде сатып алған моторлы қайықтарымен жүретін жас балықшылар теңіз деген сөзді еркек әуеніне салып, жуандатып, испанша "ел мар" деп атайтын. Олар теңіз жайын әңгіме еткенде, теңіздің шалқарлығын айтып есілетін, кейде оны бақталасындай, кейде тіпті дұшпанындай көріп те сөйлейтін. Ал, шал теңізді ерекше қасиеттеп, оны - мейірі түссе мол рақымын төгетін, мейірі түспесе, сырт айналып кететін әйелге ғана ұқсатушы еді, теңіз бұрқ-сарқ етіп долданса, көбігін шашса, амалың қайсы, оның табиғатының өзі сондай. "Аспандағы ай теңізді арудай балқытып тербетеді", - деп ойлады шал.
Ол қайықты бір қалыппен ақырын ғана есіп келе жатты. Кейбір иірімдердің тұсы болмаса,
судың беті жай ғана қыбырлап, мұхит баяу ғана тербеліп жатыр еді. Шал қайықты толқынның ыңғайымен ыққа қарай жүздіргендіктен, қолына күш көп түспей, ескекті еркін сермеп отырды. Таң біліне бастады. Жетсем деген межесінен ұзаңқырап кеткенін сонда барып аңғарды қарт.
"Бір апта бойы терең жерлерден ештеңе ұстай алмадым, - деп ойлады шал. - Бүгін бонито мен альбакоре балықтарының қалың жеріне қармақ салып бір көрейін. Ол маңда алып жайын жүзіп жүруі де мүмкін емес пе?"
Таң әлі атқан жоқ, шал жем шаншылған қармақтарын суға серпіп тастады да, толқынның ыңғайымен ақырын ғана жүзе берді. Жем шаншылған қармақтың бірі - теңіз өлшемімен алғанда, қырық сажень тереңдікке бойлады да, екіншісі - жетпіс бес, үшіншісі - жүз, төртіншісі - жүз жиырма бес сажень тереңдікке жетті. Әр қармақтың сабағы кішірек балықтың ішінен өткізіліп, жан-жағынан буылып, тігіліп тасталған еді де, дәл имек ұштарына ақ шабақтар шаншылған болатын. Қармақтың үшкір тармағына екі көзінен түйрелген ақ шабақтар мойынға тағылған алқа секілді тізіліп жалт-жұлт етіп тұрған. Тақау келген жайын болса, жас балықтың етінің бұрқыраған тәтті иісіне елтімеуі мүмкін емес.
Баланың берген екі жайын балығын шал бауы ең ұзын қармағына шаншып, қалған екі қармағының біріне көгілдір түсті үлкен макрель, екіншісінің ұшына сарғыл түсті умбрица ілген. Бұл жемдерін суға кеше де салған еді, сонда да әлі бұзылған жоқ, қармақтың дәл ұшына түйрелген ақ шабақтар сол жемдерге хош иіс таратып, жайнатып, жарқылдатып жіберді. Жуандығы қарындаштай әр қармақбаудың астынан солқылдақ шыбық тіреліп қойылған, жемге балық соқтыға қалса-ақ, шыбық иілмек; әр қармақтың бауына екі-екіден шумақ жіп сабақталған, әр шумақтың ұзындығы - қырық сажень. Бұл шумақтарды басқа шумақтарға жалғауға болады, сонда бау ұзара түседі де, қармаққа ілінген жайынды, егер қажеті болса, үш жүз саженьнен де әріге жібере беруге болады.
Шал енді солқылдақ шыбықтар иіліп қалмас па екен деп бақылап отыр, қармақтың баулары тұра созылып, тереңге түзу бойлауын қадағалап, ескекті ақырын ғана есті. Ағарып таң да атып, күн шығуға таяу қалды.
Күннің көзі теңіз бетінен сәл көтерілген кезде, шалға өзге қайықтар да айқын көрінді; бұлар төменіректе еді, кең тарапқа шашырай шыққанмен жағадан ұзамаған болатын. Сәулесі суда құбылып ойнап, күн нұры төгіле түсті. Күннің көзі сәл биіктеп көтерілген кезде оның суға шағылысқан шұғыласы көзді ауыртты. Шал су бетінің құбылысына қарамауға тырысып, ескегін есе берді. Қармағы бойлаған қаракөк тұңғиыққа қадады көзін. Оның қармағының баулары басқа балықшылардікіндей көлбеңдемей, тереңге ылғи түзу тартылып кететін еді де, қармағының ұштарына шанышқан жемі балықты тереңнен, шалдың осы межеден соғар-ау деген жерінен тосатын. Өзге балықшылар қармақтарының бауларын судың ағынымен қалқытып жібере беретін, кейде оларын жүз саженьге дейін шұбалтып созып тастағанда да тереңдігі алпыс сажень тұста ғана жүретін-ді.
"Қармақты дәл-ақ серпіп саламын. Тек жолым болмай жүр, - деп ойлап өтті шал. - Бірақ, кім біледі? Мүмкін, бүгін бір ырыздық бұйырар. Бір күннен бір күннің айырмасы бар ғой. Әрине, күнде жолың болғанға не жетсін. Мен өзім дандайсымайтын кісімін. Бақыт қонса, оған шалқып-тасып кетпес ем.
Күннің көзі биіктеп, сәске болды. Енді шығыс жаққа қарағанда, күн көзді онша ауырта қоймады. Шалға енді төменгі жақтан тек үш қайық қана көрінді, олар тым етекте тұрған секілденді, тіпті жағадан бері жылжымаған сияқтанды.
"Шығып келе жатқан күн шұғыласы көзіңе шағылысқанда жанарың түйіліп ауырады, мен бұл күйді өмір бойы бастан кешіп келемін, - деп ойлады шал. - Сонда да көзім жақсы көреді. Кешкілікте күн көзіне тұра қарай аламын. Күннің нұры бұл кезде таңертеңгісінен де гөрі өткір, сонда да көзім ауырмайды. Ал, таңертеңгі күн шұғыласы көзімді ауыртады".
Шал дәл осы сәтте өзінің қарсы алдыңда, аспанда, ұзын қара қанатын кере жайып, дөңгелене айналып жүрген теңіз құсы - фрегатты көрді. Құс бір мезетте қанатын кейін серпіп тастап, суға шүйіліп түсті де, іле көлбей көтеріліп, төбеде қайтадан дөңгеленді.
– Жемін көрді. Текке шүйіліп жүрген жоқ, - деді шал.
Ол қайығын құстың шыр айналып жүрген жағына қарай бұрыңқырап, бір қалыппен ақырын ғана есті. Қармақбауларының тереңге тік бойлауын асықпай қадағалады. Бірақ сонда да қайық толқыннан сәл оза берді, ескекті бір қалыппен түзу есіп отырса да, шалдың қазіргі қимылы әлгі құс көрінгенге дейінгіден гөрі ширақтау еді.
Фрегат биіктеп көтеріліп, қанатын қақпай қалықтап, тағы да шыр айналып жүр. Бір мезетте құс суға шүйіліп түсіп еді, сол сәтте судан ыршып шығып, теңіздің төсін сыза ышқына суылдай жөнелген қанатты балықты шалдың көзі шалып қалды.
– Макрель. Добалдай алтын макрель, - деп дауыстап жіберді ол.
Ескегін судан шығарды да, қайықтың тұмсық жақ түбінен бір қармақ бауын алды. Мұның ұшында жіңішке сыммен бекітілген, басына шабақ шаншылған имек ілгек бар еді. Шал қармақты суға салды да, бауды екінші ұзын қайықтың артқы жағына орнатылған шығыршыққа байлады. Содан соң тағы да бір қармаққа жем шаншып, мұны қайықтың түбіне, көлеңкеге қойды. Сосын қолына ескегін алды да, бұл кезде жемін аңдып төмен қалықтай ұшқан ұзын қара қанатты құсты қайтадан бақылауға кірісті. Құс қанатын кейін серпіп, суға тағы да шүйіліп түсіп еді, бұл жолы да қанатты балықты іле алмай, оның соңынан құр далбалақтап қалды. Шал су бетінің сәл ғана томпайып көтерілгенін байқады, бұл - құстан үркіп қашқан балықты аңдып келе жатқан алтын макрель еді. Қанатты балық суға түсе берген кезінде, дәл астынан тап беру үшін макрель оның жолын кес-кестей ұмтылды.
"Бұл тұста макрель қаптап жүрген болуы керек, - деп ойлады шал. - Олар шашырай жүзіп жүр, қанатты балықтың олардан аман құтылуы екіталай. Ал, фрегат оны бәрібір ұстай алмайды, өйткені қанатты балық ол үшін ірі соғады, әрі бұл ұшқыр балық, шалдырмайды оған".
Шал қанатты балықтың судан бір секіріп, бір сүңгіп, ұша қашқанын, құстың оны ілгісі кеп қалбалақ қаққанын бақылап отыр. "Макрель менен ұзап кетті. Бұл тым шапшаң жүзетін, ілезде ұзап кететін балық қой, - деген ой келді қарияға. - Дегенмен маған үйірінен бөлініп шыққан бір макрель кезігер, маған бұйыратын жайын балық та оған таяу жерде жүрген болар. Әйтеуір бір жерде жүзіп жүруі хақ қой".
Алыс қалған жағалау көзге ұзын жасыл сызық сияқтанып елестеді, оның арғы жағынан көгілдір төбелер қарауытып тұрды, көкжиекпен астасқан бұлттар шұбатылған тау тізбегі секілді. Теңіз беті қаракөкшілденіп, тұңғиықтана берді. Шал су бетіне қарап еді толқынмен бірге тербеле қалқыған балдырға, күннің суға шағылысып мың құбылған сәулесіне көзі түсті. Ол манадан қармағымның баулары тереңге тік бойлады ма деп қадағалап келеді, маңайы толған балдыр болғанына қуанды, мұндай тұстарда балық болары хақ. Көкжиекке ысырылған ақ бұлттар да, күн көзінің биіктеп көтерілген кездегі суда ойнаған ғажайып сәулесі де күн райының жақсы болар қалпын аңғартады. Құс ұзаңқырап кетті; көзге енді еш нәрсе көрінбейді; су үстінде сарғайған шуда-шуда балдыр ғана қалқып барады: қайыққа тақау жерде ұйыған құйқа секілді іркілдеген, үрген қуық тәрізді торсиған, көгілдір түсті мақұлық - физалия жүзіп бара жатты. Физалия бір қырына аударылып түсті де, содан кейін әуелгі қалпына қайта көшті. Ол күн сәулесіне шағылысып, жалтылдап, жыбырлаған ұзын аяқтары су бетінде шұбатылып жүзіп бара жатты.
 Ах, оңбаған! - деді шал.
Ол ескегін ақырын есіп отырып, тереңге көзін қадап еді, түстері физалияның жыбырлаған аяқтарының түсі секілді кіп-кішкентай көгілдір балықтарды көрді. Бұл титтей балықтар толқынға ыққан физалияның тасасында, оның ұзын аяқтарының арасында жүзіп жүр. Физалияның уы бұларға дарымайды. Ал адамға физалияның қырсығы мол: қармақтың бауына ұзын аяқтарымен шырматылып жабысып алса, жуыр маңда айырылмайды; шал қармаққа ілінген балығын судан шығарып алғанша, екі қолы ылғи шынтағына дейін ұйқыдай боп бортіп шыға келетін-ді, бұл - физалияның уының зардабы. Оның уы тиген жер қамшының ұшы тигендей дызылдап шыға келеді.
Физалия түсі мың құбылып, су бетінде қалқып бара жатқанда аса әдемі көрінеді. Теңіздің осы бір ең зұлым мақұлығын дүңкиген теңіз тасбақасы жалмағанын шалдың талай көргені бар. Физалияны алыстан байқаған тасбақа оның қарсы алдынан жақындап келетін де, уы дарымас үшін көзін жұмып жіберіп, физалияны шұбатылған аяқтарымен қоса, тұтас жалмап қоятын. Шал бұл көрініске сүйсіне қарайтын; өзі ылғи үрген қуық тәрізді осы мақұлықтың торс-торс етіп жарылғанын қызық көріп, дауылды күні көкжал толқын жағаға шығарып тастаған физалияны күс-күс өкшесімен қасақана кеп басатын-ды.
Шал теңіздің жасыл тасбақасын жақсы көретін, мұны түсінің әдемілігі, қозғалысының ширақтығы үшін және бағасының қымбаттығы үшін ұнататын; ал, физалияны көзін жұмып тұрып жалмайтын, әңгілеу, қимылы ебедейсіз, бисса деп аталатын, үсті сары сауытпен қапталған дүңкиген сарғылт тасбақаны ол онша тәуір көрмейтін-ді.
Теңіз тасбақасын аулаушылармен бірге көп жыл қатарынан кәсіп қылған кісі болса да, бұ шал теңіз тасбақасына өш емес еді. Ол бұларды аяйтын; тіпті ұзындығы қайыққа пара-пар келетін, салмағы бір тоннаға жететін, терісі қалың, теңіздің лут деп аталатын ірі тасбақаларына да жаны ашитын.
Жұрттың көбі теңіз тасбақасын аямайды, тасбақаны өлтіріп, етін парша-парша ғып тастағанда да оның жүрегі көпке дейін соғып жататынын біле бермейді сол жұрт. "Менің де жүрегім сол тасбақаның жүрегіндей ғой, - деп ойлады шал, - қол-аяғым да тасбақаның аяғындай". Шал өзіне әл бітіру үшін теңіз тасбақасының аппақ жұмыртқасын жейтін ылғи. Ірі жайындардың суда көп жөңкілетін кезі – қыркүйек, қазан айларында қуатты болу үшін бүкіл мамыр айының өн бойында жейтіні - сол жұмыртқа болатын.
Және балықшылардың құрал-сайманы сақталатын сарайдағы үлкен бөшкеде тұратын сұйық майдан – акуланың ертілген бауыр майынан күнде бір шәшкесін ішіп алатын-ды шал. Бұл майдан балықшының қай-қайсысы болса да, тәбеті шапса, барып ішуіне болатын. Балықшылардың көбі майдың дәмін ұнатпайтын еді, бірақ, ыдысқа құйып алып ішкен кезде, дәмі онша жаман да көрінбейтін: суықтан, көздің ауыруынан сақтауға бұл майдың себі көп.
Шал аспанға көз салып еді, фрегаттың теңіз үстінде қайғадан үйіріліп жүргенін көрді.
– Балықты аңдыды, - деп үн қатты шал
Су беті тыныш еді, ыршып секірген қанатты балық көрінбеді, маңайдан ұсақ балықтар да байқалмады. Бір мезетте судан ытқып шығып, жалт етіп аударылып, төмен құлдилай сүңгіген көк жон балық - жайынды шалдың көзі шалып қалды.
Күмістей жылтыраған түсі күн көзіне шағылысып жалт ете қалған бұл балықтың соңынан басқа жайындар да жарқ-жарқ етіп, айыр құйрықтарымен суды салып қап, бір кішкене балыққа секіре атылып, бәрі соны жабыла қуды.
"Егер бұлар аса шапшаң жүзіп кетпесе, бүкіл тобын қуып кетер едім", - деп ойлады шал. Жайындардың суды бұрқылдатып секіргеніне, бұлардан жан сауғалап теңіз үстіне шыққан кішкене балыққа фрегаттың қайта-қайта түйіліп түскеніне қадалып қарады да отырды.
– Құс - балықшының адал серігі ғой, - деді шап.
Осы мезетте қайықтың артқы жағындағы қысқа қармақбау созылып тартыла қалды, мұның бір ұшы шалдың қолында еді. Қария ескекті тастай беріп, қармақтың бауын мықтап тұтты да, өзіне қарай сусыта тартты. Қолына түскен күштің салмағына қарап, қармаққа ілініп бұлқынған балықтың онша ірі емес екенін бірден сезді. Қармақбауды жиырып тарта берді, жайынның көгілдір жонын көрді, балықты қайыққа сүйреп тақап әкелді де, бүйірін жарқ еткізіп, судан суырып алды.
Жылтыраған оқтаудай балық қайықтың үстіне түскен соң, енді айыр құйрығымен тақтайды ұрғылап, тынысы тарылып, нұрсыз үлкен көздері бажырайып, өлуге айналды. Жаны тез шықсын деп, шал оны тоқпақпен басына салып қалып өлтірді де, құйрығының ұшы әлі де қыбырлап, денесі дір-дір етіп жатқан балықты қайықтың артқы жағындағы көлеңке астына аяғымен серпіп жіберді.
– Альбакоре. Бұл балық қармаққа шаншуға келісті болды. Өзінің салмағы он қадақ шығар, одан кем бола қоймас, - деп үн қатты шал.
Ол осылай өзімен-өзі сөйлесуді қай кезден бастап дағды еткенін есіне түсіре алмады. Бұрын оңаша қалған сәттерінде ыңылдап ән айтатын еді, үлкен кемемен жолға шығып, немесе теңіз тасбақасын аулауға сапар шегіп бара жатқанда, күзетте тұрып кейде түнде де әндететін. Ол өзімен-өзі әлгідей сөйлесуді, сірә, қасынан серік баласы кетіп қап, өзінің мүлде жалғыз қалған кезінен бастап әдет еткен болса керек. Қазір есінде жоқ. Бірақ қасында серік баласы бірге жүрген уақытта да екеуі анда-санда ғана сөйлесетін-ді. Түнде немесе күн райы бұзылып, жұмыс болмай қарап отыратын кезеңдерінде ғана әңгімелесетін. Теңізде жүргенде аса бір қажет жағдайда болмаса, сөйлесудің керегі жоқ, бұл - жарамсыз нәрсе. Шал осылай есептейтін де, өзі осы дәстүрді берік ұстанатын еді. Ал енді қазір мазасын алармын дейтіндей қасында ешкім жоқ болғандықтан шал даусын шығарып сөйлей берді.
– Өзіммен-өзімнің сөйлесіп бара жатқанымды біреу сыртымнан тыңдап тұрса, ол мені есі ауысқан екен деп ойлауы хақ, - деді шал - Бірақ есімнің ауыспағаны өзіме аян болғаннан кейін, басқада шаруам қанша? Дәулетті балықшылардың жағдайы жақсы: олардың қайықтарында өздерімен сөйлесетін, бейсбол ойынының жаңалықтарын айтатын радиосы бар.
"Дәл қазір бейсбол жайын ойлайтын уақыт емес, - деді шал өзіне-өзі. - Нақ қазір бір ғана нәрсені, өзімнің балықшы екенімді ғана ойлауым керек. Мына топталып жүрген жайын балықтарының маңында маған бұйыратын алып жайын да жүзіп келе жатқан болар. Ұстағаным - жалғыз ғана альбакоре, мұның өзі де тобынан жырылып, адасып қалған балық. Бұл - жемін теңіз жағасынан жырақ жерден аулайды, және өте шапшаң жүзетін балықтар. Бүгін теңіз бетінде кездескен заттың бәрі де тым жылдам қозғалып және солтүстік-шығыс жаққа қарай бара жатты. Осы мезгілде ылғи осылай бола ма екен? Әлде бұл күн райының бұзылатынының белгісі ме, мұны қалайша білмедім?
Шал енді жасыл сызық жағалауды көре алмады, алыстан тек көгілдір жоталардың шыңдары ғана бұлдырап, бейне қар жамылғандай ағарып көрінді. Жота үстіндегі ақ бұлттар да қар бүркенген ақ бас асқар тауға ұқсады. Теңіз тұңғиық қаракөк түске енді, күн сәулесі төбеден тік түсіп тұр. Су бетінде қалқыған физалия тектестердің жалт-жұлт еткені енді байқалмады, олардың жарқылын жоғарыдан төгіліп тұрған мол шұғыла жұтып қойды; шал қаракөк су ішінен күннің тек сынып түскен сәулесі мен тереңге тік бойлаған қармағының бауын ғана көріп келеді; оның қармағы бұл тұста бір миляғажуық тереңдікке бойлаған еді.
Жайын балықтары тереңге тағы да құлдилап кетті; балықшылар осы балықтың тегіне жататын балық атаулының бәрін жайын деп атайтын еді де, тек базарға шығарғанда ғана немесе жем ретінде шаншарда ғана оларды түріне қарай ажыратып, нақты аттарын айтатын-ды. Күн шыжып, қызуы шалдың желкесін күйдіріп барады. Қайықты ескен кездерінде қарияның арқасынан тер шұбырып ақты.
"Қайықты ағынның ыңғайымен еркіне жіберіп, аздап мызғып алсам да болар еді. Қармақтардың бір ұшын үлкен бақайыма байлап қойсам, оның сәл қозғалысынан-ақ оянбаймын ба, - деп бір ойлады шал - Бірақ бүгін сексен бесінші күн ғой, сақ отыруым керек".
Дәл осы мезетте көк шыбықтың бірі дір етіп, басы әнтек иіле қалды.
 Міне, айтқаным келді ме! - деді шал, қайықты шайқалтпауға тырысып, судан ескекті көтеріп алды.
Ол қармақтың бауына қолын созып, оны үлкен, әлді сұқ саусағымен ақырын ғана іліп алды. Бірақ қолына ешқандай күш түспеді, балықтың жұлқынғаны білінбеді. Шал бауды қатты қыспай, еппен ғана ұстап отырды. Қармақтың бауы тағы да қозғалып қалды. Бұл жолы дір етіп ақырын ғана қозғалды. Мұның мәнісіне бірден-ақ түсіне қойды шал қармақтың ұшына шаншылған шабақтарды тереңде, су астында марлин балығы ептеп қана тістеп жұлып, жей бастағанын ішінен сезді.
Ол бауды абайлап ұстап, алғашқы ілген жерінен сол қолымен ептеп қана ағытып алды. Енді бауды екі саусағының арасымен жылжытып, балыққа білдірмей өзіне қарай ақырын ғана сырғытып тарта беруге болады.
"Бұл түс - теңіз жағасынан шалғай түс. Мұның үстіне қазір күз, ірі балықтардың жөңкіліп жүретін уақыты, қармаққа соқтыққан мына балық, сірә, үлкен бір жайын болар. Қап жеміңді, жайыным, қап! Бол, асасаңшы! Қармаққа шаншылған шабақтардың еті әлі бұзылмаған жас ет, әрі сондай дәмді. Сен су ішінде тоңып жүрсің ғой. Бұл жердің суы терең, тұңғиық түбі һәм қараңғы, һәм суық. Тағы да бір қайырылшы, асашы жеміңді".
Балық қармақтың бауын тағы да сәл дір еткізді де, артынша қатты жұлқып қалды, сірә, қармақтың имек ұшына түйрелген шабақтың біреуі зорға жұлынған болу керек. Осыдан кейін қармақбау қозғалмады.
– Ал кәне, жайыным, тағы да бір оралшы. Шекеші, шабақтарды. Ғажап емес пе, ә? Тойынып алсаңшы, - деді шал үн қатып - Мына шабақтардың үстіңгі жағына ілінген жайын балығы және бар, оның да дәмін кор. Мұның еті тығыз, сап-салқын, жеуге жақсы-ақ. Жасқанба, жайыным. Асай ғой, жеміңді.
Шал балық қозғаған бауды қысып ұстап, аңдып отырды, өзге бауларға да алаңдап қарап қояды. Жайынның бір орыннан екінші орынға жылжып кетуі мүмкін ғой. Шал бір мезетте қолындағы баудың тағы да сәл дір ете қалғанын сезді.
– Қапты! Қанды басың бері тарт! - деді шал бірақ, балық жемді қаппаған еді. Жайына жылжып кетті, қармақбау қыбыр-қимылсыз қала берді.
– Ол ұзап кеткен жоқ, - деді шал - Құдай куә, ұзаған жоқ. Тек сырт айналды.
Осы мезетте оның қолындағы бау тағы да дір ете қалып еді, шалдың жүрегі орнына түсті.
– Айттым ғой, тек сырт айналды деп. Қазір қабады, - деді.
Балық қармақбауды ақырын-ақырын қозғаған сайын шал қуана түсті, бір мезетте қолына ерекше бір ауырлық білінді. Шал қармаққа ірі балықтың ілінгенін іші сезіп, бауды тартып ұстамай, ептеп-ептеп босата бастады. Қармақтың бауы оның саусағының арасынан ақырын ғана суси берді. Бауды темен тартып бара жатқам салмақты шал сезіп отыр.
– Бұл неткен балық өзі! Қармақты ерніне іліп ап, өзімен бірге жыраққа ала қашпақ, - деп сөйледі шал.
"Бәрібір қайда барар дейсің, қазір кейін қарай бұрылады да, қармақты жұтады", - деп ойлады. Бірақ асылық болар деп, бұл ойын іркіп қалды, даусын шығарып айтпады. Балықтың аса ірі екенін сезген соң, асаған жемі жұтылмай көмейінде тұрып қалған жайынның судың терең түбіне қарай бойлап бара жатқан қалпын көз алдыңа елестетіп қана отыра берді. Балық бір сәт тынши қалды, бірақ сонда да оның салмағы шалдың қолына сезіліп тұрды. Осы салмақ бірте-бірте арта түсті, сондықтан шал да қармақтың бауын қайтадан ептеп-ептеп босатып жібере берді. Бір мезет бауды әдейі сәл кідіртіп ұстап қалып еді, бау төмен қарай тіке тартылып, қолына күш түсейін деді.
– Жемді қапты. Енді соны жақсылап жұта түссін, - деді шал.
Ол қармақтың бауын саусағының арасынан сырғытып жібере берді де, басы артық екі шумақ жіптің ұшын екінші қармақтың қосымша екі шумақ жібіне сол қолымен күрмеп байлады. Енді бәрі де бірыңғайланды. Балық ілінген ауды қоспағанда, шалда әлі ұш шумақ бау бар, олардың әрбірінің ұзындығы - қырық сажень.
– Жемді тағы да кішкене жұта түс. Жұт, жасқанба, - деді шал.
"Қармақтың үшкір ұшы жүрегіңе барып қадалып, өзіңді сеспей қатырғанша жұта бер, -деді ішінен. - Өзің бері таман жақындашы, гарпунмен түйрейін бір. Келіселік осыған. Мақұл ма? Теңізді еркін шарлап болып па ең?
– Ал, қимылдайын енді! - деді де, шал қармақбауды қос қолдап қатты жұлқып тартып қалды. Балық қармаққа ілінді, бұлқынып қап, бауды жұла жөнелді. Шал да бауды тырмыса тартып еді. Бірақ шамасы жетпеді. Балық ақырындап ұзай берді, шал оны өзіне қарай бір елі де жақындата алмады. Қармақбау мықты еді, жайын ұстауға арналған берік болатын; шал енді бауды иығына салып жіберіп, бар күшімен шалқая тартқанда, тысырлай керілген жіптен су тамшылады. Балық ырық бермей әкетіп барады, шал да тырысып, табанын отырғышқа тіреп алып, қармақбауды шалқайып шірене тартқан күйінен тапжылмады. Қайық солтүстік-батысқа қарай сәл сырғи бастады.
Балық іркілмей жүзе берді, жарқыраған айдың бетімен қайық та жылжи берді. Жем шаншылған басқа қармақтар әлі де су ішінде еді, оларға бұрылуға шалдың мұршасы келмеді.
– Қап! Қасымда серік баламның жоғын-ай! - деді шал. - Мына жайын балық қайықты сүйретіп әкетіп барады, ал мен битенгсекілдендім де қалдым. Қармақтың бауын қайыққа бекітіп байлауға болар еді. Бірақ онда балық мұны үзіп кетеді. Сондықтан бауды қолға ұстап отырғаным мақұл, балық тартына берсе, жіпті ептеп жіберіңкіреуіме болады. Әзірше әйтеуір тереңге қарай құлдиламай бірқалыпты жүзіп келе жатқанына шүкіршілік... Егер бұл тереңге құлдилай жөнелсе, не қылам? Сол бетінде төмендеп барып-барып өліп қалса, не істеймін? Білмеймін. Не де боса күттім ақырын. Бір бұйырғаны болар!
Шал қармақбаудың дірілін, қайықтың солтүстік- батысқа қарай ақырын ғана сырғып бара жатқанын қадағалап отырды.
"Бұл балық мәңгі-бақи жүзе бермес. Көп ұзамай өлер", деп ойлады шал.
Бірақ төрт сағат өтті, балық қайықты сүйретіп, әлі тынбай жүзіп келеді, шал да табанын отырғышқа тіреп алып, қармақбауды иығына сап шірене тартқан күйінде отыр.
– Бұл балықты қармаққа түс кезінде іліп едім, өзінің түрі қандай екенін әлі көре алмай келемін-ау, - деді шал.
Балықты қармаққа ілер алдыңда қамыс қалпағын көзіне түсіріңкірей бастыра киіп еді, енді оның ернеуі маңдайына батып, ауыртып барады. Шал әрі шөлдеді, су ішкісі келді, қармақтың бауын қозғалтып алмау үшін жүресінен ептеп қана отырып, қайықтың тұмсығына таман абайлап жылжып барды да, сыңар қолымен құмыраны алды. Тығының ағытып, шыныдағы судан бір-екі жұтты. Содан соң қайықтың жақтауына арқасын сүйеп, дем алды. Желкен оралған діңгектің үстіне отырып тыныстады. Әл- қуатын кемітпеуді ғана көздеп, еш нәрсені ойға алмауға тырысты.
Бір мезгілде бұрылып, арт жаққа көз салып еді, су жиегі көрінбеді. "Е, қайтер дейсің. Гавана шаһарының түнде жарқырайтын жарқылын бетке алып жүзсем, жағаға қайткенде де тұра шығамын, - деп ойлады қария. Күннің батуына әлі екі сағат бар, оған дейін балық та су бетіне қалқып шықпас деймісің. Тіпті болмаса, түнде ай туғанда қалқып шығар. Немесе, таң ата қалқып шығар. Қолым тала қоймас, күшім мығым. Қармақты жұтқан мен емеспін, балық қой. Қайықты осылай сүйреп әкетпеген балық - балық па, тәйірі! Қармаққа өзі мықтап тұрып ілінді-ау деймін. Түрі-түсін, тым болмаса, көзімнің қиығымен бір шалсам екем, нендей кереметпен тіресіп келе жатқанымды білер ем, сонда".
Балықтың түні бойы бір бағыттан аумай жүзе бергенін шал аспандағы жұлдыздарға қарап топшылады. Күн ұясына бата ауа салқын тартқан еді, шалдың жіпсіген денесіне тер қатып, арқасы құрыстап, бойы тоңазыған-ды. Жем салынған жәшіктің бетіне жабылған қапшық бар болатын; суы кепсін деп оны күндіз күннің көзіне жайып тастаған еді. Күн ұясына батқан соң сол қапшықты қармақтың бауының астынан ептеп өткізіп арқасына жамылған-ды, төмен сусып кетпесін деп екі ұшын мойнына орап байлап қойған. Арқаны қиып жібере жаздап тұрған жіптің астына қап төселген соң аздап жеңілдік байқалып еді, шал қайықтың алдыңғы жақ жақтауына белін тіреп, өзіне ыңғайлырақ болу үшін еңкейіңкіреп отырған. Ал шынында бұл күйден жеңілдей қалған мәнді ештеңе жоқ еді, сонда да ол өте жайлы жайғастым деп көңіл жұбатты.
"Бұл балыққа мен еш нәрсе істей алмаймын, - деді шал өзіне-өзі. - Басқа бір тақысын тауып кетсе амал жоқ, әйтпесе, ол да маған түк қыла алмайды".
Шал дәрет сындырмақ болып және қайықтың қалай сырғып бара жатқан бағытын жұлдыздарға қарап топшылап алмақ болып орнынан түрегеліп еді. Қармақтың ақ бауы иығынан суға көлбей түсіп тұрған жіп-жіңішке сәуле секілденді. Қайық қазір баяу ғана қозғалып келеді, Гавана оттары көмескілене бастады, сірә, су ағыны бұларды шығыс жаққа ауытқытып әкетіп бара жатқандай. "Гавана оттарының көмескі тарта бастағаны -біздің шығысқа қарай ойысып бара жатқанымыздың белгісі, - деген ой келді шалға. - Егер балық бағытын өзгертпеген болса, шаһардың жарығын әлі бірнеше сағат бойы көріп отыратын ем. Иә, бүгінгі бейсбол ойыны қалай өтті екен, ә? Қайықта радиоң болса ғой, шіркін!" Ол өз ойын өзі бөліп жіберді: "Жоқтан өзгеге алаңдама! Көзіңе қара. Опық жеп қалмас жайыңды ойла".
Әттең, қасымда серік баламның болмағаны-ай. Ол маған жәрдемдесер еді, мынаның бәрін өз көзімен көретін еді, - деп сөйледі шал.
"Қартайған шағында адамның жалғыз қалуына болмайды. Бірақ бұдан қашып құтыла алмайсың, - деп ойға шомды. - Жайынды иістенбей тұрғанда жеп алуды ұмытып кетпесем жарар еді, әл-қуатымды азайтпауым керек қой. Тіпті қарным ашпаса да, о балықты таңертең жеуім керек, тек есімнен шығып кетпесе екен", - дей берді ішінен.
Түн ортасы кезінде екі теңіз шошқасы қайыққа жақындап жүзіп келді, еркегінің қатты пысқырғаны, ұрғашысының күрсінгендей ақырын ғана пыс-пыс етіп дем алғаны шалға анық естілді.
– Бұлар - жақсы мақұлықтар. Ойнайды, еліреді, бірін-бірі жақсы көреді. Бұлар бізге туыс, нақ қанатты балықтай дос, - деді шал.
Ол бір мезет толқып, қармағына ілінген жайын балыққа жаны ашып аяп кетті. "Япыр-ай, бұл бір ғаламат ірі балық болды, мұның қанша жасқа келгенін бір Құдайдың өзі ғана білер. Мұндай күшті балық қармағыма бұрын-соңды ілініп көрген жоқ еді. Ал енді өзі тіпті қызық балық! Әлі бір бұлқынып тулаған жоқ, соған қарағанда өте ақылды болса керек. Не жоғары ыршып секірсе, не бар күшімен алға жұлқына ұмтылса, мені мерт қылар да еді. Бірақ өзі әккі балық болуы керек, қармаққа бұрын да талай ілігіп, одан аман құтылудың амалы - бұлқынбай ғана осылай сырғи беру екенін түсініп алған тақыс болар, сірә. Онымен тіресіп отырған адамның жалғыз екенін һәм шал екенін ол қайдан білсін. Ал енді өзі сондай зор балық, еті дәмді болса, ақшаны да күреп түсірер! Қармақты қомағайлана қабуына әрі қайықты емін-еркін сүйреп бара жатқан күшіне қарағанда, бұл -еркек балық, өзі және менімен ешқандай қорқу-үркусіз айқасып келеді. Сонда бұл не істейтінін біле ме екен, әлде мен құсап бетінің ауған жағына тартып бара ма?"
Шал бір жолы қармақпен ұрғашы марлин балығын ұстағанын есіне алды. Еркек балық ұрғашы серігін жемге әманда алдымен жібереді; ұрғашы марлин шалдың қармағына ілінгенде үрейі ұшып, қатты бұлқынып тулап, тез әлсіреп қалды, ал, еркегі серігінің соңынан бір елі кейін қалмай, қасында шырқ үйіріліп, судың бет жағында жүзді де жүрді, біресе озып алдыңа шығады. Бір рет қайыққа тым тақау кеп қалғанда, қол орақ секілді имек, қыры пышақтай құйрығымен қармақбауды үзіп жібермесе жарар еді деп, шал сескеніп қалды. Ол ұрғашы балықты багормен сүйреп алып, найзадай үшкір тұмсығынан ұстап тұрып, тоқпақпен дәл қарағұстан қойып қалды, балықтың бас сүйегі қап-қара боп қанталағанша ұра берді. Балық өлген соң баламен екеуі оны қайықтың үстіне сүйреп шығарып еді, еркек марлин қайыққа қатарласа жүзді. Шал қармақбауды жинақтап, гарпунды ыңғайлай берген мезетте еркек балық серігінің не күйге ұшырағанын көргісі келгендей, жоғары қарай бір ыршып секірді де, бауырындағы көгілдір қанаттарын кере жайып, тереңге құлдилай сүңгіді, сол сәтте арқасының жалпақ көкшіл жолағы ап-айқын көрініп еді. Балықтың сұлу бітіміне шал қайран қалған. Және оның қайыққа қатарласа жүзіп, серігі көзінен қашан таса болғанша қасынан қалмай қойғанына таң қалып еді.
"Мұндай қайғылы халді теңізде балық аулап жүріп бұрын-соңды көрген емен, - деп ойға шомды шал. - Қасымдағы бала да мұңайған, бірақ, амал жоқ, екеуміз ұрғашы марлиннен кешірім өтініп ап, етін боршалап тастаған ек".
– Әттең, қасымда серік баламның жоғы-ай, - деді шал үн қатып, қайықтың тұмсық жағының дөңгелек ернеуіне арқасын тұра келтіріңкірей сырғыңқырап отырды. Иығына қармақтың бауы қатты батып, қайықты әйтеуір бір бағытқа сүйреп әкетіп бара жатқан алып балықтың күші сезіліп тұрды.
– Мен жасаған зұлымдықтың салдарынан осы күйге тап болды, бұл балық. О, ғаламат!
"Тағдыр оған мұхиттың терең түбін мекендеуге, тұзақтан да, жем шаншулы алдауыш қармақтан да, қысқасы, адам жасар қастандық атаулының бәрінен де жырақ жерде жүруге жазған. Сол тағдыр мені мұның соңына жападан-жалғыз түсіріп, оны жан баласы келмеген жерден барып ұстауға душар етті. Сәске түстен бері екеуміздің тағдырымыз бір-біріне сабақталды. Балыққа жәрдем жасар, маған да көмек көрсетер еш пенде жоқ".
"Әлде балықшы болмауым керек пе еді, бірақ мен осы үшін жаралған адаммын ғой, - деп ойлады шал. - Таң қылаңда жайынды жеп алуды ұмытып кетпесем жарар еді тек".
Таңға жуық арт жақтағы қармақтың бірін балық қапты. Шалдың құлағына қармақтың сабының сырт етіп сынып, жібінің планшир бойымен сырғи жөнелген дыбысы естілді. Қарт дереу қыннан пышағын шығарып алып, судағы балықтың бар салмағын сол жақ иығына аудара шалқая берді де, планширдің бойымен сырғанаған жіпті қиып жіберді. Оған тақау екінші қармақтың бауын және қиды да, екеуін бір-біріне ұштастырып байлады; сонсоң запас ұршықтардың жіптерін бір-біріне жалғауға кірісті. Маңайы қап-қараңғы боп тұрсадағы епті қимылдады, жіптің бір ұшын аяғымен басып тұрып, екінші ұшын қолымен жылдам тартып, бәрін де тастай ғып түйіп тастады. Енді оның жіп оралған қосымша ұршығы алтау болды: әлгі қиылған екі баудың әрқайсысынан екі-екіден қалған төрт ұршық, және алып жайын ілінген қармақтың бауына сабақталған екі ұршық бар: барлық ұршық бір-біріне жалғаулы.
"Қармақбаудың біреуін қырық сажень тереңге бойлатып жіберіп ем, оны да таң атқан соң бері тартып алып, ұршықтарының жібін біріне-бірін жалғастырамын да, бауды қиып жіберемін, - деп, іштей ұйғарым жасады шал, - рас, бауларға тағылған қармақтың ілгектерімен тастарын есептемегенде, екі жүз саженьдай берік кендір жіптен айрылармын. Ештеңе етпес, орны толар, табылар. Судағы бос қармаққа тағы да бір балық ілініп, соның кесірінен мына үлкен жайын қармақтан сытылып шығып кетсе, енді ондай ірі олжаны менің қолыма кім түсірер? Жаңағы қармақты қандай балық қапқанын білмеймін. Мүмкін марлин болар, не қылыш балық, не акула шығар. Байқап та үлгірмедім. Одан тезірек құтылу керек болды".
– Әттең, шіркін, қасымда серік балам болмады ғой! - деп сөйледі шал.
"Иә, қасыңда серік балаң жоқ, - деді ішінен, - сондықтан өзіңе ғана сен. Қазір қараңғы болса да, анау ұзын қармақты өзіңе қарай тартып алып бауын қиып жіберуді ойла. Сосын қосымша ұршықтарының жібін бірін-біріне жалғастыруға кіріс".
Ол осылай жасады да. Қараңғыда бұл жұмысты орындау оған оңай да тимеді, жайын балық бір рет бұлқынып қалғанда, шал етпетінен жығылып, қабағын жарып алды. Қан бетін қуалай ағып, иегіне темен барып, ұйып қатып қалды. Қария қайықтың тұмсық жағына қарай қайтадан жылжып келді де, азырақ дем алу үшін, ернеуге сүйеніп отыра кетті. Қапшықты арқасына түзеңкіреп жамылып, қармақтың жібін иығына батып тұрған орнынан ақырын ғана сәл сырғытты да, жайынның күшін байқамақ боп, сәл шалқайып тартып көрді. Содан соң қайықтың қандай жылдамдықпен жылжып бара жатқанын білу үшін суға қолын салып қарады.
"Бұл балық әлгінде неге бұлқынып қалды екен, ә, - деп ойлады шал. - Тұзақша сым мұның дүңкиген арқасынан сусып кетті. Қармақтың бауы батып тұрған менің арқама қарағанда, оның арқасы, әрине, онша ауырған жоқ. Бірақ қанша алып жайын болса-дағы қайықты сүйретіп әкете бермес. Өзіме залал салар нәрсенің бәрінен де құтылдым қазір, қармақбауға жалғар жібімнің запасы мол, адамға бұдан артық не керек?
– Ay, жайын, - деп ақырын ғана дыбыс берді шал. - Өлмесем, мен сенен тіріде айырыла қойман.
"Иә, бұл да менен айрыла қоймас", - деп ойланды да, ол таңның атуын күтті. Таң алдыңдағы осы бір шақ суық еді, аз да болса денесін жылыту үшін, шал қайықтың тақтайына тақала түсті. "Балық шыдаса, мен де шыдап бағармын".
Тереңге бойлап, керіле тартылып тұрған қармақбау таң шапағы түскенде ағараңдап көрінді. Қайық бір тынбастан жылжып келеді, көкжиектен күннің шеті көрінгенде шалдың оң жақ иығына сәуле түсті.
Балық солтүстікке қарай жүзіп келеді, - деді шал. - Судың ағыны бізді шығысқа қарай ойыстырыңқырап, көп жерге сырғытып әкеткен болуы керек. Балық ағынның ыңғайына бұрылса, тәуір болар еді. Бүйтсе - оның қалжырағаны да.
Күннің көзі арқан бойы көтерілді, ал жайын балықтың әлі шаршайтын түрі көрінбеді. Шалдың көңіліне бір ғана нәрсе жұбаныш боп келеді: қармақбаудың қазіргі көлбей созылған қалпы балықтың аса тереңде емес, беріректе жүзіп келе жатқанын аңғартады. Бұған қарап, әрине, балық қайткенде де су бетіне атып шығады деуге болмас. Дегенмен де оның бүйтуге әлі мұршасы бар.
– Тәңірім, су бетіне секіртіп шығаршы осы балықты! Бұны байлап-матап алуға жібім-бауым жетеді, - деді шал "Қармақтың бауын қаттырақ тартып көрейінші, сонда балықтың жанына батар да, ол мүмкін жоғары ыршып секіріп қалар,- деген ой келді шалға. - Таң атты ғой, енді секіре берсін. Сонда қыр арқасына жабысып жүрген торсылдақтардың ішіне ауа толар еді де, сосын тереңге қайтадан бойлай алмас еді бұл".
Шал бауды тартыңқырай түскісі кеп, кейін шалқайыңқырап еді, онсыз да қатты керіліп тұрған жіп арқасына батып кетті, ештеңе өндіре алмасын қария түсіне қойды. "Қармақбауды жұлқып тартуға болмайды, - деп ойлады ол, - жұлқыған сайын, қармақтың имек басы жараның орнын ұлғайта түсер де, егер балық ыршып секіріп қалса, қармақтан біржола сытылып шығып кетуі ықтимал. Қазір күннің көзі шұғыла төгіп тұр, көңілімнің де жайлана түскен қалпы бар; енді балық та жоғары атылып секірмей-ақ қойсын, оның түрі-түсін мен де көрмей-ақ қояйын".
Қармақтың бауына сары балдырлар шырматылып оралды, осы шырмауық қайықтың жүрісін тежеңкіреген соң шал бұған қуанып қалды. Түнде су бетінде жылтырап көрінген заттар - осы сары балдырлар болатын.
– Әу, балық, - деді шал, - мен сені өте жақсы көремін һәм құрметтеймін. Бірақ сені қас қарайғанша өлтіремін.
"Бұл қарекет қолымнан келетініне шәк жоқ", - деді ішінен.
Су бетін жанай, төмен ұшып, теріскей жақтан бір кішкене құс қайыққа жақындап қалды. Оның қалжырағанын шал бірден аңғарды.
Құс тыныстау үшін қайықтың құйрығына кеп қонды. Содан соң шалдың төбесінен айналып ұшып өтті де, өзіне жайлырақ орын тауып, қармақбауға келіп қонды.
– Сенің жасың қаншада? - деп сұрады шал одан. - Бұл бірінші сапарың болар?
Құс бейне жауап бергендей, шалдың бетіне қарады. Қармақбаудың қаншалық берік екенін байқауға оның әл-дәрмені жоқ, қанаты талып қатты шаршаған құс бауды нәзік аяқтарымен қысып ұстап, жіп үстіне тербетіліп қана отырды.
– Қорықпа, жіп қатты тартылып керіліп тұр, - деді шал оған. - Тымық түнде осынша қалжырағаның не? Осы күнгі құстардың өзі не боп кеткені?
"Теңіз өрінде самғап, қарсы алдыңнан қаршыға шығады әлі", - деп ойлады ішінен. Бірақ бұл ойын құсқа айтқан жоқ, айтқанмен де құс оны бәрібір ұқпас еді. Уақа емес, қаршығаның қандай болатынын көп кешікпей өзі де көрер.
– Кішкентай құс, жақсылап тұрып тынығып ал. Содан кейін жағалауға қарай үш, тіршілік үшін әр адам, немесе құс яки балық қалай күрессе, сен де дәл солай күрес, - деді шал.
Құспен сөйлескені оған демеу болды, қармақтың бауын иығына сап түні бойы қарысып тартып отырғандықтан, арқасы ағаштай сіресіп қалып еді, енді сыздап ауырғаны анық білінді.
– Иә, құсым, қаласаң қасымда отыра бер, - деді қарт. - Желкенді құрып жіберіп, сені жағаға, құрғаққа жеткізіп салуыма болар еді, қазір аздап жел де тұрып келеді, бірақ, бұлтаруға мұршам жоқ. Мына су ішіндегі досымды тастап кете алмаймын.
Осы мезетте жайын балық бұлқынып қалды да, шалды етбетінен түсірді; қария қайықтың ернеуінен қос қолдап тіреп қалмағанда және бауды қоя бермегенде, балық оны қайықтан жұлып әкететін еді.
Қармақтың бауы сілкініп қалғанда, үстінде отырған құс ұшып кеткен, оның қай жаққа ғайып боп кеткенін шал байқамай да қалды. Қария оң қолымен бауды қайтадан ептеп ұстай бергенде, алақанының сорғалаған қанын көрді.
– Балықтың да жанына батты білем, - деді үн қатып. Балықты басқа бағытқа бұруға шамасының келер-келмесін байқап, бауды тағы да тартты. Барынша керіп тартты да, бастапқы қалпынша сіресіп отырып қалды.
– Әу, балық, жағдайың нашарлады ма? - Құдай куә, маған да оңай тиіп отырған жоқ.
Қарияның әйтеуір бір тіршілік иесімен сөйлескісі келді де, жан-жағына көзін аударып, кішкентай құсты іздеді. Бірақ, құс көрінбеді.
"Сен менің қасымда аз уақыт қана болдың ғой. Сенің ұшып кеткен жағыңда жел қаттырақ соғып тұр, қашан құрылыққа жеткенінше осы жел бәсеңдемейді, - деп ойлады шал. -Мына балықтың бір рет бұлқынып қалғанына қолымды жаралап алғаным қалай? Мәңгіп кеттім, білем. Әлде, әлгі кішкентай құсқа қарап, бар ойым соған ауып, қаннен-қаперсіз отырдым ба? Қой, енді өз жағдайымды ойлайын, әлденіп алу үшін жайынды жейін".
– Серік баланың қасымда жоғын қарашы, менде тұз да жоқ екен, - деді ол күбірлеп.
Қармақтың бауын сол жақ иығына аударып, абайлап қана қозғалып тізерлеп отырды да, қолын жуды. Алақанының қанын судың қалай шайғанына көзін салып, қолын суға малып біраз отырды.
– Балық қазір тым ақырын жүзіп келеді, - деп сөйледі.
Қолын тұзды суға малып отырыңқырағысы келіп еді, бірақ, балық тағы да жұлқынып қала ма деп қорықты, орнынан бойын жазып түрегелді де, бауды арқасына салып тартып, қолын күнге тосты. Қармақтың бауы оның алақанының қалың етін тіліп кеткен еді, бүгін әлі де көп қызмет атқаруға тиісті қолдың ең күш алатын жеріне, іске кіріспей жатып, жарақат түскені жақсы болмады, шал осыған қынжылды.
– Енді жайынды жеп алайын, - деді қолының суы кепкен соң. - Жайынды жатқан жерінен багормен іліп, бері тартып алайын да, жақсылап тұрып жейін.
Шал қайтадан тізерлеп отырды да, багормен түрткілеп, қайықтың арт жағынан жайынды іздеді. Қармақтың бауын шайқалтып алмауға тырысып, абайлап қана жайынды өзіне қарай тартып алды. Арқасына түскен бар салмақты сол жақ иығына қайта аударып, сол қолымен қайықтың ернеуіне сүйеніп тұрып, жайынды имек ілгектің басынан шығарып алды да, багорды орнына қойды. Жайынды тізесімен басып тұрып, оның жон арқасының қызыл күрең етін желкесінен құйрығына қарай сыдыра тілді. Тілшелеп алты бөлек етіп кесті де, бұларды қайықтың тұмсық жақ тақтайының үстіне қатарлап жайды, сонсоң пышағын шалбарына жанып сүртті де, жайынның қаңқасын құйрығынан алып, теңізге лақтырып жіберді.
– Мұның бір кесегін тұтас тауыса алмаспын, - деп кесек еттің біреуін қаққа бөлді.
Қармаққа ілінген балық қайықты іркілмей сүйреп келеді. Мұның әлі шаршар түрі жоғын шал сезіп отыр, бауды тарта-тарта сол жақ қолы мүлде қарысып қалды. Қолының қалтырағанына қария ұнатпаған пішінмен қарап қояды.
– Құдай-ау, бұл неғылған қол! - деді ол - Мейлің, қалтырасаң қалтыра. Керек десең, құстың аяғынша бүрісіп қал, бұдан келер бәрібір жеңілдік жоқ саған.
"Өзің жүрек жалғап алшы, сонда қолыңа да әл кіреді, - деген ойға кетті ол, тереңге көлбей бойлаған қармақбауға, тұңғиық суға көз жіберіп отырып. - Қолда не жазық бар? Балық ілінген қармақбауды сіресіп ұстап отырғаныңа бірнеше сағат болды ғой. Бұл балықтан айрылар түрің жоқ. Сөзді доғар да, тамақтанып ал!"
Ол балық етінің бір тілігін алды да, аузына салып ақырын ғана шайнай бастады. Дәмі онша жаман көрінбеді.
"Бар нәрін түгел алып қалу үшін жақсылап шайна. Мұны лимонмен қосып немесе үстіне тұз сеуіп жесе, қандай тәуір болар еді", - деп ойлады қария.
– Иә, халің қалай, қолым? - деді ол, өлген адамның қолындай боп сіресіп, құрысып қалған қолына қарап. - Саған әл кірсін, балық етінің тағы да бір тілігін жеп көрейін.
Шал қаққа бөлінген кесектің екінші тілігін де аузына салды. Еттің әбден дәмі кеткенше шайнады да, сыртқы қабығын түкіріп тастады.
– Ал, енді қалай, қолым, аздап әл кірді ме? Әлде әлі де еш нәрсені сезген жоқсың ба?
Шал балық етінің тағы бір кесегін жеп алды.
"Бұл - дені сау, еті тығыз жақсы балық, - деп ойлады ол. - Қолыма макрель түспей, жайынның іліккені жақсы болды. Макрельдің еті қант татып тұрады. Ал мына балықта ондай дәм жөнді жоқ, бар нәр-жұғымы бойға жақсы сіңеді. Жә, мұндай көлденең ойды қайтесің, - деді шал ішінен, - тым болмаса бір шөкім тұздың жоғын көрдің бе. Мына балықтың қалған еті күңсіп, яки борсып, сасып кетпесін қайдан білем. Сондықтан мұны, аш болмасам да, бұзылмай тұрғанда сыпырып-сиырып жеп алайын. Жайын балық қайықты ақырын ғана сүйреп, жайымен жүзіп келе жатыр. Жайынның қалған етін түгел жеп алған соң кірісермін айқасқа".
– Шыда, қолым, - деді ол. - Сен үшін ғой, жанды салып жатқаным.
"Жайынды да жемдегенім жөн болар, - деген ой келді оған. - Өзімнің ет жақыным ғой. Бірақ, мұны өлтіруге тиістімін, ол үшін маған күш жинау керек".
Шал жайынның қалған етін асықпай баппен жеді. Сонсоң, қолын шалбарына сүртті де, бойын жазып, түзеліп отырды.
– Ал енді сен, сол қолым, қармақтың бауын қоя бер. Сен есіңді жиғанша, бұл бауға оң қолыммен ие бола тұрармын, - деді қарт.
Шал сол қолына ұстаған бауды сол жақ аяғымен басты да, кейін қарай шалқайып, судағы балықтың салмағын арқасына аудара берді.
– Сол қолымның құрысқаны тезірек айыға гөр! - деп тіледі ол. - Кім біледі, бұл балықтың басына тағы да не ой келерін.
"Асылы, сабырлы балық болар өзі, - деп ойлады, - бет алды бұлқынбайды. Бірақ сонда не ойлағаны бар?
Ал мен өзім не істемекпін бұған? Бұл аса ірі балық ыңғайына көшіп отырмасаң болмас, судың бет жағына жүзіп шықса, өлтірер едім. Бірақ өйтпей, төменде жүре берсе қайтпекпін? Онда мен де осылай сіресіп отырамын да".
Ол жансызданған сол қолын шалбарына сүртті де, енді саусақтарын жазбақ болып еді. Қарысып қалған саусақтар жазылмады. "Күннің көзіне тоссам, жаны кірер мүмкін, - деп ойлады қарт. - Әлгі жеген шикі балықтың етін асқазаным қорытып, нәрі бойыма тараған кезде, оның да себі тиер. Бұның құрысқанын қайтсем де жазамын. Бірақ қазір зорлық қылмайын бұған. Өз жайымен айықсын. Түнде бүкіл бауды, шумақ-шумақ жіптерді бір-біріне жалғағанда бұл қолым көп қызмет атқарды ғой, оны ескермеуге болмайды".
Шал алысқа көз жіберіп, өзінің қазір жападан-жалғыз екенін ойлап өтті. Бірақ күн көзінің суда ойнаған сәулесінің неше түрлі түске боялып құбылғанына, қармақбаудың тереңге көлбей бойлап керіле тартылып тұрғанына, теңіз бетінің бір түрлі тербеліп-шайқалып жатқанына қарап, көңілі бөлінді. Шығыс жақтан соғар қатты желдің ыңғайын білдіріп, бұлт көше бастады. Шал алдыңғы жаққа көз тігіп еді, аспанда шарлап топтала ұшқан бір топ үйректі көрді; топ құс бір мезет бұлдырап алыстаңқырап кетті де, сәлден соң қайтадан жақындап, шоғыры анығырақ көрінді. Теңізде жол шегіп жүрген шағында адамның көңілі осындай тіршілік иелерінің бәріне де бөлініп, ол өзінің жападан-жалғыз емес екендігін сезгендей болады; қазір қарт та бұл күйді ұғып отыр.
Ол кейбір адамдардың кішкентай қайықпен жарқыраған теңіздің ортасында жалғыз қалған шақтарында үрейге бой алдыратынын ойлап өтті де, күн райы құбылмалы маусымда олардың бұлай қобалжуы орынды деп санады. Ал, қазіргі маусым - дауыл соқпайтын, жылдың ең бір жайлы мезгілі, әзірше дауыл болған жоқ.
Дауыл боларда оның аспандағы белгілерін теңізде жүрген кісі бірнеше күн бұрын-ақ көруіне болады. Ал, бұл белгілерді құрлықтағы адамдар көре алмайды, - деп ойлады шал, - өйткені олар не нәрсеге көз тоқтатып қарау керектігін білмейді. Және де құрлықта тұрып қараған кезде, аспандағы бұлттың түрі мүлде басқаша болып көрінеді. Бірақ қазір бұл уақытта дауыл соға қоймайды.
Шал аспанға қарап еді, өзінің сүйсініп жейтін балмұздағы секілді ақ будақ бұлттарға көзі түсті, бұлардың үстіңгі жағынан қыркүйектің көгілдір биік аспанында қалқыған қазбауыр шарбы бұлттар көрінді.
– Көп кешікпей аздап жел тұрар түрі бар. Бұл жел сенен гөрі маған тиімдірек болар, балығым, - деді шал.
Қарттың сол қолының қарысқаны әлі жазыла қойған жоқ еді, сонда да саусақтары ептеп қозғалуға келді.
"Қолымның құрысқанын сондай жек көремін. Өз денеңнің өзіңе бағынбай сіресіп қалғаны қандай жаман! - деп, шал ойға шомды. - Кейде ішіңе ас тоқтамай немесе балықтан ұшынып, құсқың кеп, жұрт алдыңда састырса - қорлық. Бұл, әсіресе, жападан-жалғыз жүргеніңде жаныңа қатты батады".
"Қасымда серік балам болғанда, қолымды шынтағымнан төмен қарай сылар еді ол, - деп ойлады қария. - Бірақ, қайтер дейсің, құрысқаны бірте-бірте тарар".
Қармақбаудың жоғары қарай аз-аздап көтеріле бастағанын шал абайлап отыр еді, бауды тартып ұстаған он қолына кенет бір түрлі жеңілдік сезілді. Қария шалқая беріп, құрысқанын жазу үшін сол қолымен санын салып-салып қалды.
– Балық жоғарыға көтеріліп келеді. Қане, қолым, тіріл, жи есіңді, - деді.
Қармақбау созыла тартылды да, қайықтың алдыңғы жағындағы су бір кезде томпая көтерілді. Балықтың жон арқасы көрінді. Жонының екі жағынан су сорғалай сырғанап, денесі судан бірте-бірте көтеріліп шыға берді, тіпті, ұшы-қиыры жоқтай көрінді. Жылтыр түсі күнге шағылысып жалт-жұлт етті; басы мен арқасы көкпеңбек балық екен, бүйіріндегі жалпақ жолақтары мына ашық күн көзінде ақшыл көктеніп көрінді. Қайқиған ұзын сүйір тұмсығы бейсболдың доп қағатын таяғындай, ал тұмсығының дәл ұшы іп-істік найзадай. Балық судан бауырын жазып шалқая көтерілді де, қайтадан ақырын ғана еңкейіп кеп, төмен сүңгіп еді, қол орақтың жүзіндей ирек-ирек үлкен айыр құйрығы суға зорға батты.
– Бұл балықтың тұрқы менің қайығымнан екі футұзын екен, - деді шал.
Қармақтың бауы шалдың қолынан шапшаң суси бастады, бірақ бір қалыппен созылды, балық үркіп шошыған секілді. Шал бауды бос жібере бермей, қос қолдап, ақырын ғана тарта түсіп отырды. Қатты жұлқымай, осылайша ақырындап тартып, балықты ептеп-ептеп тежемесе, оның бүкіл бауды созып әкетіп, барып-барып үзіп кетуі хақ. Мұны шал біліп отыр.
"Бұл бір алып жайын екен, сыр бермейін бұған, - деп ойлады ол - Бауды алға созып әкете берсе, мені мерт етуі мүмкін ғой, сезбесін бұл жағдайды. Мұның орнында мен болсам, қашан бірдеме тарс етіп жарылғанша, алға сілтей берер ем. Бірақ құдайға шүкір, балықтар қанша епті, қанша алып болса-дағы, оларды өлтіретін адамзаттан ақылды емес".
Шал өз ғұмырында небір алып балықты көрген. Салмағы екі мың қадақтан асатын талай балықты кезіктірген, осындай балықтың екеуін өзі де кезіктірген, осындай балықтың екеуін өзі де ұстаған, бірақ онда жалғыз емес-ті, қасында серігі бар болатын. Ал қазір ол жарқыраған теңіз үстінде соншалық ғаламат алып балықпен жападан-жалғыз тіресіп келеді; мұндай зор балықты бұрын-соңды көрмек түгіл, естіген де жоқ еді; сол жақ қолының саусақтары, бүркіттің айқасып қалған тұяқтарынша, әлі құрысып отыр.
"Бұл қолдың құрысқаны жазылуға тиісті. Оның қолыма тым болмаса жәрдем беруі керек қой, - деген ой келді шалға. - Тіршілік еткен ағайынды үш жігіт бар еді: біреуі - балық, қалған екеуі - менің екі қолым еді... сол қолдың құрысқаны қайткенде де тарауға керек. Әйтпесе, тіпті мұнысы ұят қой".
Жайын балық екпінін бәсеңдетіп, бастапқыдай бір қалыппен ақырын ғана жүзіп еді.
"Бұл әлгінде судан неге ырғып шықты екен, - деп ойлап көрді шал. - Өзінің денесінің соншалық зор екенін паш ету үшін сөйтті-ау, сірә. Ұқтық мәнісін. Мен де осал адам емес екенімді көрсетер едім бұған, әттең, сол қолымның құрысып қалғанын көрмеймісің. Сондықтан еш қайрат қыла алмай отырмын. Мейлі, бұл балық мені жақсы кісі екен деп ойласын да, тарта берсін; шындығында ондай болмасам да, тып-тыныш отырғаннан кейін оған солай көрінсем керек. Мен осы жайын секілді балық та болуды қалар едім; оның еркіндігі мен сергектігі ғана емес, бойындағы бар қабілеті менде де болуын тілер ем".
Ол буын-буынының сырқырап ауырғанына шыдай кеніп, тақтай жәшікке сүйеніп, жайғасып отырды, ал, балық бір тынбастан алға тарта берді, қаракөк су бетімен қайық ақырын ғана қозғалып бара жатты. Шығыстан білінген желден толқын сәл көтерілді.
Шалдың құрысқан қолы күн түске тырмыса әжептәуір жазылып қалды.
– Балығым, енді халің мүшкілдене түсер, - деді де, қармақтың бауын арқасына қарай аударды ол
Буын-буынының сырқырап ауырғаны жанына батып отырса да мұны елемеді, көңіл күйі жақсы көрінді өзіне.
– Мен Құдайға сенбеймін, - деді ол - Бірақ осы балықты ұстау үшін "жасаған жар бола гөр" деп, дұға сөзін сан қайырып айтайын. Бұл балықты шын ұстасам, Құдайға құлшылық қылуға серт беремін. Ант етемін.
Шал дұға оқи бастады. Кей тұстарда дұғаның қайсыбір сөздерін ұмытып қалып, мұны өзінің титықтап шаршағандығынан көрді де, ұмытылған сөздер ауызға өзінен-өзі түсе қалуы үшін дұғаны шапшаң оқуға тырысты.
– Жалғыз хақ, өзің жар бола гөр. Біздей міскін пақырыңа мархабатыңды төк. Мына балық сондай әсем болса-дағы, осыны өзің дуалап өлтіріп бер, - деді.
Шал дұғасын оқып, Құдайға сиынып алғаннан кейін, буын-буынының сырқырай ауырғаны бәсеңсімесе де, көңілі әлдеқайда жайланғандай болды, қайықтың тұмсық жақ ернеуіне арқасын шапшаң қимылдатып, жаттықтыра бастады. Күннің көзі күйдіріп тұр, жел ептеп күшейе берді.
–Жем шаншып, кішкене қармақты суға қайтадан салғаным мақұл болар, - деді шал. — Мына жайын балық судың бетіне бүгін түнде қалқып шықпаса, тағы да бір тамақтанып алуым керек, құмырадағы су да таусылуға жақын қалды. Бұл маңнан қармағыма макрельден басқа балық іліне қоймас. Ұстаған бойда жеп жіберсең, мұның еті де онша дәмсіз емес. Түнде қайығымның ішіне қанатты балық топ ете түссе жақсы-ақ болар еді-ау. Жарықты жылт-жылт еткізіп алдар едім оны, бірақ, шырағданым жоқ. Қанатты балықтың жас еті тамаша қорек қой, өзінің қабығын аршудың да керегі жоқ. Менің әлсіремей, күш-қуатымды сақтауым керек. Қармағыма мынадай осынша ірі балық ілінерін білмедім ғой!.. Енді мұны қайткенде де соғып алуға тиістімін. Бұл балық қаншалық зор, қаншалық әсем болса да, өлтірмей тынбан, - деді шал.
"Мұным қиянат болса да, бұған адамның құдіретін танытамын", - деп іштей ойын жалғастырды.
– Мен елден ерек шалмын деп серік балама айтқам-ды. Сол сөзімді дәлелдейтін шақ туды енді, - деді қарт.
Ол бұл сөзін бұрын да сан мәртебе дәлелдеген-ді. Енді тағы да дәлелдеуге тұра келді. Есеп дегенің ылғи басынан басталып отырмақ қой, сондықтан бұл қария бір іске кіріскен кезінде өткенді есіне еш уақытта алмайтын-ды.
"Мына балық ұйықтаса, менің де көзім ілінер еді, сонда мен түсімде арыстандарды көрер ем,- деп ойға берілді шал. – Жадымда осы арыстандардан басқа жақсы ештеме қалмағаны қалай?"
– Ойға берілме, шалым,- деді ол өзіне-өзі - Тақтайға сүйен-дағы, ептеп тынығып ал, еш нәрсені ойлама. Қазір қайықты балық сүйреп келеді. Сондықтан сен әзірше күшіңді көп жұмсамай, тыныстай бер.
Күн батуға тақалды, қайық бір қалыппен баяу жүзіп келеді. Шығыстан ескен жел теңізді толқытып, шал қайық үстінде ақырын ғана тербетіліп отыр, арқасына жіптің батып ауыртқанын да елемейді.
Түс ауа қармақбау тағы да аздап көтерілгендей болды. Бірақ, балық бұл жолы үске шықпай, тек су бетіне таяу ғана жүзе берді. Күннің көзі шалдың арқасын, сол жақ иығы мен сол жақ қолын күйдіріп келе жатыр еді. Осыған қарап балықтың солтүстік-шығысқа қарай бұрылғанын аңғарды ол
Ол бұл балықтың түр-тұлғасын бір рет көргендіктен, енді оның дәл қазір бауырындағы көгілдір қанаттарын құс қанатынша жайып жіберіп, қатты құйрығымен тұңғиықты айыра тіліп, су астында қалай жүзіп бара жатқанын көз алдыңа келтіргендей болды. "Қап-қараңғы тұңғиықта қазір келе жатып, маңайындағының бәрін де көре ала ма екен бұл? -деп ойлады шал, - бірақ көзі шарадай ғой. Мұның көзінен көзі әлдеқайда кіші жылқы да қараңғыда тамаша көреді. Бір кезде мен де қараңғыда жақсы көретін ем. Әрине, тастай қараңғыда емес. Дегенмен, көзім мысықтың көзіндей қырағы еді.
Әрі күн қыздырып, әрі саусақтарын тынымсыз қимылдатып жаттықтырған соң, шалдың сол қолының құрысқаны тарады, енді ол қармақтың бауы батып тұрған арқасына аз да болса жеңілдік келтіру үшін балықтың салмағын осы қолына ептеп аударыңқырады.
– Әлі шаршамаған болсаң, сен расында да ғаламат балық екенсің, - деп сөйледі ол Өзінің қатты қалжырағанын сезді, түннің де жақындап қалғанын біліп отыр, сондықтан ойын басқа бір жайларға аударуға тырысты. Өзі пір тұтатын әйгілі бейсбол лигалары хақында ойлап кетті, бүгін Нью-Йорктің "Янкилері" Детройттің "Жолбарыстарымен" ойнайтынын есіне түсірді.
"Спорт ойындарының барысынан бейхабар отырғаныма бүгін екінші күн, - деп ойлады қарт бір ауық. - Бірақ, қайткенде де өз күшіме сенуім керек, ұлы Ди Маджионың мақтауына татитындай болуға тиіспін, ол - ерен ойыншы, өкшесінде қажалған мүйізі болса-дағы, оның батып ауырғанын елемей, спорт алаңында керім шапшаң қимылдап, тамаша өнер көрсетеді. Өкшедегі мүйіз дегеннің өзі не нәрсе екен? Біздің балықшыларда мұндай мүйіз болмайды. Төбелеске үйретілген әтеш табаныңа теуіп қалса ауыртатын еді, өкшедегі мүйіз де солай батып ауырта ма екен? Төбелеске үйретілген әтештер төбе-лескен кездерінде бір көзі түгіл екі көзі ағып түссе де оған қарамай, сарт-сүрт тебісіп, соғыса береді. Мұндай төбелеске мен шыдай алмас едім. Адам темір емес, аңдар мен құстар секілді оның да кеудесінде жаны бар. Менің қазір мына тереңде жүзіп келе жатқан балық болғым келер еді".
– Иә, тек акулалар тап бермесін де,- деп үн қатты шал, –акулалар тап берсе, мына балықтың да, менің де аман қалуым екіталай!
"Ұлы Ди Маджио осы балықпен сен құсап дәл осылай тіресіп отыра алар ма еді? - деп ол өзіне-өзі сұрақ қойды.
– Иә, оның да дәл осылай тіресе алатынына кәміл сенемін, ол менен гөрі жасырақ, әрі күштірек, сондықтан маған қарағанда басымдау қимылдауы да мүмкін, өзінің және әкесі балықшы болған адам... Өкшесіндегі мүйізі қатты батып ауырта ма екен?"
– Қайдан білейін, менің өкшем мүйіз боп көрген емес, - деді ол күбірлеп.
Күн ұясына батқан кезде, сергіп еңсесін көтеру үшін өткен бір оқиғаны есіне түсірді. Бір жолы Касабланка тавернасындаоның порттағы ең мықты адам деп саналатын, Сьенфуэгостан келген бір зор негрмен күш сынасқаны бар еді. Үстелдің үстіне бормен сызылған сызыққа шынтақтарын тіреп, алақандарын қатты айқастырып алып, бірінің қолын бірі қайырып бүге алмай, екеуі бір тәулік бойы тірескен-ді. Жұрт жағалай бәс тігіскен; керосин шам күңгірттеу жарық түсіріп тұрған бөлмеден бірі шығып, бірі кіріп жатты; шал екі көзін негрдің қолынан, шынтағынан, бетінен тайдырмады. Алғашқы сегіз сағаттан соң төрешілер кезектесіп ұйықтап алу үшін, төрт сағатта бір алмасып тұрды. Екеуінің тырнақтарының көбесінен қан білінді, сонда да олар бірінен-бірі көздерін тайдырмастан тіресіп отыра берді. Бәс тігіскен жұрт бөлмеге бірі кіріп, бірі шығып жатты; олар қабырғаға тақау қойылған биік отырғыштарға жағалай отырып алып, ақыры немен тынарын күтулі. Бөлменің ағаш қабырғалары ашық көгілдір сырмен боялған еді, қазір бетіне көлеңке түсіп тұр. Негрдің қабырғаға түскен көлеңкесі өте үлкен боп көрінді, жел аспалы шамды шайқаған кезде көлеңкесі бірге қозғалады.
Бірде шал, бірде негр басымдау шығып, екеуі түні бойы жеңісе алмады; негрді роммен сусындатып, аузына сигаретін тұтатып беріп тұрды. Негр ромды жұтып алған сайын тістене қимылдап, бір рет шалдың қолын қайырып әкеп, үстелге сәл тигізе жаздады. Шалдың ол кезде қазіргідей қартайған кезі емес, Сантьяго чемпион атанған жігіт шағы болатын. Ол тіресіп, қолын қайтадан түзеп алды. Осыдан кейін оның негрді жеңетініне күмәны қалмады; негр де ерен күшті жақсы жігіт еді. Таң ағарып атып, жұрт енді екеуіне теңбе-тең түсті деп төрелік айту керек десіп ұсыныс жасай бастағанда, негр жаңа ғана иығын көтеріп, мейлілерің дегендей әлпет білдірді. Шал кенет бар күшін сап, негрдің қолын қайырып әкетті, бірте-бірте шалқайтып апарып, үстелге бір-ақ тигізді.
Сөйтіп, жексенбі күні таңертең басталған тірес дүйсенбі күні таңертең аяқталып еді. Бәс тігіскен жұрт екеуіне теңбе-тең түсті деп төре беруді талап етті, өйткені бәрінің портқа жұмысқа баратын уақыттары болып қалған еді, бұлар Гавана көмір компаниясына көмір және қап-қап қант тиеп жатқан болатын. Жұмысқа шығатын уақыттары боп қалмағанда бәсекені соза беретін түрлері бар еді. Бірақ, шалдың жеңгеніне дау айтуға дәлел жоқ еді, өйткені ол жүк тиеушілердің жұмысқа шығатын уақыты болғанша жеңіп шыққан-ды.
Осы оқиғадан кейін жұрт оны көпке дейін чемпион деп жүрді. Шал көктем шыға негрдің ұпай қайтаруына келісім қылды. Бірақ, тігіскен бәстің мөлшері онша жоғары болмады; бұл жолы шал оп-оңай жеңді негрді.
Өйткені Сьенфуэгостан келген негр жігіттің шалмен алғашқы бәсекеде жеңіліп қалғаннан кейін-ақ тауы шағылып қалған еді. Сантьяго осыдан кейін де бәсекеге бірнеше рет түсті, бірақ, көп ұзамай бұл кәсіпті тастап кетті. Бәсекеге түскен қарсыласы қандай адам болса да, шалдың оны жеңгісі келсе жеңетініне көзі анық жетіп еді, бірақ балық аулағанда өзінің бар сенер оң қолына бұл секілді тіресудің залал келтіретінін ұғып осылай етті. Ол бәсекеге сол қолымен де бірнеше рет түсіп байқаған-ды. Бірақ, сол қол ырыққа көнбей, опық жегізе берген соң, шал оған сене алмады. "Бұ қолды күн бүгін жақсылап-ақ қыздырды, - деп ойлады қария. - Енді құрыса қоймас, түн де тым суық болар деймісің. Бұл түннің маған не сый тартарын білер ме ем, шіркін!"
Шалдың төбесінен Майамиға бет алған ұшақ ұшып өтті. Аспандағы ұшақтың су бетіне түскен көлеңкесінен үркіп ұшқан қанатты балықтарды байқады қарт.
– Бұл тұста қанатты балықтардың көп болуына қарағанда, жақын маңда макрель жүзіп жүруі де хақ,- деді де, қармақ жұтқан жайын балықты аздап болса да жақынырақ сүйреп әкелуге болмас па деп байқағысы кеп, иығына салған қармақбауды шалқайып тартыңқырай түсіп еді, ештеме өнбесін ұға қойды; қармақбау қатты бұралған сым шектей тырсылдап, үзіліп кетердей діріл қақты. Қайық алға қарай ақырын ғана сырғып келеді. Шал ұшақты қашан қарасы үзілгенше, көзімен ұзатып салды.
"Ұшақтан қарағанда жер-көктің бәрі бір түрлі боп көрінетін шығар, - деген ойға берілді ол. - Сондай биіктен теңіздің беті қандай боп көрінеді екен, ә? Ұшақ осынша жоғары ұшпағанда, оның ішіндегілер менің балығымды анық байқай-тұғын еді. Өз балығыма жоғарыдан қарау үшін екі жүз сажень биіктікте ақырын ғана қалықтап ұшар ма едім. Теңіз тасбақасын аулауға аттанып бара жатқан баяғы бір күндерімде, кеме үстіндегі биік тұғырға шығып алып төңірекке көз салғанымда, көзіме көп нәрсе шалынатын еді. Сонда макрель балығының түсі жасылданып көрінетін, бүйіріндегі көкшіл жолақтары мен теңбіл таңбаларын анық байқап, макрельдің қалың тобының шоғырланып жүзіп жүргенін айқын көруге болатын. Тұңғиық тереңде жүзетін ұшқыр балықтардың жон арқасы көгілдір келетіні және көкшіл жолақтары мен теңбіл дақтары болатыны несі екен? Макрельдің арқасы жасылданып көрінгенімен, ол - сарғылт түсті балық. Бірақ ол әбден ашыққанда, жемін аулаған кезінде, қос бүйірінде марлиннің жолағындай көкшіл жолақтар білінеді. Әлде ызаның белгісі ме бұл? Болмаса жайшылықтағы қалпынан шапшаңырақ жүзгендіктен осылай көріне ме екен?"
Ымырт үйірілген кезде шал дөңгелек арал секілденген қалың балдыр тұсынан өтіп бара жатты; су бетін тұтаса жапқан балдыр жұқа толқын әсерінен ақырын ғана бүлкілдеп тербетіледі, бейне мұхит сары көрпенің астында біреумен құшақтасып аймаласқандай. Осы мезгілде кішірек қармаққа бір макрель ілінді. Балық тулап, судан ыршып секіріп қалған мезетте байқады шал мұны, күннің семіп бара жатқан шұғыласына шағылысып, балық жарқ ете қалады. Балық акробат ойыншыдай қайта-қайта ыршып жатқанда, қария қайықтың арт жағына жылжып барып, үлкен қармақбауды оң қолымен ұстап, макрельді сол қолымен тартты. Макрель қайыққа тақалғанда жанталаса бұлқынды, шал еңкейіп, көгілдір жолақты, алтындай сары балықты судан суырып алды. Қармақты тістеген аузы дірілдеп, басымен, құйрығымен қайықтың түбін соққылап, шоршып тулаған балық, жалтыраған басына шал шоқпармен түйіп қалған соң демі тынып, жай тапты.
Шал балықты қармақтан алды да, жем шаншып, қармақты суға қайта салды. Содан соң қайықтың тұмсық жағына ақырын ғана жылжып барды. Сол қолын жуып, шалбарына сүртті де, зілдей қармақбауды оң иығынан сол иығына аударды, теңізге еңкейіп батып бара жатқан күннің көзіне, керіле тартылған үлкен қармақбауының көлбей созылған қалпына барлай қарап отырып, оң қолын жуды.
– Өзгеріс жоқ, бәрі де бәз қалпында, - деді шал. Бірақ қолын суға салып байқағанда, қайықтың қозғалысы өте баяулап қалғанын аңғарды.
– Түнде қайықты тежеу үшін, екі ескекті қосақтап буып, қайықтың арт жағына көлденең келтіріп байлайын, - деді ол - Мына балықтың түні бойы сүйрер қалпы бар. Бұл түнге мен де шыдап бағармын.
"Макрельді дереу аршып-тазаласам, қан түгел ағып кетер, сондықтан іске кейіндеу кіріскенім мақұл болар, - деген ой келді басына. - Бұл шаруаны реттегеннен кейін, жүрісті тежеу үшін, ескектерді қайықтың артына көлденең салып байлармын. Ал, әзірше, әсіресе қазіргідей күн батар шақта, балықтың мазасын алмайын. Күннің батар кезінде судағы балық атаулы біртүрлі құтырынады".
Ол қолын желге тосып кептірді де, қармақбауды әдейі тартыңқырап ұстап еді, сонда балық оны қайықтың бүйіріне қарай сырғытып тақай түсті де, шалдың иығына батып отырған жіпті қайықтың биік жақтауы көтеріп қалды, сөйтіп, шал өз иығын езіп тұрған салмақты енді қайыққа түсірді.
"Ептеп әдіс те ала бастадым, - деп ойлады қария. - Әзірше бұл балықты жайғар түрім бар. Қармақты жұтқаннан бері бұл жайынның аштан-аш келе жатқанын да неге ұмытайын, өзі сондай зор балық, бұған жем де мол керек. Өзім болсам, бір жайынды түгел жеп алдым. Ертең макрельді қорек қыламын. - Шал макрельді дорадо деп атады. - Оны аршып-тазалаған кезімде, етінің бір кесегін жеп алармын. Жайынға қарағанда макрельдің етін жеу қиындау. Бірақ өмірде оп-оңай бола қоятын ешнәрсе де жоқ қой".
– Балығым, халің қалай? - деп дауыстады шал. - Менің халім өте жақсы. Сол қолымның ауырғаны басылайын деді, бір түнге жетер азығым бар, тіпті ертеңге де артылып қалады. Мейлің, балығым, өзіңе жақсы болса қайықты сүйрете бер.
Шалдың халі оншалық жақсы да емес еді, жіп қиып сыздаған арқасы енді қазір шаншып ауырып, жанына батыңқырап отырған-ды. "Бұдан да қиын теперіштерді көргенмін, - деп жұбатты ол өзін. - Оң қолым жеңіл ғана жарақаттанды, сол қолымның құрысқаны жазылды. Аяқтарым сау. Мына балыққа қарағанда, тәп-тәуір".
Қас қарайды: қыркүйек айында күннің көзі батысымен-ақ, іле қас қараяды. Қария қайықтың жақтауына арқасын сүйей қисайып, дамылдап алуға тырысты. Аспанда жылтырап бір жұлдыз көрінді. Шал мұның атын білмесе де, бұл жұлдызды көрген соң, көп кешікпей басқа жұлдыздардың да туатынын ішінен сезді. Енді оған алыста жылтыраған жұлдыздар тағы да серік болады.
– Мына балық та менің досым, - деді шал. - Мұндай ірі балықты бұрын-соңды көрген жоқ едім, көрмек тұрмақ естіген де емеспін. Мен мұны сонда да өлтіруге тиістімін. Аспандағы жұлдыздарды ғой дәл бұлай құрта алмайсың, осының өзі қандай жақсы!
"Айталық, адам айды аспаннан құлатуға оқталды делік. Ай одан қашар еді. Ал егер, адам күннің көзіне оқталып, оның соңына түссе қайтер еді? Иә, адамда мұндай пиғыл болмағанына шүкіршілік", - деп ойлады шал
Бір мезет оның қармақ жұтып, еш нәр тата алмай келе жатқан үлкен жайынға жаны ашыды, бірақ, балықты өлтірмек болған райынан титтей де қайтқан жоқ. Бұл балық қанша жұртты тойындырмақ! Ал сол жұрт осы балықтың етін жеуге лайық па? Әрине, лайық емес. Мұның етін жеуге лайық пенде жоқ жер бетінде; қараңызшы, аласұрып алыспай, ұлылығын танытып, жайымен қалай емін-еркін жүзіп келе жатыр.
"Мен көп нәрсені түсінбеймін, - деген ойға берілді қарт. - Адамның аспандағы күнді, айды, жұлдызды құлатып түсіруге ниет қылмайтыны қандай жақсы. Біз қорегімізді теңізден зорлық қып тартып алып, өзіміз секілді тіршілік иелерін өлтіріп жатамыз, -адамға осы да жеткілікті ғой.
Енді ескектерді қайықтың артына көлденең келтіріп байлап, жүрісті тежеудің жайын ойланайын. Бұлай тежеу салудың тиімді де, тиімсіз де жағы бар. Тежеу салынған соң қайықтың жүрісі бөгеліп, егер балық бұлқынып, жіпті үзіп кетер болса, балықтың өзінен де, бірталай қармақбаудан да айрылып қалуым ықтимал. Ал, тежеу салынбаса, қайық ауырламас еді де, балық оны сүйреп тарта берер еді; әрине онда жайынның да шегіп келе жатқан азабы, менің де көріп келе жатқан мехнатым азаймас еді, бірақ өз басым аман қаларым хақ. Иә, бұл балық, егер қаласа, шапшаңырақ жөнелуі де мүмкін-ау. Ақырын көре жатармын, ал қазір, әл жиып алу үшін макрельді еті бұзылмай тұрғанда аршып тазалайын да, аздап талшық етейін.
Енді тағы да бір сағат тынығамын, содан соң, егер жайын балық бұлқынып туламаса, ептеп қайықтың құйрық жағына барып, ескектерді байлаудың амалын істермін. Ал әзірше балықты бақылай тұрайын, ол не істер екен? Қайыққа тежеу жасау үшін ескектерді көлденең сап байлау дегенің - табылған ақыл болды, дәл қазір тек осылай ету керек. Балық әлі болдырған жоқ, өзінің қармаққа ­езуінен ілінгенін байқап қалдым, аузын өзі тарс жұмып алған. Оған қармақтан гөрі ашыққаны және өзіне беймағлұм қауіпті сезгені қаттырақ батып келе жатқаны анық. Тынығып ал, шалым. Сенің де кезегің келер, оған дейін балық жүзе берсін".
Шал өз жобалауынша, екі сағаттай тынықты. Ай қорғалаған кез еді, сондықтан уақыт мөлшерін айыра алмады. Дұрыстап тынығу қайда, қармақбаудың арқасына түскен салмағын ылғи сезіп отырды, қайықтың жақтауына қолын тіреп, төмен еңкейіңкіреп, салмақты қайықтың өзіне аударыңқырауға тырысты ол.
"Қармақтың бауын қайыққа байлап қойсам, бұл мехнаттың бірін де көрмес едім! - деп, бір ойлады қария. - Бірақ, онда балық сәл жұлқынып қалса болды, бау шарт етіп үзіліп кетер еді. Ал мен қармақтың бауын арқама сап тартып, балықты бірте-бірте тежей беруге тиіспін, егер жайын жұлқып ала жөнелсе, бауды дереу босатып жіберуге әзір отыруым керек".
– Сен, бірақ, ұйықтамадың ғой, шалым, - деді ол үн қатып. - Бір жарым тәулік болды, әлі көз шырымын бір алған жоқсың. Балық бұлқынбай, әзірше тыныш жүзіп келе жатқан кезде, аздап болса да мызғып алсаң етті. Ұйықтамасаң басың мәңгіреді.
"Қазір ойым анық. Аспандағы туысым - жұлдыздарым жайнап тұр, - деді ол ішінен. -Дегенмен де ұйықтап алғаным мақұл. Аспандағы жұлдыз да, ай да, күн де ұйықтайды, желсіз тымық күндерде кейде мұхит та ұйықтайды.
– Ұйықтаудың керектігін ұмытып кетпе, - деп ескертті ол өзіне-өзі. - Ұйықтауға көндір, өзіңді қалайда; қармақтың бауын қалай қалдыра тұрудың бір оңай әдісін ойлап тап. Қазір дереу қайықтың арт жағына бар-дағы, макрельді аршып тазала. Есіңде болсын, егер ұйықтайтын болсаң, ескектерді қайыққа көлденең байлап тежеу салу - қауіпті нәрсе.
– Ұйықтамай-ақ шыдармын, - деді ол өзіне, - әрине, шыдарсың, бірақ бұл өте қатерлі жағдай.
Ол қармақтың бауын қозғап, балықты үркітіп алмайын деп, қайықтың арт жағына ақырын ғана еңбектеп жылжыды. "Балық та қалғып келе жатқан шығар, - деген ой келді басына. -Маған мұның тынықпағаны керек. Ол қашан өлгенше, қайықты сүйрей беруге тиісті".
Қайықтың артқы жағына жылжып барған соң, шал балықтың бар салмағын сол қолына аударды да, оң қолымен қыннан пышағын суырды. Жұлдыздар жайнап тұрған, қайықтың қуысында жатқан макрель анық көрінді. Шал өлі балықтың басына пышағын қадап жіберіп тақтайдың астынан суырып алды. Аяғының арасына қысып тұрып, макрельдің ішін құйрығынан тамағына дейін іреді де, пышағын қоя салып, балықтың ішек-карнын, желбезегін сыдырды. Макрельдің жылтылдаған қарны ап-ауыр боп көрінген соң, тіліп жіберіп еді, ішінен қанатты екі балық шықты. Екеуі де әлгінде жұтылған балық екен, еттері тығыз көрінді; шал бұларды қайықтың түбіне қатарластыра қойды да, макрелдің ішек-қарнын суға тастады. Қан-жыны шұбырып шұбалған із қалдырып, балықтың ішкі мүшесі тереңге батып бара жатты. Жұлдыздардың көмескі жарығында макрельдің түсі ақшылданып көрінді. Шал балықтың басын аяғымен басып тұрып, макрельдің бір жақ бүйірінің терісін сыдырып алды. Содан соң аударып салып, екінші жағының терісін сыдырды да, желкесінен бастап құйрығына дейін етін сылып кесті.
Шал макрельдің қаңқасын қайықтан лақтырып жіберіп, түскен орнының суы үйірілді ме екен деп қарап еді, тереңге ақырын ғана батып бара жатқан сүйектің ағараңдаған ізі ғана көрінді. Шал бұрылып, қанатты екі балықты макрельдің етіне қосты да, пышағын қынына салып, балық етін оң қолына ұстап, қармақбаудың арқасына түскен салмағынан еңкейе еңбектеп, қайықтың тұмсық жағына қайта барды.
Орнына келген соң, макрельдің етін тақтайдың үстіне жайды да, қанатты екі балықты осы еттің қасына қойды. Арқасына батқан баудың қиып ауыртып тұрған жерінен сәл сырғытып, салмақты енді қайтадан сол қолына түсірді. Қайықтың ернеуінен еңкейіп, қанатты балықты суға жуып алды, қолына су ағыны қаттырақ секілденді. Макрельдің терісін сыдырғанда май жұққан қолын қайықтың жақтауына ысқылап жуды. Қолға жұққан фосфор ұнтақтарының суға шайылып, қайықтың арт жағына таман ақырын ғана қалқып бара жатқанына көзі түсті, су ағыны дәл қазір баяу еді.
– Жайын балық яки қалжырады, яки тынығып алғысы келді,- деді шал. - Тезірек тамақтанайын да, аздап ұйықтап алайын.
Ол макрель етінің бір кесегін жеп алды, түннің салқын болар ыңғайын танып, қараңғыда аршып-тазалап қойған қанатты балықтың біреуін және жеді.
– Пісіріп жейтін болсақ, макрельдің етінен дәмді еш нәрсе жоқ! - деді ол - Ал, шикі қалпында сондай дәмсіз! Теңізден балық аулауға ендігәрі тұз алмай, лимон алмай шықпаспын, сірә да!
"Өзімде де ми жоқ, қайықтың тұмсығының үстіңгі тақтайына күн ұзақ су құя берсем ғой, кепкен соң кешке жақын одан тұз қырып алатын едім, - деп ойлады,- Мұным дұрыс болатын еді, бірақ, макрельді дәл күн батар алдыңда ұстадым ғой. Әйтсе де көп нәрсені алдың ала ойламаппын. Дегенмен енітеме етпес, макрельдің бір кесек етін түгел жесем де, жүрегім лоблыған жоқ".
Күншығыс жақты бұлт бүркеп, таныс жұлдыздар бірінен соң бірі сөне бастады. Қария қара бұлттың бейне бір аңырайған шатқалына еніп бара жатқандай болды. Жел басылған.
– Үш-төрт күннен кейін ауа райы бұзылар сұрқы бар, - деді шал. - Дәл бүгін-ертең бұзылмайды. Балық өзіңді тыныш қана сүйреп келе жатқанда аздап ұйықтап ал, шалым.
Қармақтың бауын ұстаған оң қолын жамбасымен баса қайықтың жақтауына қисайды. Баудың арқасына батып тұрған жібін сәл төмен сырғытыңқырады да, оны сол қолымен тартып ұстады.
"Оң қолымнан қармақбау оңайлықпен босай қоймас. Ал егер ұйықтап жатқанымда алақаным ашылып кетіп, жіп суси жөнелсе, сол қолым сезер де, оятар мені. Әрине, оң қолыма салмақ жеңіл болмас. Дегенмен, бұл қол мұндай теперішке төзіп үйренген. Жарты сағат, не жиырма минут мызғып алсам, жақсы-ақ болар еді".
Ол қайықтың жақтауына сүйеніп, қармақбаудың салмағын оң қолына аударды да, көзін ілдірді.
Түс көрді. Түсінде арыстандарды көрмесе де, оның есесіне, теңіз шошқаларының қанаттаса жүзген қалың бір үйірін көрді. Бұлардың күйлейтін уақыты екен, жоғары атыла секіріп, қайтадан шүйіле сүңгіп, асыр салып ойнап жүрді.
Бұдан соң және бір түс көрді; түсінде ол деревняда өзінің төсегінде ұйықтап жатты, жаман лашықтың ашық тесігінен терістіктен ескен суық жел саулап тұрды. Сол ызғардан шалдың денесі тоңазып, басына жастанған оң қолы ұйып қалған екен.
Тек сонан кейін оның түсіне теңіздің созылып жатқан сары қайыры кірді; сонсоң қайырға шыға берген әуелі бір арыстанды көрді, бұл арыстанның соңынан басқалары да шұбап келе жатыр екен; уақыт - іңір кезі, шал зәкірде тұрған кеменің ернеуіне иегін тіреп, арыстандарға қадала қарап қалған; құрлық жақтан ескен кешкі самал бойын желпіп, рақаттанып қалды; арыстандар тағы да көріне түссе екен деп тіледі ішінен, сонда мұның көңілі шалқи түсер еді.
Тәтті түс қарияны тәтті ұйқыға бөледі. Ай әлдеқашан туған, шал ұйықтай берді, ал, жайын балық қайықты теңіздің тұңғиық өріне бір қалыппен сүйрей берді.
Қармақтың бауын балық қатты жұлқып қалғанда, оянды шал. Оң қолының жұдырығы бетіне сарт ете қалды.
Қармақбау алақанын дуылдатып, уысынан суылдап шығып барады. Сол қолының жаны кетіп қалыпты, сондықтан шал бауды оң қолымен тартып тежемек болып еді, жіпке ие бола алмады. Әрі-беріден кейін сол қолының да жаны кіріп, жіптің сусығанын сезді; жайын жұлқи жөнелгенде бау шалдың екі қолын да, арқасын да дыз-дыз еткізді. Шал баудың шумақталған жағына қарап еді, шумақтың тез тарқатылып жатқанын көрді. Осы мезетте жайын балық суды жарып жоғары атылды да, бар салмағымен теңізге қайта құлады. Осыдан кейін де ол қайта-қайта секірді, қайық алға лықси түсіп жүзіп келеді, шал қармақтың бауы үзіліп кете ме деп қауіптеніп, бауды бар күшін сап біресе өзіне қарай тартып, біресе қайыра босатып жіберіп жанталасты. Өзі балықтың екпінімен сырғып барып, қайықтың тұмсығына тіреліп жаюлы тұрған макрель етіне беті келіп жабысып қалса да, олай-бұлай бұлтара алмады шал.
"Осылай боларын біліп ек, - деді ішінен. - Ал енді шыдап бақ... Қармақ баудың есесін қайтарармын бұл балықтан! Қайтарармын әлі!"
Ол жайынның жоғары атылғанын көре алмады, қараңғыда тек теңіздің сапырылған сарылын, балықтың суға қайта-қайта күмп-күмп құлағанын ғана естіді. Суылдап сырғыған қармақбау қолын қиып бара жатыр. Дәл осының боларын қария алдың ала білген еді, енді алақаны мен саусақтарын баудың тілімдеп жаралап кетпеуінің қарекетін жасап, суылдаған жіптің астына қолының мүйізденген тұсын тоса берді.
"Қасымда серік балам болғанда ғой, қармақтың бауын ол сумен жібітіп тұратын еді, -деген ой келді басына. - Әттең, не керек, қасымда жоқ ол бала! Әттең, не керек!"
Қармақтың бауы қарияның уысынан суси берді, бірақ енді суылдап сырғыған жоқ, шал тырмыса тартып, балықты тежеңкіреді. Макрельдің етіне беті келіп жабысқанда, жақ сүйегі балық етін езіп жіберіп еді, қария енді басын ептеп көтеруге мұрсат алды. Әуелі тізерлеп бойын жазды да, сосын ептеп түрегелді. Қармақбауды уысынан әлі де болса босата берді, бірақ тұтамдап қана босатты. Баудың шумақталған жағын қараңғыда аяғымен байқап көріп еді, ораулы жіп әлі қыруар бар екен. Судағы жіптің өзі де бұл балыққа біраз жүк.
"Міне енді, бұл жайын судан бірнеше ыршып секірем деп, торсылдағын ауаға толтырып алды әбден, - деп ойлады қария. - Енді тереңге құлдилап кете алмайды, тұңғиық тереңге кетіп барып өлгенде, мұны үске тартып шығарып алу қолдан келмейтін еді. Біраздан кейін бұл балық қайықты шырқ айналып жүзе бастайды, сонда қимылдап қалуым керек. Әлгінде бұл неліктен бұлқынып тулады екен, ә? Аштықтан аласұрды ма, әлде қараңғыда бір нәрседен шошыды ма? Сірә, бір қатерді сезген болар. Бірақ бұл тыныш қана жүзіп келе жатқан аса күшті балық еді ғой. Өзіне-өзінің сенімі мол, айдыңды балық секілді көрініп еді маған. Әлгісі ғажап болды!"
– Қауіп-қатер дегенді ұмытып, өз күшіңе көбірек сенгенің абзал, шалым, - деді қария өзіне.
– Балықты жібермей отырғаныңмен, қармақтың бауын өзіңе қарай бір елі де жылжытып тарта алмайсың. Қазір жайын балық қайықты шырқ айналып жүзе бастайды, соған әзір бол".
Шал енді қармақбауды сол қолымен ұстап отырған; бетіне мыжылып жұққан макрель етін шайып кетіру үшін, төмен еңкейіңкіреп, оң қолымен су іліп алды. Жүрегім лоблып, әлсіреп қалам ба деп қауіп қылып еді. Бетін жуып алған соң қолын қайықтың ернеуінен салбыратып, тұзды суға малып, біраз ұстап отырып, сіберлеп келе жатқан аспанға қарап қойды. "Жайын балық қазір тұра күншығысқа қарай жүзіп келеді. Бұл оның шаршап-талып, енді ағыстың ыңғайына ыққанының белгісі, - деп ойлады, сәлден кейін қайықты шырқ айнала жүзуге мәжбүр болады. Нағыз жұмыс, міне, сонда басталады".
Тұзды суда біраз ұстап отырғаннан кейін, қария қолын қайта алып, жіп қиған алақанына қарады.
– Онша қауіпті емес екен. Алақанының ашып ауырғаны - еркек кісіге сөз бе, тәйірі! -деді.
Алақанына жаңа түскен жарақатты ауыртып алмас үшін қармақтың бауын оң қолымен ақырын ғана ұстады да, қайықтың екінші жақ ернеуінен салбыратып сол қолын суға малуға оңтайланды.
– Әлсіз болсаң да, жаман қызмет еткен жоқсың, - деді шал сол қолына. - Алайда, мені омақа асыра жаздаған сәттерің де болды.
"Екі қолым бірдей икемді боп неге тумадым екен? - деп шал және бір ойға кетті. - Сол қолымды іске икемді етіп кезінде дұрыс жаттықтыра алмағаныма мүмкін мен кінәлі шығармын. Бірақ, Құдай куә, ептілікке бұл қолдың өзі-ақ жаттығуына болатын еді. Шынын айтқанда, сол қолым өткен түнде мені онша налыта қойған жоқ; әзірге бір рет қана құрысты. Тек енді құрыспаса екен, өйткенше, оны қармақбаудың біржолата қиып түскені артық!"
Осы бір ой басына келген мезетте, шал өзінің есі ауыңқырап отырғанын түсіне қалды. Макрельдің тағы да бір кесек етін ауызға сап, жүректі жалғап алу керек. "Өйте алмаймын, - деді қария өзіне, - жүрегім айнып, әлсіреп азап шеккенше, ойым шатасып, басым мәңгірсін. Макрельдің етіне бетім жабысты, енді ол етті аузыма салып, шайнап жұта алмаймын. Өйткенмен де, қашан иістеніп бұзылғанша сақтаймын, басыма қиын-қыстау күн тұса керек болады. Ей, ақымақ шал! - деп сөкті өзін қария, - жүрек жалғағың келсе, қанатты балықтың және біреуі жатыр ғой қайықта".
Аршылып-тазаланған, жуылған балықты шал сол қолымен іліп ап, жеуге кірісті, сүйегіне шейін сағызша шайнап, бір талын да қалдырмастан, қанатты балықты түгел жеп қойды.
"Басқа балықтың қандайынан болса да мұның еті жұғымдырақ, - деді ішінен, - қандай десеңіз де маған керек нәр бар мұның етінде... Міне, енді қолдан келген қарекетімді жасап болдым. Жайын енді қайықты шырқ айналып көрсінші, түсеміз айқасқа".
Таң қылаң берді, шал теңізге шыққаннан бері бұл үшінші рет атқан таң; осы мезгілде жайын да қайықты орағыта айнала бастаған еді.
Шал, бірақ, мұны қармақбаудың көлбей созылған қалпына қарап айыра алмады. Әлі қараңғы еді, қармақбау жөнді көрінбеді. Шал балықтың қимылы сәл бәсеңдей түскенін ғана сезді де, бауды оң қолымен өзіне қарай ептеп- ептеп тарта берді. Қармақбау созылып, әуелгі қалпына кеп, сосын үзіле жаздап тырсылдай керілді де, дереу қайта босап жүре берді. Сол сәтте шал еңкейіп, қатты батып тұрған баудан иығын босатып алды да, қармақтың жібін өзіне қарай бір қалыппен асықпай ғана жиып тарта берді.
Екі қолын кере сермеп қимылдады. Иығына да, аяғына да күш түсті:
– Жайын балық қайықты орағыта айналып барады, - деді ол, - дегенмен дөңгелене бастады ғой, әйтеуір.
Кенет қармақтың бауы ауырлай қалды, шал сонда да оны еркіне жібермеді. Жайын тартынып бауды кейін қарай сүйреді, шал тізерлей түрегеліп, қармақ жібін амалсыздан ептеп-ептеп босата бастады, бау тұңғиық суға сіңе берді.
– Қайықты орағыта айналып бара жатқан жайынның алыстаңқыраған тұсы осы болар, -деді шал.
"Қармақтың бауын, мүмкін, қадарынша берік ұстайын. Бауды тежей берсем, жайын балық қайықты айналған сайын бері жақындай түспек. Бір сағат шамасында бұл балықтың дидарын да көрермін. Бұған әуелі күшімді танытайын, сонан соң жайғармын".
Бірақ, екі сағат өтті, жайын балық қайықты ақырын ғана дөңгелене айналып жүзе берді. Шалдың маңдайынан тер бұршақтап, қатты қажып, қалжырады. Рас, жайынның қайықты орай айналған шеңбері бірте-бірте тарыла түсті, суға батқан қармақбаудың қазіргі қалпына қарағанда, балықтың су бетіне ептеп-ептеп қалқып көтеріліп келе жатқаны байқалды.
Шалдың көзі бұлдырай бастады, шұбырған аққы тер маңдайындағы, көзінің алдыңдағы жарақатты удай ашытты. Көзінің бұлдырағанын елемеді қария. Қармақбауды бар күшпен тіресе тартып отырғанда көздің бұлдырап-бұлдырап кететіні бар, сондықтан елең қылмады. Бірақ, шал өзінің әлсірегенін бір-екі рет анық байқаған соң көңіліне қорқыныш кірейін деді.
"Жаза басып, ажалым осы балықтан болмақ па?" - деп өзіне-өзі сауал берді. - Істің сәті енді келгенде мүлт кетпекпін бе? Жасаған, жар бола гөр! Жүз қайтара дұға бағыштайын өзіңе. Дәл қазір емес, бірақ. Қазір дұға оқуға мұршам жоқ".
"Дұғаны оқыды деп білгейсің. Кейін бәрібір оқимын ғой", - деді ішінен.
Оның қос қолдап ұстап отырған қармақбауы осы мезетте дір етіп, балықтың жұлқынып қалғаны сезілді. Оқыс, әрі қатты жұлқыныс еді.
"Қармаққа тағылған сымды балық ұзын қайқы тұмсығымен соғып өтті, - деп ойланып қалды шал - Оның, әрине, өстуі керек. Бірақ бұл қарекеттің себі шамалы, құр жарақатын ауыртып, балықтың еріксіз секіруі ықтимал. Ал мен үшін бұл балықтың дәл қазір тыныш қана жүзе бергені жақсы еді. Ауа жұту үшін секіреді ғой бұл, бірақ секірген сайын жарақаттың орны ұлғайып, балықтың қармақтан сытылып шығып кетуі де мүмкін-ау".
– Секірме, балығым. Секірмеші! - деп жалынды шал.
Бірақ оны тыңдаған балық жоқ, қармақ тағылған сымға тұмсығымен қайта-қайта ұрына берді, шал басын шайқап, қармақтың бауын аз-аздап босата түсті.
"Жарақатын ауырта бермейін мұның, - деді ішінен. - Өз тәнімнің ауырғаны ештеме емес, шыдармын. Ал, балық шыдай алмас, қатты бұлқынып тулап жүрер".
Біраздан соң балық бұрынғы қалпынша қайтадан ақырын ғана айналып жүзе бастады. Шал бауды бір қалыппен өзіне қарай жиып тарта берді. Алайда өзі біртүрлі жайсызданды. Сол қолымен теңіз суынан іліп алып, басына құйды. Өстіп, екі-үш қайыра алақанымен басына су құйды да, сонсоң желкесін ысқылады.
– Әйтеуір қолым әзір құрысқан жоқ, - деді ол - Жайын енді көп ұзамай су бетіне қалқып шығады. Әйтеуір әзірше шыдап отырмын. Шыдауға тиістісің, шалым. Төзімім жетпес дегенді тіпті ойыңа да алма.
Шал тізерлеп отырып, қармақбауды қайтадан иығына салды. "Балық жайымен ғана дөңгеленіп айналып бара жатқанда, азырақ дамылдап алайын, сонсоң түрегелермін, жайын бері жақындай түскен кезде, қармақтың бауын тарта бастармын".
Ол қайықтың тұмсығына кеп біразырақ тынығып алуды ниет қып, қармақбауды еркіне қойып, балықты дөңгелете жүздіріп қалжырата түскісі келіп еді. Бірақ сәлден кейін жіп босаңсып, балықтың қайыққа қарай бұрылғаны байқалған соң, шал түрегеліп қармақбауды екі қолымен құлаштай тартып, жинай бастады.
"Ғұмырымда дәл бұлай қалжырап көрген жоқ едім,- деген ойға енді қария. - Жел де күшейіп келеді. Балықты қайыққа тиеп алып үйге қарай қайтқанда жел артымыздан соғады. Пайдасын сонда көремін, бұл желдің".
– Балық қайықты қайтадан орағыта айнала бастаған кезде дем алармын, - деді шал. - Дәл қазір халім жап-жақсы. Балық енді мықтағанда екі-үш айналар, сонан соң қанжығама байланар.
Шалдың басындағы қамыс қалпағы желкесіне таман сырғып кеткен, балық бір қырындай бұрылып, қармақбауды қайтадан кере созып тарта жөнелгенде, шал әлі құрып, жығылып қалды.
"Балығым, енді сен қимылда, - деді ішінен, - әйтеуір бір қайырыласың ғой, сонда қайтадан қырыма алармын сені".
Толқын көтеріле бастады. Теңізді ақырын ғана тербелтіп қоңыр жел есіп тұр, мұндай жел -күн райының ашық боларының белгісі; үйіне аман-есен тезірек жету үшін бұл шалға керегі де осындай жел
– Қайықты күнбатысқа күнгей жаққа қарай бағыттай берсем болғаны, - деді қарт. Біздің ұп-ұзын арал тұрғанда теңізде жүріп адасуға бола ма?
Балық қайықты үшінші рет орағыта айналып бара жатқанда, шал оны анықтап көрді. Әуелі оның шұбатылған көлеңкесін көргенде, қария өз көзіне өзі сенбей қайран қалды.
– Жоқ, бұл балықтың мұншалық үлкен болуы мүмкін емес,- деді.
Алайда, балық ғаламат зор еді, ол дәл қазір су бетіне тақау жүзіп бара жатты, құйрығы қайқайып, судан жоғары көтеріле берді. Оның үлкен шалғы орақ секілді айыр құйрығының түсі көгілдір көрінді. Балық төмен қарай тағы да сүңгіп еді, бірақ терең бойлап кетпеді. Оның теңбілденген алып денесін шал жақсылап көріп алды. Арқасындағы қанаты төмен жығылып, бауырындағы қанаты екі жағына жайылып, балық ақырын ғана қозғалып бара жатты.
Ол осылай шеңбер жасай қозғалып бара жатқанда шал оның көзін де анықтап көрді, жайынның маңында ерсілі- қарсылы жүзіп жүрген екі сұр балықты және байқады; бұлар -жабысқақ балықтар еді, қармақ жұтқан жайынның денесіне әлсін-әлі қадалып жабыса кетеді де, дереу жарқ етіп кейін серпіледі. Енді бірде жайынның көлеңке жағына шығып алып көсіле жүзеді. Әрқайсысының ұзындығы үш футтан артықтау; шапшаң жүзгенде бүкіл денесі жыланша ирелең қағады.
Балықпен тынымсыз арпалысып отырғандықтан, әрі бір жағынан күн шыжытып, шалдың маңдайынан тер бұршақтады. Жайын тулап бұлқынбай әр айналған сайын шал қармақбауды молырақ жиып тартып ала берді, балық енді екі айналған шамада құлаш сілтер жерге таман жақындар да, оған гарпунды қадармын деп дәмеленді.
"Жайынды өзіме қарай әбден жақындатып тарта түскенім мақұл, - деп ойлады. - Және де
басын көздемей, дәл жүректен түйреуім керек".
"Сабыр ет, мығым бол, шалым", - деді өзіне.
Балық келесі айналған шақта судан арқасы көрінді, бірақ ол қайықтан әлі де алыстау жүзіп келе жатыр еді. Енді бір айналғанда денесі судан едәуір көтеріліп шықты, бірақ өзі қайыққа әлі жақындай қойған жоқ. Қармақтың бауын енді азырақ тартыңқыраса, балықты қайықтың дәл іргесіне жылжытып әкелуге болатынын шал біліп отыр. Гарпунды мана әзірлеп алған; оған тағылған жіңішке трос жұмыс себеттің ішінде жатыр, оның екінші ұшы қайықтың тұмсығындағы діңгекке байланған.
Балық үлкен айыр құйрығын болар-болмас қимылдатып, баяу айналып, қайыққа жақындай берді, түр-тұлғасы өте сұлу көрінді. Шал балықты қалайда қайыққа жақындата түскісі кеп, қармақбауды бар күшін сап тартып еді, балық бір бүйіріне қарай аударыла беріп, қайтадан түзеліп, тағы да айналып жүзе бастады.
– Орнынан қозғалттым. Бір аударылып түсуге мәжбүр еттім, әйтеуір, - деді шал.
Оның тағы да көзі бұлдырап, басы айнала бастады, сонда да алып жайын ілінген қармақбауды бар күшін сап тарта берді. "Бұл жайынды қырынан бір аударып түсірдім ғой, әйтеуір,- деп ойлады. - Енді оны шалқасынан аударып жіберермін, бәлки. Тарт, жіпті! -деп әмір етті екі қолына-аяғым, тіре мені! Басым, қызмет ете гөр! Қызмет ете гөр тағы да! Мені сорлатқан жерің жоқ еді. Бұл жолы балықты шалқасынан аударып түсіремін".
Шал балықтың қайыққа таман жақындай түсуін күтпестен-ақ, бар күшін сап, шірене тартты қармақбауды. Жайын бір қырына сәл ғана аударылды да, қайтадан түзеліп, әрі қарай жүзе берді.
– Сөзіме құлағың сал, балығым, - деп үн қатты шал оған. - Сен ғой бәрібір өлесің. Ал мен де өлсем, бұдан саған не пайда?
"Бүйтіп ештеңе өндіре алмаспын", - деп ойға қалды шал. Енді сөйлеуге мұршасы келмей, таңдайы құрғақсыды, құмырадағы суына жетуге дәрмені болмады. "Тағы да бір қимылдап көрейін. Бұл жолы балықты қайықтың дәл іргесіне сүйреп әкелуім керек. Көп тіресіп отыруға енді шыдамаспын", - деп ойлады. - "Жоқ, шыдайсың, - деді бұл ойына қарсылық білдіріп. - Сен әлі де талай теперішке шыдайсың, шалым".
Балық келесі айналғанда, шал оны гарпунмен түйреуге аз-ақ қалып еді, балық қайтадан түзеліп, әрмен жүзіп кетті.
"Сен балық, мені мерт қыласың-ау, сірә, - деп ойлады шал - Әрине, ықтияр өзіңде. Сен секілді орасан зор, әрі әсем, әрі шыдамды балықты ғұмыр бойы көрген емен. Мейлің, өлтіре бер мені. Қайсымызды қайсымыз өлтірсек те, енді маған бәрібір".
"Ақылыңнан тағы да алжаса бастадың, шалым! Ес-ақылың бүтін болуы керек-ті. Есіңді жи да, басқа түскен азапты не адамша көтер... не балықша шыда", - деп ойын жалғастырды.
– Ал, басым, мәңгірме, қане, көрсет қызметіңді. Көрсет деймін! - деді ақырын ғана, өз даусы өзіне зорға естіліп.
Бір қалыппен жүзіп, балық тағы да екі айналды.
"Не істеуім керек? - деп ойлады шал. Балық жақындай беріп, қайтадан әрі қарай жүзе жөнелген сайын қария бір түрлі ақылынан алжасқан секілденеді. - Не істеуім керек? Ал, тағы да бір байқап көрейін".
Ол тағы да қимылдап көріп еді, көзінің алды бұлдырап кетті, сонда да әйтеуір балықты шалқасынан аударып түсірген еді. Бірақ балық қайта аунап, үлкен айыр құйрығын жайқай қозғап, әрі қарай ақырын жүзе жөнелді.
Шалдың қолы салдырап, көз алды бұлдырап отырса да: "Тағы да бір байқап көрейін",-деді өзіне дем беріп:
Ол тағы да әрекет қып еді, балық бұл жолы да сырғып кетті.
"Ә, солай ма?"-деді қария, балықтың әлсірей бастағанын іші сезді. - Тағы да бір байқап көрейін сені".
Ол бойындағы қуатын жиып, бар қайратына мініп, айқасқа қайта кіріскенде, балықты бір қырына аударып түсірді. Жайын енді жантайып жүзді, ұзын қайқы тұмсығы қайыққа тие жаздап келеді; ол тіпті қайыққа қатарласып та қалды; бітімі жалпақ келген, түсі күмістей жылтыраған, бүйірінде көгілдір жолағы бар бұл балық шалға ерен үлкен көрінді.
Қария қармақбауды тастай беріп, табанымен басты да, қолына гарпунды ала салып, шалқая беріп, бар пәрменімен балыққа сілтеп қалды; жайынның бауыр қанатының артқы жағынан дәл бүйіріне қадады гарпунды. Үшкір темір балықтың жұмсақ етіне кірш етіп қадалған соң, шал оны енді бар салмағын сала итеріп, бойлата берді.
Балық сонда ғана ышқынып қалды, бүйіріне ажал найзасы қадалып тұрса-дағы өзінің зор тұлғасына, әсемдігі мен қуатына бейне масаттанғандай жоғары ырғыды. Қайық пен шалдың үстінде - ауада бір сәт асылып тұрғандай болды да, теңізге қайта күмп беріп құлағанда шалды да, қайықты да суға көміп кетті.
Шал әлсіреп, есеңгіреп қалды, көзіне түк көрінбеді. Гарпунның бауын босатып, жаралы қолымен абайлап қана ұстады; көзінің алдыңдағы тұман сейілген шақта ол, бауыры жалтырап, шалқасынан сұлап жатқан балықты көрді. Арқа жағынан гарпунның сабы шошайып көрініп тұр, балықтың жатқан жері қызыл ала қан. Қан әуелі қошқылданып, тереңде қаптай жүзген қалың балық шоғырындай қарауытып көрінді де, бірте-бірте ыдырай жайылып, аспандағы түйдек-түйдек бұлтқа ұқсады. Аппақ күмістей жайын балық толқында ақырын ғана тербетіліп жатты.
Шал қашан көзі бұлдырағанша, одан жанарын тайдырмады. Көзінің алды қайтадан тұмандана бастағанда, ол гарпунның бауын діңгекке екі қайыра орады да, басын қолына сүйеді.
"Бұ басыма не болды менің? — деді ол, қайықтың тұмсық жақ тақтайына маңдайын тіреп, - қарт адаммын ғой, қатты қалжырап қалдым. Маған туысымнан да қымбат жайын балықты өлтіріп тындым-ау, әйтеуір; енді мұның қара жұмысы ғана қалды.
Балықты тұзақтап, қайыққа тіркеп алу үшін арқанымды әзірлейін. Қасымда серігім болғанда да бәрібір, бұл жайынды қайыққа тиемес едік, өйтсек қайықтың ішін су алып кетер еді. Суды бірдеме ғып төгер де едік, бірақ мұншалық ауыр жүкті қайық бәрібір көтере алмайды ғой. Әуелі керек-жарағымды түгел сайлап алайын, сосын жайынды бері тақай тартып, қайыққа мықтап тұрып байлайын да, желкенді көтеріп ап жөнеп берейін".
Ол жіпті жайынның желбезегінен өткізіп, ұшын аузынан шығарып ап, балықтың басын қайықтың тұмсығына тақап байлау үшін оны өзіне қарай тартты.
"Жақсылап тұрып қарап алайыншы, өзі қандай балық екен? - деп ойлады. - Бұ балық - өз қазынам ғой. Бірақ, бұған сондықтан ғана жалтақтап отырғам жоқ. Гарпунды бүйіріне бойлата сүңгіткенімде, темірдің өткір ұшын жүрегіне дарытсам керек. Жә, тарта түс бері қарай, байла бекітіп. Қайыққа жақсырақ жанастыру үшін құйрығына да тұзағыңды іліп, беліне де жібіңді орап алып шандып таста".
– Ал, қартым, қимылда, - деді шал өзіне-өзі, сосын құмырадағы судан аздап қана бір жұтты. - Шайқас тынғанмен, ендігі қалған қара жұмысының өзі де бастан асып жатыр.
Шал аспанға қарады, сосын көзін балыққа аударды. Күннің көзіне де абайлап бір қарап қойды. "Күн түстен ауып бара жатыр. Жел күшейіп келеді. Қармақбаудың үзіктерін дәл қазір жамап-жалғаудан пайда жоқ. Үйге барған соң серік балам екеуміз реттейміз мұны".
– Балығым, жақындай түс бермен қарай! Балық оның сөзіне құлақ аса қоймады. Толқынданған теңіз бетінде тыныш қана тербетіліп жата берді, шал қайығымен өзі жақындады оған.
Қасына тақау барып, қайығының тұмсығы балықтың басына қатарласа бергенде, жайынның ересен үлкендігіне шал тағы да қайран қалды. Ол гарпунның бауын діңгектен шешіп алып, балықтың желбезегінен өткізіп тұмсығына бір орады, сонсоң жіпті желбезектен қайта өткізіп әкеп тұмсығын тағы да бір шандып тас қып түйді де, діңгекке апарып байлады. Енді балықтың құйрығын қайыққа тақап байлау үшін жіптен кесіп алып, қайықтың арт жағына таман барды. Жайынның түсі дәл қазір таза күмістей жалтырап жатты, бүйіріндегі жолақтары құйрығы реуішті көгілдірленіп көрінді. Жолақтарының жалпақтығы - кере қарыс, көздері - шарадай.
– Мұны басқадай тәсілмен өлтіруге лаж болмады, - деді.
Ол құмырасын алып, су ішіп ес жинады. Ақылынан алжаспасын білді енді, ойы сергіп қалды. "Бұл балықтың салмағы жарты тоннадан кем соқпас, мүмкін одан асып та түсер", -деп ойлады. Балықтың салмағы сол жарты тоннаның үштен екі бөлігіндей шыққанның өзінде де, егер еттің қадағын отыз центтен сатса, бұл шал қанша ақша табар еді?
– Қолға қарындаш алмай есептеу мүмкін емес. Ауызша қағып тастауға тың ми керек, -деді шал.
Алайда, ұлы Ди Маджио көрсе, ол маған сүйсінер еді бүгін. Менің өкшемнің ауыратын мүйізі жоғы рас. Дегенмен де қолым мен арқам қатты сыздап ауырды.
Өкшедегі мүйіз дегеннің өзі не нәрсе екен? Мұндай мүйіз бізде де бар болар, тек оны біз байқамайтын шығармыз. Шал жайынды қайықтың алдыңғы, артқы діңгектеріне және кісі отыратын арқалығына берік бекітіп байлады. Балықтың ғаламат ірілігі соншалық, өз қайығы үлкен бір кемеге тіркелген іспетті көрінді шалға. Қария жіптің шетінен кесіп алды да, жайынның аузы ашылып кетпесін деп, һәм жүзуге жеңіл болсын деп, оның астыңғы иегін сүйір тұмсығына жабыстыра таңып тастады. Содан соң кіндік діңгекті тұрғызып, желкенді көтерді. Желкенді жел кернеп, қайық алға жылжыды, шал қайықтың артқы жағына жантая жатып, оңтүстік-батысқа қарай жүзе жөнелді.
Оңтүстік-батыстың қай жақта екенін айыру үшін қарияға компастың қажеті жоқ еді. Түстіктен ескен желдің бағытын байқап, желкеннің желге қалай керілгенін көрсе,- осының өзі де жеткілікті оған. "Кішкентай қармағымды, ұшына жылтыраған зат шаншып, суға салып көрсем қайтеді, мүмкін жылтыраққа ұмтылып, кішігірім бір балық қауып қалар, -деп ойлады шал, - сондай бір балық ұстамасам, қорек қылар еш нәрсем жоқ. Бірақ қармақтың ұшына ілер жылтырақты таба алмады, ал, жәшіктегі шабақтар иістеніп кеткен еді. Қалың сары балдырдың тұсынан өте бергенде шал багормен балдырдан іліп алып, қайықтың ішіне сілкіп қалып еді, ұсақ шаяндар домалап түсті. Бүргеше секіріп, жыбырлай қашты. Шал бұлардың бастарын жұлып тастап, аузына салып, асықпай шайнап жей бастады. Бұл шаяндар ұп-ұсақ болса да аса дәмді, әрі өте сіңімді болатынын қария білетін.
құмырада әлі де аздаған су қалып еді, шаяндарды жеп болғаннан кейін, шал сол судан бір жұтты.
Кейбір кедергілер кезіксе де, қайық жақсы жүзіп келе жатты, шал румпельді шынтағымен тіреп, қайықты бағытынан аудармай тұралап отырды. Соғып алған балығына көзі қайта-қайта түсе береді; осы түсім емес пе дегендей алақанына қарап, арқасын қайықтың бүйіріне тигізіп байқап, бәрі де өңі екенін сезінді. Алып балықты гарпунмен түйреп, жанын салып айқасқан шағында, әлі құрып, көзі қарауытып кетіп еді, сонда осының бәрі де оған көрген түс сияқтанған. Жайын балық судан ырғып шығып, жоғары көтеріле созылып, серейе құлап бара жатқан мезетте, шал бір ғаламат көргендей, өз көзіне өзі сенбей таңырқап қалған. Рас, онда көзі бұлдыраңқырап кеткен еді, ал қазір жақсы.
Жайынның қанжығаға байланғанына көңілі енді сенді, қолының, арқасының сыздап ауырып тұрғаны да түсі емес екенін анық білді. "Қолдың жарақаты тез жазылады,- деп ойлады қария - Жарақат түскен жеріне кір қонбасын деп, қолымды суға салып қанын біраз ағыздым, теңіздің аққы суы жараға шипа. Бұдан артық ем жоқ. Тек ойым шатаспаса екен! Екі қолым өз қызметін атқарды, қайық та жақсы жүзіп келе жатыр. Балықтың аузы жұмулы, құйрығын бұлғаңдатпай түзу ұстап келеді, екеуміз дәл бір ағайынды сияқтанып қатарласа жүзіп келе жатырмыз".
Шалдың ойы тағы да шатаса бастады. "Үйге қарай балықты мен әкеле жатырмын ба, әлде мені ол сүйреп келе жатыр ма? - деген ой келді басына. - Балықты қайықтың артына байлап алып, сүйретіп келе жатсам, әңгіме басқа. Немесе ол қайығымның ішінде серейіп жатса бір сәрі. Ал қазір бұл екеуміз бірімізге біріміз мықтап тұрып қосақталып алып, қатарласа жүзіп келеміз. Ә мейлі, өзіне жақсы болса мені осы балық-ақ жетелеп тарта берсін. Мен қулықпен ғана айламды асырдым ғой, ал бұл маған еш қастандық ойлаған жоқ еді".
Қайық жүзе берді, жүзе берді, шал қолын аққы суға малып қойып, ойым енді шатаспаса екен деп тырысып бақты. Түйдек-түйдек ақ бұлт шырқау биікте жөңкіліп, одан әрі алашабыр шарбы бұлт қалқып бара жатты, желдің түні бойы басылмасын шал ішінен сезіп отыр. Осыны ұстағаным шын ба, түсім емес пе дегендей алып балыққа әлсін-әлсін қарап қояды.
Бір сағаттай уақыт өткен шамада мұның балығына келіп бір акула соқтықты.
Бұл акула көлденеңнен киліккен жоқ еді. Жайын балықтың қаны бұрқырап ағып, тереңге жайылған кезде, акула соны көріп, теңіз түбінен жоғары қарай атылған. Еш қауіп ойламай, айдыңды айыра тіліп ағындаған қалпы су бетіне шыға келген. Сонсоң қайыра сүңгіп еді, қанның исін сезіп, қайық пен жайынның ізіне түсіп, қуа жөнелді.
Ол кей тұстарда ізден адасып та қалып отырды. Бірақ, бұрылып кетпеді, ізді не қайыра тауып, не қанның болар-болмас білінген исін алып, тоқтаусыз қуалай берді. Бұл теңіздегі ең ұшқыр балықтай шапшаң жүзетін, мако тұқымдас өте ірі акула еді; арандай аузынан басқа жері ерекше әсем біткен сұлу жыртқыш. Қыр арқасы қылыш балықтың жонындай көкпеңбек, бауыры күмістей жалтыр, терісі әрі майда, әрі әсем, қазір тас жұмулы аран аузы болмаса, өңге тұла бойы қылыш балықтан еш аумайды. Қыр арқасындағы үлкен қанатымен суды тіліп, теңіздің бетімен шапшаң жүзіп келе жатыр. Тас жұмылған ернінің жан-жағынан ақсия шығып тұрған, сегіз қатар болып қисая біткен сояу тістері бар. Бұл тістер басқа көп акуланың үшкір жұмыр тістеріне ұқсамайды, адамның бүгілген саусақтары секілденіп, аңның тұяғынша имие біткен ұзындығы мына шалдың саусағындай, ал екі қыры ұстараның жүзіндей өткір. Акула - теңіздің қандай балығы болса да жей беретін жыртқыш; қуатты, қарулы балықтардың өзінен де тайсақтамайды ол; теңіздің бар балығына бұдан қатерлі дұшпан жоқ. Қазір сол акула жеміне жетуге жақын қалғанын сезіп, қыр арқасындағы көк қанаты суды айыра тіліп, ағындап келеді.
Шал оны көрген бойда-ақ жақын келуін күтіп, гарпунды қолына оңтайлап ұстап, мұның сабының бауын қайыққа бекітіп байлады. Акуланың еш нәрседен қорықпайтынын, ағындап келген бойында бірден соқтығатынын білетін ол Жайын балықты қайыққа тақап байлағанда бір шетінен кесіп алғандықтан шалдың гарпунға таққан бауы қысқарақ болды.
Қарт қазір бірден сергіді, онша сенімді болмаса да, айқасқа бел байлады.
"Бәсе, істің беті қалайша тым түзеле қалды деп ойлап едім, бар екен ғой сойқаны", - деді ішінен.
Жақындап келе жатқан акуланы аңдып отырып, жайын балыққа көзін аударып бір қарап қойды. "Түсім болса жарар еді осының бәрі. Бұл акуладан жалтару жоқ енді маған, өзін сеспей қатыра алмас па екем? - деп ойлады ол - Дентусо6, тұқымың құрысын!"
Акула қайықтың артқы жағына жақындап келіп, жайынға атылған мезетте, жыртқыштың арандай ашылған аузын, бадырайған көзін шал анық көрді; акула жайынның құйрығының сәл жоғарырақ жерінен келіп қапты, тістері сақ ете түсті. Судан әуелі басы, сосын жоны көрінді. Акуланың азу тістері жайынның терісі мен етін сырылдата сыдырғаны шалдың құлағына анық естілді; жыртқыштың тұмсығынан жоғары қарай созылған жіңішке жолақ, екі көзінің арасын қосып тұрған көлденең жолаққа кеп айқасатын еді, акуланың миы дәл осы тұста болатын. Шал бұл жолақтарды көре алмады, ол тек акуланың ақсиған аран тісті, көкшіл реңді, ауыр, сүйір басын ғана көрді, бірақ қолы мүлт кетпеді, гарпунды акуланың дәл қарақұсынан қадады. Тілім-тілім боп жарақат түскен қолымен гарпунның сабын қысып ұстап, ештеңеден үміт қылмаса да, жыртқышқа қатты өшігіп, бар пәрменімен соғып еді.
Акула аударылып түсті; жыртқыштың көзі ағып түскенін көрген шал акуланың ажалы жеткенін бірден түсінді. Ал акула мойынсұнғысы келмегендей, шалқалап жатқан күйінде құйрығымен суды сабалап, бұрқылдатып, тістерін сақылдата дөңбекшіп айналасын ақ көбіктендіріп жіберді. Акуланың денесі судан жартылай көтерілген мезетте, гарпунның бауы керіле тартылды да, дірілдеп барып үзіліп кетті. Акула су бетінде сәл жатты да, бірте-бірте бата бастады. Шал одан көз алған жоқ.
– Жайынның қырық қадақтай етін ала кетті бұл, - деді сөйлеп.
"Қыруар жібімді һәм гарпунымды әкетті су түбіне, - деді іштей ойын сабақтап. - Жайын балықтың қаны тағы да шұбырып аға бастады, мына акуланың соңынан басқалары да жетеді енді".
Етінің дал-дұлы шығып қалған жайынға шалдың енді қарағысы келмеді. Акула жайынға тап берген мезетте бұл жыртқыш оған дәл өзіне бас салғандай көрініп еді.
"Балығыма соқтыққан акуланы бәрібір өлтірдім ғой, - деп қария көңіліне жұбаныш қылды.
- Бұл акула - өзім көрген акула атаулының ішіндегі ең ірі дентусо. Иә, осы жасқа жеткенше небір ірі акуланы көрдім ғой.
Жағдайым тым жақсара қалып еді, сол күйінен айнымай тұра беру қайдан болсын. Осының бәрі өңім болмай, өзімнің жатағымда, газет төселген кереуетімде ұйықтап жатып көрген түсім болса игі еді. Ешқандай жайын балық ұстамаған-ақ болайын".
– Бірақ, адам күйреу үшін жаралмаған. Адамды құртуға болар, ал, жеңуге болмайды, -деді ол
"Жайынды бекер-ақ өлтірген екем, - деп ойға қалды-Гарпуннан да айырылып қалдым, халім енді мүшкіл болар. Дентусо - епті, озбыр, әрі күшті, әрі ақылды акула еді. Алайда одан мен ақылдырақ боп шықтым. Мүмкін, одан ақылым артық та емес шығар. Тек жақсы қаруланған болармын".
– Мұны ойлап басыңды қатырма, шалым, - деді үндеп. Арқаңды желге беріп тарта бер де, алдыңнан тағы кезігер қырсық болса, күтіп ал.
"Жоқ, ойға шомбай отыра алман, - деді бұл сөзіне қарсылық білдіріп,- содан басқа еш нәрсе қалған жоқ менде. Әлгі айқастың өзі бейсбол сайысына пара-пар болды. Акуланы дәл қарақұстан соққаныма ұлы Ди Маджио сүйсінер ме еді, қайтер еді, ә? Жалпы алғанда онда тұрған ештеңе де жоқ, бұл әркімнің-ақ қолынан келеді. Ал, мынаған не дер едің, шалым: өкшедегі мүйіз бен қолдағы жарақаттың қайсысы қаттырақ батар еді жаныңа? Оны қайдан білейін! Ғұмыры өкшем ауырып көрген емес, тек бір жолы ғана, суға шомылып жүрген кезімде электр дөңгелекке өкшемді жалатып ап, сонда тіземе дейін аяғымның жаны кетіп қап, қан-қақсап ауырғаны бар еді".
– Онан да көңілді өсіретін ойды ойласаңшы, шалым, - деп сөйледі қария,- Сен қазір минут сайын үйіңе таман жақындап келесің. Жайынның қырық қадақтай етінен айрылған соң жүрісі де едәуір жеңілдеп қалды.
Теңіз ағысының дәл ортасына кеп енген мезетте нендей халге душар боларын шал бек жақсы біліп еді. Бірақ енді еш қолданар амалы қалмады.
– Жоқ, бар амалы, - деді ол. - Екі ескектің біреуінің сабына пышағыңды бекітіп байлап, енді соны қару қылуыңа болады.
Ол румпельді қолтығымен қысып, желкеннің бауын аяғымен басып тұрып, пышақты бекітіп байлады.
– Жап-жақсы боп шықты, - деді ол - Өзім шал болсам да, әйтеуір енді қару-құралым бар қолымда.
Аңқыған жел есіп, қайықтың жүрісі шапшаңдай түсті. Шал жайынның кеуде жағына ғана қарап отыр еді, көңіліне аздап үміт ұялай бастады.
"Үмітсіздікке салыну ақымақшылық болады. Мұның өзі және күнә секілді, - деп ойлады шал. - Ненің күнә, ненің күнә емес екендігін ойлаудың да қажеті жоқ. Дүниеде ойға алатын нәрсең онсыз да коп. Шынымды айтсам, мен өзім күнә дегеніңе онша түсіне де бермеймін.
Түсінбеген соң, оған сенбейтін де шығармын. Жайынды өлтіргенім күнә болуы мүмкін. Мен бұл балықты аштан өлмеу үшін және бірталай жұртқа талшық болсын деп өлтірсем де, осы ісімді күнә деп ойлаймын. Олай болса, істеген ісіңнің бәрі де күнә боп шығады. Жә, ненің күнә, ненің күнә емес екендігін ойлап бас қатырудың керегі жоқ. Дәл қазір бұған ой бөлетін уақыт емес, күнәні тексергеніне ақы алатындар да бар ғой, солар-ақ шұғылдансын мұнымен. Күнә дегеннің не екенін солар-ақ ойлансын. Балықтың балық боп тіршілік етуге жаралғаны сияқты, сен, шалым, балықшы болу үшін жаралған адамсың.
Петр әулие де ұлы Ди Маджионың әкесі секілді балықшы болған".
Шал өзіне қатысты бар жайға ылғи ой жіберетін-ді. Не оқитын газеті, не тыңдайтын радиосы болмаған соң, ол қазір көп-көп таныс жайларды есіне түсіріп, ойға шомды, күнә туралы да ойлап өтті. "Жайынды сен жұртқа етін сатып, өзің күн көру үшін ғана өлтірген жоқсың, - деп бір қойды. - Балықшы болғандықтан, оған үстемдігіңді танытқың кеп өлтірдің. Бұл балықты тірі кезінде жақсы көрдің, қазір де жақсы көріп отырсың. Жақсы көргендіктен өлтіргенің күнә емес. Жоқ әлде, бұл - күнәнің ең ауыры болар ма?"
– Ойғатым беріліп кеттің-ау, шалым, - деді ол дауыстап.
"Дентусоны құшырланып өлтірдің ғой, - деп тағы да ойға қалды,- Бұл да сен секілді, басқа балықты өлтіріп күн көреді. Құр өлексені жемейді, басқа акулалар секілді мешкей де емес. Бұл - қауіп-қатер дегеніңді білмейтін, әсем де айбынды жануар".
– Қатерден өз басымды қорғау үшін өлтірдім мұны. Және өте шеберлікпен өлтірдім, -деді шал сөйлеп.
"Кім болса да аң мен құсты да осылай, не басқаша өлтірмек, - деп ойлап өтті. - Балық аулау кәсібі бір күн мені де тап осылай мерт қылар. Қасымдағы серік балам, міне, сол мені ажалдан арашалап қалып жүрген. Жә, жоқтан өзгені ойлай берме, шалым".
Ол қайықтың ернеуінен төмен еңкейіп, жайынның акула тістеген жерінен бір кесек етті жұлып алды да, аузына салып шайнап, дәмін байқады. Жайын етінің түсі қызыл болмаса да, сиыр еті секілді тығыз, әрі дәмді екен. Кей балықтың еті тарам-тарам боп бітеді, мынаның еті ондай емес екен, базарда бұл еттің ең жоғары нарықпен өтетінін шал біліп отыр. Бірақ осы еттің иісі теңіз тарабына тарай берді, шалдың бұған қылар еш амалы болмады. Ол тағы да бір арпалыстарға түсетінін ішінен сезіп отыр.
Жел бәсеңдеген жоқ, теріскей шығысқа қарай сәл ғана ауытқыды, бұл жел енді басылмайды деген сөз. Шал алысқа көз тігіп еді, не бір желкеннің, не бір кеменің қарасы, болмаса будақтаған түтіні де байқалмады. Қайықтың тұмсығынан үркіп, екі жаққа ыршып ұшқан қанатты балықтар мен ойдым-ойдым балдырлар ғана көзге түсе берді. Тіпті құс та көрінбеді.
Шал тезірек әл жиып һәм тынығып алу үшін, балықтың етін ақырын ғана шайнап, қайықтың артқы жағында қисайып екі сағаттай жатты. Бір мезетте жарқ еткен бір акуланы көзі шалып қалды.
– Ай! - деп қалды шал, қолына шеге кіріп кеткенде адамның дәл осылай мағынасыз үн қатары болады.
– Галанос7 , - деді дауыстап.
Шалдың көзіне осы акуланың артқы жағынан жарқ еткен екінші акула және шалынды; арқасының үш бұрыштанған қоңыр қанатына, құйрықтарының шайқалған қозғалысына қарап, шал бұлардың жалпақ тұмсықты акула екенін бірден таныды. Бұл жыртқыштар жайын балықтың иісін сезіп, аласұрып, иістен бірде адасып қалып, бірде қайта тауып, ашқарақтана ұмтылып келеді. Қайыққа жақындап қалды.
Шал желкенді тас қып байлап, рульді қозғалмастай етіп бекітті де, сабына пышақ байлаған ескекті қолына алды. Алақаны удай ашып ауырғандықтан, ескекті қатты қыспай, ақырын ғана көтерді. Икемге келтіру үшін саусақтарын бір ашып, бір жұмып, әрлі-берлі байқап көрді. Сонан соң қолының ауырғанына қарамай ескекті сығымдай ұстады да, жақындап келе жатқан акуланы бақты. Екі акуланың жалпақ тұмсығын, талпиған басын, көкірек тұсындағы ақ жиекті қанаттарын көріп отыр. Галанос - акула атаулының ішіндегі ең обыры; өлексені де талғамай жұта беретін сасық жыртқыш; ашыққан кездерінде қайықтың рулін де, ескекті де келіп қабады. Теңіз тасбақалары су бетіне шығып ұйықтап жатқан кездерінде солардың аяқтарын да жұлып әкетеді; әбден ашыққанда бұл акула су ішінде адамға да тап береді.
– Ай! - деді шал. - Келсең кел, бермен қарай, галанос.
Екі акула қайыққа жақын келді. Біреуі жарқ етіп қайықтың астына қарай сүңгіп жайынның етіне ауызды салып жұлқып қалғанда, қайықтың дір ете түскенін байқады шал. Ал, екінші акула қиықша біткен сарғыл көзімен қарттың қимылын бағып қарай берді де, аузын арандай ашып атылып кеп, дәл манағы акуланың талқандап кеткен жерінен қапты. Жыртқыштың қоңырқай төбесінен арқасына қарай тартылған сызаты шалға анық көрінді, қарт сол межемен акуланың дәл қарағұсын нысанаға алды да, сабына пышақ байланған ескекпен періп қалды; пышағын қайыра суырып алып, енді акуланың қиықша көзіне қадады. Акула бұлғаң етіп, балықты тастай беріп, жұлып алған кесек етін жұтып, төмен қарай сусыды.
Екінші акула жайынды қайықтың астынан келіп жұлмалап жатыр, қайық қалт-құлт етті. Акуланы қайықтың астынан шығару үшін шал желкенді түсіріп, қайықты бір жақ қырына қарай қисайта берді. Акула көрінген мезетте еңкейіп кеп оны пышақпен түйреп қалып еді. Пышағы акуланың жай денесіне тиді де, жыртқыштың қалың терісі пышақты терең бойлатпады. Акуланы қатты ұрғандықтан, қарттың қолы да, иығы да қақсап қоя берді. Бірақ жыртқыш тайсалған жоқ, судан басын шығарып, жайынға қайта атылды, сол мезетте шал оны жалпақ маңдайының дәл ортасынан қойып жіберді. Кірш етіп енген пышағын суырып алды да, сол орнына қайыра сұқты. Акула жайынға тісін қадап, әлі жабысып жүр, айырылар емес. Шал пышақты енді оның сол жақ көзіне шаншып еді, акула сонда да тістеген жерінен айрылмады.
– Ә, солай ма? - деді де, шал пышақты акуланың қарағұсы мен мойын омыртқасының астасқан жігінен сұқты.
Қолы мүлт кетпеді, омыртқаның жұлының үзіп жібергенін сезді өзі. Енді акуланың жағын айыру үшін, оның аузына ескектің жалпақ басын тығып жіберіп, қайырып бұрады да, акула жайыннан сырғып түсе бергенде:
– Тарт төменге, галанос, - деді шал - Құлдила, төмен қарай. Серігіңе жолық, со маңнан. Әлде ол сенің анаң ба еді?
Қария пышағының жүзін сүртті де, ескекті қайықтың ішіне қойды. Содан соң желкенді көтерді де, оны жел кернеген кезде, қайықты әуелгі бағытына қарай бұрды.
– Жайынның жарты етіне жуығын әкетті бұлар және еттің ең жақсы жерін әкетті, - деді шал үн қатып. - Бәрі де өңім болмай түсім болса игі еді, жайынды ұстамаған-ақ болайын. Оның мынадай мылжа-мылжасы шыққанына жаным ашиды.
Қарт үндемей отырып қалды, жайын балыққа қарауға енді дәті бармады. Қаны сорғалаған, суға малшынған жайынның дәл қазіргі түсі айнаны аптайтын амальгама сияқтанып, қара қошқыл тартқан, сонда да бүйіріндегі жолақтары білініп тұрды.
– Теңізді шарлап, тым ұзап кетпегенім мақұл еді, - деді шал. - Мынадай жайсыз жағдайға тап болғаным жанымды қинап отыр. Саған да, маған да жақсы болмады, балығым.
"Жә, налыма! - деді ол өзіне. - Пышақты ескекке таңып байлаған жібің қиылған жоқ па екен, соны тексер. Қолыңды сипап-сылап жанын кіргіз, іс әлі тәмам болған жоқ".
– Пышақты жанып алатын қайрақтың жоғын қарашы, –деді шал ескектің сабына байлаған жібін тексеріп көріп, – қайрақ ала шығуым керек еді.
"Иә, бірталай нәрсені ала шығуың керек еді, қартым, –деп, тағы да ойланып қалды - Бірақ, алмай шыққансың. Енді жоқ нәрсеңді ойластырып отыратын уақыт емес, қолыңда бармен қарманып, аман-есен құтылудың жайын қарастыр".
– Әй, өзің ақылсып-ақ мазамды алып болдың-ау, - деп сөйледі.
Рульдің тұтқасын қолтығына қысып ұстап, екі қолын бірдей суға малды. Қайық алға қарай жүзіп келе жатты.
– Соңғы акула қанша етті қылғығанын бір Құдайдың өзі білсін. Жайынның салмағы жеңілдеп қалған екен, - деді шал.
Жайынның іші жарылып, ішек-қарны ақтарылып түскенін ойына алмауға тырысты. Акуланың қайықты әр дір еткізіп қалғаны - бір кесек етті жұлып әкеткені екендігі көңіліне аян отыр; енді жайынның бүкіл акула атаулыны шақырып, су ішінде тас жол секілді жап-жалпақ із қалдырып келе жатқандығын және сезді.
"Мынадай балық бір кісіге қыстай азық болар еді... Мұны ойлап қайтесің, шалым! Тынығып ал, балықтың қалған етін қорғап қалу үшін қолыңды жазып алуға тырыс.
Менің жарақаттанған қолымнан аққан қанның иісі, жайын балықтың суға араласқан қанының иісіне қарағанда түк те емес. Қазір қолым қанап та отырған жоқ. Алақанға түскен тілік онша терең емес. Сол қолымның аздап қанағаны да дұрыс, құрыспайтын болады.
Дәл қазір нені ойласам екен? Еш нәрсені де ойлама, тағы да келіп акула соқтықпас деймісің, соны күткенің абзал. Шынында да осының бәрі өңім болмай түсім болса игі еді. Дегенмен, кім біледі, әлі де желім оңымнан тұруы ықтимал".
Келесі акула жалғыз кезікті, бұл да жалпақ тұмсықты акула еді.
Өзі тұра астауына еңкеңдей ұмтылған шошқа секілді, бірақ адамның басын бір қауып жұлып аларлық арандай ашылған аузы жоқ қой шошқаның.
Шал бағып тұрып, акула жақындап кеп балыққа тісін қадай берген мезетте, пышақ таңылған ескегімен дәл басына түйіп жіберіп еді. Акула шалқалап аударылып түскенде, пышақ омырылып сынып кетті.
Шал рульге кеп отырды. Бірте-бірте суға ақырын батып бара жатқан акулаға көзінің қырын салған да жоқ. Бұрын мұндайға қызыға қарайтын еді. Ал қазір қарағысы келмеді.
– Қолымда енді багор ғана қалды, - деді ол. - Бірақ одан не пайда? Бұдан басқа екі ескек, бір румпель8 және тоқпағым бар.
"Иә, енді мені акулалар жеңуге айналды, - деген ой келді басына,- Акуланы тоқпақпен ұрып өлтіруге халім жоқ, тым кәрімін. Сонда да қайрат қылып, ескегімнің, румпель мен тоқпағымның қашан талқаны шыққанша шайқасармын".
Ол тұзды суға қолын тағы да малды.
Күн кешкіріп қалды, көзге тек аспанмен астасқан телегей теңіз ғана көрінеді. Жел қатая түсті, көп кешікпей жердің де қарасы көрінер деп дәмеленді қария.
– Шалым, сен қалжырадың. Жан дүниең де қажыды,- деді ол
Күннің көзі ұясына батар алдыңда акулалар тағы да тиісті бұған.
Жайын балықтың жосылған қанының ізімен келе жатқан акуланың шоқтығындағы үшкіл қоңыр қанаты шалдың көзіне бірден шалынды. Акула екеу еді, қайыққа қатарласып кеп қалды.
Шал рульді румпельмен тіреп, желкенді бекітіп байлады да, қайықтың артқы жағында жатқан тоқпақты қолына алды. Бұл - сынған ескектен кесіп алынған, ұзындығы жарты құлаштай кеспелтек ағаш еді. Шал тоқпақты тұтқасынан оң қолына нығарлай ұстап, алақанының сыртынан жіппен орап таңды да, ағындап келе жатқан екі акуланың жақындай түсуін күтті. Екі акуланың екеуі де - галанос еді.
"Асықпайын, әуелі біреуі келіп балыққа тісін мықтап тұрып қадасын, нақ сол кезде қақ тұмсықтан, не дәл қарағұстан соғып жіберейін", - деп ойлады шал.
Екі акула қатар жүзіп келді де, бергі жағындағысы аузын арандай ашып, жайынның жарқылдаған бүйіріне тісті салып қалған мезетте, шал тоқпақпен акуланы желке тұстан құлаштай соғып жіберді. Қолына қатты дүмпу сезілсе де, сүйегі берік мығым қол талықсымады, шал тоқпақпен акуланы дәл тұмсықтан тағы да қойып қалды. Балыққа жабысқан акула сылқ түсті.
Екінші акула балықтың етінен жұлып алып, кейін кетті де, аузын арсита ашып, қайта бұрылды. Оның ақсиған тісіне қыстырылған аппақ талшық етті шал айқын көрді. Тоқпағын құлаштай сілтеп еді, бірақ акуланың қарағұсына дөп тигізе алмай, тек төбесінен соқты. Акула қартқа көзін бір аударып қалды да, еттен аузын толтыра жұлып алды. Сол кесегін жұту үшін сәл шегіншектей бергенде, шал оны тағы да соғып жіберіп еді, бұл жолы да тоқпағы акуланың төбесіне дүңк етіп тиді.
– Қане, галанос, жақындашы бермен қарай. Тағы да бір жақындап көрші, - деді шал.
Акула қайыра ұмтылып, жайынға оқша атылып кеп, тісін сақ еткізіп сап қалғанда, шал оны тағы да періп жіберді. Тоқпақты құлаштай көтеріп, бар пәрменімен соғып еді. Бұл жолы қарағұсқа дәл тигізді де, тоқпағын шапшаң көтеріп ап, дәл сол тұстан тағы да бір соғып қалды. Балыққа жабысқан акула, тістеген жерінің етін собалаңдай жұлып, төмен суси берді.
Шал бұларды су бетіне тағы да шыға келер деп ойлап еді, бірақ, акуланың екеуі де қайтып көрінбеді. Біраздан соң біреуінің қайықтың қасында үйіріліп жүргенін карт байқап қалды. Ал екінші акула көзге түспеді, ол біржола ғайып болды.
"Мен бұларды шоқпармен ұрып өлтіремін ғой деп ойлаған да жоқпын. Бұрын өлтіре беретінмін, - деді қария ішінен, - әйткенмен екеуін де қансыратып жібердім, жағдайлары онша тәуір бола қоймас. Тоқпақ сәл ұзынырақ боп, қос қолдап соққанымда алдыңғы акуланы сеспей қатыратыным анық еді. Қартайсамдағы, осы қазіргі күйімде-ақ серейтіп салатын едім".
Жайынға қарауға енді мүлде дәті бармады шалдың. Оның жарты етінің ада болғанын іші сезіп отыр. Бұл екі акуламен айқасып жүргенде, күн батып кеткен.
– Қазір қараңғы түседі. Сол кезде Гавананың жылтылдаған оттарын көрермін, - деді ол. -Ал, шығысқа қарай тым ауытыңқырап кеткен болсам, онда со жақтағы жаңа курорттардың біреуінің жарығы көрінер.
"Жағалаудан тым жырақта қала алмаспын. Жұрт мені қайда жоғалып кетті деп алаңдап отырған шығар, - деген ой келді басына, - әсіресе, серік балам қатты алабұртып отырған болар. Бірақ ол менің аман-сау екендігіме күмәнданбаса керек! Егде балықшылардың тықыршуы мүмкін. Жастар жағы да алаңдар. Мен сол жақсы адамдар арасында күнелтіп жүрген қартпын ғой".
Акулалар жайынның дал-дұлын шығарып кеткендіктен, шал оған қарауға дәті де бармай, оған арнап тіл де қата алмай отыр еді. Кенет басына бір тың ой келді.
– Жарты балық! - деп үн қатты ол жайынға. - Бұрынғы бүтін балық! Қиырға сонша ұзап кеткенім бекер-ақ болды- ау. Сені де, өзімді де сорлаттым. Дегенмен екеуіміз бірталай акуланы өлтірдік, біразын қансыратып жібердік. Сен қарт балық, өзіңнің осы ғұмырыңда бұлардың талайының көзін құртқан шығарсың, ә? Тұмсығының найзадай сүп-сүйір боп бітуі тегін емес.
Шал толғанып, егер осы жайын теңізде емін-еркін жүзіп жүрген болса, акуланы қалай жайқар еді деген бір ойға кетті.
"Акулалармен шайқасу үшін мен мұның сүйір мүйіз тұмсығын кесіп алайын" - деп ұйғарды ол. Бірақ жанында балтасы жоқ еді, пышағы да сынып қалды.
"Жайынның мүйіз тұмсығын кесіп алсам, ескектің сабына бекітіп байлар едім де, мұным тамаша қару болып шығар еді. Міне, нақ сонда бұл балық екеуіміз қол ұстаса қимылдаған болар ек! Акулалар түнде тап келсе қайтпексің, шалым? Қолыңнан келер не қайрат бар?"
- Айқасамын. Кеудемнен жаным шыққанша айқасамын, - деді ол
Қараңғыда алыстан жылтыраған не от, не шапақ көрінбеді; уілдеген жел үні ғана, жел кернеген желкеннің тысырлағаны ғана естіліп тұр. Кенет шалға өлген екенмін ғой деген ой келді. Екі қолын кеудесіне қойып еді, қолдарының жаны кеткен жоқ екен, саусақтарын бір ашып, бір жұмғанда, сыздап ауырғаны сезілді, бұл - тіршіліктің белгісі. Шал қайықтың артқы жақтауына сүйеніп еді, тақтай иығына батты, өзінің тірі екендігіне қарттың сонда ғана көңілі сенді.
"Жайын балықты соғып алар болсам, оқырмын деп серт қылған дұғаның бәрін оқуым керек, - деп ойлады шал. - Бірақ қазір дәрменім жоқ, тым қалжырап қалдым. Қапшықты алып иығыма жамылайыншы".
Ол қисайып жатып, қайықты тұралап жүздіре берді; Гавана шамдарының аспанға түскен шапағы қашан көрінер екен деп, қадағалап отырды. "Қолымда жайынның әлі жарты еті қалды, - деп ойлады, - жолым оңғарылып, тым құрығанда осыны үйге аман-есен жеткізермін. Жолымның бір оңғарылар кезі болды ғой!.. Жоқ, - деді шал өзіне, - жазығың бар, қайығың тым алысқа ұзап кеткен кезде, осы балық қармағыма қайдан ілініп еді деп ренжіген болатынсың".
– Жоқтан өзгені көкіме, шалым! - деді ол өз ойын өзі бөліп. - Ұйықтап қалма, рульді бақ. Сенің де басыңа бақ қонар.
– Егер бір жерде сатылатын болса, өзіме аздап бақыт сатып алар едім, - деді шал.
"Неменеңе сатып алар ең? - деп, өзіне және сауал берді - Жоғалтқан гарпуныңа ма, не сынған пышағыңа ма, әлде қырық тілім болған қолыңа ма? Кім білген! Теңізден балық аулауға шыққан сексен төрт күн бойында іздегенің бақыт болды, соны сатып алғың келді. Саған сол бақытты сата да жаздады ғой...
Жә, жоқтан өзгені ойлаудың керегі не. Адамға бақыт түрліше түрде келмек, оны танымай қалармын деймісің? Бақыттың қандай түрі болса да, таңдамай-ақ, аздап сатып алар едім, сұрағанын төлер ем. Гавана шамдарының аспанға түскен шапағы көрінсе екен көзіме, -деп те ойға берілді шал. - Қартым, сен өзің бар жақсылық басыма бірден орнай қалса дейсің-ау. Жоқ, дәл қазір тек Гавананың жарқыраған оттарын көрсем екен, өзге тілек тілемен".
Ол рульдің қасына жөнделіңкіреп отырғысы кеп қозғалып көріп еді, тұла бойы қақсап қоя берді, өзінің шынында да тірі екендігіне шалдың көзі енді ғана анық жетті.
Қала оттарының аспанға түскен шапағы оған түнгі сағат онның шамасында көрінді. Ай туып келе жатқан кездегідей, әуелі бозалаң сәуле білінді де, бірте-бірте айқындала берді. Шал осы көрінген жарықты бетке алып жүзіп келеді, енді Гольфстримге ілігуге аз-ақ қалдым деп ойлады.
"Әйтеуір жердің қарасы көрінді-ау, - деді ішінен. - Әрине, акулалар маған тағы да келіп соқтығар. Бірақ құр қол адам қараңғыда оларға не қайрат қыла алмақ".
Шалдың тұла бойы сырқырап шанышты, тілім-тілім қол-аяғының жарасына түнгі салқын жайсыз тиіп, ауырта түсті. "Мүмкін, енді акула кезіге де қоймас, айқасқа түспеспін, - деп те ойлады. - Тек айқасқа түспесем екен енді".
Бірақ, түн ортасы шамасында акулалармен тағы да айқасты ол; бұл жолғы айқастан түк өнбесін білді де. Акулалар үйірімен кеп тиісіп еді, шал олардың қыр арқасындағы қанаттарының суды тілген ізін ғана, жыртқыштардың жайынға атылған кездегі қылаң еткен елесін ғана көрді. Акулалар қайықтың астыңғы жағынан кеп тістерін сақ еткізіп салып жіберіп жайынды жұлқылағанда, қайық қалт-құлт етті. Шал дыбыс білінген тұсты жобалап, тоқпақпен төпелей берді, бір кезде қолынан тоқпағы да ұшып кетті.
Ол енді румпельді шығырынан жұлып алып, қос қолдап ұстап, жыртқыштарды оңды-солды соққылады. Акулалар қайықтың тұмсық жағына үймелесіп қалған екен; жайынға бірінен соң бірі ұмтылып, оның етін дал-дұл ғып жұлып жеп жатыр. Кейін қарай шегіне беріп, жеміне қайыра атылады.
Ақыр соңында бір акула жайынның дәл басына ұмтылып жүзіп барды, балықтың қауқиған басынан өзге дымы қалмағанын шал сонда білді. Жайынның тастай бас сүйегіне акуланың тісі кірш етіп қадалған мезетте шал оны дәл тұмсықтан румпельмен періп қалды.
Құлашты кере сермеп, тағы да екі-үш қайыра соғып жіберіп еді. Румпель сатыр-сүтыр етіп жарылып, омырылып сынып кетті де, шалдың қолында оның тек шолтиған сабы ғана қалды. Қарт енді сол саппен түйіп қалып еді, ағаш акуланың денесіне кірш ете қалды. Сап ағаштың сынық жағы үшкір екенін сезіп, акуланы тағы бір түйіп жіберді шал. Акула балықты тастай беріп, әрі қарай жылысып кетті. Үйірімен келіп тиіскен акуланың бұл - ең соңғысы еді. Бұл да тайды, өйткені, балықтың енді құр сүйегінен басқа, жейтіндей ештеңесі қалған жоқ еді.
Шал демін әрең алып отырды, аузына өзгеше бір дәм білінді. Балға ұқсас тәтті дәм. Шал бір сәт қорқып қалып еді, бірақ көңілі орнына тез түсті. Ол мұхитқа түкіріп тастады да:
– Галанос, асаңдар, жапырыла ұмтылыңдар! Адамды өлтірдік деп масайраңдар, - деді.
Қарт енді өзінің оңалмастай боп әбден жеңілгенін білді де, қайықтың арт жағындағы орнына жылжып барды; румпельдің қолындағы тұқылын рульдің кертесіне сұғып көріп еді, тұра келді, енді осыны ілдәла ғып, рульді ептеп басқаруға болатын секілді.
Шал иығына қапшығын жамылды да, қайықтың бағытын түзеді. Қайық енді жеңіл жүзді, шал да енді ештеңені сезбеді де. Оған енді бәрібір еді, тек қайығын жағаға тезірек жеткізсе, жақсы жеткізсе болғаны.
Түнде акулалар, бейне үстел үстінде қалған сарқытқа қомағайлана бас салған ашқарақша, балықтың қаңқасына таптап берді. Шал бұларға назар салған жоқ. Өзінің қайығынан басқа еш нәрседе жұмысы болмады оның.
Жайынның құр қаңқасы қалғаннан кейін қайықтың жеңілденіп, жүрісі шапшаңдай түскенін ғана сезіп келе жатты.
"Қайығым жап-жақсы, - деп ойлады, - тек румпельдің сынғаны болмаса, еш жеріне зақым түскен жоқ, бүтін. Ал румпельдің жаңасын орнатып алудың қиындығы жоқ".
Шал қайықтың жағаға таяп қалғанын сезді, теңіз жағалауындағы поселкелердің жылтыраған оттары көрінді. Қарт өзінің қай жерде келе жатқанын да білді, енді үйге жетудің еш қиындығы жоқ.
"Жел жарықтық дос қой бізге, - деді ішінен. - Дегенмен үнемі дос та емес-ау, - деп бір қойды. - Шалқар теңізде қастарымыз, достарымыз баршылық. Ал, төсек бар ғой, соны айтамын. Төсекте жату деген - ғажап нәрсе! Жеңіліске ұшырасаң, көңілің жай табады екен. Бұлай болатынын білмейтін ем... - деп ойланып қалды қарт. - Шалым, сені жеңген кім осы? - деді өзіне сауал беріп.- Ешкім де емес, - деп жауап қайырды. - Шығандап тым ұзап кеткенімнің кесірі".
Ол қайығымен кішкентай қойнауға кеп кіргенде, Террасаның маңы қараңғы еді, шамдар сөнген; жұрттың бәрі ұйықтап қалған. Жел уілдеп, бұрынғысынан да күшейе түсті. Гавань төңірегі тып-тыныш; шал жартастың ығына таман таяла бергенде, қайығы қайырға тиіп, қайраңдап қалды. Оған жәрдемдесіп жіберетін ешкім жоқ, шал өзі тырбанып қайығын ілгері жылжытыңқырады да, сосын жерге түсіп, қайықтың бауын жартасқа іліктіріп байлады.
Кіндік діңгекті суырып алып, оған желкенді домалатып орады да, сыртынан жіппен буды. Содан соң діңгекті иығына салып, өрге қарай аяңдап еді, өзінің әбден қалжырап біткенін ол сонда ғана сезді. Бір сәт аялдап, жан-жағына қаранып еді, қайығының артқы жағында бұлғаңдаған жайынның алып құйрығына көзі түсті, жарқабақтанған ірі толқын балықтың құйрығын жоғары серпіп, көтеріп-көтеріп тастайды; қайық жаққа көшедегі қолшам жарығы түсіп тұрғандықтан, балықтың тізілген омыртқасының ағараңдаған желісі де шалға көрінді, сүйір мүйіз тұмсығы қайқиған жайынның басы да қарауытып көзге шалынды.
Шал өрге қарай қайтадан қадам басты. Қырқаға шыға бере құлай кетіп, кіндік діңгекті иығына салған күйінде біраз жатты. Содан соң, түрегелмек болып еді, қол-аяғынан әл кетіп, бойын жаза алмай қалды. Жолға көз жіберіп, осы қалпы едәуір отырды. Бір мысық жолды кесіп жүгіріп өтті, шал оның кеткен жағына біраз қарап отырды да, енді көзін сұлық жатқан жолға аударды.
Бір кезде ол иығындағы кіндік діңгекті жерге тастай беріп, орнынан түрегелді. Сонсоң діңгекті көтеріп иығына қайтадан салды да, жолмен жоғары өрлей берді. Өзінің лашығына жеткенше бес рет аялдап, дем алды.
Үйге кірген соң кіндік діңгекті қабырғаға сүйеп қойды. Су құйылған құмыраны қараңғыда қармалап тауып алып, қанып ішті де, кереуетіне келіп жатты. Көрпешемен иығын бүркеп, арқасын, аяғын қымтады да, төсеніш ретінде жайылған газетке бетін басып, алақанын жайған күйі екі қолын созып жіберіп, ұйықтап кетті.
Ертеңіне шалдың серік баласы лашыққа кеп кіргенде, қарт ұйықтап жатыр еді. Жел өте күшейіп кеткендіктен балықшылар бүгін теңізге шықпаған еді, ешкім оятпаған соң бала ұйықтап қалған-ды, ұйқысы қанған соң өзі оянып тұрып, күндегі дағдысынша таңертең шалдың лашығына соққан. Бала қарттың ақырын ғана дем алып жатқанын көрген соң көңілі тыншып еді, бірақ, шалдың тілім-тілім қолдарын көргенде жылап жіберді. Қарияға кофе алып келу үшін лашықтан ептеп қана шықты да, асханаға бет алды, жеткенше жылап барды.
Шалдың қайығының маңына балықшылар жиылып қалған еді, қайыққа қосақталған ғаламат нәрсеге бәрі таңдана қарасады; біреуі шалбарының балағын түріп алып, су ішінде жайынның қаңқасын жіппен өлшеп жатыр.
Бала бұлардың қасына барған жоқ, өзі әлгінде ғана көріп кеткен болатын, қайықты мен қарайлай тұрайын деп бір балықшы оған уәде еткен-ді.
– Қарттың халі қалай екен? - деп дауыстады балаға бір балықшы.
– Ұйықтап жатыр, мазалауға болмайды, - деп жауап қатты бала. Өзінің ағыл-тегіл жылап келе жатқанын балықшылар көрсе көре берсін дегендей, көзінің жасын сүрткен де жоқ.
– Мынаның тұмсығынан құйрығына дейінгі ұзындығы он сегіз фут шықты, - деп дауыстады жайынды өлшеп жатқан балықшы. - Бірде кем емес, - деді бала.
Ол Террасаға енді де, бір құты кофе сұрады.
– Ыстық кофе беріңізші маған, сүті мен қанты молырақ болсын, - деді.
– Тағы да бірдеме алсаңшы.
– Керегі жоқ. Әуелі кофені ішсін, сосын не керек боларын өзім байқармын.
– Ой-пой, бұ не деген нән балық! - деді қожайын. - Мұндай нән балықты көрген емен. Айтпақшы, сен де кеше екі ірі балық ұстадың ғой.
– Адыра қалсын ол балықтар! - деп, бала тағы да жылап жіберді.
– Бірдеңе жұтқың келе ме? - деп сұрады қожайын.
– Жоқ, — деді бала. - Ана балықшыларға айт, Сантьягоның мазасын алмасын. Мен қазір қайтып келем.
– Шалға қатты жаны ашып тұр дегейсің мені.
– Рахмет, - деді бала.
Ол бір құты ыстық кофені әкеліп, шалдың қасына барып отырды да, қария қашан оянғанша орнынан тапжылмады. Балаға қарт бір мезет ояна берген секілді көрініп еді, бірақ шал сәл ғана қозғалып, қалың ұйқыға қайта енді. Бала кофені ысыту үшін жолдың арғы бетіндегі көршілерге барып, қарызға біразырақ отын сұрап әкелді.
Бір кезде шал да оянды.
– Тұрма, жата бер, - деді оған бала. - Мә, іш мынаны! - Ол стақанға кофе құйып, шалға ұсынды.
– Акулалар маған бой бермеді, Маналин. Олар жеңді мені, - деді қарт.
– Дегенмен саған жайынның шамасы келген жоқ қой! Ол сені жеңе алмады ғой!
– Оны айтып қайтесің, болары болды.
– Сенің қайығыңды, кұрал-сайманыңды мен қарайлай тұрайын, - деді Педрико. Анау жайынның басын қайтесің?
– Оны Педрико алсын да, паршалап бұзып ау құрғанда балыққа жем қылсын.
– Ал жайынның мүйіз тұмсығын не істейсің?
– Оны ескерткіш ретінде өзің ал, қаласаң.
– Мақұл, - деді бала. - Ал енді алдағы уақытта не істейтінімізді ақылдасалық.
– Мені іздеді ме?
– Әрине. Жағадағы күзетшілер де, ұшақтар да іздеді.
– Мұхит - ұлан-ғайыр да, қайық болса - құрттай ғана, көзге қайдан шалынсын, - деді шал.
Кешеден бергі сырласы теңіз ғана еді, енді қазір қасында ақылдасар адамы отырғаны жанын жадыратып жіберді. Сені сағынып қалыппын, - деді қарт. - Өзің ештеңе ұстап алдың ба?
– Әуелгі күні бір балық, келесі күні және бір балық, үшінші күні екі балық ұстадым.
– Бәрекелді!
– Енді бұдан былай балықты екеуіміз қайтадан бірігіп аулаймыз.
– Жоқ. Мен - бақытсыз адаммын. Енді жолым болмайды.
– Жолым болмайды дегенді қой, - деді бала. - Мен сенің қолыңа бақыт құсын қондырамын.
– Менің қасыма ергеніңе ата-анаң не дер екен?
– Не десе, о десін. Кеше екі балық ұстадым. Мен әлі көп нәрсені үйренуім керек, сол үшін бұдан былай балықты сенімен бірігіп аулаймын, қасыңда боламын.
– Жақсы бір қарымды найза тауып алып қолымнан тастамай алып жүруім керек екен. Оның үшкір ұшын "фордтың" рессорынан жасауға болады. Қайрақшыға апарып, қырын қылпытып қайрап аламыз. Ұшы үшкір, қыры өткір болуға керек, суарып шыңдаудың қажеті жоқ, морт сынбауына жақсы болады. Пышағым екі бөлініп сынып қалды.
– Мен саған жақсы пышақ тауып берем, рессорды да қырлап, ұштау қолымнан келеді. Мына азынаған жел неше күн соғар екен?
– Үш күн соғады. Бұдан да көпке созылып кетуі мүмкін.
– Ендеше оған дейін бүкіл істі реттеймін. Ал сен қолыңды емдей бер әзірше, - деді бала.
Қолымды қалай емдеуді білемін ғой. Түнде аузыма бір түрлі бір жылымшы жаман дәм келген соң, түкіріп тастап ем, қолқам үзілгендей болды.
– Қолқаңды да емде, - деді бала. - Төсегіңнен тұрма, жата бер, ата, саған қазір таза жейде әкеп берейін. Жейтін бірдеңе және ала келейін.
– Мен жоқ кезде шыққан газеттердің біреуін ала келші, - деп өтінді шал.
– Сенің тезірек сауығуың керек, өйткені мен сенен бір нәрсені үйренуге тиістімін. Сен маған талай нәрсені үйрете аласың да. Жарақатың жаныңа қатты батты ма?
– Қатты батты, - деді шал.
– Мен тамақ алып келейін, газетті де ала келейін. Сен дем ал, ата. Дәріханаға соғып, қолыңа жағатын бір дәрі де ала қайтайын.
– Педрикоға айт, жайынның басын өзі алсын, ұмытып кетпе.
– Ұмытпаймын.
Бала лашықтан шығып, ескі тастақ жолмен төмен ылдилап түсіп келе жатып, тағы да жылап алды...
– Сол күні Террассаға бір топ туристер келіп еді. Шығыстан соққан желдің екпінінен ақжалдана дөңбекшіген биік толқындарға қарап тұрған турист әйелдің бір нәрсеге көзі түсті; бұл - теңіздің қолтығына толқын айдап келген қоқыстың, босаған қалбырлар мен өлген медузалардың арасында бірге қалқып, су бетінде ағараңдап, тербетіліп жатқан алып жайынның қаңқасы еді.
– Бұл не нәрсе? - деп сұрады даяшыдан турист әйел, толқын ысырып бара жатқан қоқыстың арасында қалқыған алып балықтың шұбалған омыртқа сүйегін нұсқап.
– Tiburon, - акула, - деді даяшы. Ол болған жайды турист әйелге түгел айтып беруге оқталды.
– Акуланың сәнді иіле біткен мұндай сұлу құйрығы болатынын білмейтін ем, - деді турист әйел.
– Мен де білмейтін ем, - деді қасындағы серігі.
Жоғарыда, өзінің лашығында, шал қайтадан ұйықтап кеткен еді. Тағы да етпетінен жатыр, серік баласы қасында қарауылдап отыр. Шал түсінде арыстандарды көріп жатты.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет