Үстеме құрылым жəне парцелляция. Жалпы «үстеме құрылым»
деген термин «парцелляция» деген терминнен көп ерте пайда болған.
Парцелляция құбылысы арнайы сөз болғанға дейін оған сəйкес фактілер
«үстеме құрылым» терминімен аталынып, сол аяда қарастырылып келді.
Парцелляция француздың parcelle – «ұсақ бөлшектерге бөлу» деген
мағынаны білдіретін сөзі. Бұл құбылыс синтаксистік құрылыстың өзін-
дік бір ерекшелігі болып есептеледі.
Парцелляция автордың негізгі сөйлем ішіндегі белгілі бір сөйлем
мүшесін немесе тіркесті коммуникативтік мақсатты түрде сөйлемнің
сыртына бөліп шығаруы. Оның негізгі мақсаты – белгілі бір сөйлем
мүшесіне назар аударту, семнатикалық жүк арту, сөйлем мүшесін акту-
алдау.
Үстеме құрылымдар негізгі сөйлемге автордың белгілі бір мақсат көз-
деу нəтижесінде үстемелене айтылуы. Олар негізгі сөйлемге қосымша
ақпарат береді, түсіндіреді жəне негізгі сөлемде айтылған ойды дамыта-
ды жəне кеңейтеді. Үстеме құрылым негізгі ой айтылып жатқанда немесе
айтылып болғаннан кейін санаға келеді, қосымша ой содан кейін барып
үстемеленеді. Бұл – оның жазба əдебиетке ауызекі сөйлеу стилінен кел-
гендігін білдіреді.
Парцелляцияға мысал келтірейік: Ептеп қоңырқай тартқан иесіз дала жеңіл тұманды жамылып сазарғандай. Жым-жырт (М.Əуезов).
Бұл мысалда ерекшеленген мүше (Жым-жырт) – парцелляция. Ол қа-
лыпты сөйлемде дала сөзінің анықтауышы болу керек еді. Автор белгілі
бір сөйлем мүшесіне, анықтауышқа қатысты ойға ерекше мағыналық
салмақ түсіру үшін анықтауышты даралап, негізгі сөйлем мүшесінен
бөліп алып шығып, оны өзіндік интонациялық ырғақпен ерекшелеген.
Екіншіден, жым-жырт деген анықтауыш сөйлемнің сыртына (нүктенің
сыртына) шығып кету арқылы ол бүкіл сөйлемнің мағынасына қатысты
болып тұр. Үстеме құрылымнан парцелляцияның өзіндік ерекшелігі де
осында. Яғни парцелляцияда негізгі сөйлемнің бір мүшесі дараланып,
сөйлемнің сыртына шығады.
Үстеме құрылымға мысал келтірейік: Тақала келе есік алдындағы байлаулы атқа көзі түсті. Ахметтің ала биесі(Ғ.Мүсірепов).
Бұл мысалдағы үстеме құрылым – матаса байланысқан есімді сөз
тіркесі. Бұл құрылымды үстеме құрылым дейтініміз: автор негізгі ой
айтылып болғаннан кейін, оның нəтижесін үстеме құрылымда берген.
Үстеме бөлшек негізгі сөйлемнен бөлініп шықпаған, ол негізгі сөйлемнен
шыққан қорытынды, бірақ дербес емес, негізгі сөйлемге тəуелді. Бұдан
шығатын тұжырым: үстемеленудің ой айтылып жатқанда, не айтылған-
нан кейін болуы – тіптен, оның маңызсыз, болмашы ойды білдіреді деу
дұрыс болмас еді. Үстеме құрылымның негізгі, маңызды ойды білдіруі
жиі кездеседі. Бұған жоғарыдағы мысал дəлел.
Парцелляция құбылысын қазақ тіл білімінде кандидаттық диссерта-
ция деңгейінде А.Т.Ақынжанова зерттеді [9].
«Парцелляция жəне оны аудару» деген мақала жазған ғалымдар М.Ба-
лақаев жəне Т.Сайранбаев: «Бұл тұлғаны тіл ғылымында «парцелляция»
(делить на мелкие части) деп айтып жүр. Біз ондай синтаксистік бөлшек-
терді «қосалқы сөздер» деп атағанды дұрыс көреміз», - деп жазды [10,
91 б.].
Кейбір ғалымдар (Ю.В.Ванников, В.А.Белошапкова т.б.) парцелля-
ция құбылысын үстеме құрылымнан бөліп алып қарастырса, көбісі бұл
екі құбылысты бөліп-жарып қарастырмайды. Парцелляцияны үстеме
құрылымның бір түрі деп қана қарайды. Біз де кейінгі ұстанымды қол-
даймыз.
Енді үстеме құрылымның құрылысына келейік. Қазақ тілінде үсте-
ме құрылымның бірнеше құрылымдық түрлері бар. Атап айтар болсақ:
сөз тұлғасы түрінде, бір мүшенің негізгі сөйлемнен бөлініп шыққан
сөйлем мүшесі ретінде, сөз тіркесі жəне толық сөйлем түріндегі үстеме
құрылымдар.