Ac қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Ауыз тесігі дененің алдыңғы ұшында орналасып, көпшілік жағдайда ерекше өсінділер - еріндермен қоршалған: арқа және екі бүйірлік. Ауыз тесігі ауыз қуысымен (стома) жалғасады. Ауыз қуысының құрылысы әр түрлі. Нематодтардың жануарлар паразиті болып келетін (зоопаразит) өкілдерінің ауыз қуысында кутикулярлы тіс өсінділері болады, ал өсімдік паразиттерінің (фитопаразит) ауыз қуысы сорғыш мүшеге - стилетке айналған. Стилет ауыз қуысында арнайы бұлшықет - протракторлар арқылы қозғала алады. Топырақта және суда тіршілік ететін жыртқыш нематодтарда стомалық қуыс найзамен немесе қозғалмайтын өсінділер - онхамен қаруланған. Ауыз қуысы өңешке ұласады. Өңеш үш қырлы, алдыңғы бөлімі қалың, бұлшыкетті, артқысы - безді. Өңештің кеңейген бөлімі бульбус деп аталады. Көпшілігінде бульбусы екеу: ортаңғы (метакорпальды) және артқы (кардиальды). Кардиальды бульбустың үккіш аппараты жақсы дамыған.
Өңештің ортаңғы ішекке жалғасатын жерінде ерекше өсіндісі (cardium) болады. Ол ортаңғы ішекке еніп жатады да, ішек ішіндегі қоректік заттардың өңешке қарай кері қайтуына тосқауыл жасайды. Нематодтардың ортаңғы ішегі энтодермальды, қабырғасы бір қабат эпителиальды клеткалардан құрылған, оны жұқа базальды жарғақ қаптап тұрады. Ортаңғы ішектің алдыңғы бөлімі кеңейіп "қарыншық" немесе жұтылған қоректің резервуары қызметін атқаратын - proventriculus түрінде дамыған.
Ректум деп аталатын ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасып, ол аналь тесігі арқылы сыртқы ашылады. Нематодтардың алдыңғы және артқы ішегі эктодермальды және оларды тығыз кутикула астарлайды. Кейбір нематодтардың ас қорыту жүйесі қоректенуіне байланысты әр түрлі деңгейде редукцияға (кері өзгеріске) ұшыраған. Мысалы, филяриялардың (Filaria) артқы ішегі тұйықталып, аналь тесігі болмайды, трихинеллаларда өңеш үлкен клеткалар жиынтығьг түрінде дамыған, ал мермитидаларда өңеш жойылған. Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ организмдермен, паразитті нематодтар өз иесінің сөлімен, тканімен, ал кейбіреулері иесінің қанымен қоректенеді. Сондай-ақ кейбір фитонематодтарда ішектен тыс ас қорыту процесі байқалады.
Стилеттің көмегімен құрт өсімдік тканіне ас қорыту безінің ферментін бүркеді, сондықтан ас қорытудың алғашқы кезеңі организмнен тыс жерде өтеді. Жартылай қорытылған қоректік заттар нематода ішегіне стилет арқылы түседі. Нематодтарда кірпікшелерінің жойылып кетуіне байланысты протонефридиялы зәр шығару жүйесі де жойылып, зәр шығару қызметін мойын безі (ренетта) деп аталатын бір клеткалы тері (гиподермальді) бездері және фагоцитарлы клеткалар атқарады. Мойын бездері екі типті болады: шомбал және тармақталған. Еркін тіршілік ететін нематодтардың мойын безі шомбал типті, түтікшесі қысқа.
Топырақта және паразиттік тіршілік ететін нематодтардың ерекшелігі - мойын безі денеде бойлай орналасқан екі бүйір экскреторлы түтікшелерден кұралған. Түтікшелердің артқы ұшы тұйықталып бітеді, ал алдыңғы ұштары бірігіп ортақ түтікке айналады да, ол сыртқа зәр шығару саңылауымен ашылады. Бірқатар түрлерінде экскреторлы жүйенің бір бұтағы жойылып (көбіне оң жақтағысы), сол жақ түтігі өте жақсы дамыған. Түтіктер арқылы денедегі (несен) заттар сыртқа шығарылады.
Сонымен қатар, фагоцитарлы клеткалар деп аталатын жұлдызша клеткалары бар.