Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы
Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
1) әкімшілік-шаруашылық функциялар – ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
1-1) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы, судья, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
2) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
2-1) мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам – көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкiлеттiк бойынша орындайтын адам;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – мемлекеттік қызметтегі адам, мәслихат депутаты, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанына дейін уақытша атқаратын адам, сондай-ақ офицерлер құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі әскери лауазымына уақытша тағайындалған немесе оның міндетін уақытша атқаратын адам;
4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын, еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджет қаражатынан жүргізілетін аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілеттік берілген не мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, көрсетілген ұйымдарда дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері;
5) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;
6) сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер – осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері;
11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);
12) сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі;
13) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі;
14) ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар – қызмет бойынша бағынысты адамдардың орындауы үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдерді шығаруға, сондай-ақ бағынысты адамдарға қатысты көтермелеу шаралары мен тәртіптік жазалар қолдануға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;