Шешендік өнер пәні Шешендік өнер – ұлтымыздың қалыптасып, дамуы кезеңінен бүгінге күнге дейін халыққа мұра болып жеткен байлығымыз. «Мың өліп, мың тірілген» қазаққа қараңғы түнде жарық беріп, тар жол тайғақтан шығуға жол көрсеткен бай тіліміз болды. Қазақтың халық ауыз әдебиеті, ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы ғұламалар, билер, шешендер, ақындар мен ойшылдардың артына қалдырған келелі мұралары – шешендік өнердің озық үлгісі. Қазіргі күні бабаларымыз салып кеткен сара жолды жастарға насихаттап, оларды шешендік өнерге баулудың маңызы зор, осы орайда шешендік өнер пәнін оқыту өз алдына бірнеше мақсат-міндеттерді қарастыра отырып, саналы жас ұрпақтың дамуына үлес қосады. Тұлғаның сөз талғау, сөз саптаудың қағидаттарын үйрете отырып, шешен болып қалыптасуына негіз болады.
Шешендік өнер пәнін оқу арқылы шәкірттер ең алдымен, риториканың қалыптасу тарихы, оның дамуы, шешен болып қалыптасу үшін ескерілетін қағидалар мен ұстанымдар сынды теориялық мағлұматтар жинақтай отырып, өзіндік тәжірибеде қолдануға дағдыланады. Осы тұста, көне Грек ойшылдарының риторика туралы теорияларын негізге алудың маңызы зор. Б. Адамбаевтың «Асыл қазына» еңбегінде келтірген пікірі: «Ежелгі Грек тарихында шешендік өнердің өркендеуіне атақты «Солон заңы» себеп болған. «Солон заңы» бойынша Афиннің әрбір азаматы өз мүддесін өзі қорғауға тиісті екен. Бұлай істеу әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі. Осыдан келіп сот алдында айтылмыс сөзді алдын ала жұптайтын, даярлайтын логогрифтар — сөз жұптаушылар пайда болған». Көне Грек ойшылдары: софист Протагор, Горгий, Сократтық мектептің өкілдері, Платон, Аристотель, Цицерон, Квиталиан сынды көптеген шешендердің еңбектерін оқу арқылы, шешендікке қалыптасудың алғышарттарын анықтауға болады. Ұлы Сократтың «Мен сені көруім үшін сөйле» деп ұтымды айтқан сөзі бар. Яғни, әрбір тұлға шешен сөйлеуі арқылы өзін танытады, оған дағдылану үшін үздіксіз білім алудың маңызы зор.
Қазақ шешендерінің нақыл сөздері, афоризмдері, дауларда айтқан сөздері сол уақыттағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, философиясын көрсететін рухани мұра болып табылады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің дала заңын негізге ала отырып, шешкен даулы оқиғалары, жыраулық поэзияның негізін салған Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбеттен бастау алған жыраулардың толғаулары қазақ халқының шешендік өнерінің дамуына негіз болды. Осынау тұлғалардың мұраларын оқыту арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиені сіңірте отырып, дұрыс сөйлеуге үйретеміз. Қазіргі жаһандық дәуірге сай тұлға – қоғамдық ортада өз пікірін ашық жеткізіп, құқығын жеткілікте түрде қорғайтын саналы адам ретінде қалыптасуы қажет. Шешендік өнер пәнін оқудың да негізі – осы мақсатты алға қояды.
Қорытындылай келе, жырау Шалкиіз Тіленшіұлының: «Шешен жігіт – жол бастар, батыр жігіт – қол бастар» - деген нақыл сөзін пікіріме дәйек еткім келеді. XXI ғасыр – бой жарыстырар емес, ой жарыстырар заман. Қазіргі заманда көзі ашық, көкірегі ояу тұлға болғысы келетін жан, міндетті түрде өзін шешендікке баулуға ынталы болуы тиіс. Сол себепті, қоғамда шешендік өнер пәнін оқудың маңызы зор болып табылады.