134
Қызыл жебе
каторга бола ма, көп кешікпес деп еді. Бірақ жарым жылдан асты,
іс әлі шешілмей жатыр. Екі иығына екі кісі мінгендей шомбал,
қолдан құйғандай шымыр, өте қарулы еді, абақты сорып тастады.
Қызыл-күрең жүзі басындағы тозған ақ қалпақтың түсіндей
күннен-күнге қуарып барады.
Ақ қалпақ демекші, оның жаны сірі екен. Қанша жыл болған,
құдай-ау, туған жері Түлкібастан кетер жылы Қатшагүл жеңгесі
тігіп беріп еді. Топырағың торқа болғыр, сол Қатшагүлдің де
сүйегі әлдеқашан қурап қалды.
Рысқұл енді ойлап тұрса, тұла
бойында туған жерден қалған жалғыз белгі осы тозған қалпақ
екен. Басқа ештеңе сақталмаған. Еш белгі жоқ. Бәрі тозған,
бәрінің күні озған. Енді, міне, басынан
бұлт арылмай ауырдан
да ауыр күндер туды. Ноқта сыймас қайран бастың енді қай
шұңқырда қаларын, ақ қалпақтың қайда шірірін бір құдайдың өзі
біледі.
Сірә, әкімдер оны осы тас камераның ішінде шірітер. Сотты
тым созуларына қарағанда, бәрі ықтимал.
– Тұра ғой, Тұрар. Мен саған жағдаятты түгел айтып берейін
де. Мына жендеттер мені бір жайлы қылатын уақыт келіп қалды-
ау деймін. Сен бәрін естіп алғаның жөн.
Кірі ашылмаған бөздей болып
аспанның сәл-пәл ағара
бастағаны байқалды. Енді сәлден кейін надзиратель келіп, темір
есікті теуіп ашып, Тұрарды алып кетеді. Қаршадай бала таң
қараңғысынан қора сыпырады. Одан кейін күймеге ат жегіп, түрме
бастық Приходько мырзаның
балаларын гимназияға апарып
салады. Одан оралған соң Приходько мырзаның отынын жарып,
күлін шығарады. Күні бойы тынымсыз жұмыстан қалжырап,
камераға қайтып келгенде, әкесінің әңгімесін тыңдауға шамасы
келмей құлайды.
– «Ұйқысын қимай аяғанмен, құдай аямаса, адамдар аямаса,
бәрібір қор болмай ма?! Одан да бұған мен істің мән-жайын, түп
төркінін түгел айтып қалуым керек қой. Бәлкім, ертең кеш болуы.
Менің хикаямды әйтеуір, бір адам білуге тиіс қой. Кейінгілер бұл
шытырман-шырғалаң істі соттың қағазынан емес, өз баламның
аузынан білуі абзал шығар.