Еліміздің ішіндегі біртұтастық пен достықтың арқасында бейбіт, болашағы зор мемлекетте тұрып жатырмыз. Бірер күннен соң бейбітсүйгіш адамзат, әсіресе біздің Отанымыз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын салтанатты түрде атап өтпекші. 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы отан соғысы адамзат тарихында, әрбір қазақстандықтың жүрегінде өшпес, ауыр із қалдырды. Облыс көлемінде 17 жауынгер Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болса, соның төртеуі Тарғын жерінің тумалары. Жеңіс күнін жақындатуға әр қазақстандық, әр отбасы өзінше үлес қосты.
Ұлан ауданының тумалары, сол отбасылардың бірі, әрі бірегейі қазақ зиялылыры – Ибрагимовтор жанұясы. Бұл отбасынан соғыстың бірінші күнінен бастап елімізді қорғауға Елеусіз, Махмұт, Қабдолла және Раздық аттанды. Қабдолла 1942 жылы Смоленск қаласы түбінде қаза болса, ал Махмұт 1942 жылы хабарсыз кетті, 1945 жылы 30 сәуірде Берлин қаласында Елеусіздің қайтыс болғандығы туралы қара қағаз келді. Сұм соғыс аяқталған соң, Раздық атамыз туған еліне аман-есен оралды, оған тәуелсіздік таңын көріп, егемен елдің жетістігін тамашалау бұйырды. Өткен ғасырдың 40 жылдарының соңымен 50 жылдардың басында ардагер атамыз Семейдің педагогикалық институтының тарих бөлімін тәмамдап, сол институттың тіл бөлімінің түлегі Хасанова Уасиля Шаймарданқызымен отбасын құрып, ауыл балаларын білімге, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеп, еліміздің болашағын жарқын етуге өз үлестерін қосты. Ардагердің жұбайы Уәсиля Шаймарданқызы Ұлан жерінде жарты ғасырдай орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс бере жүріп, сол күнгі бала, ертеңгі болашақ даналарды білім нәрімен сусындатып, жұртыны сыйлы, ардақты, бүгінде торқалы тоқсан жасқа шыққалы отыр, отбасылық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді келешек жеткіншектердің санасына сіңіріп, бойларына дарытып отырған көнекөз қария.
Раздық атамыз өзінің саналы өмірінің соңына дейін сол соғыстан оралмаған боздақтар туралы деректер жинап, келешек ұрпақты отансүйгіштік рухқа тәрбиелеп, ерлердің есімін мәңгілікке сақтау мақсатында өзі сабақ берген мектепте мұражай ашуға, сол мұражайдың бір қабырғасын Отан үшін соғысқан ардагерлерге арнады. Осы ізденістерін қолдап, дем беріп отырған оның өмірлік жары – Уәсиля апа. Мысалы, жерлесі Раздық атаның даң құрдасы Ізғұтты Айтықов туралы ақпарат жинау барысында материалдардың нақты, әрі жүйелі болуын қадағалап, рухани демеулік көрсетті. Олардың еңбектері еш кетпеді, сол ізденістері арқасында 1961 жылы 29 қазанда Ізғұтты Айтықовтың туған жері Тарғын ауылы мектебінің аты батырдың есімімен аталатын болды. Құрдасы туралы деректерді көп іздеп, батырдың жорық жолдарын зерттеп, сол жерлерге хат жазып отырды. 1961 жылы Тарғынның орта мектебіне Литва ССР жеріндегі Зарасай қаласынан бірнеше фотосуреттері мен ашықхаттары бар хат келеді. Хатта Литван халқының өмірінен мағлұмат беріліп, қазақ батырының қабірінен алынған бір уыс топырақ жіберіліпті және Литва ССР Зарасай қалалық Советі атқару комитетінің «Қаланың кейбір көшелерінің аттарын өзгерту туралы» 08.05.1961 ж. №21 қаулысы қоса жолданған екен. Онда былай делінген: «Совет Одағының Батыры қазақ Ізғұтты Айтықов Зарасай қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету жолында ұрыста қаза тапты. Оның есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде қалалық Совет атқару комитетіне қала еңбекшілерінен көптеген тілектер түсті, сондықтан төмендегідей шешім алынсын: Совет Одағының Батыры гвардиялық старшина Ізғұтты Айтықовтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бұрынғы Клайпеда көшесі Айтықов көшесі болып аталатын болсын»- деген шешім шыққан құжат келді.
Достарыңызбен бөлісу: |