Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІ
СӨЖ
Тақырыбы: Оңтүстік аймақтардағы территориялық құрылымдағы өзгерістер.
Тексерген: Айдарова Г. Б.
Орындаған: Амирова К.А.
XIV ғасырда Орда-Ежен мен Шайбани ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. Мұнда Орда-Ежен мен Тоқа-Темір әулетінен шыққан хандар билік жүргізді. Осыған қарамастан Шайбани ұрпақтары өз иелігіндегі билігін сақтап қалды. Ал XV ғасырдың 20- жылдарының аяғына қарай Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік Орда-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен Шайбан ұрпақтарына ауысады. Оған Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы, оның соңғы ханы Барақтың 1428 жылы қаза табуы себепші болды. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне тәуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Олардың біріншісі – Жайықтан және оның батысына қарай Еділге дейінгі жерлерді қамтыған Ноғай Ордасы. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Есілдің жоғарғы ағыстарына Шайбани ұрпақтары иеліктерін жүргізді. Олар: Аралдан солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы, Шайбани әулетінің екінші бір тұқымы Мұстафа хан Атбасарда, үшінші бір тұқымы Махмұд-Қожа Тобылда. Маңғыт Кепек би мен Адабек Бүркіт Батыс Сібірдегі Тура өңірінде билік еткен. Жазба тарихи дерекетерде бұл феодалдық иеліктер Көшпелі өзбектер хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған. Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілқайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Түмен) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған.
Халқының құрамына Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары жатты. Олардың бастылары: қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын, шынбай, күрлеуіт және тағы басқалары. Бұл тайпалар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста – Жайыққа, шығыста – Балқашқа дейінгі, оңтүстікте – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте – Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.Әбілқайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428–1468 жж.) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады.
Жошы әулеті – оның ішінде Ибақ хан, Береке сұлтан, Ұрыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары – Әбілқайырға үнемі қарсы шығып отырды. Әбілқайыр хан өзінің жаулаушылық әрекетін XV ғасырдың 30-шы жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл бойында Шайбан ұрпағы Махмұд-Қожа ханды талқандайды. XV ғасырдың 40-жылдарында Балқаш өңірінің терістік батыс жағын өз иелігіне қосады. 1431 жылы Тоқа-Темір ұрпақтарына қарсы шайқас Екіретүп деген жерде болып, Әбілқайыр хан жеңіске жетеді. Хан көптеген дүние-мүлік олжалайды. Одан кейін Батый ханның астанасы болған Орда-Базарды бағындырады да, Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ бойындағы көптеген жерлерді басып алып, өзінің орталығын Турадан Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы аз уақыт Хорезмді басып алып, Үргеніш қаласын тонайды. 1446 жылы Әбілқайыр өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі – Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы Әбілқайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы Созақ, Сығанақ, Аркөк, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды.Әбілқайырдың Сыр бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті.
XV ғасырдың 50-ші жылдары Әбілқайыр Мауеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау жорықтарын жүргізді. Соғыстар барысында Әбілқайыр қанша жерлерді қосып алғанымен, хандық ішінде саяси берік бірлік болмады, әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар күшейді. Ірі феодалдық топтар, ру басылары, сұлтандар оны қолдамады, қарсы шығып отырды. Әбілқайыр мемлекетінің ішкі әлсіздігі, Шыңғыс әулеті арасындағы тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына бөлінуге ұмтылуы 1456–1457 жылдардағы Әбілқайырдың Үз-Темір тайшы басқарған ойраттармен Сығанақ маңындағы шайқаста күйрете жеңілуіне алып келді. Ол Түркістандағы талан-таражға түскен қалаларын тастап, Дешті-Қыпшақ даласына кетуге мәжбүр болды. Тек 60-жылдардың басында ғана Әбілқайыр Сырдария бойындағы бұрын өзі жаулап алған қалаларына қайта оралды. Осы жерден Әбілқайыр 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа кетіп бара жатқанда Алматы маңындағы Аққыстау деген жерде кенеттен қайтыс болды.Ішкі және сыртқы қайшылықтардың шиеленісуі, бітпейтін феодалдық соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, Әбілқайыр хандығының ыдырап тарауына ұрындырды. Сөйтіп Шайбан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады. Көшпелі өзбек тайпаларының бір бөлігі XVI ғасырдың бас кезінде Мауеренахрға көшіп кетті. Қазақстан жерінде қалып қойған ру-тайпалар қазақ хандарының қол астына кірді. Темір ұрпақтары үкіметінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы үкімет билігін басып алды.
Қазақстанның орталық, батыс және солтүстік-батыс бетінде бірнеше тәуелсіз феодалдық иеліктер құрылып, олардың арасында билік үшін күрес толассыз жүрді. Ноғай Ордасы мен Әбілхайыр хандығының пайда болуына әкелді. Осындай жағдайда Жошы әулетіндегі Шайбанның ұрпағы Дәулет Шайхтың баласы Әбілхайыр саяси өмір сахнасына шықты. Орталық және Солтүстік Қазақстан тайпаларын билеп отырған топтардың қолдауымен ол 1428 ж. Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан болып жарияланды. Оның хандығының құрамына Қият, Маңғыт, Шынбай, Найман, Қарлұқ, Үйсін т.б. тайпалар кірді. Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген «көшпелі өзбектер мемлекетінің» яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста Жайық, шығыста Балқаш жерлеріне дейінгі, оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдың төменгі ағысына, солтүстікте Тобыл мен Ертіс орта ағыстарына дейінгі жерлерді қамтыды.
Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтармен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулетінің оның ішінде Орда Ежен хан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек, Керей Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 ж. оған қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі Мұстафа ханның әскерлерін талқандады. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды.1450 жж. Әбілхайыр Мәуранахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқан пен Бұқарға жорық жасайды.
1456—57 жж. ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған халықтың бір бөлігі Моғолстан жеріне қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы (Талас) өзендерінің бойына орнықты. 1468 ж. Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болып, «Көшпелі өзбектер мемлекеті» ыдырап кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |