128
Қызыл жебе
топ белгісіз киргиздар урядникті өлімші етіп сабап кеткен. Ал
Жайылма управителі Нарсұлтан бізге ең сенімді адам.
Соның жерінде әлгіндей оқиға болып жатқанда басқалардан
не қайыр? Верныйдың ерлер гимназиясында үкіметке
қарсы
марксшілдер ұйымы біраз жылдан бері өмір сүріп келіпті. Тіпті
сол ұйымның бір мүшесі, гимназияның кешегі түлегі Михаил
Фрунзе деген Петербургтен бір-ақ шығып, «Қанды жексенбі»
оқиғасына қатысқан. Қазір Иваново-Вознесенскіде большевиктік
насихат өртін лаулатып жүрген көрінеді. Бізге орталықтан саяси
тұтқындарды айдайды. Ал, олар
болса мұндағы елдің басын
улайды. Сөйте тұра, Жетісудағы әскери соттың үкімі жүрмейді.
Логика қайда?».
Фон Таубе жез қоңырауды әдеттегіден қатты қаңғырлатты.
Сыптай адьютант сақпандай атылып кірді.
– Барлық уездердің начальниктерін ертең таңғы сағат
тоғызға шақырыңыз. Бәрін! – деді фон Таубе. – да, қала
жандармериясының полицмейстерін, облыстың түрме бастығын,
округтық сот председателін шақыруды ұмытпаңыз.
Фон Таубе емен ағаштан соққан қомақты креслодан ырғала
тұрып, терезенің алдына барды.
Губернатор бағында ағаштар
жасыл пүлішке оранып, неше алуан құстар сайрап, арықтан су
сыңғыр-сыңғыр қоңыраулатып ағып жатыр. Бейіштің бағындай.
Эдем бағындай. «Бірақ Эдем бағында да бейбітшілік болған емес.
Онда да неше түрлі тартыс өткен. Бәрі алдамшы. Бәрі түс сияқты»,
– деп фон Таубе терезеден бетін бұрып әкетіп еді, императордың
көзімен көз атысып қалды. Император мұны кінәлағандай ызғар
шашып тұр екен. «Иә, императордың күні тағы тас-талқан
болады. Әлгі киргиздар айтқандай: «түйені жел шайқаса, ешкіні
көктен ізде». Жабайы түземдер де кейде осындай дана сөздер айта
алады. «Жабайы, жабайы» деп жүріп жалпамыздан түспейік...
Революция. Револьверден атылған оқтай қарып түсетін
қандай
қорқынышты сөз. Бұл сөздің идеясымен түземдер уланса, сойқан
сонда болмасын. Бұлардың әйелдері ат пен түйенің үстінен
түспей толғатып, босана береді. Бір көтерілмесін, бір көтерілсе
– жауынгерлік рухы шығандап кететін шатақ ел. Ал, біз «момын,