108
Қызыл жебе
Болысты бекер өлтірген. Бекер, бекер – деп Қара Иван дудар
басын шайқады, өкінішпен таңдайын тақылдатты.
– Ә, солай ма? – деп Рысқұлдың қараңғыда екі көзі құтырына
жайнап шыға келді. – Солай ма? – Онда мені болыс неге қаматады?
Жала ма? Жала! Өмір бойы жала! Өмір бойы жаза! Жазықсыздан
– жаза! Шыдай беру керек пе? Бұға беру керек пе? Зауал қайда?
Болыс біреу-ақ. Оны өлтірдім. Кегім қайтты. Бірақ баяғы қорлық
– сол қорлық. Одан құтыларға
тағы да қалған қорқауларды
өлтіру керек. Иван, досым, маған тағы да мылтық керек. Бес-
алты мылтық керек. Менің туысқандарымда қару жоқ. Қайдан
табамын! Ақыл айт. Өзің айтушы едің ғой, көп адам көтерілсе,
әкім де артын қысады деп. Сен үйреткен. Ал енді маған қазір
бәрібір – бір өлім. Қару тауып бер, алысып өлемін. Жалғыз өзім
не бітіремін. Тым болмаса бес-алты, он мылтық.
Рысқұлдың ысылдап, ышқына шыққан үнінен қорқып, Қара
Иван:
– Тсс! – деді. Шолақ
Шабдардың тізгінін тартып, қораның
тасасына жақындатты. Жан-жаққа құлақ түріп:
– Эх, Рысқұл, Рысқұл, – деді досының иығына қолын салып
тұрып. – Біріншіден, сонша мылтық табылмайды.
Екіншіден,
табылған күнде де бес-алты, тіпті он мылтықпен дүниені төңкеріп
тастай алмайсың. Он шақты қолдан өкімет құламайды. Ажалды
қарға ақ иық қыранмен ойнаған сияқты әурешілік ол.
– Сонда қандай ақыл бересің? Не істеуім керек?
– Әзірше осында жасырына тұр. Менің жасырғанымды білсе,
оңдырмайды. Ал менде де шиеттей бала-шаға бар. Бірақ мына
атың қиын. Атты көршілер көріп қойса, дереу сөз тарап кетеді.
Аттан құтылу керек.
– Жарайды. Тағы да жаяу қалдым ғой. Ат жоқ жерде мен
байғұс қанаты кескен құс сияқты мүсәпір болып қалам ғой...
Рысқұл Шолақ Шабдардың шылбырын қырғыз ердің қайыс
бауынан өткізіп, тізгінді ердің қасына байлады, жан серігі болған
жануардың құлағын қасылап,
тұмсығынан сипап, мойнынан
құшақтады.