[Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. - Алматы, 1998 ]. Сондай-ақ, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева авторлардың «Қазіргі қазақ тілдің морфемалар жүйесі» [23,17б] атты еңбегінде күшейту буыны жайлы бірқатар құнды пікірлер келтірілген. Еңбекте күшейту буыны дербес сөз болып табылмайтындығы, сондықтан оның дербес лексикалық мағынасының жоқтығы айтылады. Н. Оралбаева күшейткіш буын алдындағы –п көне қосымша деп есептеп, ол сөздің алғашқы буынымен қосылып, күшейту мағынасын беріп, сын есімнің күшейту шырайын жасайтындығын айтады. Сонымен Н. Оралбаева: «дербес сөзге де, қосымшаға да жатпайтын, тілде категория көрсеткіші болып қалыптасқан, шырайдың аналитикалық тәсіл арқылы жасалуынажататын күшейту буыны шырай категориясының көрсеткіші қызметін атқаратындықтан, оны күшейтпелі шырайдың аналитикалық формасын жасайды деп санауға болады» деген қорытындыға келеді.
Келесі дау туғызып жүрген мәселелердің бірі асырмалы шырай формаларының көрсеткіштерінің үстеу деп аталып, күшейтпелі үстеулер қатарында қаралуы. «Қазақ грамматикасында»: «күшейткіш үстеулер негізінен сапалық сын есіммен тіркесіп қолданылып, сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасайды» делінген. Асырмалы шырай формалары түсіндірме сөздіктерде үстеу сөз табы ретінде сипатталып жүр. Н.Оралбаева [23,170] асырмалы шырай формаларын үстеу деп тану оның лексикалық мағынасын тануды талап ететіндігін, бірақ бұл элементтердің объективті өмірде атайтын нақтылы белгісі жоқ екенін айтады. Асырмалы шырай формаларының лексикалық мағынасы жоқтығын, оларда тек грамматикалық мағына болатындығын негізге ала отырып, шырайдың аналитикалық формасын жасайтын көрсеткіш ретінде қаралуы керек деген қорытындыға келеді. Н.Оралбаева асырмалы шырай формаларына күшейткіш көмекшілер деген атау береді.
Жоғарыдағы авторлардың пікіріне қосыла отырып, күшейтпелі шырай формаларын да, асырмалы шырай формаларын да аналитикалық құрылым деп танимыз.
Сонымен, шырай категориясын беретін есімді аналитикалық құрылым ретінде күшейітпелі шырай формаларын аламыз. Қап-, қып-, ап-, сап-, жап-, нәп-, тіп-, тап-, т.б. сынды күшейткіш буындар олар дайын тұрған құрылым емес, қарым қатынас кезінде сөзге грамматикалық мағына беру үшін, сөз тұлғасын түрлендіру үшін жасалады. Аналитикалық құрылым болу шарттарының бірі де осы болып табылады.
Ал асырмалы шырай формалары да даусыз есімді аналитикалық формаларға жатады.
Күшейтпелі шырай мен асырмалы шырай формаларының есімді аналитикалық форма деп төмендегі белгілеріне сүйене отырып дәлелдейміз:
Шырай категориясын беретін бұл құрылымдар құрамында етістік сөз табы жоқ;
Сапаның жоғарғы дәрежесін күшейткіш көмекшілер беріп тұр;
Грамматикалық мағынаны беріп тұрған формалар аналитикалық тәсілдің көрсеткіштері;
Сапаның жоғарғы дәрежесін беретін бұл құрылымдар күрделі сөздерге жатпайды, өйткені лексикалық мағынаны негізгі сөз беріп тұр, ал көмекші сөз тек грамматикалық мағына үстеп тұр.
Демек, мұнда есімді аналитикалық формалар болып тұрған көмекші күшейткіштер.
Шырай категориясының есімді аналитикалық құрылымдары теорияға сәйкес келеді, яғни К. Аханов [21] пен Н. Оралбаева [22] ұсынған шарттарға сәйкес шырай категорияларының есімді аналитикалық формалары:
Сөйлемде бір сөйлем мүшесі болып табылады;
Сөйлемнің басқа мүшелерімен тұтасқан күйінде байланысқа түседі;