100
Қызыл жебе
– Баланы қоя бер, мені өлтір! – деп өгей шеше өлермендікпен
кимелеп Мақаштың аяғын құша тағы жығылды.
– Қанға – қан! Бауыздап жібер жауыздың жалғызын! – деп
старшын селкілдеді. – Мынаның бәрі Рысқұлдың туысқандары.
Бәрін ұстап, байлаңдар! Тауып берсін жасырынып жатқан
жауызды!
Сақал-шашы, жалбыр қасы аппақ қудай Ахат қарт мына
суықта жолда иығынан шапаны түсіп қалып, жейде-дамбалшаң
жетіп, Тұрардың үстіне жығылғанда,
Мақаш дәу не істерін
білмей, белдігіндегі қыннан суырған кездікті жалаң ұстаған күйі
тұрып қалды.
Біраздан бері қазақтардың қырқысын қызықтап тұрған
приставтың бір таң қалғаны он жасар шамасындағы қаршадай
баланың қайсарлығы еді. Ажал аранында, арыстанның аузында
тұрып, бала болып бір қыңқ демеді-ау. Безерген күйі бедірейіп,
бетінен ет кесіп алса да бүлк етпестей, сазара тістеніп, көзі кірпік
қақпастан тесірейіп, мына қауқылдасқан, қан тілеп, қарқылдасқан
қарға-құзғын сияқты үлкендерді иттің етінен бетер жек көретінін
жасырмай және жанталаспай, соншалықты салмақ сақтап қалған.
Пристав келіп, Таубай старшынға:
– Тоқтат! – деді: – даланың жабайы заңын қой сен. Мұрынбоқ
баланы өлтіргеннен болыстың құны өтелмейді. Ұлы мәртебелі
императордың
адал қызметшісі, айтулы управитель Саймасай
Үшкемпіровтың өлімі бір жаман баламен өтеледі деп, сен,
старшын, марқұм болыстың жарқын рухын қалай қорлайсың!
Одан да бұл баланы тұтқында ұстаңдар. Егер мұның болысты
атып өлтірген әкесі үш күннің ішінде
өз еркімен келіп қолға
түспесе, баланы сонда өлтіріңдер. Ал қазір өлтірсең, Рысқұл
қайтып бұл маңайды көрмей, мүлде қолға түспей кетеді. Бөлтірігі
ұсталған қасқыр алысқа ұзап қашпайды. Осыған да ми жетпей
ме? Ал мына, туысқандары түгел тұтқындалсын. Рысқұлдың
қайда жасырынып жатқанын айтсын.
Айтпайды екен, жазасын
тартсын.
Тұрар енді қорқайын деді. «Көкем болысты өлтірген екен
ғой», – деген ойдан тұла бойы тітіркеніп, бармақтай басына тау
құлағандай қалың қайғының сансыз батпан салмағын енді сезді.