IV Тарау. 1924 жылғы Қазақ революциялық комитеттің
Сырдария және Жетісу облыстары Қазақстанға
қосу әрекеттері
Қазақ ОАК-тің 1924 жылғы 13 қарашадағы қаулысына сәйкес Қазақ АКСР-ы құрамына Түркістан АКСР-нан өткен Сырдария және Жетісу облыстарын уақытша басқару, бұл облыстарды Қазақстан жағына толық қабылдап алып, олардағы үкімет органдарының жұмысын ұйымдастырып және үйлестіріп отыру, ең бастысы жаңа шекараны анықтау үшін арнайы орган "Түркістан АКСР-нан бөлінген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет" құрылды. 1924 жылы 21 қарашада Қазақ ОАК-тің төралқасы осы Ревком туралы ережені бекітті. Ревкомның қызметі 1925 жылдың ортасына дейін созылды. Қазақ ОАК-тің хатшылығының 1925 жылы 25 маусымдағы "Орта Азиядағы межелеуге байланысты негізгі жұмыстардың аяқталуына және Қазақ АКСР-ның орталығының Қызылорда қаласына көшуіне байланысты Түркістан АКСР-нан бөлінген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитеттің онан әрі қызмет етуінің маңызы жоқ және ол жойылсын", — деген қаулысымен таратылды. Сонда бұл Ревком 7 айға жуық қызмет етті.
Кеңес Одағында бұған дейін революциялық комитеттер құру жөнінде үлкен тәжірибе қалыптасқан болатын.
1919-1920 жылдары қызмет еткен Қазақ Революциялық комитетінің қызметі С.Зиманов, Т. Дәулетова және М.Исмагуловтардың кітабында жан-жақты көрсетілген. [29. 196] Кеңес одағының әр түрлі аймақтарындағы Революциялық комитеттердің бай тәжірибесі, олардың қызметінің теориялық және методологиялық негіздері, жұмыстарының әдістері мен түрлері және тарихи рөлі туралы бұл мәселені арнайы зерттеген тарихшы Н.И.Бугайдің кітабы мол мәліметтер береді. [30. 318]
Ревкомдар революциялық кезеңнің уақыт талабынан туындаған төтенше уақытша билік органдары болды. Ревкомдар кеңестермен қатар өмір сүре отырып, төтенше билік органдары ретінде кеңестердің қызметіне ыңғайлы тарихи жағдай туғанша қызмет етіп, негізгі заңды билік органдары кеңестерге өз функцияларын өткізіп, тарих сахнасынан кетіп отырды.
"Революциялық комитеттер ұйымдық және функционалдық жағынан күрделі соғыс жағдайына және күрделі бейбіт жағдайға да көбірек ыңғайланып құрылған органдар болды".
Соғыс жағдайында Ревкомдар өз қызметінде әскери-әкімшілік әдістерді көбірек қолданды. Ол түсінікті де еді. Оның шешімдері, қаулылары, бұйрықтары мен кез-келген нұсқаулары сөзсіз орындауға жатты. Ревкомдар көбірек революциялық заңдылық пен мақсаттылықты басшылыққа алды. Революциялық трибуналдар ревкомдардың негізгі қаруларының бірі болды.
Сондай-ақ соғыс жағдайында да ревкомдар әскери билікпен қатар әкімшілік, азаматтық, шаруашылық билікті де қатар жүргізіп отырды. Ревкомдардың төтенше әрі уақытша билік органдары ретіндегі ерекшелігі де осында еді.
Түркістан АКСР-нан өткен аудандарды басқарушы ревком құрамы жағынан шағын ұйым болды. Алғашында ол 5 ревком мүшесінен, 1 іс басқарушыдан (ол әрі заң кеңесшісі болды), 2 іс жүргізушіден, 1 есепшіден, 2 машинисткадан, 1 тіркеуші, 1 хат тасушы, 1 ат айдаушы және 1 еден жуушыдан тұрды. Сонда барлығы 16 адам ғана болған. Кейінірек ревком мүшелерінін саны көбею бағытында өзгеріп отырды.
Бұл ревкомды толық атымен "Түркістан АКСР-нан бөлінген қазақ аудандарын басқару жөніндегі революциялық комитет" , "Ревком" , кейде "Кирревком" деп те атап жүрді.
Ревкомның құрамына Орымбаев, С.Есқараев, Ларионов, Тоқтыбаев, Күзембаев т.б. кірді. Ревкомның төрағасы алдымен Орымбаев болды. Хатшысы болып Ларионов тағайындалды. 1925 жылы қаңтардың 22-нен ревкомның төрағасы болып Ә.Досов тағайындалды.
Қазақ ОАК-нің өзі нұсқаулықтарының бірінде оны "Кирревком" (Қазревком) деп атаған. Ә.Досов "Облыстық қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің төрағасы" деп қол қойған біршама құжаттарға.
Қазақ ОАК-ті 1924 жылғы 21 қарашада бекіткен ревком туралы ереже былай деп аталады: "Түркістан Кеңестік Социалистік Республикасынан (ТКСР) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрамына бөлінген аудандарды басқару жөніндегі Революцнялық комитет туралы ереже". Бұл ереже мынадай 12 тармақтан тұрады:
1. ТКСР құрамынан бөлініп, ҚКСР құрамына өтетін аумақтарды басқару үшін революциялық комитет құрылады.
2. Революциялық комитетті Қазақ АКСР ОАК-і өзі белгілеген құрамда тағайындайды.
3. Революциялық комитет өз қызметінде тікелей Қазақ АКСР ОАК-ке және Халком кеңесіне бағынады.
4. Революциялық комитеттің міндеттері:
а) Қазақ аудандарының бөлінуінен және олардың Қазақ АКСР-на қосылуы фактісінен туындайтын аумақтық, сондай-ақ экономикалық сипаттағы мәселелерді алдын ала дайындау және шешу;
б) Орта Азия республикалары мен ТАКСР-нан бөлінген қазақ аудандары арасында пайда болатын мәселелерді реттеу;
в) қайта қосылған аумақтарда Қазақ АКСР-ы орталық үкімет орындарының барлық қаулыларын жүзеге асыру;
г) таза жергілікті маңызы бар барлық мәселелерді шешу;
д) Кеңестердің Бүкіл қазақтың 5 съезіне қайта сайлауды дайындау және жүргізу;
е) қосылған аумақтардағы әрекет етуші барлық үкімет органдарының әкімшілік және шаруашылық болсын қызметін біріктіру және жұмыстарын ұштастыру;
5. Революциялық комитетке мына құқықтар беріледі:
а) облыстық, губерниялық, уездік, болыстық атқару комитеттерінің, сондай-ақ ауылдық және селолық кеңестердің, олардың атқару комитеттерінің таза жергілікті маңызы бар қаулылары мен өкімдерін жоюға және ондай жоюдың маңыздылары туралы Қазақ АКСР ОАК-не хабарлап отыруға;
б) Орталық Атқару Комитеті алдына қосылған аумақтарда жалпы мемлекеттік мәні бар шаралар өткізуге ұсыныс жасау, сондай-ақ қазір әрекет етушілеріне қорытындылар беруге, қажет болған жағдайда оларды жою туралы мәселе қоюға;
в) облыстық, губерниялық, уездік, болыстық атқару комитеттерінің және ауылдық және селолық кеңестердің, сондай-ақ олардың атқару комитеттерінің жеке құрамдарын қайта қарауға;
Ревкомның қарауы бойынша олардың мүшелерін ауыстыруға, бірақ облыстық, губерниялық атқару комитеттерінің мүшелерін ауыстыру тек Қазақ ОАК-тің алдын ала рұқсат етуімен болады.
6. Қазақ АКСР-на қосылған аудандарда әрекет етуші барлық кеңес мекемелері мен ұйымдары Қазақ ОАК-ке Революциялық комитет арқылы бағынады.
7. Революциялық комитеттің барлық қаулылары Қазақ АКСР-на қосылған аумақтарда әрекет етуші жергілікті үкімет органдары және оларда тұратын халықтар үшін орындауға және жүзеге асыруға міндетті.
8. Революциялық комитеттің өзінің ведомстволық бөлімдері болмайды:
- соңғылары Революциялық комитетке бағынышты Қазақ АКСР-ның орталық органдарының тиісті уәкілдерімен ауыстырылады.
9. Революциялық комитет мезгіл-мезгіл Қазақ ОАК-і мен Халком кеңесіне есеп беріп тұрады.
10. Революциялық комитетке өзінің мемлекеттік мөрі мен мөр-табанын жасау құқығы беріледі.
11. Революциялық комитет өзінің жұмысын Қазақ ОАК-тінің немесе оның төралқасының қаулысымен тоқтатады.
12. Революциялық комитеттің қызметіне байланысты барлық шығындар Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің сметасы бойынша өтеді. [27. 150-155]
1924 жыл 21 қараша. Орынбор қаласы.
Соңына Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Мендешевтің және Қазақ ОАК-тің хатшысы О. Исаевтың қолы қойылған.
Ереженің толық мәтіні кезінде "Советская Киргизия" журналында жарияланған.
Революциялық комитеттің алғашқы құрамы туралы оның 1924 жылы 28 қарашадағы N2 бұйрығынан біле аламыз. Онда былай деп көрсетілген:
§1. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің осы жылдың 13 қарашасындағы N5 және 19 қарашасындағы N2 қаулысымен ТАКСР-нан бөлінген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет мына құрамда: төраға — жолдас Орымбаев, төраға орынбасары — жолдас Есқараев, жауапты хатшы-жолдас Ларионов, және мүшелері: Құрамысов, Ізбасаров, Каучуковский, Розыбакиев және Ромин енген құрамында түпкілікті құрылып Сырдария және Жетісу облыстарын басқаруға кіріскенін хабарлайды".
Революциялық комитет уақытша Ташкент қаласындағы Қазақ АКСР-ның Түркістан республикасындағы өкілдігінде орналасты. Өкілдік Энгельс көшесіндегі 39 үйде орналасқан болатын.
Сырдария губерниялық ревкомына және Жетісу губерниялық атқару комитетіне осы бұйрықты көпшілік халыққа жеткізіп таныстыру тапсырылды.
Жоғарыдағы ережеден көрініп тұрғандай ревкомның өкілеттіктері жеткілікті дәрежеде болатын. Ревкомның басты міндеті Түркістан республикасы құрамынан енетін қазақ жерлерін мал-мүлкімен қоса толық қабылдап алу, шекараны белгілеу, ол жерде Қазақстан өкімет органдарының саясатын жүргізу, Қазақстанның орталық билік органдарының шешімдерін жүзеге асыру, жергілікті билікке басшылық жасау, кеңестердің қайта сайлауларын өткізу, жергілікті мәселелерді шешіп отыру, барлық дәрежедегі билік органдарының жұмыстарын бағыттап, үйлестіріп отыру, жергілікті халықты кеңес билігіне тарту, қажетті уақытта жергілікті кеңестерді таратып жіберу. Ревкомның алдында толып жатқан ағымдағы жұмыстар, жиындар мен жиналыстар, кездесулер, т.б. өткізіп отыру міндеттелді.
Ревком тез арада өз міндетін орындауға кірісіп кетті. Ревкомның мәжілістері жиі өткізіліп, онда қажетті шешімдер шығарылып отырды.
Ревкомның 1924 жылғы 29 қарашада өткен мәжілісінде 15-ке жуық мәселелер қаралды. Солардың ішінде Ревкомның қаржысы туралы, ол қаржыны үнемдеп жұмсау туралы мәселе қаралды, соған байланысты ревкомның жанында 3 адамнан тұратын қаржы комитетін құрып, қаржыға байланысты мәселенің барлығын осы комитет арқылы шешілу керектігі жөнінде қаулы алынды.
Ревкомның 3 адамнан тұратын аппараты құрылды, оның облыстық бөлімдері болмады. Ережеде көрсетілген талапқа сай Сырдария және Жетісу облыстарының жұмысшы аппараттарын ревкомның басшылығымен алғашқы күндері бірден жүргізіп жіберу қиынға түсті. Сырдария облысының орталығы болып келген Ташкент қаласы Өзбек КСР-ы құрамында қалған соң, облыстың (бұған дейін ол губернияға айналған) орталығын және ревкомның өзін де Шымкент қаласына көшіру міндеті күн тәртібіне қойылды.
Ревком бұл мәселені Камаловқа тапсырып, губерниялық және облыстық мекемелердің Шымкентке көшірілуінің нақты жоспарын жасап, көшіп-қонуға бөлінген 100000 сом ақшаны ұтымды пайдалану туралы тапсырма берді.
Осы мәжілісте ревком Орта Азиядағы Еңбек және Қорғаныс Кеңесіне өкілетті өкіл етіп А.Серғазиевті тағайындады, сондай-ақ Түркістан республикасындағы Жер халық комиссариаты мен оқу ағарту халық комиссариатындағы өкілдерін тағайындау мәселесін талқылады. Ревком Қазақстанға өтуге тиісті мекемелердің жұмыс істеу ережесін де бекітіп отырды.
Ревком саяси ұйымдастыру жұмысымен қатар күнделікті шаруашылық мәселелерімен де айналысып отырды. Ревкомның қаулысымен Арал теңізінде болған дауылдан қираған қазақ ауылдарына тез жәрдем беру мәселесі қаралды. Ол туралы ТүркОАК-мен хабарласып, оның қаржы бөлуіне қол жеткізді. Дауылдан зардап шеккендерге жәрдем көрсету туралы Казақ ОАК-тің шешімін шығарту туралы хабарлама жіберілді. Ол кезде отынның ерекше түрінің бірі сексеуіл болатын. Сексеуіл дайындау үлкен шаруашылық науқан түрінде жүретін. Ревкомның қаулыларының бірінде сексеуіл дайындауды жалғастыру, оған көпшілікті ұйымдастыру туралы айтылды.
Ревкомның алдында тұрған міндеттің бірі өзінің басшылығымен жұмыс атқаратын аппарат жұмысын жолға қою болды.
Ревкомның 1924 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен Сырдария губревкомының бөлім бастықтарын ревкомның уәкілдері ретінде бекітіп, оларға Сырдария және Жетісу губернияларының мекемелерін ведомстволық басқару құқығы берілді. Осы күні ревкомның қаулысымен, одан кейін арнайы бұйрығымен ревкомның уәкілі міндеттерін атқару құқығымен Сырдария және Жетісу губернияларының мекемелерін ведомстволық басқару үшін мына қызмет орындары бекітілді. Губерниялык, прокурор болып Гришенков, оның көмекшісі болып Мамбеев; губерниялық сауда бөлімінің бастығы болып Хрщанович; губерниялық жергілікті шаруашылық бөлімінің бастығы болып Ромин; губерниялық насихат бөлімінің бастығы болып Әбдразақов; қаржы бөлімінің бастығы болып Наумов; жұмысшы-шаруа бөлімінің бастығы болып Көбенов; кооператив бюро төрағасы болып Оспанов тағайындалды.
Тағайындалған лауазым иелері Сырдария губревкомының бөлім бастықтары әрі ревкомның уәкілдері ретінде Сырдария және Жетісу губернияларындағы мекемелерді қоса басқарды.
Ревкомның 1924 жылғы 8 желтоқсандағы N7 бұйрығында бұрынғы Сырдария облыстық бөлімдеріне, сондай-ақ губерниялық прокурорға және губерниялық сотқа межелеу мерзімінен бастап, Қазақ АКСР-на ревкомға тікелей бағыну арқылы өткендігі ескертілді. Оларға бұрынғы Түркістан республикасының барлық мекемелері мен қарым-қатынасты тоқтату туралы тапсырма берілді. Қазақ АКСР-ның жоғарғы өкімет органдарымен байланыс та ревком арқылы жүзеге асырылатындығы айтылды. Осы бұйрықта губерниялық сот пен прокуратурадан өзге 11 губерниялық бөлімдердің аты аталды.
Ревкомның атқарған үлкен істерінің бірі Шымкент уезінің орталығын Беловодск селосына көшіру, ал Шымкентке Сырдария губерниясының орталығын көшіру мәселесі болды. Бұл мәселемен ревкомның тапсырмасымен С.Есқараев және Б.Аралбаев айналысты. Губерниялық мекемелерді Шымкентке көшіру үшін алғашында 79000 сомнан аса қаржы бөлінді.
Шымкент уездік атқару комитеті Беловодскідегі бір мектептің мекен-жайына орналастырылды. Ол мектеп атты почта жайына көшірілді. Шымкент уездік атқару комитетінің бір топ қызметкері Беловодскіге барып қызмет істеуге наразылық білдірген. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келген. Губерниялық органдарды Ташкенттен Шымкентке көшіру 1924 жылдың 8 желтоқсанынан бастап жүргізілген.
Ревкомға кейбір губерниялық мекемелерді жаңадан құруға тура келді. 1924 жылы Ташкентке ревкомның мәжілісіне қатысу үшін Орынбордан Қазақ АКСР Орталық статистика басқармасының басқарушысы Крутилин келді. Оның міндеті ревкомға губерниялық статистика бюроларын құруға көмек беру еді. Бұған дейін Сырдария облысыңда арнайы статистика органы болмаған, оның жұмысын ТАКСР-ның орталық статистика органдары атқарған. Сондықтан Сырдария губерниясының статистика бюросын жаңадан құру міндеті тұрды. Жетісу облысында статистика бюросын құру үшін ыңғайлы жағдай болған. Онда қажетті қызметкерлер де бар болатын. Қарақалпақ автономиялы облысында да статистика органдарын құруға жеткілікті мүмкіндіктер бар болып шықты. Ревком өз қаулысымен Қазақ АКСР-ның Орталық статистика басқармасына аталған губернияларда статистика органдарын құруға толық құқық берді.
Ревкомның тағы бір мәжілісінде облыстық Жоспарлау комиссиясының құрамы бекітілді. Оның төрағасы болып С.Есқараев бекітілді. Сондай-ақ оның орынбасарлары, аппарат қызметкерлері де тағайындалды.
Сырдария губерниясының губерниялық мекемелері 1924 жылғы желтоқсанда Ташкенттен Шымкентке негізінен көшіп болды. Шымкент қаласы губерниялық орталыққа айналды. Осыған орай ревком 1924 жылғы 29 желтоқсандағы отырысында ҚазОАК-тен Шымкентті уездік қаладан губерниялық қалаға айналдыру туралы өтініш жасады. ҚазОАК-тің Үлкен Төралқасы 1925 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен Шымкентті уездік қаладан губерниялық қалаға айналдыру туралы қаулы қабылдады. Қазақ ОАК-тің осы күнгі қаулысымен ревкомның төрағасы Орымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнынан босатылды. Ревком төрағасы болып Ә. Досов тағайындалды. [31]
Межелеуге байланысты Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілеттік өкілдігінің қызметі өзгерді. Түркістан республикасы жойылды. Осыған орай ревком жаңадан құрылып жатқан Орта Азия республикаларымен және автономиялы облыстарымен қарым-қатынас жасайтын өкілетті өкілдік құрды. Өкілетті өкіл болып С.Асфендияров тағайындалды. Оның орынбасары болып Т.Жүргенов, 2-ші орынбасары болып Қарақалпақ автономиялы облысының өкілі тағайындалды.
Ревком ономастикалық мәселелермен де шұғылданды. Ревком "Черняев" темір жол станциясы атауын Шымкент темір жол станциясы деп өзгерту туралы Қазақ ОАК-ке ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс қабылданып, Қазақ ОАК-ті тарапынан бекітілді.
1921 жылы 14 наурызда Түркістан ОАК-нің декретімен Верный қаласының аты "Алма-ата" болып өзгерген. "Алма-Ата" атауын "Алма ата" деп сызықшасыз жазу жөнінде Жетісу облыстық атқару комитеті ревкомға ұсыныс жасады. Ревком бұл мәселені талқылап "Алма-Ата" атауын "Алма ата" деп өзгертуге қарсылық білдіріп, Жетісу облаткомының ұсынысын қабылдамай тастады.
Ревкомның жұмыстары қиындықтармен жүрді. Қазақ АКСР-ның кейбір халық комиссариаттары Ревкомның уәкілдерімен санаса бермеді. Олар ревкомның уәкілдері арқылы жұмыс істеудің орнына бұрынғы жергілікті билік орындармен байланыстарын жалғастыра берді. Осыған орай ревком Қазақ ОАК-ке шағым жасап жәрдем беруді өтінді. Ревкомның шағымында ішкі істер, ішкі сауда және Қаржы халық комиссариатының Қазақ ОАК-тің қаулысын орындамай, ревкомның уәкілдерін тыңдамау туралы үкім де бергенін жеткізді.
Ревкомның шағымына орай Қазақ Орталық Атқару Комитеті барлық халық комиссариаты мен өлкелік органдарға арнайы нұсқаулық хат жіберді. Онда ревком туралы ереженің 8-тармағына сәйкес ревкомның ведомстволық бөлімдерінің болмайтындығы, олардың міндетін Қазақ АКСР-ның орталық органдарының Ревкомға бағынатын уәкілдері атқаратындығы айтылды. Осы 8-ші тармаққа сәйкес ревком ведомстволық басшылықты Сырдария губерниялық бөлімдерінің меңгерушілеріне жүктеді. Қазіргі кезде ревком Сырдария және Жетісу губернияларын біріктіріп бір облыс құру және кеңестік аппаратты қайта құру жұмысын жүргізіп жатқан кезде барлық, мәселелерді ревкомның қолына шоғырландырудың маңызы үлкен деп атап көрсетілді нұсқаулық хатта.
Кейбір халық комиссариаттары ревком туралы ережені орындамай, ревкомға хабарласпай жергілікті жерлермен жұмыс істеуде. Мұндай практиканың ревком жұмысына үлкен зиянын тигізіп отырғанын атап көрсетіп, Қазақ ОАК-ті барлық халық комиссариаттары мен өлкелік органдарға Сырдария және Жетісу облыстары органдарымен тікелей байланысты тоқтатып, оларға қатысты қаулылар мен өкімдерді ревком арқылы жүргізуге тапсырма берді. Мұның өзі ревкомның жұмысының ырғақты және үйлесімді жүруіне себебін тигізді.
Ревкомның атқарған жұмыстарының маңызды салаларының бірі шекараны анықтауға қосқан үлесі болды. Ревком төрағасы Ә.Досов 1925 жылы 2 наурызда Қазақ республикасы мен Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысы арасындағы, яғни осы облыстың Жетісу губерниясы аймағындағы шекарасын өзгерту туралы арнайы баяндамалық жазбасын Халық Комиссарлары Кеңесінің қарауына ұсынды. Бұл кезде Межелеу жөніндегі орталық комиссия Қазақ АКСР-ы мен Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысы арасындағы шекараны орнықтырып қойған болатын. Мәселе Жетісу губерниясының Қарқара ауданындағы Көкайрақ жайлауына қатысты болды. Осы аудандағы белгіленген шекараға Жетісу облаткомы, облыстық жер бөлімі тарапынан қарсылық жасалды. Қарқара тауы үстіртті 190385 десятина аумақта Жаркент уезіне қарап, Қаракөл уезімен шекараласып біртұтас табиғи-тарихи жағынан қалыптасқан кең байтақ жайлау болатын. Орталық комиссия осы өңірдегі шекараны анықтағанда жайлаудың табиғи шекарасын еске алмай, жайлаудың бір бөлігін Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысының Қаракөл уезіне өткізіп жіберген. Қырғыздардың шекарасы дұрыс белгіленбегендіктен сыналап ескі заманнан қазақтар мекендеген жерлерге еніп кеткен. Шекара Сарыайғыр биігі, Талдыбұлақ және Сантас асулары арқылы "Қарқара жәрмеңкесі" елді мекенінің солтүстігіне дейін сұғына созылып кеткен.
Шекараның Жаркент уезіне қарасты қазақтардың жайлауына сыналап еніп кетуі ревком тұрғысынан қарсылық тудырды:
1. Қарқара ауданы табиғи-тарихи жағынан бөлінбейді, оның оңтүстігіндегі табиғи шекарасы Сарыайғыр тау қыраты.
2. Бұл жерлердің географиялық және экономикалық, жағынан біртұтастығынан өзге мұнда тарихи тұрғыдан Албан тайпасының рулары тұрып келеді. Қарақара-Албан жайлауы.
3. Орталық комиссияның Ырыс, Қарқара, Тұрық өзендері ағысымен белгілеген шекарасы қырғыздар малының қазақтардың Қарқара ауданындағы жайлауына өтіп кетуіне негіз болды.
4. Қырғыздардың Қарқара ауданындағы жайлауға өтіп кетуі қазақтың Албан руымен қақтығыстарға түсуіне алып келді.
Сондай-ақ, Алматы уезімен Қарақырғыз (Қырғыз) автономиялы облысы арасындағы Орталық комиссия бекіткен Көкайрақ шатқалындағы шекара Жетісу губерниясы басшылығы мен ревком тарапынан наразылық туғызды. Бұл шекара Алматы уезі мен Пішпек уезі арасындағы патша заманында белгіленген әкімшілік шекара бойынша бекітіліп кеткен. Бірақ бұл шекара табиғи шекара емес, кезінде бұрмаланған шекара болатын. Жетісу губерниялық органдары шекараны қайта қарауды, оның негізіне шатқалды емес биік таулы табиғи шектерді, атап айтқанда, Үлкен Кебен өзенінің басынан Ақсу өзенінің басына дейінгі шектерді алған дұрыс. Одан әрі Алматы өзенінің жоғарғы ағысынан тау арқылы Алматы асуына дейінгі шектерді алған дұрыс.
Көкайрақ шатқалының Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысында қалып қоюына мынадай негіздегі қарсылық айтылды:
Біріншіден, Көкайрақ шатқалы Алматы уезі қазақтарының пайдалануында болған. 1912 жылы қырғыз старшыны Шабдан Жантаев патша әкімшілігінің қолдауына сүйеніп бұл жайлауды тартып алады. Бірақ 1921 жылы Үлкен Алматы болысының қазақтары Көкайрақ шатқалын қайырып алған.
Екіншіден шекара Кебен, Алматы өзендері және биік таулар сияқты табиғи шектер арқылы өтуі тиіс.
Осы уәждерді айта келе ревком Қазақ Халкомкеңесі алдына Орта Азияны Межелеу жөніндегі орталық комиссия алдына Қарқара ауданындағы және Көкайрақ шатқалындағы ҚазақАКСР-ы мен Қарақырғыз (қырғыз) автономиялы облысы арасындағы шекараны қайта қарап оны табиғи шектер негізінде жүргізу мәселесін қойды. [27. 153-158]
Ревком аса күрделі болып табылатын шекараны анықтау мәселесінде, Қазақстанның жерінің тұтастығын белгілеу жолында осындай табанды да білікті жұмыс жүргізді. Бұл ревком көпсалалы жұмыстар атқарды. Ревкомның бұл бағыттағы жұмыстары табысты болып өз жемісін берді. 1925 жылдың ортасында ревком өзіне жүктелген тарихи міндетін толық орындауына байланысты Қазақ Орталық Атқару Комитетінің арнайы шешімімен өз қызметін тоқтатты.
Достарыңызбен бөлісу: |