132
Қызыл жебе
Осылай деп өзіне-өзі дәт беріп, өзін өр ұстағысы келеді. Сағы
сынбағанын білдіргісі келеді. Кейде сумаңдаған сұқ көздерді
байқамаған болады. Бірақ адам өзін-өзі тежей бергеннің де
жақсылығы шамалы. Ішінен тынғанның ызасы – алманың өзегіне
түскен құрт сияқты. Сыртың бүтін, ішің түтін.
Сол түтін ішке сыймай кеткенде, Рысқұл сұқ саусағын қадап
тесікке тұра ұмтылады.
Артынша, мұндай қызбалыққа бой бергенім қалай? – деп
өкініп те қалады. Дұшпанға осалдығыңды білдірме дейді.
Сөйтіп, жалғыз жасыл бұтақ та ғайып болған. Надзиратель
оны қырықтырғаны камераға күн түсірмейді деген қамқорлықтан
емес, әрине. Қылмыскердің көзі камераның тамұқтай тас, көрдей
қарасұр қабырғасынан басқа бояуға алданбағаны жақсы. Ал
тұтқынның күнде жасыл жапырақты тамашалап, көз жанарын дем
алдырып тұрғаны, надзиратель тарапынан үлкен сый болар еді.
Ондай мырзалықтың не керегі бар? Түрменің қожайыны шамасы
келсе аспанның көгілдір түсін сұп-сұр бояумен баттастырып қояр
еді, амал не, оны істей алмайды. Әзір аспанға жетер саты жоқ, рас,
кейде бұлттар көмектеседі. Бірақ ең тұнжыр бұлттың өзі түрме
камерасының түсінен әлдеқайда ашық.
Надзиратель шамасы
келсе түнде қалтырап тұратын жалғыз жұлдызға балшық жағып
қояр еді. Әзір оны да істей алмай жүр. Әрине, ең қызығы, жалғыз
көзді әйнекті тарс жапқан ғой. Бірақ ол түрменің ережесіне
жатпайды. Бір ғана амал – тор темірді неғұрлым жуанырақ қағу.
Терезенің көзін бітегенмен, көңілдің көзін қалай бітерсің.
Адамның айтып болмас ғажап қасиеттерінің бірі –
көңіл көзі
ғой. О, онымен мың түрлі бояу көруге болады! Ол арқылы сонау
сағым таулардың ар жағында жатқан Түлкібасты, Кемербастау
мен Күмісбастауды көре аласың. Дәу-Бабаның сыртындағы Иірсу
мен Ақсуды аралайсың. Мыңжылқы мен Мақпал жайлауын, Ұлар
тауын шарлайсың. Кісінеген жылқы, шіңгірлеген құлындар,
үйездеген биелер, маңыраған қой, мөңіреген сиыр; зауза қоңызы
әндеткен түндер; ақсүйек
ойнап алқынған қыз-бозбала, айлы
түндегі алтыбақан; қанталап барып батқан күн; күннің батысынан
шығысына дейін қызғылтым бояуға малынған бұлттар; шығар
күннің шаншыла шашыраған сәулесі, ақбас таулардың алаулаған