СӨЖ №15
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау технологиялары
2022-2023
Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалдық бағалаудың психологиялық-педагогикалық негіздері
Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды рөл атқарады. Психологиялық-педагогикалық қолдау мамандардың жүйелі ұйымдасқан, бір тұтас әрекеттерінің барысында әрбір баланың білім беру-тәрбие үдерісінде өз мүмкіндігі мен қажеттіліктеріне сәйкес табысты оқуы мен дамуы үшін қажетті әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық қолдау балаға көмек (немесе қолдау) көрсетудің ерекше түрі ретінде қарастырылады.
Бағалау қызметінде психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетудің екі бағытын көрсетуге болады: өзекті – балада осыған дейін пайда болған қиындықтарды шешуге бағытталған; перспективалы – оқуда болуы мүмкін ауытқуларды ескеру және алдын алуға бағытталған.
Екі бағыт та педагогикалық үдеріске қолдау қызметінің барлық мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында іске асырылуы мүмкін. Олардың қызметінде өзара байланысты және оларды ескеру қажет міндетті үш компонент бар:
бала дамуының диагностикасы (психикалық, тұлғалық, әлеуметтік);
түзету-дамыту бағыттылығының жеке және топтық сабақтарының бағдарламаларын іске асыру;
білім беру ортасын баланы оқыту мен дамыту және бағалау жүйесі арқылы оның даму деңгейін бағалауға қоятын талаптары көзқарасы тұрғысынан талдау [19].
Оқушылардың бұл санатын психологиялық-педагогикалық қолдаудың нысаны оқу жетістіктерін критериалды бағалау үдерісі болып табылады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау түрлі мамандардың (пән мұғалімінің, психологтың, логопедтің, арнайы педагогтың, әлеуметтік педагогтың), мектеп дәрігерінің, басқа мұғалімдер мен ата-аналардың өзара тығыз әрекетін білдіреді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалауды психологиялық-педагогикалық қолдау төмендегілерге бағытталуы тиіс:
баланың денсаулығын және дене күшін қолдау: бала өмірінің денсаулық-сақтау түзімін ұйымдастыру, оларды жеке таңдалған қимылдық белсенділіктерге, денсаулықты нығайтатын сабақтарға қатыстыру;
балалардың зерде дамуын қолдау: әрбір баланың танымдық ерекшелігін анықтау және дамыту, оқу әрекетінің табысты болуы үшін жағдай тудыру;
баланы қарым-қатынас саласында қолдау: балаларға гуманистік өзара әрекеттенуіне жағдай тудыру, балалардың қолы бос кезіндегі әрекеттерде жеке қабілеттерін байқатуларын қолдау, тәртіп түрін саналы түрде таңдауына көмектесу;
баланың жанұясын қолдау: жанұялық қатынасты зерттеу, олардың үйлесімді болуына көмек көрсету.
Психологиялық-педагогикалық қолдау ерекше шығармашылық ахуал құруды және балаларға таңдау жағдайын ұсынуды білдіреді. Мұндай жағдайлар оқушылардан білімді, икемділікті ғана емес, сондай-ақ, рефлексия тәжірибесін, шешімді өздігінен қабылдауды, ерік пен мінезін байқатуды талап етеді.
Дамуында мүмкіншіліктері шектеулі оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысы мен ұсынымдары негізінде ұйымдастырылады және білім беру ұйымында штаттағы мамандармен (арнайы педагог, психолог, логопед-мұғалім, әлеуметтік педагог, ЕДШ мамандарымен және т.б.), сондай-ақ, білім беру ұйымынан тыс орталықтардың, түзету және инклюзивті білім беру кабинетінің мамандарымен, сол сияқты арнайы (түзету) білім беру ұйымының педагогтарымен келісім шарт негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Психологиялық-педагогикалық қолдаудың негізгі қағидалары:
бала дамуындағы кез келген мәселені шешудің кешенді, пәнаралық
тәсілдері.
білім беру үдеріндегі баланың дамуын қолдаудың үзіліссіздігі.
қолдау үдерісін ақпараттық-әдістемелік қамсыздандыру.
қолдау әрекетін әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық жобалау.
даму мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды психологиялық- педагогикалық қолдау шараларына ата-аналарды, педагогикалық және балалар ұжымын белсенді тарту болып табылады.
Бала дамуының ерекшеліктеріне, сондай-ақ ПМПК ұсынымдарына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды қолдаудың бағыттылығы, қарқыны және ұзақтығы анықталады. Жалпы білім беру мектебі оқушыға оның қажеттілігіне сәйкес қолдау түрін ұсынуға міндетті. Бұл қолдау қысқа мерзімді, орташа мерзімді немесе ұзақ мерзімді негізді болуы мүмкін.
Қысқа мерзімді қолдау оқуда шамалы және уақытша қиындықтары бар, логопедпен, психологпен түзету сабақтарының қысқа мерзімді кезеңін қажет ететін оқушыларға көрсетіледі (жарты жылға дейін).
Орташа мерзімді қолдау арнайы дайындалған педагогтар мен мамандардың қарқынды қолдауын қажет ететін және дамуындағы ерекшеліктерге байланысты оқуда тұрақты қиындықтарға кездесетін оқушылар үшін ұйымдастырылады.
Оқушылар дамуындағы проблемалар бастауыш сатыда жойылмаған кезде олар білім алуды арнайы сынып жағдайында және оқытудың келесі сатыларында жалғастырулары мүмкін. Бұл кезде оқушыларды ұзақ мерзімді қолдау іске асырылады.
Инклюзивті білім беру туралы түсініктер, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту формасы ретінде олардың оқуын ұйымдастыру мүмкіндіктерін және қолжетімдігін шектейді.
Бұл әсіресе инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқудағы жетістіктерін бағалауға қатысты. Қазақстандық білім беру жүйесінде қиыншылықтар келесі жағдайларға байланысты тереңдей түседі:
- оқыту сапасы мониторингі және бағалау іске асырылмайды, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білімі мен біліктері критериалды бағалаудың нақты индикаторлары жоқ;
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқуында туындаған проблемаларды жою бойынша превентивті шаралар жеткілікті қабылданбайды. Олар оқушының денсаулығына, оның моральдық-психологиялық жай-күйі мен әлеуметтік жағдайына байланысты болуы мүмкін;
- инклюзивті білім беруді ақпараттық-консультативтік қолдау нашар ұйымдастырылған [20].
Бұлар төмендегі проблемаларды туындатады:
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың көпшілігі
жеткілікті қамтамасыз етілмеуі салдарынан олардың әлеуеттік мүмкіндіктері іске асырылмайды;
- әлеуметтік бейімделу механизмдері нашар іске асырылады, нәтижесінде девиантты мінез-құлықты балалар саны артады, балалар қылмысы мен суицидтерінің саны кемімейді;
- мұндай балаларда төмен функционалдық сауаттылық қалыптасады, олар жұмысқа орналасуда қиындыққа кездеседі.
Оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың психологиялық-педагогикалық жүйесі проблеманы шешудің келесі маңызды тәсілдерінен тұрады:
тұлғалық-бағдарлы тәсіл, оның құрамына түрлі типологиялық топтардағы оқушылардың оқу материалын оқу жетістіктерін бағалаудың деңгейлік критерилерін қолдану мен меңгеру мүмкіндіктерінің біртексіздігін ескеру кіреді;
әрекетті тәсіл балаларға түрлі қолжетімді өнімді қызмет түрлеріндегі мүмкіндіктері мен қабілеттерін анықтауды көздейді;
денсаулық сақтау тәсілі, ол бағалау жағдайында қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру арқылы оқушылардың психологиялық-соматикалық денсаулығын сақтау және нығайту міндеттерін шешуді қамтамасыз етеді
Қазіргі таңда барлық әлемде жеке қажеттілікті түзету – педагогикалық қолдау, бейімдеу баланы емес, балалардың білімдік сұраныстарымен жеке ерекшеліктерімен ортаның, отбасының белсенді қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын «барлығы үшін бір мектеп» немесе инклюзивті білім беру туралы айтуда. (Д.Митчелл – профессор. Жаңа Зеландия. 1997 ж). Қазіргі уақытта әлемдік қауымдастықта білім беру саясатындағы басымдылық саясаты дәл осы инклюзивті білім беру принциптеріне негізделеді. Дегенмен инклюзивті білім беруді енгізу бойынша әр елдің қайталанбас ерекшеліктеріне байланысты мемлекет үшін қолданылатын нақты әдістемелер мен нұсқаулықтар жоқ, инклюзивті үрдістерді дамыту тәжірибесі оның дұрыс бейімделу барысында оларды пайдалану үшін маңызды болып табыладыИнклюзивті білім беру тәжірибесі біздің елімізде «2000 жылы мүмкіндігі шектелген балаларға базалық білім беру қолдау көмегі» Қазақстан Республикасының үкіметі және ЮНЕСКО- мен бірігіп САТР Орталығымен Пилотты жобаны жүзеге асыру барысында басталды. Осы жобаның арқасында «инклюзивті білім беру» түсінігі енді ғана орнықты.
Қазіргі білім беруді жаңғырту тенденциялары оқушыларды психологиялықпедагогикалық және әлеуметтік сүйемелдеу қажеттілігін талап етіп отыр. Олардың дамуы көптеген қолайсыз факторлардың туындауына ықпал етеді. Психикалық жүйкесі жұқарған жасөспірімдердің саны жыл сайын артуда. Жалпы білім беру мектептерде оқушыларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастырудың қажеттілігіне дамуында ауытқушылығы бар және оқуды қиындықпен қабылдайтын балалардың саны артуы себеп болып отыр. Бүгінгі таңда даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы білім беретін мектептерге кірігу арнасы кеңейіп, мемлекетіміздің білім беру кеңістігінде тұрақталған тенденцияға айналып келеді. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |