2.2. Шәкәрімнің қоғамдық саяси қызметі. Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың “Кәкітай” атты мақаласы бар. Онда Әлекең 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға депутат етіп сайлауға Семей облысы қазақтары атынан бес адамның бірі ретінде Шәкәрімнің кандидатурасын ұсынғанын, алайда ол өз жолын Темірғалиға беріп, басқаларға үлгі болғанын айтады. (Сол жолы Сейтен өңірінің болысы, бастауыш білімі бар, діни сауатты Темірғали Нұрекенов ІІ Думаға депутат болып сайланады). Және де Ә.Бөкейханов аталмыш мақаласында: “…1908 жылы Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда олар тағы келіп амандасқан. Бұған өзге қазақ жарамады-ау…” – дейді. Жалпы Шәкәрім Құдайбердіұлы патшалық Ресейдегі бірінші орыс революциясынан басталатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысына білек сыбана белсене араласып кетпесе де, оның Ә.Бөкейханов қызметімен тығыз байланысты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүргені байқалады.
Осы орайда Ә.Бөкейхановтың ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттыққа Шәкәрім Құдайбердіұлы кандидатурасын ұсынуына байланысты мынадай екі мәселеге баса назар аудару қажет секілді. Біріншіден, зертеуші ғалымдар М.Асылбеков пен Э.Сейітов өз еңбектерінде 1906 жылы І Мемлекеттік Думаға сайлау қарсаңында Ә.Бөкейхановтың басшылығымен Семейде қазақ зиялылары арасында құрылған кадет партиясы бастауыш ұйымының жиналысы болып өткені, оған 160-тан астам адам қатысқаны, жиын барысында “Кадет” және “Халық бостандығы” партияларының алдағы сайлауға байланысты уақытша өзара біріккені, қысқасы І Мемлекеттік Думаға Ә.Бөкейхановтың өзі Семей облысынан осы қазақ кадет партиясы атынан ұсынылып, сайланғаны туралы деректерді келтіреді. Ал белгілі алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев болса, “Ұлттық саяси элита” кітабында 1906 жылы Ә.Бөкейхановтың басқаруымен Семейде өткен қазақ кадет партиясының жиынында Шәкәрім Құдайбердіұлы да қатысып, сөз сөйлегенін айтады.
Ресей кадет партиясы, жалпы сол кезеңде батыстың демократиялық бағытын ұстанған прогресшіл көзқарастағы күшті саяси ұйым болғанын, ал Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Ә.Бөкейхановтың аталмыш партияға жайдан-жай мүшелікке еніп, қазақ зиялылары арасында кадет партиясы бөлімшесін құра салмағанын естен шығармауымыз керек. Мысалы, Ә.Бөкейханов “Виктор Петрович Обнинский” атты мақаласында кадет партиясының атақты шешені, білгіші В.П.Обнинскийдің жастай қайтыс болғанын айта келіп, “орыстағы барша бұратана жұрттардың саяси адамдарын біріктірген “автономист” партиясының ұйытқысы еді” деп өкініш білдіруі тегін емес. 1917 жылы Ә.Бөкейханов құрған “Алаш” партиясының саяси бағдарламасы сол кездегі Қазақстан қалаларында ресми тіркеліп, үгіт-насихат жүргізген “Кадет”, “Халық бостандығы”, “Социал-демократтар” секілді партиялардың жоспар-жосығы негізінде әзірленіп жасалғаны қазір ашық айтылуда. Мәселен, ақпан төңкерісі жылдары Семейде “Кадет” партиясының “Дело”, ал “Халық бостандығы” партиясының “Халық сөзі” газеттері шығып тұрды. Айтпақшы, “Халық сөзі” басылымның редакторы – ұлты татар, мұсылмандар училишесінің меңгерушісі, қалалық Думаның мүшесі, ең бастысы Шәкәрім қажы секілді кезінде Л.Толстоймен хат жазысып, пікір алмасушы Рахметолла Меңғалиұлы Елкебаев болды. Ұлт санасы оянып, әлеуметтік-саяси белсенділігі күшейген осы тұста әрбір көзі ашық, оқыған азаматтардың қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамай, белсене араласып, қатысуы заңды құбылыс еді. Демек, бұл арада 1907 жылы Ә.Бөкейхановтың “жұртқа көрсетуімен” Ш.Құдайбердіұлы ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттыққа кандидат болып, аталмыш партияның атынан ұсынылмады емес пе екен? Олай болса, Әлекеңнің басшылығымен Семейде құрылған қазақ кадет партиясына ғұлама ақынның да бір қатысы болуы әбден мүмкін ғой...
Екіншіден, барша қазақ арасында үлкен білім мен беделге ие Ш.Құдайбердіұлының депутаттықтан бас тартып, өз жолын Темірғали Нұрекеновке бере салуының сыры неде? Ғұлама ақын “Мұтылғанның өмірі” атты ғұмырбаяндық дастанында: “Жиырма мен қырық арасы, Бос өткенін қарашы”, – деп бір кездегі билік қуып, болыс, би болған, сөйтіп білім-ғылымсыз бос өткен жастық өміріне өкініш білдіретіні белгілі.
Осы өлеңдегі: “Сыр айтайын мен сізге, Әр түрлі жай бар басымда…” – деуіне қарағанда, баяғыда-ақ “партия атаулыдан түңіліп, саясаттан бойын аулақ ұстауға тырысқан” Шәкәрімнің бірыңғай әдеби шығармашылық қызметке бет бұрған кезі осы емес пе екен? Шынында оның өзі: “Елімнен кеттім елсізге, Елуден асқан жасымда”, – деп айтатынындай, бұл кез 1906-1907 жылдарға, яғни І және ІІ Мемлекеттік Думаларға депутаттарды сайлауға тұспа-тұс келеді екен. Ал енді: “Шәкәрімнің бірыңғай әдеби шығармашылық қызметке бет бұрған кезі осы емес пе екен?” – деуімізге ақынның гуманистік, қоғамдық-ағартушылық саладағы істері, мәселен, оның Батыс пен Шығыстың білім-ғылымын іздеп қажылық сапарға баруы, атақты орыс ақын-жазушылары А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой шығармаларын аударуға ден қоюы, Семейдегі орыс географиялық қоғамының толық мүшесі атануы, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінің жанашыры әрі белсенді авторы ретінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси маңызы зор мәселелерге үнемі үн қосып отыруы, сондай-ақ Семейдің “Жәрдем” баспасынан бірқатар құнды әдеби еңбектерінің жарық көруі тәрізді оқиғалар нақты дәлел болады. Әсіресе, ғұлама ақынның осы кезеңдегі, яғни 1905-1917 жылдар аралығындағы көңіл күй ауаны, оның “Шошыма, ойым, шошыма”, “Кейбіреу безді дейді елден мені”, “Жиырма үй менің көршім Қарабатыр”, “Жолама қулар маңайға”, “Кейбіреу безді дейді қатынынан”, “Партия қуған өңкей қырт” деп басталатын өлеңдерінен айқын аңғарылады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы үлкен әдеби шығармашылық дарын-қабілетіне қоса, сол кездің өзінде-ақ гуманистік көзқарасы, белсенді азаматтық ұстанымымен елге кеңінен танымал болған әйгілі тұлға. Егер де данышпан Абай халқына: “Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың”, – деп өсиет етіп кетсе, ал ғұлама Шәкәрім: “Адам баласын алалап бөлуші болма. Адамзаттың бәрі – жақын, туыс”, – дейді. Ол осы гуманистік, қоғамдық-ағартушылық бағытты өмірінің соңына дейін ұстанып өтті. Мысалы, оны Шәкәрімнің алғаш “Айқап” журналы, “Қазақ” газеті ашылып, шыға бастағанда тек оларға құттықтау өлең арнап, шығармаларын жариялап қана қоймай, Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптар құрған “Азамат” серіктігін Кәкітай және Тұрағұл Құнанбаевтар, Қаражан Үкібаев, Мағат және Хасен Ақаевтармен бірге қызу қолдап, мүшелік жарна төлеп тұруы, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті арасындағы айтыс-тартысқа ақсақалдық тоқтау айтатыны тәрізді осындай үлкенді-кішілі қоғамдық-ағартушылық істерінен анық көруге болады. Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтан бастап, М.Дулатов, С.Торайғыров, белгілі журналист-тарихшы С.Ғаббасов және тағы басқалар өз мақалаларында Шәкәрім туралы көптеген жылы пікірлер білдірді. Мысалы, Ә.Бөкейханов “Қазақ” газетінде Шәкәрімнің “Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шежіресі”, “Қалқаман-Мамыр” еңбектері туралы білдірген құнды пікірлерінен басқа “Мұсылман сиезі” мақаласында: “Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады”, – деп жазса, М.Дулатов “Айқап туралы” мақаласында: “Егер “Қазаққа” жұрттың ықыласы “Айқаптан” гөрі артығырақ болса, біз мұны Шәкәрім қарт айтқандай, жаңа шыққан нәрсеге жұрт таңсықтығынан жабылып, “Айқапқа” соның үшін салқын қарады деп ойлаймыз”, – дейді. Сол сияқты осы “Қазақта” Жүсіпбек Аймауытов “Желкек” деген бүркеншек есіммен жариялаған “Шәкәрім ақсақалға” мақаласында: “Шәкәрім ақсақал “шежіресіне” жеңіл-желпі жұмысша қарамай, терең ойлап, көп оқып, сан салыстырып барып жазғаны көрініп тұр. Бұл турада ақсақалды қазақтың “Карамзині” десек, артық мақтаған болмаспыз”, – десе, жетісулық атақты бай, меценат Есенғұл Маманов, “Қазақ” газетіндегі “Ашық хат азаматтарға” мақаласында былтырғы жылы қазақтың ақын-жазушылары үшін роман-бәйге жариялағанына тоқтала келіп, осыған орай жинақталған әдеби шығармаларға ұлт зиялылары ішінен Әлихан, Ахмет, Міржақып және тағы басқалармен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлының да белсене атсалысып, өз төрелігін айтуын сұрап өтініш етеді. Жалпы, 1905 жылғы бірінші орыс революциясынан бастап 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейінгі ұлт санасының оянып, әлеуметтік-саяси белсенділік күшейген осы кезеңде Шәкәрім Құдайбердіұлының “Әділ-Мария”, “Қазақ айнасы”, “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”, “Білімдіден бес түрлі сөздің шешімін сұраймын”, “Би һәм билік туралы” тәрізді бірқатар әйгілі тарихи-танымдық және публицистикалық еңбектерінің жарық көруі, шын мәнісінде, оның қазақ қоғамында орын алған оқиғаларға бейжай қарап қалмағанын аңғартады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының гуманистік, қоғамдық-ағартушылық бағыттағы қызметі дегенімізде, жалпы оның ел өміріндегі әлеуметтік-саяси істерге сонау ерте бастан, жас жігіттік шағынан араласқанын атап айтқан жөн. Мысалы, оның болыстыққа тағайындалып, ел басқаруының өзі – ол патшалық Ресейдің далалық өлкедегі жүргізген саяси іс-шараларына, сол кездегі қазақ ауылдарының өміріндегі үлкенді-кішілі істерге үнемі араласып отырды деген сөз. 1878 жылы Семей облысына қарасты Шыңғыстау өңірінде болыс сайлау науқаны өте шиеленісті жағдайда өтеді. Шыңғыстау болысындағы жеті старшын елдің әрқайсысы өз атқамінерлерін болыстыққа ұсынып, қысқасы, екі партияға бөлініп, бір-біріне дауыс бермей отырып алады. Ұлы Абайдың ақыл-кеңесі және Семейден келген жоғары лауазымды бір шенеуніктің араласуымен, сол жолы жасы енді ғана жиырмаға іліккен жігіт Шәкәрім алғаш рет үш жылға Шыңғыстауға болыс болып тағайындалады. Ол өзінің осы ел басқару саласындағы қоғамдық қызметін 1878-1880 жылдар аралығында атқарады. Шәкәрім осыдан кейін билікке араласты ма, жоқ па дегенге келсек, Ахат Шәкәрімұлының естелігі бойынша оның тағы да бірер жыл Шыңғыстауда, алты айдай көршілес сыбан елінде болыс болғандығы айтылады.
Демек, Шәкәрім Құдайбердіұлының гуманистік, қоғамдық-ағартушылық бағыттағы қызмет арналарын екі кезеңге бөліп қарастыруымыз керек секілді. Мысалы, оның алғашқысы 1878-1917 жылдар аралығындағы, ал соңғысы 1917-1925 жылдардағы Алашорда үкіметі мен кеңес өкіметі тұсындағы өмір кезеңдерімен тікелей байланысты болып келеді.
Сонымен Шәкәрім Құдайбердіұлының 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі гуманистік, қоғамдық-ағартушылық бағыттағы өмір кезеңдері қандай оқиғалармен есте қалады? Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов кезінде бұл мәселенің астарына, әсіресе, ғұлама ақынның Алашордаға қатысты қызметіне байланысты кейбір жайларға біршама үңіліп, оған Шәкәрімнің “Мұтылғанның өмірі” дастанында айтылған оқиғалармен түсінік беруге ұмтылған еді. Әрине, Алаш зиялылары әлі де толық ақтала қоймаған Кеңес өкіметі кезінде ағынан жарылып бәрін айта қою мүмкін болмады. Сол себепті, Шәкәрімнің Алашорда үкіметіне қатысы туралы кейбір жайлар көлеңкеде қалып келді. Іс жүзінде ғұлама ақын әу бастан-ақ Алаш қайраткерлерінің “жеке өз алдына егеменді ел болсақ, тәуелсіз мемлекет құрсақ” деген түпкі мақсатына қосылмай, бас тартып, ат-тонын ала қашқан жоқ. Ә.Бөкейхановтың 1913 жылғы “Қазақ” газетіндегі “Алаш” не сөз?” деген мақаласына алғаш үн қосып, жауап қатқандардың бірі осы Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. Мұның өзі ақынның тұңғыш саяси қазақ партиясының “Алаш” деп аталуына белгілі бір дәрежеде қатысы болды дегенді аңдатады. Сол сияқты Ә.Бөкейхановтың 1914 жылы жарық көрген “Би hәм билік” (“Қазақ”, 1914, №48-50) аталатын шығармаларына жауап ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің “Би hәм билік туралы” (“Қазақ”, 1914, №65) мақаласын жазды, онда қазақ елінің әкімшілік және сот құрылысындағы бұрынғы әдет-ғұрып, салт-сана, билер билігі әңгіме болады. Тегінде Шәкәрімнің билікке байланысты мұндай маңызды мәселелерді көтеруі, кейін де оны Алашорда үкіметі кезіндегі қазақ соты қызметіне тартуға басты себеп болған сыңайлы. Сондай-ақ Шәкәрім халыққа “теңдік, бостандық” әкелген 1917 жылғы ақпан төңкерісі кезінде де “қазақ оқығандарының жетегіне” еріп, “Бостандық туы жарқырап”, “Бостандық таңы атты” өлеңдерін арнап, қоғамдағы болып жатқан ұлы дүбір оқиғалардан шет қалмағанын көреміз. Мысалы, С.Торайғыров “Айтыс” поэмасында Шәкәрім ақсақал туралы:
Семейдің съезінде байқадық қой,
Екенін қарт кемеңгер әм терең ой.
Оқығандар болмаса жай қазақтан,
Онан басқа кім шықты көрсетіп бой, — деп өз ризашылығын білдіреді. Ол – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде ұлт зиялыларының “Алаш” партиясын және қазақ автономиясын құрсақ деген идеясымен облыстарда (соның ішінде Семейде) қазақ съездері жаппай өткізіліп жатқан кез еді. Көрнекті ғалым К.Нұрпейісовтің еңбегінде айтылғандай, осы жылы 27 сәуір - 7 маусым аралығында Семейге қарасты бес уезден (Өскемен, Семей, Павлодар, Қарқаралы, Зайсан) 200-дей, ал көршілес Ресейдің Бийск уезінен 2 өкілдің қатысуымен өткен облыстық съезде Алаш қайраткерлері Р.Мәрсеков, Ж.Ақбаев, Х.Ғаббасовтармен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлы да ұлт болашағы туралы пікір білдіріп, сөз сөйлейді. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында өткен бірінші жалпы қазақ съезі іс жүзінде “Алаш” партиясы мен ұлттық автономияны құруға негіз қалап берді. Көп ұзамай осы жылы қазан айында Семейде Ә.Бөкейхановтың басшылығымен “Алаш” партиясының облыстық комитеті құрылып, оның төрағасы болып Халел Ғаббасов сайланды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының Алашордаға қатысына байланысты тағы бір дерек, оның 1917 жылы желтоқсанның 5-13-і аралығында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезіне шақырылуы болды (“Қазақ”, 1917, №250). Шын мәнісінде ұлт зиялылары бұл съезде Алашорда үкіметін құруға қол жеткізді. Оған Семей облысынан Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, Тұрағұл Абайұлы, Жұмекен Оразалин, Ахмет Шығыров, Қабыш Бердалин, Ахметолла Барлыбаев қатысты. Міне, осы съезге қатысуға, Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың қол қоюымен арнайы жеделхаттар жолданып, облыс-облыстан шақырылған баршаға белгілі беделді 28 адамның ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының да есімі аталады. Ал енді ғұлама ақын оған қатысты ма, жоқ па, ол жағы белгісіздеу. Кейбір деректер “Шәкәрім бұл съезге қатыспағанын” меңзейді. Қалай десек те аталмыш бір ғана фактінің өзінен-ақ оның әрдайым Алаш тілегінде болғанын көреміз.
Дегенмен, осыған қатысты мына бір жайды айта кеткен орынды ма деп есептеймін. 1917 жылдың қараша-желтоқсан айлары Семей қаласында түрлі саяси оқиғаларға толы болды. Соның бірі – Семейде земстволық басқару жүйесін енгізуге байланысты алғашқыда уездік, одан соң облыстық земство жиындары депутаттарын сайлаудың өткізілуі еді. Дәл осы кезеңде Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов пен М.Дулатов “Қазақ” газетіндегі земство туралы жазған мақалаларында ақпан төңкерісінен кейінгі елдегі зор саяси өзгерістерге баға бере келіп, қазақ зиялыларын жергілікті жерлерде земстволық билікті қолға алу үшін сайлауға қызу қатысуға үндеді, сондай-ақ Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мәселесін көтерді. 1917 жылдың қараша-желтоқсан айларында өткен осы земстволық сайлау науқандарына қазақ қауымының қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Сол кезеңде Семейде шығып тұрған “Дело” газетінде С.Возмитель деген біреу “О выборах гласных в Семипалатинское уездное земство” атты мақаласында аталмыш сайлау қорытындысына тоқталып, Семей уездік земстволық жиынына депутаттыққа 7 округ бойынша 38 қазақ және 2 орыс сайланғанын, орыс шаруалары мүддесіне қатысты мәселелерді шешуде бұл екеуінің дауысы аздық ететініне реніш білдірген болады, бірақ қазақтардың бұл сайлауда үлкен ұйымшылдық танытқанын айтады. Сонымен бірге бұл басылымда (“Дело”, 1917, №145) Семей уездік Земствоны енгізу жөніндегі комитеттің (төрағасы С.Брюханов, хатшысы А.Колобов) өткізілген сайлау қорытындысы, яғни онда Семей уездік земство жиынына депутаттыққа Семей қаласынан Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, М.Малдыбаев, И.Тарабаев, Н.Құлжанова, Заречная слободкасынан (Алаш қаласы) А.Қозыбағаров, Ж.Үкібаев, А.Аңдамасов, Қ.Мұздыбаев, Шыңғыс болысынан Ш.Құдайбердиев, Мұқыр болысынан К.Жанатаев, Қызылмола болысынан И.Қазанғапов тәрізді тағы басқа қазақ зиялылары сайланғаны туралы ресми мәліметі берілген. Міне, көріп отырсыздар, Шәкәрім Құдайбердіұлы Алашорда өмірге келген Орынбордағы екінші жалпы қазақ съезіне арнайы шақырылғанымен, оның оған барып қатыса алмауына осындай бір оқиғалар себеп болғанға ұқсайды.
Қысқасы, 1917 жылдың аласапыран уақытында Семейде құрылған қазақ комитеттері және жоғарыдағы уездік, облыстық земстволар басқармалары мен депутаттары Алашорда үкіметінің жергілікті жердегі сенімді көмекшісі әрі тірегі бола білді. Ал өзімен замандас Көкпай Жанатайұлы, Иманбазар Қазанғапов сынды арқалы ақындармен бірге Семей елі өміріндегі осындай оқиғалардың бел ортасында ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының да жүруі сөзсіз еді. Мәселен, оған Шәкәрім ақсақалдың Алаш милициясының бастығы Қазы Нұрмұхамедұлы әскери жаттығу жүргізіп жатқан кезде қапыда большевиктер атқан оқтан қаза болуына байланысты бүкіл елді жылатып сөйлеген сөзі дәлел болады. Әсіресе, мына бір дерекке ерекше тоқтала кеткен жөн бе деймін. 1918 жылдың сәуір айында өткен Семей облыстық земствосының бірінші төтенше жиналысында ең басты мәселенің бірі болып әкімшілік басқару мен сот жүйесін құру ісі қаралады, сөйтіп облыстық қазақ сотының төрағасы болып Мұқыш Боштаев, төраға орынбасары Иманбек Тарабаев және мүшелері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Смахан Бөкейханов, ал кандидаттыққа А.Аңдамасов пен Теміржанов сайланады.
Әрине, бұл арада айтайық дегеніміз, Шәкәрім Құдайбердіұлының аз уақыт болса да Алашорда үкіметінің төбе биі қызметін атқаруы туралы болып отыр. Ол “Мұтылғанның өмірі” атты дастанында өзінің “сырттай сот болып сайлануының, ақ пен қызыл соғысының халыққа тигізген зардабы мен Алашорда басшыларынан әділдік таппай соттықты тастап кетуінің” сырын жан-жақты ашып береді. Өкінішке қарай, осыны кешегі Кеңес өкіметі кезінде “Шәкәрімнің Алашордаға қатысы жоқ, болмаған” деп айту үшін еріксіз тілге тиек еттік. Алайда оның Семейдегі Белгібай деген байдың қызын алып қашқан жас мұғалім жігіт Ғабдолла Қоскеевтің тағдырына араша түсіп, әділ шешім шығаруы Алашордаға белгілі бір дәрежеде қатысы болғанын айғақтайтын факт екені даусыз. Ахат Шәкәрімұлы осы оқиғаны әкесі туралы естелігінде: 1918 жылы мен орыс оқытушысынан орысша оқиын деп Семейге бардым. Кеңес өкіметі қазаққа соттықты берген соң, мұндағы Алаш азаматтары облыстық соттың бастығы етіп сырттай әкейді сайлаған. Біз қаланың Жоламан жақтағы шетінде, Үдері дегеннің үйінде жаттық. Семейдегі Белгібай деген байдың қызы бір мұғаліммен қашып кетті дегенді есіттік... Ертеңінде Жаңасемей базарының жоғары жағында, Қаражан байдың мектепке жалдаған үйі болатын. Сот сонда болатын болды. Алаш бастығы Әлихан Бөкейханов Омбыға кетіп, орнына уақытша Мұхаметжан Тынышбаев тұрған. Сот болатын залға жұрт лық толды. Мен есік босағасында тұрдым. Сыймағандар есіктен сығалап тұрды. Алдыңғы қатарда қыз, Белгібайдың туғандары отырды. Басы орамалмен таңулы, беті, маңдайы көкала болған мұғалім тұрды. Оның артында мылтық ұстаған солдат тұр. Соттар келгенде, отырған жұрт түрегелді. Әкейдің екі жағында – Мұқыш Боштаев пен Смахан Бөкейханов отырды. Мұқыш Белгібай атынан жазылған арызды оқыды... Соттар оңаша бөлмесіне кіріп кетті. Аздан соң соттар шықты. Жұрт түрегелді. Мұқыш соттың билігін оқыды. Бас жағында: “Біздің сот – ар соты, ардан, адамгершіліктен аспай, әділін айтамыз....” – деген сияқты сөздерді оқып келіп: “Қыздың басына бостандық берілсін! Өзі сүйген адамына барсын!” – деп тоқтады. Залдағылар ду қол шапалақтап жіберді... Ыспан қажы орнынан атып тұрып, әкейге қарап, қатқыл дауыспен: “Ей, Шәкәрім! Алашорданы астыңмен басып отырғаныңды көрермін! Алаш азаматтары, қауым не бізбен болар, не сенімен болар! Босаға бұзып, жесірімді тартып алып отырған бұзақыны ақтап жіберген арам билікті қайдан көрдің?! Бұл билігіңді алмаймын! Жеріне жеткенше қуармын!” – деді... Кешке әкей қатты күйзеліп келді. Аңқау, ақкөңіл Үдері қажы: “Қарағым, ауырып келдің бе? Өңің қашып кетіпті?!” – дегенде, әкей: “Мен босқа әуре болып жүр екем! Басшылардың елді ел қылатын түрі жоқ! Баяғы күндестік! Баяғы мансапқұмарлық! Өзімшілдік! Баяғы рушылдық, партиядан арылар түрі жоқ! Елді қорғау, адалды жақтау жоқ! Сорлы елге, сор жауыны сорғалағаннан басқа түк жоқ! Бұлардан үміт-қайыр жоқтығына көзім жетті! Ел оқығандары ғой, елді адал жолға бастайды бұлар деп сеніппін! Қаталасыппын!” – деді... Осы түнде әкей: “Партия қуған өңкей қырт”, “Тыныштық жоқ, тыным жоқ” деп басталатын өлеңдерін қолма-қол ашу үстінде жазды. Ертеңінде Быков деген доқтырды шақыртып алып, іш аурумын деп қағаз алды да, атын жеккізіп, Жаңасемейдегі Абдрахман байдың үйіндегі Алаштың кеңсесіне келіп кірді. Мен, Дүйсембі екеуміз қақпа алдында, арбада отырдық. Әлден уақытта әкей шығып: “Ертең елге қайтатын болдық. Бүгін керек-жарақ аламыз”, – деді. Сөйтіп, әкей ауылға қайтып кетті”, – деп суреттейді.
Шәкәрім Алашорда соты қызметінен өз еркімен бас тартты десек те, ол осы сот жұмысынан мүлде қол үзіп кетпеген сыңайлы. Олай дейтініміз, Семей жаңа тарихи құжаттама орталығынан табылған мына бір деректе (қор-37, тізбе-01, іс-7) 1919 жылдың 29 шілдесінде Семей уездік земствосы басқармасына Шыңғыс болысының басқарушысы Құнанбаевтың (есімі көрсетілмеген – Е.С.) қол қоюымен 1920 жылға Шыңғыс болысы бойынша халық соты қызметін атқаруға құқысы бар адамдардың тізімі берілген. Соның ішінде Абай балалары Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл және немересі Срайыл, Құнанбай шөбересі Біләлдармен бірге Шәкәрімнің де есімі “Худайбердин Шакарим, 60 лет, грамотный, №2 аул” деп аталып көрсетіледі. Шәкәрім қажының осы бір аласапыран жылдардағы өмір кезеңдері туралы көрнекті әдебиетші ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин: “1917-1925 жылдар аралығында Шәкәрім аз уақыт дүниауи өмірге қайта оралғандай болады, ел ішіндегі игі өзгерістерді құттықтайды, газет-журналдар бетінде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда қарт ақын көп ұзамай қайтадан ел тіршілігінен аулақтайды”, – дейді.