72
Қызыл жебе
пісігі өтіп кеткен бір шоқ бүлдірген тауып алды. Біртіндеп теріп,
уыстап-уыстап асағанмен бүлдірген ауқат болмады.
Тас-тастың қуысында қақылықтап жүгіріп жүрген кекілік
көңілін алаңдатты. Баяғы Ақсу-Жабағылының қына қал басқан
тастарынан қыл-тұзақ қойып, кекілікті талай ұстаған тау қыран
қазір мына жабайы тауықты қалай қармарын білмей, айла ойлады.
Тастан-тасқа жер бауырлап, өрмелеп шығып, бір қияқтың
тасасына тырп етпестен сұлқ түсіп жатып қалды. Бұл түлкінің
амалы еді. Кекілікті түлкі сұм
көбінесе осылай ұстайтынын
аңшы біледі.
Кекілік қияқ тастың ұшына дейін жорғалап келіп, жоғарыдан
төмен баспалап қарап, балапандарын іздеген. Төменде не тасқа
ұқсамас, не адамға, не аңға ұқсамас бірдеңені көріп, кекілік
қақылықтағанын қоя қойған. Тағы шіркін табиғи сезім күшімен
бұл жатқанның қауіпті екенін өзінше шамалаған. Жуықтап
жоламастан бұғып қана көп отырды.
Ақыры құмарлық сияқты
бірдеңе билеп, жер бауырлап жылжып-жылжып жанына келді.
Жем деп тек алды ма, сұлу мойнын қылқың-қылқың созып қарап
қояды.
Рысқұл мұны байқап жатқан, қол созым жерге жақындасын
деп жатқан. Демі үзілген, сәл тірлік белгісін білдірсең – бәрі
бекер.
Аңқау құс құлдырыңдап, тағы бір жылжыды. Жаюлы жатқан
күс-күс, тас түстес алақанға кекілік көзі қылиланып, әсем
мойнын созып-созып көп қарады. Алақанда екі-үш түйір қатқан
шие бар еді. Жабайы шиені кекілік жанындай жақсы көретінін
ежелгі аңшы аңдайды. Қу тамақ қиын, отқа да, суға да түсіретін
сол. Кекілік бұл кезде аш та емес. Балық көздің майлы дәні пісіп,
жатаған жабайы шие қатып, кекілік балапанын ұшырып, әбден
мамырлаған кез. Бірақ құста да әуестік желігі бар. Алақандағы
шиеден қанша сезіктенгенмен,
құмарлық жеңіп, дәнді шоқуға
мойнын соза бергенде, сұлқ жатқан қолдың аты жоқ саусағы
жыбыр ете қалды. Бір қолда бес саусақ. Бесеуі жеке-дара бөлек-
бөлек тұрғанда тым әлсіз, жұдырық жұмылғанда ғана әлуетті.
Бес саусақтың ішінде де бір осалы, опасыздауы бар. Ол – аты жоқ
саусақ. Ақыры сол сатқын шығып, сезік беріп қойды. Бас бармақ,