Ислам өркениеті- Ислам дінінің құндылықтарының негізінде дүниеге келген өркениет. Алғашқы рет Ислам өркениетінің алғашқы белгілері Хиджаз арабтарының арасында пайда бола бастады. Оның алғышарттарына Араб түбегінде өзге ежелгі тайпалық діндердің тоқырауы, мәдениеттердуң жаңа рухани негізде біріге бастауы, жалпыарабтық этникалық негіздің қалыптаса бастауы жатады. Мұхаммед пайғамбар мен одан кейінгі төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли Әбу Тәліб билігі дәуірі (622-661) және Омейя әулеті (661-750), Аббас әулеті биліктері дәуірінде (750-1258) солтүстікте Еділ өзенінен оңтүстікте Мадагаскарға және шығыста Қытайдан, батыста Францияның оңтүстігіне дейінгі кең аумақта таралған және олармен көршілес аймақтарға да әсерін тигізғен ислам діні ықпалымен адамзат өркениетінің өзіндік ерекшелігі бар бір түрі қалыптасты. Ислам өркениетінде араб тілі мен араб жазуы алдыңғы орынға шығып, негізгі ғылым тілі мен мәдениет құралы қызметін атқарды. Орта ғасырлардағы ислам ғалымдары медицина, астрономия, химия, физика, математика, мәдениет, мантиқ (логика), әдеп, философия салаларында көптеген ғылыми жаңалықтар ашып, айтарлықтай табыстарға жетті. Олар ежелгі Грекия, Рим, Ежелгі Шығыс өркениеттері жетістіктерін дамыта отырып, жаңа дәуірдегі батыс мәдениетінің қалыптасуына негіз қалады.
Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани сынды түркі ғұламалары өз еңбектері арқылы Ислам өркениетіне зор үлес қосқан.