Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды.
Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған.
1918 жылы М.Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға (Ж. Аймауытовпен бірге) атсалысады. 921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме-дәл келеді. Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Сонан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды.