Сөз мәдениеті – педагог шеберлігінің маңызды компоненті Білім - ел қазынасы, халқымыздың білімділігі – еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі. Қазақтың аса көрнекті қоғам қайраткері, ақын, аудармашы ғалымы Ахмет Байтұрсынов «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, әдістемеден хабардар, оқыта білетін мұғалім» деген болатын. Мұғалім – оқушы атаулыға үлгі болатын өмірдің сан алуан жолынан адаспай өтуде оған бағыт бағдар беріп, баланы адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа және басқа да сол сияқты ізгі қасиеттерге баулитын жан. Мұғалімдік қызметтің өзіндік ерекшеліктерін әңгімелегенде оның мәдениетін айтпай кетуге болмайды. Адамдардың жан-жақты жетілулері адамның шығармашылық белсенділіктері мен мүмкіндіктерін дамыту мәдениеттіліктерін көрсете білудің нәтижесі. Мәдениеттілік, ой-өрістің кеңдігі адамның сөз саптауынан жақсы байқалады. Алдымен «мәдениет» деген түсінікке тоқталатын болсақ, мәдениет - деген ұғымға беті-қолын жуғаннан бастап, адамзат ақыл-ойының қазіргі жеткен ең соңғы биігіне дейінгі барлық ұғым енеді. Мәдениет туралы түсінікке әр ғалым әр түрлі анықтама береді. «Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, өнер т.б. рухани өмір табыстарының жиынтығы», – дейді тілші-ғалым М.Балақаев.
Сөйлеу мәдениеті - үлкен қасиет, мазмұны жағынан терең, ұтымды, әділетті, көркем, ғылыми, бай, халық тілі. Сөйлеу – ұстаздың тіл амалдарын пайдалану арқылы пікірін, ойын білдіруі. Мұғалімнің сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлділігі, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы маңызды. Сондықтан мұғалімнің сөзі айқын анықтылығымен, ақылға қонымды, дәйекті дәлділігімен, тыңдаушыларды баурап алып кететіндігімен үлгі болуы тиіс. Ұстаз сөзі оқушыларға өтімді болып, жақсы әсер беру үшін дауыс ырғағының, сөйлеу сазының зор мәні бар. Халқымыз жақсы сөйлей білетін адамдарды «сөзі мірдің оғындай екен» дейді. Бұл туралы А.С. Макаренко «Дауысты үйлестірудің қандай ұлы іс екенін ұғындым. «Жүре беруіңе болады» деген қарапайым үш ауыз сөзді 50 түрлі әдіспен айтуға болады.«Бері кел» деуді 20 түрлі әдіспен айтуды, бет-бейнемді, даусымды 20 түрлі құбылтуды үйрендім», – деген екен. Сөз өнері – халықтың ішінен орақ тілді, от ауызды небір шешендерді шығарған. Олардың айтқан сөздері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғасырлар бойы жасап келеді. Сухомлинский «Тәрбие өнері дегеніміз – ең алдымен, сөйлей білу, адам жүрегіне жол таба білу өнері. Мұғалім сөзі – шәкірт жүрегіне жол табуда теңдесі жоқ құрал» деген болатын. Бұл сөзде шын мәнісінде үлкен шындық жатыр. Себебі, сабақ мұғалімнің сәлемдесуімен басталып, қоштасуымен аяқталады.
Негізгі тұлға – сыныптағы мұғалім. Сондықтан да сыныпта шәкірттің сөйлеу тілін қадағалаумен бірге, мұғалім өзінің тіліне де айрықша мән беруі керек. Кез келген мұғалім ойын айтып түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиіс. Жоспар жүйелі құрылған болса, ой түсінікті болады. Сөз белгілі бір мазмұнды білдіреді және мұғалімнің осы мазмұнға қатынасын көрсетеді. Сөйлеудің бұл сипаты – оның мәнерлілігі. Сабақ түсіндіргенде, дәріс, баяндама жасағанда мәнерсіз сөйлеу ол қаншама мазмұнды ойға толы болса да әсерсіз болады. Ұстаз ауызша сөйлеуде эмоциямен, мимикамен, ишарамен де білдіре алады. Мұғалімнің сөзі оның мінезіне байланысты да болуы мүмкін. Бірақта сөзде орфоэпиялық нормалардың бұзылмауы, диалектілік сөздердің араласпағаны жөн.
Қорыта айтқанда мұғалімнің сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптарды былай топтауға болады:
- сөздің жүйелі, түсінікті болуы;
- сөздің оқушының жас ерекшелігіне сай құрылуы;
- сөйлегенде дыбыстардың дұрыс айтылуы;
- дауыс күшінің сақталуы;
- сауатты, қатесіз жазу;
- сөздердің тізбегін табиғи заңдылықтармен дыбыстау;
- сөйлегенде сөз тұлғаларын сақтау, қосымша сөздерді өз орнымен қолдану;
- сөйлеу әдебінің сақталуы;
- сөйлегенде ойдың көлемі мен мазмұндық құрылымын сақтау. Осы көрсетілген талаптар ұстаз бойынан табылатын болса, мұғалімнің сөйлеу мәдениетін жоғары деп санауға болады.