Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет29/123
Дата28.07.2023
өлшемі1,34 Mb.
#104870
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   123
Байланысты:
1. Қызыл жебе - I кітап Шерхан Мұртаза (8 сынып)

Қызыл жебе
Енді камераға соны қалай алып кіру керек? – деген сұңқыл 
сұрақ басында шыңылдады да тұрды.
Сөйтсе, қарасораның қауында күндізгі шекшектің орнына 
шілде қоңыз шырылдап отыр екен. Түрменің темір торлы 
терезесінен анық естіліп тұр. Басындағы шыңыл мен қара 
сорадағы шырылдың бірі мен бірі үндесіп, қосылып айтылған 
әлдебір мұңлы әндей әсер туғызғаны Рысқұлды аң-таң халде 
қалдырды.
Шырылдап тұрған шілдеқоңыз емес, сынық сүйем істік темір 
сияқты. Темір екеш темір де түрме тұтқынының жанын ұғып, 
оның шарасыз тағдырына жаны ашығандай аян береді.
Шілдеқоңыздың жағы бір сембеді. Рысқұлға сынық темір 
туралы ұмытып кетпе деп ұдайы есіне салып тұруды парыз 
көргендей бір тынбады.
Толассыз әнге Рысқұл да байқаусызда қосылып кетіп:
– Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір алладан, –
деп ыңылдады.
* * *
Таңға таяу көзі ілініп кеткен екен, кенет шошып оянды. Қызыл 
Жебе кісінеп келіп, абақтының есігін тепкілеп тұр екен. Рысқұл 
өң мен түстің арасын ажырата алмай мең-зең күйде сәл аңырып 
отырып қалған.
«Е, жарықтық, жылқы жануардың да әруағы болғаны ма? 
Қамбар ата ғой әлгі. Қызыл тұлпардың қаны менің мойнымда 
емес еді ғой? Heгe мені торып жүр? Ұрлаған мен болғанмен, 
ұрлатқан, қанын шашып бауыздатқан Саймасай еді ғой? Е, 
айналып кетейін, Қамбар ата! Менен күнә болса кеше гөр! Бірақ 
менің жазығым жоқ. Құдай куә. Егер көрмесе, құдайдың көзі 
шықсын. Қызыл тұлпарды пышаққа, қиянатқа қимай ара түсем 
деп нақақтан құрбан болдым, Қамбар ата!»
Рысқұл жылқының аруағына сыйынып отырғанда есіктің 
алдынан айдауыл өтті. Етігінің тақасынан таныды. Сонда барып 
әлгі түстің сырын ұққандай болды. Есікті тепкілеген Қызыл 


60
Қызыл жебе 
Жебе емес, әлгіндей айдауыл қара құлып қалпында ма екен деп 
салдыратып, тексеріп шыққан болды.
Сонда бір ой басына сап етті. Атып тұрып есікті тоқпақтай 
бастады. Асығыс басқан айдауыл аяғының дыбысы естілді.
– Не керек? – деп зекіп қалды айдауыл.
– Ішім бұрап әкетіп барады. Тезірек аш, мырза, – деп жалынды 
тұтқын.
– Өлмейсің, шыда! Әлі таң атқан жоқ, қараңғы, – деп қарауыл 
ары кете беріп еді, Рысқұл есікті тағы тарсылдатты.
– Мырза, шыдай алар емеспін! Бұ құрғыр таңның атып, 
күннің шыққанын күтіп тұратын сыпа емес қой. Іш бұзылса, мен 
не істейін?!
Қарауыл бұрқылдап, балағаттап жүріп, салдырлатып есікті 
ашты. Ашудан көзі ежірейіп кетіпті. Жейдешең, жалаңаяқ, жалаң 
бас Рысқұлды мылтықтың оқтығымен бір нұқып, алдына салып:
– Мені алдағың келсе – аямаймын! – деп ескертті.
Бозала таң құланиектеніп келеді екен. Қапастан кейінгі сап-
салқын уыз ауа тұтқынның қапырық өкпесін қауып, ағыл-тегіл 
мол демнен тұншығып қала жаздады.
«Таң таза атып кетпей, қара күңгірт бола тұрса екен», – деп 
тіледі Рысқұл. Шілдеқоңыз қалжыраса керек, үні семіпті. Қара 
сораның тұсынан өте бере, жалаң аяғымен жер сыдырып, істік 
темірді іздеді. Сол аяқтың бас бармағы сояудай қатты затқа 
тірелгенде, сипалап екі башпайдың арасына тірей қысып алып, 
жұлқа тартып, жүре берді. Қап-қатты суық темір табанына батты. 
Бұрынғыдай жылдам жүре алмай, бір аяғын сүйретіп, кібіртіктеп 
қалды. Оны өзінше бөтен ойға жорыған қарауыл:
– Бас аяғыңды! Қыстап бара жатса, асықпайсың ба?! – деп 
зірк етті.
– Ішім, – деп Рысқұл екі бүктеліп, сүйретіліп бара жатқан. 
Ойында:
– «Саусағымнан шығып кетпесе екен», – деп башпайларын 
қарыстырып қыса түсті. Қысқан сайын темірдің істігі етіне кірш 
етіп кіріп бара жатты.
– «Қан тамса – біліп қояды-ау» – деп қысылды тұтқын.


61


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет