-қай, -кей қосымшаларының қазіргі қазақ тіліндегі қолданысы олардың да көпмағыналы, көп қызметті болғандығын көрсетеді. Аталған қосымша зат есімнің реңк мәнін беретін қосымша (балақай, алаңқай) ретінде де, сын есімге мағыналық реңк үстейтін қосымша (сұрқай, қоңырқай, шымқай) ретінде де жұмсалады. Сонымен қатар төскей, беткей, шіркей, шәркей сөздерінің құрамында сөз тудыру қызметін атқарып тұр. Демек, -қай,-кей ежелден-ақ көп мағыналы, көпқызметті қосымша болған.
Қазақ грамматикасында –қай,-ай формалары шырай жасайды деп көрсетіледі (қоңырқай, тырбықай, сұрқай). Қырғыз тілінде –қайтұлғасы ақ сапалық сын есіміне жалғанып, апақай (аппақ) мағынасында жұмсалып, күшейту мәнін берген /6.299/.
Ж.Тектіғұл: «Қазіргі уақытта қазақ тілінде –қай/-кей тұлғасының түбір мен қосымшаға ажыратылмайтын сын есім құрамында күшейту және салыстыру мәнді жұрнағы қызметінде жұмсалуын кездестіреміз. Салыстыр: теле-гей, өң-кей, желбе-гей, шаң-қай, т.б. Мұнда «телегей» сөзінің түбірі дэлэтұңғыс тілінде ашық жер, дэлэй - кең, ұзындық мағынасын берсе, дэлэгэй тұлғасы «ауқымды, мол, ағыл-тегіл» мағынасында жұмсалып тұр /7.141/.Ал қазақ тіліндегі шаң-қай сөзінің құрамындағы –қай жұрнағы (түбірі шаң) «ақ, ашық, жарық» мәнінде қазақ тілінде шаңқан -шаң+қан «ақ, ақшыл, ағарыңқы», яғни салыстыру мәнінде (шаңқай түс мезгілі яғни күн тас төбеде жарқырап тұрған шақ) ... мәнінде қолданылған. Бұл өз кезегінде –қай жұрнағын сөз түрлендіруші –қыш/-ғыш, -қыл/-кіл тұлғаларымен төркіндестіреді», - дейді /5.190-191/. Әрі бұл қолданыстар –қай жұрнағының шырайдың –ғыш, -қыл жұрнақтарымен мәндес екендігін көрсетеді.
Ғ.Мұсабаев «-қай сөзден сөз тудыратын жұрнақ болумен қатар, сын есімнің шырай қосымшасына айналып бара жатқан қосымша екенін көрсетеді»,-дейді /1.45/.
Сондай-ақ, қазақ тілінде көп кездесетін, көп мағыналы қосымшалардың бірі - ша,-ше. –ша,-ше әрі кішірейту мәнін беретін зат есім жұрнағы (кітапша, сандықша), әрі зат есім тудырушы қосымша (тайынша, маңдайша, өгізше), әрі есімшеден кейін жалғанып, мезгілдік мән беретін функциялық қосымша (келгенше, таранғанша), әрі үстеу тудырушы қосымша (өзінше, мұнша, ескіше, балаша), әрі сапалық сынға шырайлық мән үстейтін тұлға (ақша, ұзынша, көкше) ретінде белгілі. Аталған мысалдардың көпшілігінде кішірейту, еркелету, ұқсату, салыстыру, шектеу мәндері бар екені байқалады. Ақша, көкше, ұзынша секілді сын есімдердің құрамында салыстыру, ұқсату мәнінің сақталып қалуы олардың семантикасында шырай мәнінің барлығын көрсетеді.
Ғалым Ғ.Мұсабаев бұл жұрнақтардың шырайлық мәні бар екенін жоққа шығармайды. Мысалы: Ұшады бозша торғай көдені ықтап (халық өлеңі). Сібірде көкше мұз бен қатты борандарда бұғы қора-қорасымен қырылып қалады (Төреханов) Тоғыз қараша үй, шет жағында екі күрке бар (Ғ.Мүс.). Бұл мысалдарағы –ша» жұрнағында сын есімнің шырай дәрежесі бар екені көрініп тұр /1.44/.
Талдаулардан көріп отырғанымыздай, сын есімнің шырай мәні бар деп отырған –қай, -ша, -аң жұрнақтары зат есімнің грамматикалық реңк мәнін беретін жұрнақтар құрамында да, сын есімнің шырай жұрнақтарының құрамында да кездеседі. Мысалы: