Шығарма жазудың талаптары мен тәртібі
Шығарма тақырыбы тырнақшаға алынбайды, тақырып дәйексөз ретінде алынған жағдайда ғана тырнақшаға алынады.
Эпиграф оң жақта, тырнақшаға алынбай жазылады. Авторы бір жол төменірек жақшаға алынбай жазылады. Егер шығарма жазушы эпиграф алынған туындыны көрсеткісі келсе, автордың аты – жөнінен кейін үтір қойып, шығарманың атын тырнақшаға алып жызады.
Жоспар деген сөз эпиграф болса, одан төмен, ал эпиграф болмаса, тақырыптан соң, жол ортасына жазылады. Жоспар сөзінен кейін нүкте қойылады.
Жоспар үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлім. (рим сандарымен белгіленеді, олардан кейін нүкте, жақша қойылмайды).
А) Негізгі бөлім тақырыпты ашуға бағытталып, араб санымен белгіленген, кемінде үш пунктен тұруы керек. Араб сандарынан кейін нүкте қойылады. Әр пункт жан-жақты қамтылса, бірнеше бөлшектен тұруы мүмкін, ондай жағдайда әр бөлшек әріппен белгіленіп, жақша арқылы жазылады. (екі бөлшектен кем болмау керек).
Шығарма бөлімдерінің аты бір жолға сыймай қалса, келесі жолға жазылады, бірақ жоспардағы рим, араб сандары мен әріптердің асты ашық көрініп тұратындай тәртіппен жазылады.
Шығарманың әр бөлімінің атынан кейін нүкте қойылады.
Келесі бөлімнің аты бас әріппен жазылады. Әр пунктің бөлшектері болса, қос нүкте қойылып, бөлшек атының соңына нүктелі үтір қойылады. Содан кейінгісі жаңа жолдан басталып жазылады. Ең соңғы бөлшектен кейін нүкте қойылады. Келесі бөлім жаңа жолдан бас әріппен басталады.
Шығарманың бөлімдері мен бөлшектерінің аты қысқа, нақты түрде берілуі керек.
Жоспардың бөлімдері сұраулы сөйлемдермен берілмейді.
Егер шығарма авторы жоспарды дәйексөздермен (цитатамен) берсе, дәйексөз тырнақшаға алынып, соңына оның авторы жақшаға алынып жазылады.
Жоспарға сәйкес әр бөлім абзац арқылы жазылуы керек.
Шығармада берілетін сандық мәліметтер: ғасырлар – римше, жыл, күн – араб сандарымен, ал басқа сан есімдер сөздермен берілуі керек. Ғасырды араб санымен көрсетуге болмайды, дей тұрғанмен кездессе, баға кемітуге ықпал жасамайды.
Ескерту: диктантта барлық сан есімдер, тіпті күндерді көрсететіндері де сөзбен жазылады.
Өлеңнен алынған үзінді жолдың ортасынан, тырнақшаға алынбай жазылады.
14.Шығарма өте ұқыпты, каллиграфиялық нормаға сай жазылуы керек.
Дәйексөз жазғанда, қазақ тілі оқулықтарындағы тыныс белгілеріне байланысты барлық ережелерге сүйену керек. Өлеңнен алынған үзінді жолдың ортасынан, тырнақшаға алынбай жазылады.
Шығарма өте ұқыпты, каллиграфиялық нормаға сай жазылуы керек.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, шығарма жаздыру- балаға білім беру ісінің ең күрделі, маңызды жұмыстарының бірі. Шығарманы үйде де, сыныпта да жаздырады. Бағдарламада шығарма жаздыру сағаттары берілген. Тақырыптың ауыр-жеңілдігіне, оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты шығарма жазудың уақыты белгіленеді. Мысалы, сыныпта – 2-3 сағат, үйде – 1 апта, не 10 күнге дейінгі мерзімге беріледі.
Мұғалім қосымша сабақ өтеді, жекелеген оқушылармен жұмыс жүргізеді, қосымша материалдар іріктеуге, эпиграф алуға көмектеседі. Оқушы шығарманы үйде жазып жатса, оның алғашқы сұлбасын оқып, ақыл-кеңес береді. Басында үлгісі берілген нұсқау-көмекті естеріне түсіріп, шығармаға қояр талапты қайталайды. Егер тақырып қиын болса, сыныпта немесе қосымша сабақта жоспар құруға көмек жасайды. Кейде оқушылардың пікірі, ойына ерік беру керек. Қай тақырыпта шығарма жазады, қай тақырып маңызды- өздері шешсін. Шығарма жазу үшін, ең басты мәселе- оқушының сол тақырыпты білуіне ғана емес, сонымен бірге білгенін көркем, тиянақты тілмен жеткізу қабілеті, тіл байлығы, сауаттылығы, әдеби талдауы, негізгі мәселелерді дөп тауып, соны тұжырымды бере білуі, дүниетанымы да үлкен рөл атқарады. Қосымша материалдарды пайдалана білу өте алғырлықты, зеректілікті қажет етеді. Сондықтан мұғалім балаларды шығармаға баулуда көп еңбектенуі, тер төгуі қажет.
Шығарма жазуда жоспардың жай, күрделі түрлері пайдаланылады. Егер оқушы шығармасының мазмұны, тілі, стилі, сауаттылығы жағынан талапқа сай жазылса, жоспар бар ма, жоқ па оны негізге алмау керек. Эпиграф жайлы да осыны айтуға болады.
Шығарма – оқушының білім деңгейін көрсететін шығармашылық жұмыс. Бұндай жұмыстар оқушыларға кең ойлауға, ойын дәлелдей алуға, өзіндік көзқарасын нақтылауға үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |