136
Қызыл жебе
дүниенің шырқын бұзып, өзінен әлсіз жүгірген аң, ұшқан құстың
сорын қайнатып,
жылы-жылы қанын қылғытып, қу тамақтың
құлдығында жүреді. Ышқынған үкі, жаман жапалақ, қара тілеу
байғыз мына шөгіп жатқан таудың тоғай-тоғай жынысына толып
кететін сияқты.
Рысқұл әу баста сұмдық дауыстардан шамалы сескенген. Қанша
батыр болсаң да түн ішінде, айдалада, жападан-жалғыз тұрғанда
байғыздың сұңқылынан тұла бойың аза болар. Қас қылғандай
Бердіқұл да тез орала қоймады. Құлақтағы су өлімсіреп, бір-ақ
қасық қалып, үзіліп бара жатқан соң ағасы Шәңке-бастаудың
басына барып қайтпақ болған. Сірә,
Дауылбай ауылы суды
бұрып алса керек. Кеше ғана сол ауылдың ақсақалдарымен
баталасып, Шәңке-бастаудың суын кезек ішпек болып келісіп
еді, Сәліктердің ішінде бүгінгі түн су кезегі Жылқайдардың
балаларына тиген. Ағайынды Бердіқұл мен Рысқұл тары суаруға
шыққан. Ағайынды үшеудің кенжесі
Молдабек кедей ауылдың
қой-ешкісін күн бойы бағып, діңкелеп келген соң түнгі суға алып
шығуға ағалары обалсынды.
Рысқұлға салса, тары егіп, торғай қорып жүргісі жоқ. Есіл-
дерті Дәу-Бабаның ар жағында жатқан Иірсуда. Иірсу – Ақсу-
Жабағылының қақпасы. Ол жерді де Дауылбай жайлайды.
Иірсу – шұрат жайлау. Жан-жағы тау. Тауға шығып кетіп,
тастан-тасқа секіріп кекілік іздегеннің өзі не ғанибет!
Жылқайдар Дауылбайдың жылқысын бағар еді. Егер әкесі
жылқы бақпаса, Рысқұл атқа мұнша есі кетіп құмар болмас та ма
еді, түнде түсінен, күндіз ойынан ат кетпейді.
– Сенің түбіңе осы ат жетпесе неғылсын, – деп ренжуші еді
әкесі кейде. Марқұмның сол айтқаны кейін келгендей де болды...
Еркіне салса, Рысқұл тас басып, тау асып, кең әлемнің аясында,
Ақсу-Жабағылының саясында, ну орман мен жасыл жайлаудың
төрінде жүруді армандай аңсайды. Иірсуға кетпекші болып, бір-
екі рет оқталып еді, ағасы Бердіқұл жібермей қойды.
Жылқайдар дүние салмағанда, Рысқұл бүйтіп кетпен арқалап,
тары қорып, су суарып жүрмес те еді. Басында бостандығың бола
тұрып, балақ түріп, балшық кешкеннен гөрі, байдың жылқысын