Тәңірің таза, болып бақ сен де кірсіз,
Әлің келсе, менен қаш, Иең – мінсіз.
Алланың пендесіне рақымы мол,
Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол,
Бір құдайың сабырлы, сен де шыда,
Бәрі осындай ойлансаң артқы жағы.
Мұны білсең, боласың сүйікті құл,
Құлы болсаң, қожаңның сүйгенін қыл.
Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнісін біл,–
[7,213-214 бб.] деп жырлады.
Қожа атауы (Қожа Хакім Ата) оның қожалар әулетінен шыққандығын білдірмейді. Ел арасында
білімді, ғалым, оқымысты, ислам дінін үгіттеуші адамдарды да қожалар атаған.
Ғарифолла Есім «Туыстық философиясы» деген мақаласында: «…Қожа деген Жаратушыға шын
ғашық болып, тақуалық жолға түскен сопылардың қауымдық атауы. Тақуалар (немесе тариқат
жолындағылар) өздерін қожалармыз деген»,– [8] деп тұжырымдайды.
3
Хакім Ата – Ясауи мектебінен рухани білімін кемелдендіріп, өзі де шайқылық (мүршидтік)
дәрежеге жетіп, шәкірттер тәрбиелеген ұстаз, ұстазының үлгісімен түркі тілінде сопылық хикметтер
жазған дана-ақын, ойшыл-ғалым, керемет қасиеттер иесі әулие дәрежесіне жеткен, ел-жұртын ислам
арқылы имандылық, адамгершілік жолға үндеген ғұлама.
«Бақырғани кітабы» – Қожа Ахмет Ясауи үлгісімен хикметтер жазған ақындардың
шығармаларынан тұратын жинақ. «Бақырғани кітабы» – әр түрлі кезеңге және әр түрлі ақындарға тән
діни-сопылық өлеңдер кітабы. Кітаптың 1901 жылы Қазан қаласында Ағайынды Кәрімовтер сауда
үйінің баспаханасында жарық көрген нұсқасы сексен беттен тұрады. Әрбір беттегі қос бағанада 56-60
аралығында жол бар. Жинақтағы барлығы жүз отыз бес хикметтің отыз бесі ғана С. Бақырғанидікі.
Жиырма сегіз хикметтің соңғы шумағында – Құл Сүлеймен, екі өлеңде – Сүлеймен, ал Хакім, Хакім
Сүлеймен, Хакім Қожа, Хакім Ата, Хакім Қожа Сүлеймен есімдері бір-бір шығарма соңында
кездеседі. Осы өлең-хикметтердің көлемі бір мың екі жүз жолдан асады.
Жинақ мазмұны хикмет-өлеңдер мен сюжетті қисса-дастандардан тұрады. Кітапта тоғыз дастан
берілген. Оның екеуі: «Расул Миғражы» мен «Исмайыл қиссасының» Сүлеймендікі екендігі
көрсетілген. Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болуына байланысты дастандар Шәмсі асынікі,
Мұхаммед пен Ибраһим жайлы дастан Ғұбайдулланікі, «Ақтым қиссасы» Хытаи сақыныкі деп
берілген. «Жарым алма хикаясы» дастанының авторы жазылмаған.
«Бақырғани кітабындағы» кейбір танымал ақындарға тоқталар болсақ, жинақтың басында берілген
Бабарахим Мәшраб (1657-1711) – Әндіжанда туып-өскен, білім алған, дәруіш, «Мабдаий-Нур»деген
шығармасы белгілі, өзбек ақыны.
Құл Үбайди – XVІ ғасыр соңы мен XVІІ ғасыр басында өмір сүрген, Бұқара әкімі Махмұд
Сұлтанның ұлы, түркі, өзбек, парсы, араб тілдерінде жырлар қалдырған ақын.
Лутфи (1366 (67) - 1465 (66)) – Герат маңындағы Дехиканар деген жерде туып, өмір сүрген өзбек
ақыны. Ол шығармаларын түркі, тәжік, парсы тілдерінде жазған.
Зерттеу еңбектерден Қамалладин Иқанидың (Түркістанның оңтүстігінде жиырма бес шақырым
жерде орналасқан Иқан қаласында туып-өскен) XV ғасырда, Құдайдад, Қасым сияқты сопы-
ақындардың XVІ ғасырда Түркістанда өмір сүргендігі белгілі.
Мұсылман елдерінде Қожа Ахмет Ясауидің жолын қуған, соның үлгісімен хикмет жазған
шәкірттері көп болған. Ясауи шәкірттері Түркістан, Маураннахр, Хорасан, Хорезм, Анадолыға дейін
тараған. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әміре, Мәулана Желаладдин т.б. Қожа Ахмет Ясауиге
еліктеп жыр тудырған. Мехмет Фуат Көпрүлү «Қожа Ахмет Ясауи танымы мен тағылымы» деген
еңбегінде Жүніс Әміренің де ұстазының сезіміндей ой-пікірде болып, хикметтеріне «нәзирагөйлік»
жасап, бір тақырыпта жазғандығын атап көрсетеді.
Зерттеушілер «Диуани Хикметтегі» Ясауи шығармаларының қайсысы ақынның өзінікі, қайсысы
шәкірттерінікі екендігін ажыратудың қиындығын айтады. Сүлеймен де Мансұр Ата, Мұхаммади
данышпан, Сайд Ата сияқты Ясауи халифтерінің бірі болған.
Қазақ әдебиетінің терең тамырлары ХV ғасырға дейінгі түрік тілдес тайпаларға ортақ
ескерткіштерде жатыр. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеу мәселесі Бейсенбай Кенжебаев
бастаған ғалымдардың еңбектеріне арқау болды. Бірақ кеңестік саясаттың ықпалымен Х-ХІІ
ғасырлардағы ислам дәуіріндегі әдебиет әсіресе түріктік сопылық поэзияның негізін салушы Қожа
Ахмет Ясауи мен оның шәкірттерінің шығармашылығы бүтін бір ұрпақ талғамынан тыс қалды.
Ислам мәдениетінің сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани дамуына тигізген әсер-ықпалы сөз
етілмеді.
Еліміз тәуелсіздік алған 90-жылдардың басынан ясауитанушы ғалымдар шоғыры көбейіп, ақын
мұраларын жаңаша көзқараспен қайта қараушылар саны арта түсті. Сонымен қатар Ясауи
шәкірттерінің мұраларын зерттеу, оларды танып-білу ісі де күн тәртібіне қойылды.
Кеңестік ғылыми атеистік идеология сопылық ағымды теріс ұғындырып келді. Сопылық
поэзияның көрнекті өкілдерінің бірі – Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата) мұралары хақында қазақ
әдебиеттану ғылымында бірді-екілі ғылыми мақала жазған Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйіншәлиев сынды
ғалымдардың зерттеулерінен өзге жұмыстарда ақын шығармалары дінді уағыздаған зиянды еңбек деп
танылды. Сопылық өзінің табиғатында әділдікті, тазалықты, төзімділікті, тақуалықты уағыздайды.
Сопылық әдебиеттің ар, жан, тән тазалығын биік ұстанатын, дүниеқоңыздықты, жалған дүниені
мансұқтайтын, адам баласына мейірімді, қайырымды болып, жетімнің ақысын жемей, кемтарларға,
жоқ-жітікке жәрдем беруге үндейтін, нәпсіқұмарлықтан бездіріп, күнәға батудан сақтандыратын ой-
түйіндері ескерусіз қалды. Көптеген діни мазмұнды көне мұралар кеңінен зерттеу нысанасына
айналмады.
4
Қазіргі кезеңде түрік, өзбек, орыс зерттеушілері сияқты қазақ ғалымдары да ясауитануда
біршама жетістіктерге жеткендігін айта аламыз. Бірақ әдебиеттану ғылымында Ясауидің ісін алға
қарай жалғастырушы, таңдаулы шәкірті, ғұлама ақын Сүлеймен Бақырғани мұралары жете зерттеліп,
өзіне лайықты орнын ала алмай келді.
С. Бақырғани қисса-дастандарының желісі – ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-шайырларының
шығармашылығына да ұласып жатқандығын таразылай келе, ғалым Р. Бердібайдың: «Діни
тақырыпқа жазылған қиссалардың бұрын қазақ арасында зор даңққа ие болғанын да ұмытуға
болмайды. Олардың текстері талғампаз оқушы жұртшылықтың игілігіне айналуы тиіс. Барлық
рухани мұраны меңгергенде ғана халықтың өркениет жолындағы орны мен мәнін санаға сіңіріп,
табиғи дамудың болашағына соқпақ салуға болады», – [9,340 б.] деп жазды.
Мемлекетімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің бай
мұрасын зерттеу, жүйелеу мәселесіне баса көңіл бөлініп отыр. Бағдарламада руханият
ескерткіштерін (ежелгі түрік, шартты түрде шағатай тіліндегі ескерткіштер атанатын мұралар, халық
фольклоры, эпостар мен аңыздар, дәстүр мен ғұрыптар) зерттеу бағытында бірқатар жұмыстар
көзделінген. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұрпақтарына қауышар шығармалардың
қатарында С. Бақырғани еңбектері де өзіне лайықты орнын алуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: «Біздің ұлттық мәдениетімізде де жалпы
азиялықтарға тән биязылық, өткенге салауаттылық жасау, үлкенді сыйлау, жасқа қамқорлық,
қысылғанға қол ұшын беру, ағайынның ауызбіршілігін сақтау – бәрі-бәрі де бар. Ендеше, сол ұлттық
мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау – «Мәдени
мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуға тиіс»,– [10] екендігіне ерекше назар аударды.
1 Сәтбаева Ш.Қ. Шоқан Уәлиханов – филолог.– Алматы: Ғылым, 1987. – 224 б.
2 Демидов С.М. Суфизм в Туркмении (эволюция и пережитки) / Под ред. Н. Байрамсахатова. –
Ашхабад: Ылым, 1978.– 176 с.
3 Жандарбек З.З. «Насаб-нама» нұсқалары және түркі тарихы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. –
168 б.
4 Сүйіншәлиев Х. Ғасырлар поэзиясы. – Алматы: Жазушы, 1987.– 216 б.
5 Валиханов Ч.Ч. Кашгарские дневники // Собрание сочинений: В 5-ти томах. – Алматы: Изд. АН
КССР, 1985. – Т.3. – С. 50-51.
6 Абай (Ибраһим Құнанбаев): 2 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1986. – Т.2. –
200 б.
7 Шәкәрім. Иманым / Құр. Б. Байғалиев, Е. Қасейінұлы.– Алматы: Арыс, 2000. – 321 б.
8 Есім Ғ. Туыстық философиясы // Егемен Қазақстан. – 2005. – 23 ақпан.
9 Бердібай Р. Эпос – ел қазынасы. – Алматы: Рауан, 1995. – 352 б.
10 Назарбаев Н.Ә. «Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс // Егемен
Қазақстан.– 2003.– 29 қараша.
Достарыңызбен бөлісу: |