155
Қызыл жебе
Бірақ тұтқындар бұған төніп келе жатты. Кісендер дауысы
қаттырақ, қаһарлырақ естіледі. Бір ырғақпен гүрс-гүрс етеді.
Надзиратель амалсыз артқа шегіншектеді. Мылтығын кезенді.
– Бронников! Атамын! Патша атымен ант етемін! Атамын!
Бронниковтың жирен қаба сақалы мен жарқын сары шашын
көктемнің желі ұйпалады.
– Бронников! Тағы ескертемін! «Қанды жексенбіні» сағынып
қалдың ба? Қаныңды судай шашамын! Тоқта!
Кісендер дауысы гүрс-гүрс етеді.
Петербургтегі «Қанды жексенбіге» қатысып, алыстағы қазақ
даласына айдалып, Верный түрмесіне қамалған Александр
Бронников надзирательмен бетпе-бет келіп:
– Баланы
қорлаушы болма, айуан! – деді.
– Сен әуелі оның кімнің баласы екенін білесің бе? – деп
қырылдады мылтық кезенген надзиратель.
– Кімнің баласы болса, оның баласы болсын. Әйтеуір
адамның баласы. Қорлама оны!
– Жоқ сен білмейсің. Ол Рысқұлдың баласы. Ең қадірлі
болысты өлтірген. Жоғары мәртебелі губернатор жақсы көретін
болысты атып өлтірген! Енді білдің бе!
– Білдім.
– Білсең орныңа бар! Шеңберден шығушы болма! Әйтпесе,
Рысқұл құсап бір мезгіл таза ауаға серуенге де шықпайтын
боласың.
Бронников надзирательдің иығынан аса қарап, құлаған
арбаның қасында қалшиып қалған баладан:
– Атың кім? – деп айқайлап сұрады.
– Тұрар.
– Тұрар. Демек, Тұрар Рысқұлов.
Кісендер үні шеңберге қарай ығыса берді.
***
Атқораны тазалап болған соң бала Приходько мырзаның үйіне
екі үлкен шелекпен су тасиды. Тұрар жұмыстың небір ауырына
шыдап бағар-ақ,бірақ осы су тасығаны қатты қажытады. Екі
иінін қара жерге тартып, қарын үзіп жібере жаздайды. Қатпаған