Шығыс Қазақстан облысының жануарлар дүниесі өте бай. Мұнда табиғатының әр түрлі болуына байланысты таулық жануарлармен бірге қарағайлы ормандар, далалар және шөлейт жануарлары көп тараған. Алтай мен Сауырдың және Ертіс маңы ормандарында тиін, ақтышқан, кәмшат сияқты қымбат елтірілі аңдардың және құстардың кәсіпшілік маңызы бар. Алакөл мен Зайсан қазаншұңқырларының су қоймаларында ондатра жақсы жерсіндірілген. Ертіс пен оның салаларында, Марқакөл, Зайсан және Алакөлде, Ертіс бойындағы Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі бөгендерінде балықтың көптеген түрлері, оның ішінде стерлядь, таймень, хариус сияқты бағалы балықтар көптеп кездеседі. Олардың негізінде балық аулау мен балық өңдеу кәсіпшілігі ұйымдастырылған.
Су ресурстары Облыстың, әсіресе Кенді Алтай өңірі жер беті суларына бай. Олар Ертіс өзені мен Балқаш – Алакөл алаптарына жатады және негізінен өзендерден тұрады.
Өзендер
Ертіс (республикадағы ең үлкен өзені):Ол облыс аймағын Қытай шекарасынан бастап солтүстік-батыс бағытта қиып өтеді. Зайсан көліне дейінгі бөлігін Қара Ертіс деп атайды. Ертіс өзенінің ең ірі салалары: Қытай, Қалжыр, Қалғұтты, Күршім, Нарын, Қайыңды, Бұқтырма, Үлбі, Үбі, Шүлбі, Жарма, Құсты, Еспе, Шорға, Боғас, Жүзағаш, Бөкен, Манат, Тайынты, Абылайкит, Ұлан, Дресвянка, Жартас, Құрық, Қызылсу, Шар, Шаған.
Балқаш – Алакөл көлдерінің алабындағы ең үлкен өзендері (Еміл, Қатынсу, Үржар, Үлкен Текебұлақ, Қарақол, Ай, Аягөз, Бақанас) бастауын Тарбағатай, Ақшатау, Шыңғыстау, Ханшыңғыс жоталары мен Көкшетаудан алады.
Көлдер
Облыс көлдерге онша бай болмаса да, мұнда Қазақстандағы ірі көлдер – Зайсан мен Марқакөл, оңтүстік-шығысында Алакөл мен Сасықкөл орналасқан. Басқа көлдері ұсақ және олар облыстың оңтүстік-батыс жағында, көбінесе Шар мен Шаған өзендерінің және Аягөз бен Ай өзендерінің ұсақ шоқылы, жазықтау келген суайрықтарында орналасқан.
Облыстың топырағы мен өсімдік жамылғысы жазық бөлігінде ендік белдем бойынша, ал таулы аудандарда биіктік белдем бойынша тараған. Бірақ бірқатар жерлерде бұл белдемдер жер бедерінің, жергілікті климаттың ерекшеліктеріне, өзендер мен көлдердің жақын болуларына байланысты айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Облыстың батыс жағында, ұсақ шоқылар тараған аудандарда солтүстіктен оңтүстікке қарай топырақ жамылғысы оңтүстіктің қара топырағынан шөлді-далалық топырақтарға ауысады. Ертістің оң жағалауындағы құмдақ топырақта таспалы қарағай орманы, ал оңтүстік қара топырақта бетегелі-селеулі өсімдіктер тараған. Қызғылт қоңыр топырақ Шыңғыстау жотасының етегінде бозғылт қоңыр топыраққа ауысады.
Топырақтары