ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ Қорыта айтқанда, морфологиялық құрылымы жағынан қазақ тілінде зат
есімдерді түбір сөзден, туынды сөзден, сондай-ақ күрделі құрылымнан тұратын
зат есімдер деп бөлуге болады.
Түбір деп сөздің морфологиялық тұрғыдан әрмен қарай бөлшектеуге
келмейтін бөлігін айтады. Мәселен, естияр, есті, есуас, есалаң деген сөздердің
әрмен қарай бөлшектеуге келмейтін бөлігі -ес, демек, түбірі -ес. Бұл жерде
ескеретін бір жағдай: сөздің морфологиялық тұрғыдан әрмен қарай бөлшектеуге
келмейтін бөлігі дегенді тек шартты түрде ғана ұғыну керек. Олай дейтініміз,
сөздің түбірі деп оқулықтарда айтылып жүргеніндей, көбіне, сөздің лексикалық
мағыналы бөлшегін ғана түсінеміз. Ал шынтуайтқа келсек, сөздің түбірін жалаң
осы түсініктің шеңберімен шектеу – дұрысқа келе бермейді. Өйткені сөздің түп
төркіні оның мағына бере алатын бөлігінен де әріде жатуы мүмкін.
Зат есімнің сөз формаларына септік тұлғаларына, тәуелдік, көптік, жіктік
тұлғаларына негіз болатын – зат есімнің түбір тұлғасы. Сондықтан зат есімнің
септелу жүйесіне, тіпті басында түрлену, мысалы, тәуелдену, көптелу т.б.
жүйесіне негіз болатын атау септік тұлғасы деу – түбірімен қате, негізсіз пікір.
Сын есімнің сөз формасына (шырай тұлғасына) негіз болатын – сапалық сын
есімнің түбір тұлғасы. Басқа есім сөз таптарының түрленуіне (субстантивтену
арқылы септелу, көптелу, тәуелдену кейде жіктелу) негіз болатын – сол сөз
табының түбір тұлғасы. Дәл осындай етістіктің сөз формаларына (етіс,
күшейтпелі етістік, болымсыз етістік және рай, шақ, есімше, көсемше) негіз
болатын – етістіктің түбір тұлғасы немесе рай, шақ, есімше, көсемше
тұлғаларына негіз болатын – сонымен бірге (яғни түбірмен бірге) етістіктің
лексика-грамматикалық (етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік) тұлғалары,
ал жіктелу тұлғаларына негіз болатын – етістіктің тек функциялық (рай, шақ)
тұлғалары болып табылады. Айта кету керек, оқулықтар мен көптеген
зерттеулерде белгілі бір сөз табының түрлену формасына негіз болатын тұлға
қате көрсетіліп жүр. Мысалы, зат есімнің септелу жүйесіне негіз болатын форма
деп атау септік тұлғасы, сын есімнің шырай тұлғаларына негіз болатын форма
деп жай шырай тұлғасы, етістіктің түбір тұлғасы деп 2-жақ бұйрық рай (анайы)
тұлғасы, етіс тұлғаларына негіз болатын форма деп негізгі етіс тұлғасы
көрсетіліп жүр. Ең алдымен, белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз
болатын тұлға сол түрлену жүйесінің ішіне соның бір түрі болып кіре алмайды,
ол жүйенің шеңберінен тыс тұрады, өйткені ол – бұл түрлену жүйесіне тек негіз
болатын тұл