Қызыл жебе
Саймасай шыдай алмай дамбалшаң аяғын салбыратып мамық
төсектен тұра беріп, Нүкетайға қара күрең кәрі қолын созады.
Атластай жылтыр жалаңаш білегінен ұстап, төсекке қарай
тартады. Нүкетай тырмысып, қолын кері тартады. Күйеу өзіне
қарай жұлқиды. Алпыста болса да аюдай күші бар еркектің
әлді қолы жалаңаш пері қызын оппа тартқандай шымылдықтың
ішіне сүңгітіп жібереді. Жандәрменде қыз байғұс, – «суға кеткен
тал қармайдының» керімен, шымылдықтың бір шалғайына
жармасады. Шымылдықтың жібі үзіліп кетіп, ақ шәйі қалқан
қопарылып жерге түседі. Күнәкәр түннің куәсі болатын биік
төсек абыройы ашылғандай лыпасыз қалады.
Шымылдықтың құлағанын жаманға жорып, желігі кеудесінен
желдей шығып, қызуы басылып қалатын жігерсізің емес
Саймасай, қайта бұрынғыдан бетер делебесі қозып, ақ төсектің
үстінде қорбаң-қорбаң жанталасып еркектің пірі Зәкәрияға
сыйынып, қара тоқтының жілік сорпасына тойынып, жиырма
бестегі жігіттей қаны қайнап, ақ перизатты алпауыттана бүріп
түседі.
Қиялмен осы бір тұсқа жеткенде, Саймасай Қалдықызылды
абайсызда тебініп кеп қалды. Алаңсыз алшақ басып келе
жатқан ат бұл тебіністен оқыс ыршып, оқша атылғанда, үстінен
Саймасайдың өзі түсіп қала жаздады. Әбиір болғанда өзі емес,
басындағы тас қара барқытпен тыстаған дөңгелек құндыз бөркі
ұшып кетті.
Нөкерлері аң-таң болып, жердегі бөрікті бірінен-бірі бұрын
алуға асықты.
Содан кейін әлгі көрініс, үріккен құстай, қайтып оралмады.
Саймасайдың көңілі пәс тартты. Арт жағына бұрылып қарап
еді, садақ тартым қашықтықта, буалдыр арасынан Нүкетайлар
көрінді. Оның жанында екі жеңгесі, сіңлісі, үш-төрт қаралы әсем
топ, әдеп сақтап, еркектерден кейінірек келе жатқан.
Қар қыламықтағанын қоймады. Айнала төңірек күңгірт
тартты. Сол жақ қаптал биік тау, тауды өрмелей өскен шыршалар
қылау қардан бурыл тартқан. Оң жақ қапталдың реңі сарғыш,
шыршасыз, шырайсыз тырбық бұталар, сұрғылт тастар. Елсіз
90
Қызыл жебе
меңіреу шатқал. Бір топ атты адамдар жанын алатындай, тек
сауысқан шықылықтайды.
Кенет Саймасайдың көз алдына, буалдыр арасынан шыға
келгендей, Қызыл Жебе тұра қалды. Болыстың тұла бойы дір етті.
Елес лезде ғайып болды. Қылаулаған мұнардан ештеңе көрінбеді.
Саймасайдың көңілі бей-жай күйге түсті. Қыдыр жолдың үстінде,
баға жетпес олжамен оралып қайтқанда, көңіліне не шайтан
ұялағаны беймәлім. Қар кейде қызғылтым болып көрініп, кейде
шашыраған қандай күрең-қызыл тартты.
Болыс қамшы ұстаған қолымен көзін уқалап болып қайта
ашып еді, шатқалдың шыршалы жағынан бұталы жадағай жағына
атырылып Қызыл Жебе қарғып өткендей көрінді. Ағаштардың
бұтағын қызыл қырау тұтып қалғандай.
Саймасай сескенейін деді. Нөкерлерінен ол ат бойы алда
жүріп келе жатқан. Өзгелер аттарының тізгінін тартып, болыспен
үзеңгілеспеуге тырысады. Әдеп солай. Ал енді, болыстың өзі
әлгілердің ортасына тығылғысы келгендей, Қалдықызылдың
басын тарта берді.
«Танауыңа кершеу түскір, Қызыл Жебенің киесі болғаны ма?
Неге елестей береді?». Сонан соң өз ойының оспадарсыздығын
өзі байқап, бұрынғыдан бетер іштей жүдеп қалды. «Өлген аттың
танауына да кершеу түсер ме еді?».
Өткен істің өкініші өзегін тілгіледі. Бірақ Қызыл Жебеге
қылған қиянаты жалқы емес екенін ойламады. Ойласа, мына
келе жатқан Нүкетайға да Қызыл Жебенің кебін келтіргенін
түсінер еді. Бірақ бұл ұғым Саймасайға жат. Ар алдында да, адам
алдында да ақталатын үлгісі бар: пайғамбардың өзі төрт қатын
алған дейді. Сұлуды сүюді пайғамбар да жек көрмесе керек.
Жарықтық, алпыс үш жасында жас тоқалының тізесін құшақтап
жатып жантәсілім қылған ғой...
Мұның да мезгілі пайғамбар жасына жақындаған.
Бірақ бұл дүниеге уақытша қонақпын деген қаперінде жоқ.
Қартайдым-ау, қайратым қайтады-ау, сонда Нүкетай болса әлі
жап-жас. Жас неме Тұқымбайдың тоқалы құсап, өсектің өртіне
түсіп кетеді-ау деген күдік әзір мазаламаған.
|