124
Қызыл жебе
Тұрған
топты киіп-жарып, быртық Тұқымбай Тұрардың
жанына барды. Баланың бетіне ежірейе қарап қалып:
– Сені неге балалар Қызыл Жебе дейді а? Айтшы, – деді.
Бала кілең оқа-зерлі киім киген үлкендердің ортасында жүдеу
киінген жалғыз өзі екенін көріп, қорланғандай болды. Бірақ
осыншама ығай мен сығайлардың назары өзіне ауып тұрғанын
аңдап, бойын жиып алды. Тас түйіліп тұрып, Тұқымбайдың ірің
жиектеген жанарсыз көзіне бұқпай қарап:
– Қызыл Жебе жүйрік. Мен де жүйрік
болғым келеді, – деді.
– Қарай гөр көктүйнекті!
– Айылын жимай тұруын күшіктің!
– Болар бала боғынан деген. Мынау болатын бала ғой, –
үлкендер бастарын шайқап-шайқап қойды.
– Сен Қызыл Жебені көріп пе едің өзің? – деп төнді Тұқымбай
баланың үстіне.
– Жазда Қаракемерде ас болғанда көргенмін. Көкем Қызыл
Жебеге мініп көкпар салған.
Тұқымбайдың ұмытшақ есіне енді бәрі түсті. Сол жолы
Рысқұл Саймасайдың сағын сындырған. Мына тұрған Мақаштан
көкпарды жұлып алып, Тұқымбайдың көмбесіне салым салған.
Содан шығар, Тұқымбай мына түрмеге
кетіп бара жатқан
қаршадай балаға кенет рақымы түсіп, басынан сипады. Әлде
әкесінің Саймасайды өлтіргеніне ризалығын жасыра алмады ма.
– Алда байғұс-ай, – деп аяған болды.
«Адуын шал алжыған шығар», – деп басқалар бұл әрекетін
құптамады. Бірақ қанша қаратас жандар болса да, Тұқымбайға
дауыстап реніш айта алған жоқ. Тек ояз ғана:
– Пристав, баланы атқа мінгіз! – деп бұйрық берді.
Ояз өз нөкерлерімен атқа қонған соң, болыстар да қонақасыға
қарамай, шартарапқа тарай бастады. Тарқар алдында оязға арыз
жазып та үлгірді.
«Рысқұл Жылқайдаров тек бір болысқа ғана қарсы шығып
қойған жоқ. Ол сонымен
бірге ақ патшаның заңына, әскери
губернатордың және Сіздің жарлықтарыңызға қарсы шықты.
Сондықтан оны әскери сотқа беруді талап етеміз. Егер біздің
осы өтінішіміз ескерілмесе, онда біз
өзімізге сеніп тапсырған